Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі мен Украинаның қаржы кызметтерінің нарықтарын реттеу жөніндегі мемлекеттік комиссиясының арасындағы сақтандыру нарығын қадағалау саласында ақпарат алмасу бойынша өзара түсіністік туралы МЕМОРАНДУМ

Жаңа

Меморандум, Киев қ., 2010 жылғы 3 қараша

(Осы Меморандум қол қойылған күннен бастап күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) мен Украинаның қаржы қызметтерінің нарықтарын реттеу жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бұдан әрі - Тараптар деп атала отырып,
      сақтандыруды қадағалау саласында екі жақты байланыс орнату мен дамытуға өзара мүдделілік білдіре отырып,
      сақтандыруды қадағалау саласындағы реттеу мен өзара іс-әрекет жасау мәселелері бойынша өзара түсіністікке қол жеткізу мақсатында
      мыналар жайында келісімге келді:

I. Жалпы ережелер

      1) трансшекаралық мекеме - еншілес сақтандыру ұйымы, филиал, шетелдік қатысуы бар сақтандыру ұйымы, өкілдік немесе басқа Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес шоғырландырылған түрде
қадағалануы тиіс Тараптар мемлекеттерінің бірінің мемлекеті юрисдикциясы шегіндегі басқа заңды тұлға.
      Филиалдарды ашу Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасының шектеулері мен талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады;
      2) бас ұйым - шыққан мемлекетінде тіркелген, шыққан мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қаржылық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия (рұқсат) алған, екінші Тарап мемлекетінің юрисдикциясындағы трансшекаралық мекемесі бар заңды тұлға;
      3) шыққан мемлекеті - бас ұйым тіркелген мемлекет;
      4) тұрған мемлекеті - трансшекаралық мекеме тіркелген мемлекет.

II. Меморандумның мәні

      1. Осы Меморандумның мәні Тарап мемлекеттердің ұлттық заңнамасы және халықаралық міндеттемелерді сақтаумен осы Меморандумның ережелері негізінде сақтандыру ұйымдарының қызметін қадағалау саласында ынтымақтастық болып табылады.
      2. Осы Меморандум Тарап мемлекеттердің қолданыстағы ұлттық заңнамаларын өзгертпейді және ауыстырмайды. Осы Меморандум Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттар шегінде туындайтын қандай да бір ережелер мен уағдаластықтарға қатысты емес.

III. Меморандумды қолдану аясы

      1. Тараптар сақтандыру секторының жағдайы және дамуы, сақтандыруды қадағалау саласындағы негізгі нормалар мен талаптар туралы және олардың мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген талаптар мен шектеулерге сәйкес өзгерістері туралы ақпаратпен алмасады.
      2. Тараптар сақтандыру ұйымдарынан берілуі Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларымен шектелген ақпараттарды қоспағанда, тиісті Тарап ақпараттың сақталу және құпиялылық режимін қамтамасыз еткен жағдайда, қадағалау қызметтерін атқару барысында алынған ақпаратты және құжаттарды беруге құқығы бар.
      3. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген шектеулер мен талаптарды ескере отырып, Тараптар бір-біріне мынадай ақпарат береді:
      1) Құрылтайшысы (қатысушысы) Екінші Тарап мемлекетінің жеке/заңды тұлғасы болып табылатын сақтандыру ұйымдарының және бір тарап мемлекетінің сақтандыру нарығының басқа қатысушыларының қаржылық жағдайын сипаттайтын көрсеткіштер туралы;
      2) сақтандыру ұйымы және оның трансшекаралық мекемесінің басқару органдарының құрамы, тәуекелдерді және ішкі бақылауды басқару жүйесі туралы;
      3) сақтандыру ұйымы басшыларының біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы;
      4) басшы ұйым және оның трансшекаралық мекемесінің құрамына кіретін реттелетін ұйымдардың қаржылық тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін басшы ұйым және оның трансшекаралық мекемесінің қызметінің кез келген маңызды фактісі (оқиғасы) туралы;
      5) басшы ұйым және оның трансшекаралық мекемесінің сақтандыру заңнамасын бұзушылықтар туралы, басшы ұйым және трансшекаралық мекемесіне қатысты Тараптардың қолданған шаралары туралы.

IV. Сұрату және өңделуі

      1. Сұратулар жауапты байланыс тұлғаларына жазбаша түрде, орыс тілінде жіберіледі. Шұғыл жағдайларда сұратулар тезис түрінде берілуі мүмкін, ол қысқа мерзім ішінде сұратудың толық мәтінімен толықтырылуы тиіс. Сұратуды беріп жіберу үшін кез келген байланыс құралдары пайдаланылуы мүмкін.
      2. Сұратуларда мынадай нақтылаулар болуы тиіс:
      1) ақпаратты алу қажеттілігінің мақсаты және негіздемесі (қажет болса, Тарап мемлекеттік ұлттық заңнамалар нормаларына, қадағалау-реттеу шарттары және басқа сілтемелерді көрсету керек);
      2) сұрататын Тараптың сұрату затына (объект) қатысты ақпараты болғанда және болуы мүмкін басқа ақпарат көзіне нұсқау болғанда;
      3) кейін сұрату барысында алынған ақпарат берілетін (ашылатын) үшінші тұлғаларды көрсету, осы берудің (ашудың) қажетті негіздемесі;
      4) ақпаратты алудың қажетті мерзімі.
      3. Егер сұратқан Тарап сұратуды орындау оның мемлекетінің ұлттық заңнамасына немесе мемлекеттік мүдделеріне қайшы келеді деп санаса, осы Меморандумның шегінде жәрдем көрсетуден толық бас тартады. Бұл жағдайда сұратқан Тарап бұл туралы жазбаша түрде себептерін көрсете отырып, хабарлайды.
      4. Әрбір Тарап екінші Тараптың сұратуына жылдам және мүмкіндігінше толық жауап беру үшін қажетті барлық шараларды қолданады немесе соңғысын сұратуға кедергі ететін немесе кідіртетін жағдайлар туралы хабарлайды.
      5. Осы Меморандумның аясында алынған кез келген құжаттар мен материалдар, сондай-ақ олардың көшірмелері мүмкіндігінше тиісті сұрату бойынша берген Тарапқа қажет болған жағдайда қайтарылуы керек.

V. Ақпаратты өз еркімен беру

      Егер Тарапта екінші Тарап реттеуіш қызметін орындағанда жәрдемдесетін ақпарат болса, ол оны беруі мүмкін немесе оны Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген талаптар мен шектеулерді ескере отырып екінші Тараптың тиісті сұратуын бермей-ақ, құпиялылық шарттары сақталған жағдайда, өз еркімен беруіне рұқсат етіледі.

VI. Қолданылу аясы және құпиялылығы

      1. Тараптар арасындағы ынтымақтастықтың қажетті шарты екінші Тараптан өз міндеттерін орындау кезінде ақпарат алатын бір Тараптың қызметкерлерінің осы Меморандум аясында берілетін ақпаратты қорғауды қамтамасыз етуі болып табылады.
      2. Тараптар ақпаратты сақтау, қолдану және кез келген байланыс құралдары арқылы бергенде оны қорғауы қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қолданады.
      3. Осы Меморандумның аясында беруші Тараптың келісімінсіз берілген барлық ақпарат сұратылып алынған мақсаттан басқа мақсаттарда қолданылмауы тиіс.
      4. Өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген тәртіпте Тараптар бір-бірінен алынған барлық ақпараттың құпиялылығын сақтайды, сондай-ақ ақпаратты берген екінші Тараптың алдын ала келісуінсіз ешқандай ақпаратты ашпайды.
      5. Осы Меморандумның қолданылуы тоқтатылса, ақпараттың құпиялылығы жөніндегі жоғарыда аталған міндеттемелер күшінде қалады.

VII. Техникалық ынтымақтасу

      Тараптар бар ресурстар және персонал шегінде, Қазақстан Республикасы және Украинаның сақтандыру нарығының реттеуіш базисі дамуына қажетті тренингтер мен техникалық көмек анықтау және белгілеу үшін ынтымақтасуы керек.

VIII. Кеңес берулер

      1. Тараптар берілген сұратуларға немесе жоспарланған сұратуларға қатысты кез келген уақытты кеңес берулер мен келіссөздерді жүргізуі мүмкін.
      2. Тараптар кеңес бере алады және осы Меморандумды жүзеге асыруға қатысты өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына маңызды өзгерістер енгізілгенде Меморандумның шарттарын қайта қарай алады.
      3. Осы Меморандум аясында ынтымақтастықты жетілдіру үшін, Тараптар Меморандумның имплементациясына қатысты кезеңді түрде немесе қажет болған жағдайда кеңес береді және талқылау жүргізеді.

IX. Дауларды шешу

      Осы Меморандумның ережелерін түсіндіру және/немесе пайдалану бойынша дау пайда болған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер және кеңестер арқылы шешеді.

X. Өзгерістер мен толықтырулар

      Тараптардың өзара келісімдері бойынша осы Меморандумға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Меморандумның ажырамас бөлігі болып табылады.

XI. Жауапты байланыстағы тұлғалар

      Тараптар арасындағы байланыс жауапты байланыстағы тұлғалары арқылы жүзеге асады. Жауапты байланыстағы тұлғаларын Тараптар белгілейді, бұл туралы жазбаша түрде хабарланады.

XII. Күшіне енгізу, жариялау және қолданысын тоқтату

      1. Осы Меморандум белгіленбеген мерзімге жасалады, қол қойылған күннен бастап күшіне енгізіледі және Тараптардың біреуі басқа Тараптың осы Меморандумның қолданысын тоқтататын ниеті жөніндегі жазбаша хабарламасын дипломатиялық каналдар арқылы алған күннен бастап 30 күннен соң қолданысын тоқтатады.
      2. Тараптар осы Меморандум күшіне енгізілгеннен кейін ресми мәтінді Интернет желісінің сайттарында орналастыруға қарсы емес.

XIII. Басқа ережелер

      Киев қаласында 2010 жылғы 03 қарашада екі түпнұсқалық данада, әрқайсысы қазақ, украин және орыс тілдерінде жасалған, барлық мәтіндердің бірдей заңдық күші бар. Осы Меморандумның ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша келіспеушіліктер пайда болған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алады.

      Қазақстан Республикасы               Украинаның Қаржылық қызмет
     Қаржы нарығын және қаржы                көрсету нарығын реттеу
       ұйымдарын реттеу мен                   жөніндегі мемлекеттік
        қадағалау агенттігі                       комиссиясының
              атынан                                   атынан

                                                            (Қолдары)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады