Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Сенегал Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы консультациялар бойынша өзара түсіністік туралы МЕМОРАНДУМ

Жаңа

Меморандум, Астана қ., 2011 жылғы 10 ақпан

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Меморандум 2011 жылғы 10 ақпанда күшіне енді.

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Сенегал Республикасы Сыртқы істер министрлігі;
      БҰҰ Жарғысының қағидаттары мен жалпыға танылған халықаралық құқық нормалары негізінде екі мемлекет арасындағы достық, бауырластық және ынтымақтастық қарым-қатынастарды ілгерілету ниетін негізге ала отырып,
      Тараптар арасындағы ынтымақтастық арқылы өз мемлекеттерінің экономикаларын дамытуға үлес қосуға қатысты ортақ еріктерін басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар екі жақты қарым-қатынастардың барлық аспектілерін зерттеу үшін тұрақты түрде консультациялар өткізеді және өзара қызығушылық тудыратын халықаралық мәселелер мен халықаралық сахнадағы қызмет бойынша пікір алмасады.

2-бап

      Екі жақты қарым-қатынастар жөніндегі консультациялар барлық салаларды, атап айтқанда саяси, экономикалық, сауда, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар күн тәртібінде қабылданған тармақтарды қамтиды.

3-бап

      Осы Өзара түсіністік туралы меморандум шеңберіндегі консультациялар екі мемлекеттің сыртқы істер министрлері деңгейінде өткізіледі. Консультациялардың басқа деңгейі, сондай-ақ мерзімдері, орны және күн тәртібі дипломатиялық арналар арқылы Тараптардың бірі өтініш білдірген жағдайда анықталады.

4-бап

      Тараптар мемлекеттерінің басқа мемлекеттерде тіркелген дипломатиялық өкілдіктері сияқты Тараптар мемлекеттерінің БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілдіктерімен қоса осы Меморандумның 2-бабында көрсетілген мәселелер бойынша пікір алмасу мақсатында өзара байланыстарды жандандырады.

5-бап

      Тараптар өз мемлекеттеріндегі халықаралық қатынастар мәселелерімен шұғылданатын зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты ынталандырады және оған ықпал етеді.

6-бап

      Тараптар өзара қызығушылық тудыратын белгілі бір мәселелерді талқылау мақсатында жұмыс топтарын құрады немесе сарапшылардың кездесуін өткізеді.

7-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Меморандумға жеке хаттамалармен рәсімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

8-бап

      Осы Меморандумды түсіндіру және орындауға қатысты барлық даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.

9-бап

      Осы Меморандумның қағидалары Тараптар мүше болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және екі жылға жасалады және егер Тараптардың бірі екінші Тарапқа ағымдағы мерзім аяқталғанға дейін бір айдан кешіктірмей оның қолданысын ұзартпау жөнінде дипломатиялық арналар арқылы жазбаша ниет білдірмесе автоматты түрде келесі екі жылдық мерзімге ұзартылады.

      2011 жылы 10 ақпанда Астана қаласында, екі нұсқада әрқайсысының заңды күші бірдей қазақ, француз және орыс тілдерінде жасалды.

          Қазақстан Республикасы             Сенегал Республикасы
      Сыртқы Істер министрлігі үшін     Сыртқы Істер министрлігі үшін

                                                        (Қолдары)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады