Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

Жаңа

Келісім, Сочи қ., 2008 жылғы 23 қазан

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Келісім 2008 жылғы 23 қазанда күшіне енді.

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігі,
      қылмысқа қарсы күрес және құқықтық тәртіпті сақтау, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға маңызды мән бере отырып,
      Тараптардың өзара іс-қимыл жасасуын нығайтуға екі жақты ниетін ескере отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Ынтымақтасуға міндеттеме

      Тараптар өз құзыреті шегінде әрекет етіп, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы мен халықаралық міндеттемелерін сақтай отырып, осы Келісімнің ережелеріне сәйкес ынтымақтасады.

2-бап
Ынтымақтастықтың бағыттары

      1. Тараптар ең алдымен:
      жеке тұлғаның өміріне, денсаулығына, бостандығына және қадір-қасиетіне қарсы;
      террорист актілерге, сондай-ақ терроризмді қаржыландыруға қарсы;
      меншікке қарсы;
      сыбайлас жемқорлыққа және ұйымдасқан қылмыс көріністеріне;
      адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды сатуға;
      қарудың, оқ-дәрілердің, жарғыш құрылғылардың, жарылғыш, улы және радиоактивті заттардың, ядролық материалдардың заңсыз айналымына;
      есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына;
      қолдан жасалған ақша белгілерін, құжаттарды, бағалы қағаздарды, сондай-ақ несие және есеп карталары мен өзге төлем құралдарын дайындауға және өткізуге;
      зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуына байланысты;
      мәдени және тарихи құндылықтардың ұрлануына және олардың контрабандасына байланысты;
      көліктегі;
      ақпараттық технологиялар саласындағы;
      заңсыз көші-қонға байланысты қылмыстардың алдын алуда, анықтауда, жолын кесуде және ашуда өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
      2. Сонымен қатар Тараптар мынадай бағыттар:
      қоғамдық тәртіпті сақтау;
      жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      танылмаған мәйіттер мен денсаулығына немесе жасына байланысты өзінің жеке басы туралы деректер хабарлауға мүмкіндігі жоқ адамдарды сәйкестендіру;
      Тараптардың қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
      ғылыми-зерттеу қызметі, ақпараттық жүйелерді, арнайы құралдарды, техника мен жабдықтарды дамыту;
      кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру;
      спорттық және мәдени байланыстарды дамыту;
      шарттық негізде Тараптардың қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін емдеуде және санаториялық-курорттық сауықтыруда көмек көрсету бойынша өзара іс-қимыл жасасады.

3-бап
Ынтымақтастық нысандары

      1. Осы Келісімнің 2-бабының ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:
      дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар мен оларға қатысты адамдар туралы қызығушылық тудыратын ақпаратпен алмасу;
      прокурордың (соттың) санкциясы талап етілмейтін жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу туралы сұрау салуларды орындау;
      қылмыстық қудалаудан немесе үкімді орындаудан жасырынып жүрген адамдарды, сондай-ақ хабарсыз кеткен адамдарды іздестіру;
      төтенше жағдайлар кезінде (карантин, жаппай тәртіпсіздіктер, мемлекеттердің шекаралық өңірлеріндегі табиғи зілзала) қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы ақпарат алмасу;
      заңсыз айналымға шыққан есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының жаңа түрлері туралы, оларды дайындаудың технологиясы мен бұл ретте пайдаланылатын заттар туралы, сондай-ақ есірткі құралдары мен психотроптық заттарды зерттеудің және сәйкестендірудің жаңа әдістері туралы ақпарат алмасу;
      нөмірлері немесе арнайы ерекше белгілері бар бұйымдарды (заттарды), оның ішінде автокөлік құралдарын және атыс қаруын, сондай-ақ бағалы қағаздар мен паспорттарды (жеке куәліктерді) белгіленген тәртіппен іздестіру және қайтару;
      жұмыс тәжірибесімен алмасу, оның ішінде тағылымдамалар, консультациялар мен семинарлар өткізу;
      заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілермен алмасу;
      өзара тиімді негізде ғылыми-техникалық әдебиетпен және Тараптардың қызметі туралы ақпаратпен алмасу.
      2. Осы Келісім қылмыстық істер бойынша беру және құқықтық көмек көрсету мәселелерін қозғамайды.

4-бап
Ынтымақтастықты дамыту

      Осы Келісім Тараптарға осы Келісімнің 1-бабында белгіленген жағдайларды ескере отырып, ынтымақтастықтың өзге де өзара тиімді бағыттары мен нысандарын белгілеуде және дамытуда кедергі келтірмейді.

5-бап
Көмек көрсету туралы сұрау салулар

      1. Осы Келісім шеңберінде ынтымақтасу мүдделі Тараптың көмек көрсету туралы сұрау салулары негізінде немесе осындай көмек екінші Тарап үшін қызығушылық тудырады деп ұйғарған Тараптың бастамасы бойынша жүзеге асырылады.
      2. Көмек көрсету туралы сұрау салу жазбаша түрде жіберіледі. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салу ауызша берілу мүмкін, алайда 3 тәуліктен кейін кешіктірмей олар жазбаша, оның ішінде мәтінді берудің техникалық құралдарын пайдалану арқылы расталуы тиіс.
      Сұрау салудың түпнұсқалығына немесе мазмұнына күмән туындаған жағдайда қосымша растауға сұрау салынуы мүмкін.
      3. Көмек көрсету туралы сұрау салуда:
      көмек көрсетуге сұрау салушы органның және егер ол белгілі болса, сұрау салынатын органның атауын;
      істің мән-жайын баяндау;
      сұрау салудың мақсаты мен негізін көрсету;
      сұрау салынатын көмектің мазмұнын баяндау;
      сұрау салуды тиісті түрде орындау үшін пайдалы болуы мүмкін кез-келген басқа ақпарат қамтылуы керек.
      4. Жазбаша нысанда берілген немесе расталған көмек көрсету туралы сұрау салуға сұрау салушы органның басшысы немесе оның орынбасары қол қояды және сұрау салушы органның мөрімен куәландырылады.

6-бап
Көмек көрсетуден бас тарту

      1. Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе оның мемлекетінің басқа да маңызды мүдделеріне зиян келтіреді не болмаса ұлттық заңнамасына немесе оның мемлекетінің міндеттемелеріне қайшы келеді деп ұйғарса, осы Келісімнің шеңберінде көмек көрсетуден толық, немесе ішінара бас тартылады.
      2. Егер оған байланысты сұрау салу келіп түскен әрекет сұрау салынатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасы бойынша қылмыс болып табылмайтын болса, онда көмек көрсетуден бас тартылуы мүмкін.
      3. Сұрау салушы Тарап осы баптың 1 және 2-тармақтарының негізінде мүмкіндігінше көмек көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдағанға дейін сұрау салынатын Тарап қажет деп санайтын шарттар сақталған жағдайда көмек көрсетуден бас тарту мүмкін бе деген мәселені қарау үшін сұрау салушы Тараппен консультациялар өткізеді Сұрау салушы Тарап өзіне көмек көрсетуге негіз болатын шарттарды сақтайды.
      4. Сұрау салушы Тарап сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартудың себептерін көрсете отырып жазбаша түрде хабарландырылады.

7-бап
Сұрау салуды орындау

      1. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды тез және мүмкіндігінше толық орындауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.
      Сұрау салушы Тарап сұрау салудың орындауына кедергі болатын немесе оның орындалуын едәуір кідіртетін жағдайлар туралы дереу хабарландырылады.
      2. Егер сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тараптың құзыретіне жатпайтын болса, ол бұл туралы сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды және оның өтініші бойынша оны құзыретті органға береді.
      3. Сұрау салынатын Тарап өз пікірі бойынша сұрау салуды тиісті түрде орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерге сұрау салуға құқылы.
      4. Егер сұрау салушы Тарап сұрау салуды дереу орындау қылмыстық қуғындауға немесе өз мемлекетінде жүзеге асырылып жатқан өзге де іс жүргізуге кедергі келтіруі мүмкін деп ұйғарса, ол сұрау салуды орындауды кейінге қалдыруы немесе оны орындауды сұрау салушы Тараппен консультациялардан кейін қажет ретінде белгіленген шарттарды сақтай отырып байланыстыруы мүмкін. Егер сұрау салушы Тарап ұсынылған шарттарда оған көмек көрсетуге келіссе, осы шарттарды сақтауы тиіс.
      5. Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша сұрау салудың келіп түсу фактісінің, осы сұрау салудың және оның іліспе құжаттарының мазмұнының, сондай-ақ көмек көрсету фактісінің құпиялылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды.
      Құпиялылықты сақтамай сұрау салуды орындау мүмкін болмаған жағдайда сұрау салынатын Тарап бұл туралы сұрау салушы Тарапқа хабарлайды, ол мұндай жағдайларда сұрау салуды орындау қажет пе, жоқ па деген мәселені шешеді.
      6. Сұрау салынатын Тарап сұрау салудың орындалу нәтижелері туралы сұрау салушы Тарапқа мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабарлайды.

8-бап
Алынған ақпарат пен құжаттарды пайдалануды шектеулер

      1. Егер екінші Тараптан алынған ақпарат пен құжаттар жабық сипатта болса немесе беруші Тарап оларды жарияламаған дұрыс деп есептесе, әрбір Тарап олардың құпиялылығын қамтамасыз етеді. Мұндай ақпарат пен құжаттардың жабық болу дәрежесін беруші Тарап белгілейді.
      2. Осы Келісімнің негізінде алынған сұрау салуды орындау нәтижелері оларды ұсынған Тараптың келісімінсіз сұралған және ұсынылғаннан өзге мақсаттарда пайдаланыла алмайды.
      3. Осы Келісімнің негізінде бір Тарап алған мәліметтерді үшінші тарапқа беру үшін осы мәліметтерді ұсынған Тараптың алдын ала келісімі қажет етіледі.
      4. Егер бұл сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасында көзделген болса, онда осы баптың ережелері сұрау салуды орындау нәтижесінде алынған ақпарат пен құжаттарды пайдалануды немесе жариялауды болғызады. Сұрау салушы Тарап осындай ақпарат пен құжаттардың ықтимал және болжамды пайдаланылуы немесе жариялануы туралы сұрау салушы Тарапқа алдын ала хабарлайды.

9-бап
Шығыстар

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды Тараптар дербес көтереді.

10-бап
Тілдер

      Тараптар осы Келісімнің негізінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде орыс тілін пайдаланады. Басқа тілдер пайдаланылған жағдайда Тараптар орыс тіліне ауызша және жазбаша аударманы қамтамасыз етеді.

11-бап
Ынтымақтастықты үйлестіру

      1. Осы Келісім шеңберінде Тараптардың ынтымақтастығы бойынша іс-шараларды үйлестіру Қазақстан Тарапынан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Штабына, Ресей Тарапынан Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік департаментіне жүктеледі.
      2. Тараптар қажет болғанда осы Келісімнің ережелерін орындау үшін тікелей байланыс орната алатын өздерінің мамандандырылған жедел бөліністерін белгілейді.
      3. Тараптар осы Келісімнің шеңберінде өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру және бірлескен әрекеттерді үйлестіру мақсатында өздерінің өкілдерімен алмасу туралы мәселені пысықтайды.

12-бап
Жұмыс кездесулері және консультациялар

      Тараптардың өкілдері қажет болғанда осы Келісімнің негізінде ынтымақтастықтың тиімділігін нығайту және арттыру мәселелерін қарастыру мақсатында жұмыс кездесулері мен консультациялар өткізеді.

13-бап
Келіспеушіліктерді шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындаған келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

14-бап
Басқа халықаралық шарттарға қатынас

      Осы Келісімнің ережелері мемлекеттері қатысушылары болып табылатын Тараптар мемлекеттерінің басқа халықаралық шарттарынан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

15-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және Тараптардың бірі екінші Тараптың оның әрекетін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейін әрекет етеді.
      2. Тараптардың жазбаша келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамамен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
      3. Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 1993 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім және 1998 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ресей Федерация Ішкі істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы хаттама күшін жояды.

      Сочи қаласында 2008 жылғы 23 қазанда екі данада жасалды, әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде, екі мәтіннің күші бірдей.

(Қолдары) 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады