Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы қатынастарды одан әрі дамыту туралы бірлескен Мәлімдеме

Жаңа

Бірлескен мәлімдеме, Астана қ., 2003 жылғы 25 қыркүйек

       *Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді

      Біз, Қазақстан Республикасының Президенті мен Болгария Республикасының Президенті,
      қазақстандық-болгарлық қатынастың достық және әріптестік сипатын оң бағалай отырып,
      өзара мүдделілік білдірілетін салаларда тең құқықты және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тереңдетуге ұмтылысымызды білдіре отырып,
      төмендегілер туралы мәлімдейміз:
      саяси, экономикалық, мәдени, гуманитарлық және өзге де салаларда едәуір әлеуеті бар екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамыту маңыздылығын атап өтеміз;
      екі жақты ынтымақтастықтың табыстарын аймақтық және жаһандық ауқымда бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қажетті әрі елеулі үлес ретінде бағалаймыз;
      осы тұрғыда Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім білдіру шаралары жөніндегі кеңесті шақыру бастамасымен жалғастырылған Қазақстан Республикасының ядролық қарусыздану және оны таратпау, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту ісіне қосқан үлесін жоғары бағалаймыз;
      Батыс Балқандағы жағдайды түбегейлі реттеуге бағытталған халықаралық қоғамдастық пен аймақ елдерінің күш-жігерін қолдаймыз, Еуропаның осы бөлігіндегі мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық реформаларын, демократиялық үрдістерін және аймақтық ынтымақтастығын қуаттаймыз;
      Болгария Республикасының Оңтүстік-Шығыс Еуропаның аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылық ісіне, жалпы еуропалық және еуроатлантикалық интеграцияға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз;
      екі жақты негізде де, сондай-ақ халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберінде де халықаралық қауіпсіздіктің жаңа қатерлеріне: терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонға қарсы күресте ынтымақтастықтың және күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтеміз;
      ЕҚЫҰ мақсаттары мен міндеттерін іске асыру тұрғысында бірлескен күш-жігердің қажеттілігін атап өтеміз және осы ұйымға Болгария Республикасының 2004 жылы төрағалық етуін қуаттаймыз;
      Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруі Қазақстанды әлемдік экономикаға бұрынғыдан да кіріктіретініне және Қазақстан мен Болгария арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдететініне келістік;
      Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы саяси диалогты, үкіметаралық және парламентаралық байланыстарды жандандыруға, екі жақты, сондай-ақ көп жақты халықаралық мәселелер бойынша консультациялар өткізуге ықпал жасауға дайындығымызды білдіреміз;
      инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту саласында, көлік және телекоммуникация, энергоресурстардың транзиті мен оларды экспорттау, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге келістік;
      әлемдік қоғамдастықтың жаһандық міндеттерінің бірі қоршаған ортаны қорғау саласындағы белсенді ынтымақтастық және экологиялық тепе-теңдікті қолдауға, сондай-ақ халықаралық бақылауды күшейтуге бағытталған шараларды қабылдау болып табылады деп есептейміз. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы екі елдің осы саладағы ынтымақтастығын дамытатын болады;
      Қазақстан астанасының белсенді түрде салынып жатқанын және Арнайы экономикалық аймақтың құрылғанын атай отырып, Болгария кәсіпкерлерін құрылыс материалдарын шығаратын бірлескен кәсіпорындар құруға, Астана қаласының тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етудің барлық саласы бойынша объектілерді салуға шақыруды қажет деп санаймыз;
      екі мемлекеттің Үкіметтерін шағын және орта бизнес, туризм, мәдениет, білім және ғылым, денсаулық сақтау және спорт салаларындағы ынтымақтастыққа белсенді ықпал етуге шақырамыз;
      Қазақстан Республикасының Президенті мен Болгария Республикасының Президенті қазіргі бар уағдаластықтарды тиімді түрде орындау және екі жақты қатынастардың шарттық-құқықтық негізін одан әрі дамыту қажеттілігін жақтайды;

      2003 жылғы 25 қыркүйекте Астана қаласында әрқайсысы қазақ, болгар және орыс тілдерінде екі данадан қол қойылды.

(Қолдары)  

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады