Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының арасындағы терроризмге қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы бiрлескен Декларация

Жаңа

Бірлескен декларация 2000 жылғы 19 қазан Астана қаласы

      Қазақстан Республикасы және Түркия Республикасы (бұдан әрi "Тараптар"),
      халықаралық терроризмнiң, есiрткi құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымының, ұлтаралық ұйымдасқан қылмыстың және Тараптардың тұрақтылығы мен мемлекеттiк қауiпсiздiгiне өзге де қауiп-қатерлердiң көлемiнiң өсуiн назарға ала отырып,
      терроризм әдiстерi, оның идеологиясындай, адам құқықтарын, қоғамның негiзгi еркiндiктерi мен демократиялық негiздерiн бұзуға, әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк және дiни алауыздықты, саяси экстремизмдi тұтандыруға әкелетiнiн тани отырып,
      қазiргi бар халықаралық терроризм проблемаларының әр түрлi аспектiлерiне қатысты халықаралық келiсiмдердi, БҰҰ-ның шешiмдерi мен декларацияларын, сондай-ақ 1992 жылғы 26 қыркүйектегi Қазақстан Республикасының Iшкi істер министрлiгi мен Түркия Республикасы Iшкi істер министрлiгiнiң арасындағы Қауiпсiздiк саласындағы ынтымақтастық туралы хаттаманы негiзге ала отырып,
      терроризм әрекеттерiн болдырмауға, олармен күреске және олар қай жерде және кiммен жүзеге асса да оның барлық нысандары мен көрiнiстерiн жоюға бағытталған екi жақты да, халықаралық та деңгейде тиiмдi шараларды қабылдау қажеттiгiн атап көрсете отырып,
      мыналар жөнiнде мәлiмдейдi:
      Тараптар терроризмнiң барлық әрекеттерiн, әдiстерi мен тәжiрибесiн, ол өз қызметiнде қандай мақсаттарды - саяси, идеологиялық, этникалық, дiни - көздемесiн, қылмыстық және ақтауға болмайтын деп қатаң айыптайды.
      Тараптар екi ел арасындағы терроризмге қарсы күрес саласындағы қазiргi бар өзара көмектi нығайту қажеттiгiн атап көрсетедi және бұл ынтымақтастыққа нақты көрiнiс беру мақсатында ақпарат алмасу мен қажеттi алдын алу шараларын талқылау бойынша тұрақты кездесулер өткiзу үшiн тараптардың мүдделi мемлекеттiк органдарының сарапшылар тобын құруға ниет етедi.
      Тараптар халықаралық құқық нормаларына сәйкес өте қатаң түрде террорлық әрекеттердiң жолын кесетiн болады және өз аумақтарын осындай әрекеттердi не кез келген нысандарда оларға қатысуға ұмтылуды орындауды ұйымдастыру үшiн пайдалануға жол бермейдi, сондай-ақ өз аймақтарына террорлық топтар мен дiни экстремистердiң енуiне және оны тiрек етуiне жол бермеуге ұмтылатын болады.
      Тараптар террорлық ұйымдардың заңсыз жолмен алынған табыстарын заңдастыру мақсатында банктердi және басқа да қаржылық ұйымдарды пайдалануына, сондай-ақ террористiк әрекеттi ұйымдастыруға, оған арандатушылыққа, оны жүзеге асыру мен қаржыландыруға жәрдемдесуге кедергi болатын қажеттi шараларды қабылдауды атап көрсетедi.
      Тараптар осы Декларацияның ережелерiн қолдану Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiне ықпал етпейтiнiн қуаттайды.

         (Қолдары)

     Астана қаласы, 2000 жылғы 19 қазан.

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Багарова Ж.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады