Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Каспий теңiзiндегi ынтымақтастық туралы Декларация

Жаңа

Декларация 2000 жылғы 9 қазан Астана қаласы

      Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаев және Ресей Федерациясының Президентi В.В. Путин Астана қаласында 2000 жылғы 9 қазанда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Каспий теңiзiндегi ынтымақтастығына қатысты мәселелердi талқылап,
      1996 жылғы 27 сәуiрдегi Каспий теңiзiн пайдалану жөнiндегi ынтымақтастық туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Президенттерiнiң бiрлескен мәлiмдемесiнде, 1992 жылғы 25 мамырдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартта, 1998 жылғы 6 шiлдедегi ХХI ғасырға бағдарланған мәңгiлiк достық пен одақтастық туралы декларацияда бекiтiлген қағидаттар рухындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуге тiлек бiлдiре отырып,
      Каспий жағалауының барлық мемлекеттерiнiң арасында Каспий теңiзiнiң Құқықтық мәртебесi туралы конвенция жасалғанға дейiн 1921 жылғы 26 ақпандағы Ресей Социалистiк Федеративтiк Кеңес Республикасы мен Персия арасындағы шартта және 1940 жылғы 25 наурыздағы Кеңестiк Социалистiк Республикалар Одағы мен Иран арасындағы Сауда-саттық пен теңiзде жүзу туралы шартта кеме қатынасы еркiндiгi, балық аулау еркiндiгi, Каспий жағалауы елдерiне жатпайтын жалаулармен кемелердiң жүзуiне тыйым салу мазмұндалатын режимдердiң қолданыста болуы жалғасатынын атап өте отырып;
      Каспий жағалауындағы барлық мемлекеттер ұстанымдарының ымыраға келуi негiзiнде ғана Каспий теңiзiнiң жаңа құқықтық мәртебесiн айқындау мүмкiн болатынын негiзге ала отырып;
      Каспийдiң көмiрсутегi және биологиялық ресурстарын игерудегi, оның экологиялық жүйесiн сақтаудағы тиiмдi ынтымақтастық үшiн қолайлы жағдайлар құру мақсатында жағалаудағы барлық мемлекеттердiң заңды мүдделерiн ескере отырып, Каспий теңiзiнiң жаңа құқықтық мәртебесiн айқындау жөнiндегi бұдан былайғы жұмыстарға дайын екендiктерiн бiлдiре отырып;
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Президенттерiнiң 1998 жылғы 23 қаңтардағы және 2000 жылғы 19 маусымдағы Мәскеу қаласындағы бiрлескен мәлiмдемелерiнде көрiнiс тапқан уағдаластықтарды назарға ала отырып,
      төмендегiлер туралы мәлiмдейдi:
      1. Тараптар Каспий теңiзiнiң Құқықтық мәртебесi туралы конвенция бойынша бес жақты келiссөздер процесiн тиiмдi түрде iлгерi жылжытуға бiрлесiп ықпал етуге дайын екендiктерiн бiлдiредi, Каспий жағалауы мемлекеттерiнiң сыртқы істер министрлерi орынбасарларының деңгейiнде Арнайы жұмыс тобының қызметiне тұрақты сипат берудi қолдайды. Тараптар басқа да Каспий жағалауы мемлекеттерiнiң қарауына беру үшiн аталған Конвенцияның бiрлескен жобасымен жұмысты жалғастырады.
      2. Қазақстан мен Ресей кеме қатынасы еркiндiгiн, балық аулау мен қоршаған ортаны қорғаудың келiсiлген нормаларын қамтамасыз ету үшiн су айдыны кеңiстiгiн ортақ түрде пайдалануды сақтай отырып, жер қойнауын пайдалануға арналған өздерiнiң егемендiк құқықтарын жүзеге асыру мақсатында, Тараптардың уағдаластығы бойынша жетiлдiрiлген орта сызық бойынша шектес жатқан және қарама-қарсы орналасқан мемлекеттердiң арасында теңiз түбiнiң ара жiгiн ажырату туралы ымыра ұсынысты, Каспий теңiзiнiң жаңа құқықтық мәртебесi туралы ымыра шешiмнiң аса маңызды құрамдас бөлiгiнiң бiрi ретiнде негiзге алудың орындылығына өздерiнiң сенiмдi екенiн қуаттайды. Бұл орайда келiсiлген ара жiгiн ажырату сызығы өтетiн кен орындарын пайдалану тиiстi Каспий жағалауы елдерiнiң арасындағы жекелеген уағдаластықтардың тақырыбы болуы мүмкiн. Тараптар ұсынылып отырған көзқарас Каспий теңiзiнiң құқықтық мәртебесiн айқындауда оң сипаттағы үлесiн қосады деп келiстi.
      3. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлiгi түбiнiң ара жiгiн ажырату туралы 1998 жылғы 6 шiлдедегi келiсiмге сәйкес, жер қойнауын пайдалануға арналған егемендiк құқықтарын жүзеге асыру мақсатында Тараптар жер қойнауын пайдалану аймағының ара жiгiн ажырату ескерiлетiн жетiлдiрiлген орта сызықтың өтуiн жағрафиялық тұрғыдан сипаттай отырып, аталған Келiсiмнiң Хаттамасына мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде қол қояды.
      4. Каспий теңiзiндегi экологиялық жағдайдың нашарлауына, ондағы бiрегей бекiре балықтарының таралуының дағдарысты жағдайына байланысты Каспий теңiзiнiң жаңа құқықтық мәртебесi туралы бес жақты ымыраға қол жеткiзу қосымша күш-жiгер мен уақыт талап ететiнiн пайымдай отырып, Тараптар Каспийдiң құқықтық мәртебесi туралы конвенцияға қол қойғанға дейiн басымдық берiлетiн тәртiппен көп жақты үкiметаралық келiсiмдер жасасуға шақырып, қалған Каспий жағалауы мемлекеттерiне қайрылады, осындай келiсiмдерге сәйкес Каспийдiң табиғи ортасын қорғау, оның биологиялық ресурстарын сақтау, молықтыру және ұтымды пайдалану жөнiнде жедел сипаттағы ұжымдық шаралар қабылдауға болады.
      Тараптар тұрақты негiзде бес жақты Стратегиялық Каспий орталығын құруды жақтаған пiкiр бiлдiрдi, мұндай орталық Каспий теңiзi табиғи ортасының жай-күйiнiң мониторингiмен айналысатын болады.
      5. Қазақстан мен Ресей қажеттi дайындықтан кейiн жағалаудағы бес мемлекеттiң жоғары деңгейдегi кездесуiн өткiзу Каспий теңiзiнiң мәртебесiн реттеу, Каспий аймағындағы ынтымақтастықты нығайту мүдделерiне жауап бередi деп есептейдi.

              (Қолдары)

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Багарова Ж.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады