Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 18 қыркүйектегі N 4073 "Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесін одан әрі оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлығын орындау үшін және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің қызметін қамтамасыз ету мақсатында:
1. Мыналар бекітілсін:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі туралы ереже (қоса беріледі);
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің құрылымы (қоса беріледі).
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі
агенттігінің штат саны 28 адам мөлшерінде белгіленсін.
3. Агенттікке Төрағаның бір орынбасары - Агенттіктің атқарушы
директоры болуына рұқсат етілсін.
4. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Республика
Үкіметі бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің бұрын
шығарылған актілерін осы өкімге сәйкес келтіру туралы ұсыныстарды Мемлекет
басшысының қарауына енгізсін.
5. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентінің
1998 жылғы 12 қарашадағы
N 4141 өкімімен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет
істері жөніндегі агенттігі туралы
ЕРЕЖЕ
МҰРАТЫ
Қазақстанда мемлекеттік қызмет жүйесін нығайту және одан әрі дамыту.
1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
2. Агенттік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Агенттікті қамтуға арналған шығыстарды қаржыландыру республикалық бюджетте мемлекеттік органдарды қамтуға арналған қаржы есебінен жүзеге асырылады.
4. Агенттік заңды тұлға болып табылады, банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік тілде өз атауы жазылған мөрі болады.
2. АГЕНТТІКТІҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ
5. Агенттіктің негізгі міндеттері:
1) мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің еңбегін ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарды талдап жасау және шаралар қолдану;
2) мемлекеттік қызмет кадрларының жай-күйіне мониторинг жүргізу, соның ішінде мемлекеттік қызметтің кадрлар резервін жасақтау;
3) мемлекеттік қызмет кадрларын даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, соның ішінде мемлекеттік қызмет жүйесі үшін қызметкерлер даярлауға мемлекеттік тапсырысты орналастыру;
4) мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ оларды әлеуметтік-құқықтық қорғаудың өзге де шараларын қолдану;
5) мемлекеттік қызмет туралы заңдарды жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстарды талдап жасау және шаралар қолдану, соның ішінде мемлекеттік қызметке кіру, оны өткеру, мемлекеттік қызметшілерді аттестациялау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, қабылдау;
6) мемлекеттік қызмет туралы заңдардың сақталуын, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы ережелерін сақтауын бақылау.
3. АГЕНТТІКТІҢ ФУНКЦИЯЛАРЫ
6. Агенттік өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) мемлекеттік қызметті жетілдіру саласында мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеп, іске асыруға қатысады;
2) мемлекеттік қызмет мәселелері жөніндегі мемлекет саясатының негізгі бағыттарын қалыптастыруға қатысады;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері лауазымдарының бірыңғай номенклатурасын әзірлейді;
4) лауазымдардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметші кадрлары туралы республикалық мәліметтер орталығын құрады және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
5) мемлекеттік қызметшілер жұмысын ұйымдастырудың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді, заң және өзге де нормативтік құқықтық актілер жобаларын дайындауға қатысады;
6) мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық шарттар жобаларын
дайындауға қатысады;
7) мемлекеттік қызметшілерге арналған біліктілік үлгі талаптарын
әзірлейді;
8) мемлекеттік қызмет саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың іске
асырылуына мониторинг жүргізеді;
9) мемлекеттік қызметшілердің бос тұрған лауазымдарына орналасуға
конкурстық іріктеуді ұйымдастыру әдістемесі мен ережелерін әзірлеп,
белгіленген тәртіппен бекітеді;
10) орталық мемлекеттік органдардың өтінімдері бойынша олардың
аппараттарындағы бос тұрған лауазымдарға орналасу үшін мемлекеттік
қызметшілерді іріктеп алу жөнінде конкурстар өткізеді;
11) мемлекеттік қызметшілердің орталық және жергілікті мемлекеттік
органдар аппараттарында қызмет өткеруі мен ілгерілетілуі мәселелерін
бақылайды;
12) кадр саясатын ақпараттық-насихаттық қамтамасыз етуді және
мемлекеттік қызметтің жағымды бейнесін сомдауды жүзеге асырады;
13) мемлекеттік қызметті ұйымдастырудың озық отандық және халықаралық
тәжірибесін зерделеп, енгізеді;
14) мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлау мен
біліктілігін арттыруды, соның ішінде шетелде, жүзеге асыратын мемлекеттік
органдардың, оқу орындарының қызметін үйлестіреді;
15) мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған
жағдайларда оларға консультациялар береді;
16) өзіне Қазақстан Республикасының заңдары мен Мемлекет басшысы
жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
4. АГЕНТТІКТІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ
7. Агенттік өзіне жүктелген міндеттерді орындау үстінде:
1) Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің мақсаты, басымдықтары және оның даму Стратегиясы жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныстар енгізуге;
2) мемлекеттік қызметтің даму Стратегиясын мемлекеттік органдардың орындауын бақылауды жүзеге асыруға;
3) мемлекеттік қызметтің даму Стратегиясын іске асыруға кедергі келтіретін орталық және жергілікті атқарушы органдар қабылдаған актілердің күшін жою немесе өзгерту туралы оларға ұсыныстар енгізуге;
4) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар орындауға міндетті нормативтік құқықтық және өзге де актілер шығаруға;
5) Агенттік атқаратын функцияларға байланысты ақпаратты мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан сұратуға және алуға;
6) белгіленген тәртіппен сарапшылар мен мамандарды шарттық негізде жұмысқа тартуға;
7) заңдарға сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асыруға хақылы.
5. АГЕНТТІК ҚЫЗМЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
8. Агенттікті Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және босататын Төраға басқарады. Агенттік Төрағасының Қазақстан Республикасының Президенті Төрағаның ұсынысы бойынша қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасары - атқарушы Директоры болады.
9. Агенттік Төрағасы:
1) Төрағаның орынбасары - атқарушы Директордың, департаменттер
директорларының, Агенттіктің өзге де мемлекеттік қызметшілерінің
өкілеттіктерін айқындайды;
2) Агенттіктің жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді, бұйрықтар
шығарады, Агенттіктің штат кестесін белгіленген штат саны шегінде бекітеді
және өзгерістер енгізеді;
3) Агенттік қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен
босатады;
4) басқа органдармен және ұйымдармен қатынастарда заңдарға сәйкес
Агенттік атынан өкілдік етеді.
10. Агенттік қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу заңдарға сәйкес
жүргізіледі.
11. Агенттік қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз етуді
Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы жүзеге асырады.
_______________________
Қазақстан Республикасы
Президентінің
1998 жылғы 12 қарашадағы
N 4141 өкімімен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет
істері жөніндегі агенттігінің
ҚҰРЫЛЫМЫ
Басшылық
Мемлекеттік қызмет жүйесінде кадрлармен жұмыс істеу жөніндегі
департамент
Нормативтік-құқықтық жұмыс департаменті
Хатшылық
____________________________