Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің арасында денсаулық сақтау мәселесі жөніндегі ынтымақтастық туралы Келісім

Жаңа

Келісім, Омск қаласы, 2003 жылғы 15 сәуір

(Келісім қол қойылған күннен бастап күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау және медицина саласындағы дәстүрлі байланыстарды қолдау мен дамытуға ұмтылуды назарға ала отырып, ұзақ мерзімді және тұрақты негізде өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастықта екі Тараптың мүдделілігін ескере отырып, мынаған келісті:

1-бап

      Тараптар халық денсаулығын нығайту мен сақтау саласындағы ұлттық бағдарламаның басым міндеттерін шешудегі ынтымақтастықты дамытады.

2-бап

      Тараптар денсаулық сақтау ұйымдарымен, сондай-ақ одан әрі "ынтымақтастықтағы ұйымдар" деп аталатын денсаулық сақтау органдарымен тікелей байланысты кеңейтуге мүмкіндік жасайды.

3-бап

      Тараптар денсаулық сақтау мен медицинаның мынадай салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытады:
      - ересектер мен балаларға бастапқы және мамандандырылған, сондай-ақ стационарлық (немесе қайтара) медициналық көмек көрсету;
      - мемлекеттік санитарлық-экономикалық қадағалауды жүзеге асыру;
      - халық денсаулығын нығайту және медициналық алдын-алу;
      - фармация және медициналық техника, оның ішінде өндіріс;
      - санаторийлық-курорттық емдеу және оңалту;
      - қоғамдық денсаулық сақтаудың инфрақұрылымын нығайту;
      - ғылыми әзірлемелерді бірлесіп өткізу;
      - ақпараттық базаны, оның ішінде денсаулық сақтау қызметіндегі ақпараттық қамтамасыз етуді күшейту;
      - медициналық сақтандыру;
      - денсаулық сақтау жүйесін реформалаудағы басымдылықтарды әзірлеу;
      - медициналық статистика;
      - төтенше жағдайлардың медициналық-санитарлық салдарының алдын алу және жою;
      - жедел ақпараттар алмасу.

4-бап

      Ынтымақтастықтағы ұйымдардың арасындағы қатынас Тараптар мемлекеттерінің заңдарына сәйкес тікелей шарттардың (келісім-шарттардың) негізінде осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылады. Қатысушылар Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы болып табылатын ынтымақтастықтағы ұйымдар Тараптар мемлекеттерінің заңдары мен халықаралық шарттарға сәйкес шарттық міндеттерді сақтауға жауапты болады.

5-бап

      Тараптар ынтымақтастықтағы ұйымдарға ынтымақтастықтың емдеу-консультативтік, ғылыми және өзге де түрлерін жүзеге асыруда көмектеседі.

6-бап

      Ынтымақтастық осы Келісімнің 3-бабына сәйкес Тараптар мемлекеттердің мүдделі ұйымдарының арасындағы тікелей шарттардың негізінде (шарттық баға немесе қолданыстағы бағатізбе бойынша) консультация беру, емдеу және оңалту үшін науқастарды мамандандырылған медициналық орталықтарға, санаторийлық-курорттық мекемелерге өзара жіберу, бірлескен ғылыми зерттеулер, кадрларды даярлау, мамандар және медициналық-техникалық ақпараттар алмасу, диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін қолдану, симпозиумдарды ұйымдастыру, монографиялар мен баптарды жариялау, бірлескен патенттерді ресімдеу жолымен жүзеге асырылады.

7-бап

      Тараптар өзара есеп айырысу жүйесін жасау, ынтымақтастықтың нақты бағыттары мен түрлерін анықтау, осы Келісімнің іске асырылуын бақылау үшін тұрақты жұмыс істейтін сарапшылардың жұмыс тобын құрады.

8-бап

      Тараптар съезді, конференцияны және өзге де ұқсас іс-шараларды өткізудің жоспары туралы бір-біріне хабарлайды. Тараптар мемлекеттердің мүдделі ұйымдарының арасындағы тікелей шарттардың негізінде өз мемлекеттерінің ғылыми және медициналық қоғамдарының және өзге де ұйымдарының өтініші мен ұсыныстары бойынша олар іссапарға жіберген Тараптардың есебінен осы іс-шараларға қатысатын мамандарды қабылдауда көмектеседі.

9-бап

      Төтенше жағдайлар кезінде Тараптар шұғыл қайтарымсыз негізде емдік-консультациялық көмекті қамтамасыз етеді.

10-бап

      Тараптар жоғары және орта кәсіби білім берудің оқу жоспарлары мен бағдарламаларын оңтайландыру жөніндегі бірлескен жұмысты жүргізеді, осы оқу орындарымен тікелей байланысты белгілейді, коммерциялық негізде аспиранттар, студенттер мен оқушылар алмасуды жүзеге асырады.

11-бап

      Тараптар бар циклдарға коммерциялық негізде жолдама бөлу жолымен оларға бағынатын мекемелердегі медицина, педагогика және ғылыми кадрлардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ Тараптар мемлекеттердің мүдделі ұйымдарының арасындағы тікелей шарттардың негізінде жұмыс орындарында тағылымдамалар өту мүмкіндіктерін ұсынады.

12-бап

      Тараптар медициналық техникаларды, дәрі-дәрмектерді және оларды айырбастауды дамыту және жетілдіру мүмкіндігіне сүйене отырып, осы салалардағы өз мемлекеттерінің арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға, оның ішінде медициналық мақсаттағы қажетті бұйымдарды өндіру жөніндегі бірлескен кәсіпорындарды құру арқылы көмектеседі.

13-бап

      Тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық шеңберінде көп жақты қатынастар мен кооперацияларды тереңдетуге мүмкіндік береді.

14-бап

      Жеке хаттамамен ресімделетін және осы Келісімнің ажыратылмайтын бөлігі болып табылатын Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

15-бап

      Осы Келісімнің ережелеріне түсінік беруге және қолдануға байланысты келіспеушілік пен таластар келіссөздер мен консультациялар арқылы шешіледі.

16-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және бес жыл мерзімге жасалады. Егер Тараптардың ешқайсысы өзге Тарапты оның іс-әрекетін жою ниеті туралы кезекті бесжылдық кезең өткенше алты ай ішінде жазбаша хабардар етпесе Келісімнің қолданылуы әрбір келесі бесжылдық кезеңге өздігінен ұзартылады.
      Осы Келісім қызметінің тоқтатылуы оның негізінде жасалған шарттардың күшін қозғамайды және осы Келісімге сәйкес орындалатын жобалардың жүзеге асырылуына әсер етпейді.
      Әрқайсысы мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бірдей екі түпнұсқа данасындағы, бұл ретте екі мәтіннің бірдей заңдық күші бар осы Келісім 2003 жылы 15 сәуірде жасалды.

(Қолдары) 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады