Қылмысқа қарсы күрес және құқық тәртiбiн нығайту жөнiндегi шұғыл шаралар туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Президентiнiң қаулысы 1995 жылғы 17 наурыздағы N 2127. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      Қолданылып жатқан құқықтық және ұйымдастыру шараларына қарамастан елiмiздегi қылмыстық ахуал күрделi күйiнде қалып отыр. Ұйымдасқан қылмыстың ауқымы қауiптi мөлшерде өсiп келедi. Зомбылық, тапсырумен кiсi өлтiру, милиция қызметкерлерiнiң өмiрiне қол сұғу көлемi ұлғайып барады. Қылмысқа қарсы күрес тиiмдiлiгiнiң төмен болуы қоғамда мемлекеттiк билiктiң азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, олардың конституциялық құқықтарын қорғау қабiлетiне күмән туғыза бастады. 
      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi, жергiлiктi әкiмдер, құқық қорғау және сот органдарының басшылары Қазақстан Республикасы Президентiнiң мемлекеттiк тәртiптi нығайту және қылмысқа қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi актiлерiнiң толығымен орындалуын қамтамасыз ете алмай отыр. 
      Құқық тәртiбiн нығайту мен азаматтардың жеке және мүлiктiк құқықтарын тиiмдi қорғау мақсатында қаулы етемiн: 
      1. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң, құқық қорғау және жергiлiктi атқарушы өкiмет органдарының қылмысқа қарсы күрес мәселелерi туралы Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн орындау жөнiндегi жұмысы жеткiлiксiз деп танылсын. 
      2. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi, жергiлiктi әкiмдер, құқық қорғау органдарының басшылары: 
      - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 13 наурыздағы N 2082 өкiмiмен жарияланған "Құқық тәртiбi" жедел алдын алу шараларының барлық жерде жүзеге асырылуын қамтамасыз етсiн; 
      - заңдылық принциптерi мен азаматтардың құқығын сақтау негiзiнде құқық бұзушылардың қылмыстық және әкiмшiлiк тұрғыдан сөзсiз жазалануын қамтамасыз етсiн; 
      - маскүнемдiк пен нашақорлыққа, бұзақылық көрiнiстерiне, порнографияға, зинақорлық пен жеңгетайлыққа, зомбылыққа және валюта операциялары жайлы ережелердi бұзуға қарсы күрестi күшейтсiн; 
      - 1995 жылғы 15 мамырға дейiн заңда белгiленген тәртiппен қылмысты жауапкершiлiктен босата отырып, халықтың қолында заңсыз сақталып келе жатқан атыс қаруы мен суық қарудың, оқ-дәрi мен жарылғыш заттардың ерiктi түрде тапсырылуын ұйымдастырсын. Осы мерзiм өткеннен кейiн бұл талапты орындамаған адамдарға заңға сәйкес жаза шаралары қолданылуын қамтамасыз етсiн; 
      - құқық тәртiбiн күшейту мақсатында милиция органдарының әскери жасақтарымен бiрлесiп, көшелерде, тұрғын үй алаңдарында, вокзалдардың, әуе жайлардың, мәдени-сауық мекемелерiнiң аудандарында және басқа қоғамдық орындарда тәулiк бойы сақшылық жүргiзуiн ұйымдастырсын. 
      3. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Iшкi iстер министрлiгi және Ұлттық қауiпсiздiк комитетi ауыр қылмыстарды ашу үшiн барлық қажеттi шараларды қолдансын. 
      Аса қауiптi қылмыстар жасала қалған жағдайда жедел iз шалу және қылмысты топтардың көзiн жою үшiн даярлығы неғұрлым жоғары қызметкерлердiң арасынан жеткiлiктi мөлшерде арнайы мақсаттағы ұтқыр қолға түсiру топтары жасақталып, олар автомобиль және әуе көлiгi құралдарымен, қарумен және тиiстi техникалық жарақтармен қамтамасыз етiлсiн. 
      Қазақстан Республикасының Бас прокуроры жанындағы тұрақты жұмыс iстейтiн тергеу-оперативтiк тобы сан жағынан және материалдық жағынан нығайтылсын. 
      4. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына және төменгi соттарына қылмысты iс жүргiзу заңдарын қатаң сақтай отырып, азаматтардың негiзсiз және ұзақ уақыт бойы қамауда болуына байланысты жөнсiздiктерге жол бермеу үшiн қазiргi жүргiзiлiп жатқан қылмысты iстердi жедел қарау шараларын қолдану ұсынылсын. 
      Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы соттардағы қылмысты iстердiң қаралу мерзiмi туралы заң талаптарының сақталуы мен заңды күшiне енген үкiмдердiң атқарылуына тексерiстер ұйымдастырсын. 
      5. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi: 
      - Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Заңдылық пен құқық тәртiбiн қамтамасыз ету жөнiндегi қосымша шаралар туралы" 1994 жылғы 9 маусымдағы N 1723 қаулысының 2, 5 және 12 тармақтары талаптарының сөзсiз орындалуын қамтамасыз етсiн және тыңғылықтылық көрсетпегенi үшiн кiнәлi лауазымды адамдардың жауапкершiлiгi туралы мәселе қарасын; 
      - денсаулық сақтау жүйесiнде алкоголизм мен нашақорлықтан өз еркiмен емделуден жалтаратын адамдар үшiн мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелерiн құрып, бұл мақсатқа белгiленген тәртiппен босаған әскери қалашықтардың аумағы мен объектiлерiн беретiн болсын; 
      - 1995 жылғы 1 сәуiрге дейiн прокуратура, ұлттық қауiпсiздiк, iшкi iстер органдарын және соттарды ұстауға, ең алдымен жалақыны, ақшадай және өзгедей үлестi төлеуге бөлiнген бюджет қаражаты бойынша берешектiң орнын жабу туралы мәселенi қарасын; 
      - бiр ай мерзiмде мемлекет шеккен залалды өтеу сомасының соттың үкiмi бойынша мемлекеттiң меншiгiне қаратылған мүлiктi өткiзуден түскен қаражаттың 50 процентке дейiнгi мөлшерiн, сондай-ақ соттың шешiмi бойынша қылмыскерлерден тәргiленген барлық көлiк құралдарын, iс техникасы мен байланыс құралдарын құқық қорғау органдарын нығайтуға беру тетiгiн анықтайтын нормативтiк актiлердiң жобаларын дайындасын. 
      6. Жергiлiктi әкiмдер: 
      - екi апта мерзiмде әрбiр облыста қылмысқа қарсы күрестiң жарты жылға есептелген арнаулы бағдарламаларын әзiрлесiн, содан кейiн қылмысты ахуалдың өзгеруiне байланысты оларды нақтылап отыратын болсын, әрi бұларды тиiстi қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету көзделсiн; 
      - қылмысты ахуалды талдау, құқық тәртiбiн нығайту мен азаматтардың құқығын қорғау жөнiндегi iс-қимылды үйлестiру және тиiмдi шаралар белгiлеу жөнiнде штабтар құрып, оларға жеке өздерi басшылық етсiн; 
      - милиция органдарының қоғамдық орындардағы құқық бұзушылыққа жол бермеу жөнiндегi алдын алу қызметiн жандандыру мақсатында iшкi iстер органдарымен бiрлесiп, милицияның жылжымалы пункттерiнiң жұмысын жаңғыртып, бұл үшiн қажеттi мөлшерде автокөлiк пен байланыс құралдарын бөлсiн; 
      - халықпен өзара тығыз iс-қимыл байланысын орнату үшiн жұртшылықты құқық тәртiбiн қорғауға қатыстыру нысандарын әзiрлесiн, бұл мақсатта сенiм телефондарын, тiке желiлердi және басқа әдiстердi пайдалансын. 
      7. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы осы қаулыны атқару кезiнде заңдылықтың дәл әрi мүлтiксiз сақталуына пәрмендi қадағалау орнатсын. 
      8. Қазақстан Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлiгi заңдылықты, құқық тәртiбiн нығайту және қылмысқа қарсы күрес жөнiнде қолданылып жатқан шаралардың бұқаралық ақпарат құралдарында үнемi жария етiлуiн қамтамасыз етсiн."Қазақстан теледидары мен радиосы" республикалық корпорациясы осы мақсатқа радио мен теледидар арналарында эфирлiк уақыт бөлсiн, осы тақырып бойынша берiлетiн хабарлар мен сөйленетiн сөздердiң легiн ұйымдастырсын. 
      9. Қылмысқа қарсы күрес жөнiндегi Республикалық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентiнiң құқық тәртiбiн нығайту мәселелерi жөнiндегi шешiмдерiнiң орындалуына қатаң бақылау жасалуын қамтамасыз етсiн, олардың жүзеге асырылуының барысын әлсiн-әлi талқылап отырсын және нәтижесi туралы Мемлекет басшысына баян етiп тұрсын, қажет болған жағдайда тиiстi басшылардың жеке-дара жауапкершiлiгi туралы ұсыныстар енгiзсiн.
      10. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Заңдылық пен құқық тәртiбiн қамтамасыз ету жөнiндегi қосымша шаралар туралы" 1994 жылғы 9 маусымдағы N 1723 қаулысының /Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1994 ж., N 25, 253-бап/ 1, 3, 4, 6-11, 13 тармақтарының күшi жойылған деп танылсын. 
      11. Осы қаулы жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.        

       Қазақстан Республикасының
      Президентi

 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады