Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Америка Құрама Штаттарының Қорғаныс министрлігі арасындағы Тыңдаушылармен алмасу туралы КЕЛІСІМ

Жаңа

Келісім, Астана қ., 2009 жылғы 20 мамыр

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Келісім 2009 жылғы 20 мамырда күшіне енді.

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Америка Құрама Штаттарының Қорғаныс министрлігі,
      Тараптар арасындағы достық аясын кеңейтуге және әскери білім беру саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге ниет білдіре отырып,
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери институты мен Америка Құрама Штаттарының Әскери Академиясы (Вест-Пойнт) арасында тең құқықты негізде Тыңдаушылармен алмасуды жүзеге асыру мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде қолданылатын төмендегі терминдер мыналарды білдіреді:
      "Тыңдаушылар" - Тараптардың осы Келісімге сәйкес тағылымдамадан ету үшін әскери оқу орындарына жіберілетін Тараптың әскери қызметшілері;
      "жіберуші Тарап" - қабылдаушы Тараптың әскери оқу орындарында тағылымдамадан өту үшін өз әскери қызметшілерін жіберетін Тарап;
      "қабылдаушы Тарап" - өзінің әскери оқу орындарында тағылымдамадан өту үшін жіберуші Тараптың әскери қызметшілерін қабылдайтын Тарап.

2-бап

      1. Тыңдаушыларды тағылымдамаға жіберу Тараптардың өтінімдеріне сәйкес екі жақты негізде және Тарап мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Тараптар Тыңдаушылармен алмасу жоспарын әзірлейді және бекітеді.
      3. Келесі оқу жылына Тыңдаушылармен алмасу жоспарын бекітер алдында жыл сайын бірінші қазанға дейін Тараптар Тыңдаушыларды оқыту үшін бір-біріне курстардың тізімін ұсынады. Тізім: мамандандыруды, оқытудың әр түрлі нысандары бойынша ұсынылып отырған орындар санын, шарттары мен талаптарын, сондай-ақ курстардың мақсаттары мен міндеттерін қамтиды.

3-бап

      1. Тағылымдамадан өту үшін Тыңдаушыларды іріктеуді жіберуші Тарап жүзеге асырады.
      2. Тыңдаушылардың тағылымдамасы орыс және/немесе ағылшын тілдерінде немесе әскери оқу орнының оқу жоспарына сәйкес басқа тілде жүргізіледі.
      3. Тағылымдама басталғанға дейін екі ай бұрын Тараптар бір-біріне Тыңдаушылардың тегін, атын, әкесінің атын, әскери атағын, туған күнін және мамандандыруды көрсете отырып, олардың тізімін ұсынады.

4-бап

      1. Жіберуші Тарап:
      1) Тыңдаушылармен алмасу жоспарында ескертілген күннен кешіктірмей Тыңдаушылардың тағылымдамаға келуін;
      2) Тыңдаушылардың тағылымдама орнына бару және қайту жолын қамтамасыз етеді.
      2. Тағылымдама уақытында Тыңдаушылар қабылдаушы Тарап мемлекетіндегі Тыңдаушылардың тағылымдамадан өтуімен және тұруымен байланысты мәселелерді қабылдаушы Тараппен келісетін қабылдаушы Тарап мемлекетіндегі жіберуші Тараптың Әскери атташесінің офисіне бағынады.

5-бап

      Қабылдаушы Тарап осы Келісімнің шеңберінде Тыңдаушыларды:
      1) профессорлық-оқытушылық құраммен;
      2) тағылымдамадан өту үшін жабдықтармен және қажетті материалдармен;
      3) қабылдаушы Тараптың әскери оқу орындарында белгіленген нормаларға сәйкес тұрғын үйлермен және тамақтандырумен;
      4) кітапханаларға, оқу және спорт залдарына кіруге рұқсатпен;
      5) әскери-медициналық мекемелерде ақысыз емдеумен қамтамасыз етеді.

6-бап

      1. Тыңдаушылар тағылымдама уақытында қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын, әскери оқу орындары нұсқаулықтарының талаптарын және әскери тәртіпті сақтауға міндетті.
      2. Құқық бұзушылық жасаған Тыңдаушылар жіберуші Тараптың кері қайтаруына жатады.

7-бап

      Жіберуші Тарап қажеттілігіне қарай Тындаушыларды кез келген уақытта кері қайтаруы мүмкін, бұл туралы қабылдаушы Тарапты алдын ала жазбаша хабардар етеді.

8-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар осы келісімді орындауға байланысты барлық шығыстарды дербес көтереді.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешеді.

10-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша жекелеген хаттамалармен рәсімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

11-бап

      1. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Тараптардың оған қол қойған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім бір Тараптың басқа Тараптан дипломатиялық арналар бойынша оның осы Келісімді тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама алған күнінен алты ай ішінде қолданысын тоқтатады.
      3. Осы Келісімнің қолданысын тоқтатқан жағдайда іске асыру оның қолданысы кезеңінде басталған іс-шаралар оларды толық орындағанға дейін күшінде қалады.

      2009 жылы 20 мамырда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі бірдей күші бар екі түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

(Қолдары) 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады