Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Финляндия Республикасы Ұлттық мұрағаты арасындағы мұрағат ісі саласындағы ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

Жаңа

Келісім, Хельсинки қ., 2009 жылғы 24 наурыз

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Келісім 2009 жылғы 25 наурызда күшіне енді. 

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Финляндия Республикасы Ұлттық мұрағаты, бұдан әрі Тараптар деп аталып,
      Қазақстан Республикасы мен Финляндия Республикасы бай тарихи-мәдени мұраға ие екендігін растай отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Финляндия Республикасы арасындағы дәстүрлі достықты дамыту мен өзара тиімді ынтымақтастық олардың бір-біріндегі өзіндік ерекшеліктерді, тарихты, мәдениетті және қол жеткен табыстарды білу мен құрметтеу арқылы жүзеге асатынын, мемлекеттік Тараптардың мұрағаттық материалдарын зерттеп қолдануға қажет екендігін ескеріп,
      Қазақстан Республикасы мен Финляндия Республикасы мұрағаттық мекемелер арасындағы байланысты дамытуды ниеттене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар ынтымақтастықты жалпыға бірдей халықаралық құқық нормалары мен принциптеріне, мұрағат ісі саласындағы тараптардың ұлттық заңдарына сәйкес теңдік және түсіністік ұстанымы негізінде дамытады.

2-бап

      Тараптар ұлттық заңдарына сәйкес мұрағат ісі мен құжаттама саласына байланысты ақпараттармен, заң актілерімен, нормативті құқықтық актілермен, мұрағаттану, археография және құжаттану мәселелері бойынша әдебиеттермен, сондай-ақ екі жақ мүдделеріне сәйкес мұрағаттылық құжаттар жарияланымдарымен алмасады.

3-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасы мен Финляндия Республикасы зерттеушілеріне Тараптардың мемлекеттік мұрағаттарында сақтаудағы құжаттық мұраларды зерделеу ісінде көмек көрсетеді. Тараптардың әрқайсысы келісуші Тарап мемлекет зерттеушілерінің тараптар мемлекетінің заңдарына сәйкес мұрағат қорлары мен ғылыми-анықтамалық аппаратқа, жариялаған және жарияланбаған анықтамалық материалдарға қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

4-бап

      Ұлттық мұрағат қорын Қазақстан Республикасы және Финляндия Республикасы халықтарының тарихы мен мәдениеті жөніндегі ақпараты бар құжаттармен толықтыру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңдарына сәйкес Тараптар мұрағат құжаттарын іздеп табу және олардың көшірмелерін алу ісінде бір-біріне жәрдемдеседі.

5-бап

      Тараптардың әрқайсысы басқа Тарап мемлекетінің азаматтары мен ұйымдарының әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұрау салуларын оның басқаруында болып табылатын мұрағат құжаттарын пайдалана отырып, өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қарастырады.

6-бап

      Осы Келісім негізінде алынған ақпарат немесе мұрағаттық құжаттар, ақпарат беруші Тараптың жазбаша келісімінсіз, оны сұратқан немесе ұсынған мақсаттан басқа мақсатта қолданылмайды.
      Осы Келісім негізінде ақпарат немесе мұрағаттық құжаттар алған Тарап, ақпарат беруші Тараптың жазбаша келісімінсіз, алынған ақпаратты үшінші жаққа бермейді.

7-бап

      Осы Келісімді орындау барысында, егерде әрбір нақты жағдайда басқаша тәртіп белгіленбесе, туындайтын шығындарды Тараптар мемлекеттердің ұлттық заңнамасында қарастырылған қаржы аясында көтеріп алады.

8-бап

      Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша Тараптардың құқықтары мен міндеттемелеріне кедергі келтірмейді.

9-бап

      Осы Келісімге Тараптар екі жақты келісім нәтижесінде хаттамалар арқылы толықтырулар мен өзгертулерді енгізе алады және ол өзгертулер Келісімнің бөлінбес бөлігі болып табылады.
      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және бес жыл мерзімге жасалады. Тараптардың ешқайсысы оның қолданылуын тоқтатуға кем дегенде 6 ай қалғанға дейін өзінің ниеті туралы жазбаша түрде хабарлама жібермесе, Келісім келесі бес жылдық мерзімге ұзартылады.
      Осы Келісімнің қолданылуының тоқтатылуы осы Келісімнің ережелері негізінде келісілген және оның қолданылуы тоқтатылған сәтте аяқталмаған жобалар мен бағдарламаларды Тараптардың орындауына кері әсерін тигізбейді.

      2009 жылы 25 наурызда Хельсинки қаласында қазақ, фин және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды. Барлық мәтіндердің заңды күші бірдей.
      Осы Келісімді талдауда пікір өзгешеліктері туындаған жағдайда, Тараптар оның орыс тіліндегі мәтініне жүгінеді.

                                                         (Қолдары)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады