Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аппараты туралы ереженi бекiту туралы
Күшін жойғанҚазақстан Республикасы Президентiнiң Қаулысы 28 қазан 1994 ж. N 1954. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.03.15. N 2121 Қаулысымен.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аппараты туралы Ереже (қоса берiлiп отыр) бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
1994 жылғы 28 қазандағы
N 1954 қаулысымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аппараты туралы
Ереже
1. Аппарат Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Президенттiң жарлықтарын, қаулылары мен өкiмдерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа ала отырып Қазақстан Республикасы Президентiнiң қызметiн қамтамасыз етедi.
2. Аппаратқа:
Президенттiң Қазақстанның мемлекеттiгiн нығайту, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын, мемлекеттiк егемендiгiн қамтамасыз ету және конституциялық құрылысын қорғау, мемлекет басшысының мемлекеттiк билiк тармақтарының өзара iс-қимылы хақындағы өкiлеттiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi саясатын дәйектi жүзеге асыру;
елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық даму стратегиясын iске асыру, экономикалық реформаны түбегейлендiру, оны жүзеге асырудың тактикасы мен тетiктерiн жетiлдiру жөнiнденгi шараларды iске қосу;
атқарушы өкiмет органдарының жұмысына жүйелi және объективтi талдау жүргiзу және реформалар барысына бақылау жасауды қамтамасыз ету, Президенттiң қатысуымен, сондай-ақ Үкiметтiң, банктердiң кәсiпкерлiк құрылымдардың, қоғамдық бiрлестiктер мен өзге де құрылымдардың, мемлекетаралық және үкiметаралық органдардың өзара iс-қимылы арқылы шешiлуге тиiс аса маңызды проблемаларды айқындау;
мемлекеттiк органдардың құқықтық реформаны серпiндi жүргiзу, заңдылықты, құқық тәртiбiн және Президенттiң Конституцияның, азаматтардың құқығы мен бостандығы сақталуының кепiлi функциясын атқаруын қамтамасыз ету, әлеуметтiк және құқықтық қорғаудың пәрмендi тетiгiн әзiрлеу жөнiндегi iс-қимылын үйлестiру;
Қазақстан Республикасының заңдары мен Президент актiлерiнiң орындалуына бақылауды жүзеге асыру және олардың бұзылуының, орындалмауының себептерi мен жағдайларын жою жөнiнде шаралар қолдану;
мемлекеттiк саясаттың, экономикалық жүйенi реформалаудың тұжырымдамалық негiздерiн әзiрлеудi, қоғамның демократиялық менталитетiн қалыптастыруды ұйымдастырып, қатысу; мемлекеттiк және қоғамдық құрылымдардың тұрақтылыққа, ұлтаралық және азаматтық татулыққа қол жеткiзу және оны сақтау, қоғамды оның iлгерiлеуi және рухани жаңғыруы негiзiнде бiрiктiру жөнiндегi қызметiн үйлестiру; Президенттi iшкi саясат мәселелерi жөнiндегi талдамалық және сараптамалық материалдармен қамтамасыз ету;
елiмiздiң мүдделерiн ескере отырып, мемлекеттiң сыртқы экономикалық стратегиясы мен дүниежүзiлiк қоғамдастықта алатын орнын айқындауға талдау жасап, қатысу, Президенттiң халықаралық бастамаларын iске асыру, республиканың халықаралық-құқықтық мiндеттемелерiнiң орындалуын бағамдау; мемлекеттiк органдардың сыртқы саясат саласындағы қызметiнiң негiзгi бағыттарын үйлестiру, Президенттiң сыртқы саяси функцияларын ақпараттық және хаттамалық тұрғыда қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық байланыстары, шетел инвестицияларын жұмсау басымдықтары жөнiнде халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы, сондай-ақ әлемдiк экономикалық кеңiстiкке бiрлесу саласында ұсыныстарды талдап жасау;
Президент актiлерiнiң, сондай-ақ оның тапсыруы бойынша Үкiмет шешiмдерiнiң жобаларын, Президентке қол қоюға келiп түсетiн заң жобаларын, заңдар жөнiндегi тұжырымдарды әзiрлеу, мемлекет басшысының заң шығару бастамашылығы жоспарын құрастыру, Министрлер Кабинетi мен басқа да мемлекеттiк органдар ұсынған нормативтiк актiлер, халықаралық шарттар жобаларына сараптама жасау;
Президенттiң қызметiн отандық және шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарында жария етiп отыру, олармен өзара iс-қимылды ұйымдастыру, Президенттiң жүргiзiп отырған iшкi және сыртқы саясатын түсiндiру;
Президенттiң Республика Парламентiмен байланысын үзбей ұстап тұру, Президенттi Жоғарғы Кеңестегi заң шығару процесiнiң жай-күйi және онда қаралған мәселелер туралы ұдайы хабардар етiп отыру, мемлекет басшысының белгiлi бiр немесе өзге де заң жобалары жөнiндегi айқындамасын түсiндiру;
Президенттiң жергiлiктi атқарушы және өкiлдi органдармен өзара iс-қимылын ұйымдастырып, олардың Президент актiлерiн орындауына бақылау жасау, аймақтарды дамыту проблемаларын талдау, мемлекеттiң аймақтық саясатының стратегиясы жөнiнде ұсыныстар мен болжамдық материалдарды даярлау, облыстардың министрлiктермен және ведомстволармен, көршi мемлекеттердiң шекаралық аймақтарымен ынтымақтастығы жөнiндегi жұмысты үйлестiру;
мемлекеттiк органдардағы кадр саясаты саласында Президенттiң бағытын жүргiзу, Президенттiң номенклатурасына кiретiн және енгiзiлетiн кадрлар резервiн қалыптастыру, оларды қызметке тағайындап, қызметтен босату кезiнде материалдарды ресiмдеу, кадрлардың осы санатын оқыту және қайта даярлауды, соның iшiнде шетелде, ұйымдастыру;
Президенттi құжаттамалық қамтамасыз ету, Президент жанындағы кеңестер мен комиссиялардың мәжiлiстерiн, Президент пен Вице-Президент өткiзетiн кеңестердi ақпараттық және ұйымдық тұрғыда даярлап, өткiзуге қатысу, қызмет құжаттарын, хаттар мен өтiнiштердi қарау, азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру, құжаттар ағынына талдау жасау, iс жүргiзудi жетiлдiру, мемлекеттiк тiл және ұлтаралық қатынас тiлiнiң терезесi тең жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, жұмыс стилi мен әдiстерiн жақсарту;
Президенттiң, Президент жанындағы кеңестер мен комиссиялардың қызметiн қаржы-шаруашылық және материалдық-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету, Президент резиденциясына рұқсаттама арқылы жiберу режимiн сақтауды ұйымдастырып, бақылау жасау жүктеледi.
3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аппаратына Аппарат Басшысы басшылық жасайды, ол:
Аппарат туралы Ереженi, оның құрылымын әзiрлеп, оларды Президенттiң бекiтуiне ұсынады; онымен келiсе отырып Аппараттың құрылымы мен штаттарына өзгерiстер енгiзедi;
бөлiмдердiң басқармалардың және да құрылымдық бөлiмшелердiң жұмысын ұйымдастырып, бағыттап отырады; <*>
Президентке жарлықтардың, қаулылардың, өкiмдердiң жобалары мен басқа да материалдар жайында баяндап отырады;
Аппараттың Жоғарғы Кеңес комитеттерiмен, комиссияларымен, Аппаратымен, Министрлер Кабинетiнiң Iс Басқармасымен, министрлiктермен және ведомстволармен, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдармен, саяси партиялармен және қозғалыстармен, басқа да қоғамдық ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және халықпен тұрақты байланысын қамтамасыз етiп отырады;
қабылданған шешiмдердiң орындалуына бақылау жасау жөнiндегi жұмысты үйлестiредi;
Президенттiң кадр саясатын жүзеге асыру жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады; Президенттiң қарауына Аппараттың бөлiмдерi мен басқа да құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшыларын қызметке тағайындап, босату туралы ұсыныстар енгiзедi, Аппараттың жауапты қызметкерлерiн лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады, кадрлар резервiн қалыптастырады.
Министрлер Кабинетiнiң мүшелерiн және республикалық органдардың, жергiлiктi әкiмшiлiктер мен дипломатиялық өкiлдiктердiң басқа да басшыларын тағайындау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге қатысады, Министрлер Кабинетiнiң министрлiктер мен ведомстволардың басшы қызметкерлерiн тағайындау туралы қаулыларын тиянақтап отырады.
Аппарат Басшысының орынбасарлары болады, Аппарат Басшысы олардың мiндеттерiн белгiлейдi.
Ескерту. 3-тармаққа өзгерiс енгiзiлген - ҚР Президентiнiң
07.02.1995 ж. N 2038 қаулысымен.
4. Бөлiмдер осы Ереже мен Аппарат Басшысы бекiтетiн бөлiмдер, басқармалар туралы ережелердiң негiзiнде жұмыс iстейдi. <*>
Ескерту. 4-тармаққа өзгерiстер енгiзiлген - ҚР Президентiнiң
07.02.1995 ж. N 2038 қаулысымен.
5. Аппарат бөлiмдерi, басқармалары мен құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары: <*>
өз бөлiмшелерiне жүктелген мiндеттердiң атқарылуы, Президент жарлықтарының, қаулылары мен өкiмдерiнiң, Вице-Президент өкiмдерiнiң, мемлекеттiк кеңесшiлер мен Аппарат Басшысы тапсырмаларының уақтылы және толық орындалуы үшiн жауап бередi, қызметкерлер арасында мiндеттердi бөлiп, еңбектi ғылыми ұйымдастыру мен тиiстi еңбек тәртiбiн қамтамасыз етедi, сондай-ақ Аппаратта қолданылып жүрген нұсқаулықтарға сәйкес iстiң дұрыс жүргiзiлуiне жауапты;
Министрлер Кабинетiнiң Iс Басқармасы мен оның бөлiмдерiнен, министрлiктерден, мемлекеттiк комитеттер мен ведомстволардан, жергiлiктi әкiмдерден қажеттi ақпаратты сұратып алуға, мiндеттi түрде орындалуға тиiстi тапсырмалар беруге құқылы.
Ескерту. 5-тармаққа өзгерiс енгiзiлген - ҚР Президентiнiң
07.02.1995 ж. N 2038 қаулысымен.
6. Аппарат қызметкерлерiне өздерiнiң қызмет аясының шеңберiнде:
Президенттiң жанындағы кеңестер мен комиссиялардың, Министрлер Кабинетiнiң мәжiлiстерiне қатысу, республика министрлiктерi мен ведомстволары, жергiлiктi әкiмдер өткiзетiн шараларға қатысу;
Министрлер Кабинетi Iс Басқармасының, министрлiктер мен ведомстволардың, жергiлiктi әкiмдер аппараттарының қызметкерлерiн, кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың өкiлдерiн Президент қарайтын мәселелердi шешуге тарту;
белгiленген тәртiппен басшылыққа Министрлер Кабинетi, министрлiктер мен ведомстволар әзiрлеген, қойылатын талаптарға сай келмейтiн нормативтiк құжаттардың жобаларын пысықтау үшiн қайтарып беру туралы ұсыныстар енгiзуге, сондай-ақ басқа мемлекеттiк басқару органдары, жергiлiктi әкiмдер, кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдар қарауға құзырлы материалдарды қайтару құқығы берiледi.
7. Осы ережеден туындайтын мәселелердi әзiрлеп, оларды қарау тәртiбiн Аппарат Басшысы мен оның орынбасарлары реттеп отырады.
8. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аппараты заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленiп, қазақ және орыс тiлдерiнде аты жазылған мөрi болады.
Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз