ЗҚАИ ескертпесі!
Келісім Қазақстан Республикасы 12.10.2015 ж. № 356 "1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Заңының қабылдануына байланысты орналастырылды.
Мүшелер,
“сауданы шектейтін және деформациялайтын инвестициялық шаралардың салдарына қатысты ГАТТ баптарының күшін қарастырғаннан кейін, саудаға осындай жағымсыз әсерлердің алдын алу үшін талап етілуі мүмкін одан арғы қағидаларды, қажет болған жағдайда, келіссөздерде жетілдіре түсу керек” деп Пунта-дель-Эсте Декларациясында министрлердің келіскенін есепке ала отырып;
бір мезетте бәсекелестік еркіндігін қамтамасыз ете отырып, барлық сауда серіктестерінің, әсіресе дамушы мүше–елдердің экономикалық өсуін үдету үшін әлемдік сауданың кеңеюі мен біртіндеп ырықтануына және шетел инвестицияларын жеңілдетуге болысуды қалай отырып;
дамушы мүше-елдердің, әсіресе неғұрлым төмен дамыған мүше-елдердің, айрықша сауда, дамумен байланысты, сондай-ақ қаржылық қажеттіліктерін есепке ала отырып;
кейбір инвестициялық шаралар сауданы шектейтін және деформациялайтын салдарға әкелуі мүмкін екенін мойындай отырып;
Осымен төмендегілер туралы келіседі:
1-БАП
Қолдану аясы
Осы Келісім тек тауарлар саудасына байланысты инвестициялық шараларға (одан әрі, осы Келісімде "ТРИМс" деп аталады) қолданылады.
2-БАП
Ұлттық режим және сандық шектеулер
1. 1994 ж. ГАТТ-пен көзделген өзге құқықтар мен міндеттемелерге зардабын тигізбей отырып, ешбір мүше 1994 ж. ГАТТ-тың III немесе XI баптарының қағидаларына сәйкес келмейтін қандай да болмасын ТРИМс-ті қолданбайды.
2. 1994 ж. ГАТТ-тың III бабының 4 тармағымен көзделген ұлттық режимді беру міндеттемесімен, және 1994 ж. ГАТТ-тың XI бабының 1 тармағымен көзделген сандық шектеулерді жалпы жою міндеттемесімен сәйкес келмейтін ТРИМс-тің иллюстрациялық тізбесі осы Келісімнің Қосымшасында мазмұндалады.
3-БАП
Ерекшеліктер
1994 ж. ГАТТ-пен көзделген барлық ерекшеліктер осы Келісімнің қағидаларына сәйкесінше қолданылады.
4-БАП
Дамушы мүше-елдер
Дамушы мүше-ел 1994 ж. ГАТТ-тың XVIII бабы, 1994 ж. ГАТТ-тың Төлем балансы туралы ережелерге қатысты Уағдаластығы және 1979 жылғы 28 қарашада қабылданған (ВISD 26S/205-209) Төлем баланстарының мақсаттары үшін енгізілетін сауда шаралары туралы Декларация 1994 ж. ГАТТ-тың III және XI баптарының қағидаларын орындаудан шегінуге рұқсат берген дәрежеде және сол қалыппен, 2 баптың қағидаларын орындаудан уақытша шегінуге құқылы.
5-БАП
Өтпелі кезеңдегі хабарламалар мен шаралар
1. ДСҰ Келісімі күшіне енген күннен бастап 90 күн ішінде, мүшелер осы Келісімнің қағидаларына сәйкес келмейтін барлық қолданатын ТРИМс жайында Тауарлармен сауда жөніндегі Кеңеске хабарламалар жібереді. Жалпы немесе арнайы сипаттағы осындай ТРИМс-ке қатысты хабарламалар олардың негізгі сипаттамаларын1 көрсете отырып жіберіледі.
2. Әрбір мүше 1 тармаққа сәйкес көрсетіліп хабарлама жіберілген барлық ТРИМс-ті ДСҰ Келісімі күшіне енген күннен бастап, дамыған мүше-елдер жағдайында екі жыл ішінде, дамушы мүше-елдер жағдайында бес жыл ішінде, және неғұрлым төмен дамыған мүше-елдер жағдайында жеті жыл ішінде жояды.
3. Неғұрлым төмен дамыған мүше–елдерді қоса алғанда, осы Келісімнің қағидаларын орындау барысымен байланысты ерекше қиындықтардың бар болуын көрсеткен дамушы мүше–ел үшін Тауарлармен сауда жөніндегі Кеңес 1 тармаққа сәйкес көрсетіп хабарлама жасалған ТРИМс-ті жою үшін берілген өтпелі кезеңді ұзарта алады. Осындай сұрауды қарастыру барысында Тауарлармен сауда жөніндегі Кеңес сәйкесінше мүшенің даму, қаржы және сауда аясындағы жеке қажеттіліктерін есепке алады.
4. Мүше 2 баптың қағидаларымен сәйкессіздік деңгейі өсетіндей, ДСҰ Келісімі күшіне енген күнге орнатылған, 1 тармаққа сәйкес хабарлама жіберілген, кез келген ТРИМс-тің шарттарын өтпелі кезеңнің ішінде өзгертпейді. ДСҰ Келісімінің күшіне енуінен кем дегенде 180 күн бұрын енгізілген ТРИМс-ке 2 тармақта көзделген өтпелі кезең шараларынан түскен тиімділіктер таратылмайды.
5. 2 баптың қағидаларына қарамастан, кез келген мүше 1 тармаққа сәйкес хабарлама жіберілген кез келген ТРИМс-тің әсеріне түсетін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолайсыз жағдайға қоймау үшін, жаңа инвестицияларға қатысты дәл сол ТРИМс-ті өтпелі кезең ішінде (i) сондай инвестициялар нәтижесінде өндірілетін тауарлар әрекеттегі кәсіпорындар өндіретін тауарларға ұқсас болған кезде және (ii) жаңа инвесторлар мен әрекеттегі кәсіпорындар арасындағы бәсекелестік шарттарын бұрмалаудан құтылу қажет болған кезде қолдана алады. Жаңа инвестицияларға қатысты осылай қолданылатын кез келген ТРИМс туралы Тауарлармен сауда жөніндегі Кеңеске хабарлама жіберілу қажет. Бәсекелестікке әсері бойынша осындай ТРИМс-тің шарттары әрекеттегі кәсіпорындарға қатысты қолданылатындарға баламалы болуы қажет, және ол бірдей уақытта жойылуы тиіс.
_________________________
1 Дискрециялық, жарияланбаған өкілеттіктермен сәйкес қолданылатын ТРИМс жағдайында, хабарламалар әрбір нақты қолданыс жағдайлары жайында жіберіледі. Белгілі бір кәсіпорындардың заңды экономикалық мүдделеріне зардабын тигізетін ақпаратты жария ету талап етілмейді.
6-БАП
Транспаренттілік
1. ТРИМс-ке қатысты мүшелер өздерінің 1994 ж. ГАТТ-тың X бабында, 1979 жылғы 28 қарашада қабылданған Хабарламалар, консультациялар, дауларды шешу және бақылауға қатысты Уағдаластықта мазмұндалған “Хабарламалар жөнінде” міндеттемесінде, және 1994 жылғы 15 сәуірде қабылданған Хабарламалар рәсімдері бойынша министрлердің Шешімінде көзделген транспаренттілік пен хабарламаларға қатысты міндеттемелерге адалдықтарын қайта растайды.
2. Әрбір мүше аймақтық және жергілікті билік пен басқару органдары өз территориясында қолданатындарды қоса отырып, ТРИМс баяндалуы мүмкін басылымдар жайында Хатшылыққа хабарлама жібереді.
3. Әрбір мүше осы Келісімнен туындайтын және кез келген басқа мүше көтерген кез келген мәселе бойынша ақпарат беру жөнінде сұрауларды ниеттестікпен қарастырады және консультациялар үшін тиісінше мүмкіндіктер қамтамасыз етеді. 1994 ж. ГАТТ-тың X бабына сәйкес ешбір мүшеден жариялануы заңды орындауға кедергі келтіруі мүмкін, немесе өзге де жолмен қоғамдық мүдделерге қарсы келуі мүмкін, немесе мемлекеттік болсын, не болмаса жеке кәсіпорындардың заңды экономикалық мүдделеріне зардабын тигізуі мүмкін ақпаратты жария ету талап етілмейді.
7-БАП
Саудаға байланысты инвестициялық шаралар жөніндегі комитет
1. Осымен, барлық мүшелер үшін ашық болып табылатын, Саудаға байланысты инвестициялық шаралар жөніндегі комитет (бұдан әрі осы Келісімде “Комитет” деп көрсетілген) тағайындалады. Комитет өзінің төрағасын, және төрағаның орынбасарын сайлайды және жылына бір реттен жиілетпей немесе өзге де жолмен кез келген мүшенің сұрауы бойынша жиналады.
2. Комитет оған Тауарлармен сауда жасау жөніндегі Кеңес жүктеген міндеттерді орындайды, және мүшелерді осы Келісімді қолдануға және іске асыруға байланысты кез келген мәселелер бойынша консультациялар жүргізуге мүмкіндіктермен қамтамасыз етеді.
3. Комитет осы Келісімнің қолдануы мен іске асуын бақылайды және Тауарлармен сауда жасау жөніндегі Кеңеске тиісті баяндаманы жыл сайын береді.
8-БАП
Консультациялар мен дауларды шешу
1994 ж. ГАТТ-тың XXII және XXIII баптарының қағидалары осы Келісім аясындағы консультациялар мен дауларды шешу кезінде Дауларды шешу жөніндегі Уағдаластықта әзірленгендей және қолданылатындай қолданылады.
9-БАП
Тауарлармен сауда жасау жөніндегі Кеңеспен Келісімге шолу жүргізу
ДСҰ Келісімі күшіне енгеннен кейін бес жылдан кешіктірмей, Тауарлармен сауда жасау жөніндегі Кеңес осы Келісімді қолдануды қарастырады және қажет болған жағдайда оңың мәтініне түзетулер енгізуді Министрлер Конференциясында ұсынады. Осы қарастыру барысында Тауарлармен сауда жасау жөніндегі Кеңес осы Келісімді инвестициялық саясат пен бәсекелестік саясаты жөніндегі қағидалармен толықтыру қажеттігін шешеді.
ҚОСЫМША
Иллюстрациялық тізім
1. 1994 ж. ГАТТ-тың III бабының 4 тармағында көзделген ұлттық режим міндеттемесімен сәйкес келмейтін ТРИМс-ке өкім негізінде қолданылатын, немесе ішкі заңнамалық актімен немесе әкімшілік тәртіппен енгізілетін, немесе ұстануы жеңілдік алуға қажетті және төмендегіні талап ететін шаралар жатады:
(а) нақты тауарлар, олардың көлемі немесе құны, немесе жергілікті өндірудің көлемі немесе құнының үлесі айқындалатынына тәуелсіз, кәсіпорынның отандық немесе кез келген отандық көздерден шыққан тауарларды сатып алуын немесе пайдалануын; немесе
(b) кәсіпорынның импортталған тауарларды сатып алуы немесе пайдалануы ол экспорттайтын жергілікті тауарлардың көлемі немесе құнына байланған көлемдермен шектелуін.
2. 1994 ж. ГАТТ-тың XI бабының 1 тармағында көзделген сандық шектеулерді жалпы жою міндеттемесімен сәйкес келмейтін ТРИМс- ке өкім негізінде қолданылатын немесе ішкі заңнамалық актімен немесе әкімшілік тәртіппен енгізілетін, немесе ұстануы жеңілдік алуға қажетті және төмендегіні шектейтін шаралар жатады:
(а) кәсіпорынның өзінің жергілікті өндірісінде немесе оған қатысы бар тауарларды жалпы алғанда, немесе ол экспорттайтын жергілікті тауарлардың көлемі немесе құнына байланған мөлшерде импорттауын;
(b) кәсіпорынға тиесілі шетел валютасы түсімінің көлемімен кәсіпорынның шетел валютасына қол жеткізуді шектеу арқылы кәсіпорынның өзінің жергілікті өндірісінде немесе оған қатынасы бар тауарларды импорттауын; немесе
(с) нақты тауарлар, олардың көлемі немесе құны түрінде, немесе оның жергілікті өндірісінің көлемі немесе құнының үлесі түрінде анықталған кәсіпорынның тауарларды экспорттауын немесе экспортқа сатуын.