Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы байланыс пен ақпараттандыру саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы Келісім

Жаңа

Келісім Москва қаласы 2000 жылғы 19 маусым. Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.

(Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы 1992 жылғы 25 мамырдағы шартты, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы XXI ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы 1998 жылғы 6 шілдедегі декларацияны басшылыққа ала отырып,
      мемлекетаралық интеграция экономикалық дамудың маңызды элементтерінің бірі болып табылатынын негізге ала отырып,
      бірлескен ақпараттық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі күш-жігерді біріктіру мен жұмысты үйлестірудің және байланыстың халықаралық ұйымдарына қатысудың қажеттілігін тани отырып,
      байланыс спутниктерін пайдалануға байланысты жобаларды іске асыруда ресейлік орбиталдық спутниктік топтың ресурстарын мақсатты бағытта, үйлестірілген түрде және ұтымды пайдаланудың қажеттілігін ескере отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының спутниктік байланысы мен хабар таратуының тетігін дамыту мен пайдалануды жетілдіру, сапалы цифрлық байланыс арналарын құрудағы және телевизиялық, сондай-ақ радио бағдарламаларын таратудағы, әрі байланыстың осы заманғы цифрлық арналарын дамытудағы және ғарыштық өнеркәсіп пен байланыстағы жұмыс орындарын сақтаудағы олардың мұқтаждықтарын қанағаттандыру мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар келісілген саясат жүргізе отырып, байланыстың халықаралық ұйымдарында, оның ішінде - ИНТЕРСПУТНИК, ЕВТЕЛСАТ, ИНТЕЛСАТ ғарыштық байланыстарында Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының іс-қимылын үйлестіретін болады.

2-бап

      Тараптар Интернет жүйесінің ұлттық сегменттері үшін атаулы кеңістікті бөлуді реттейтін халықаралық ұйымдарда келісілген саясатты жүргізетін болады. Тараптар Интернет кеңістігін атаулы бөлуді үйлестіретін аймақтық орган құру мүмкіндігін пысықтауды атқарушы өкімет орындарының тиісті органдарына тапсырады.

3-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ұлттық телекоммуникация жүйелерінің өзара тиімді іс-қимылын арттыру үшін Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі мен Ресей Федерациясының Байланыс және ақпарат жөніндегі министрлігіне байланыс және ақпараттандыру саласында салалық нормативтік құжаттарды өзара қолдану туралы келісім жасасуға тапсырма беруге келісті.

4-бап

      Тараптар екі мемлекеттің аумақтарын қамтитын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының байланыс пен хабарлар таратудың спутниктік жүйелерінің жұмыстарын келісу жөнінде іс-шаралар жүргізетін болады.

5-бап

      Қазақстан Республикасы байланысының операторлары беретін қызметті кеңейту мақсатында ресейлік Тарап коммерциялық негізде ресейлік спутниктердің қажетті сыйымдылығын бөлуге жәрдем көрсетеді, ал қазақстандық Тарап басқа да тең жағдайларды сақтай отырып, осы ресурсты басымдылық берілетін негізде пайдаланатын болады.

6-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіру мақсатында Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының байланыс әкімшілігінің өкілдерінен жұмыс тобын құрайды.

7-бап

      Тараптар осы Келісімді түсіндіру мен қолдануға байланысты туындауы мүмкін барлық даулы мәселелерді келіссөздер мен консультациялар арқылы шешетін болады.

8-бап

      Осы Келісім Тараптардың басқа да жасасқан халықаралық шарттарынан туындайтын құқықтары мен міндеттеріне ықпал етпейді.

9-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді, 15 жыл мерзімге жасалады, содан кейін Тараптардың бірі оның қолданысының тиісті кезеңі аяқталғанға дейін кем дегенде 6 ай бұрын осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа хабарламаса, келесі 5-жылдық кезеңдерге ұзартылатын болады.

      Мәскеу қаласында 2000 жылғы 19 маусымда әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі дана болып жасалды және де екі мәтіннің күші бірдей.

          (Қолдары)

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Багарова Ж.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады