(2016 жылғы 29 қарашада күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 6, 109-құжат)
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі № 15-1-562 |
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне деген өз ілтипатын білдіре отырып, мынаны хабарлауды мәртебе деп санайды.
1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция шеңберінде ынтымақтастықтың тиімді және оңайлатылған тетігін жасауға ұмтыла отырып, ресми құжаттарды тану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі Ресей федерациясының Үкіметіне (бұдан әрі – Тараптар) мынаны айқындауды ұсынады.
1. Бір Тарап мемлекетінің уәкілетті органы берген және оның елтаңбалы мөрімен бейімделген құжаттар екінші Тарап мемлекетінің аумағында қандай да бір арнайы куәландырусыз, оның ішінде апостиль қойылмай немесе консулдық заңдастырусыз қабылданады.
Бір Тарап мемлекетінің аумағында ресми ретінде қаралатын мұндай құжаттар екінші Тарап мемлекетінің аумағында ресми құжаттардың дәлелдемелік күшіне ие болады. Танудың осы тәртібі 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары берген ресми құжаттарға қолданылады.
2. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.
3. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі оның қолданысын тоқтатқанша күшінде қалады. Әрбір Тарап осы Келісім күшіне енген күннен бастап 5 жыл өткеннен кейін ағымдағы күнтізбелік жыл аяқталғанға дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын оның қолданысын тоқтатуға өзінің ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар ете отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады.
Бұл жағдайда осы Келісім осындай хабарлама алынған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап өзінің қолданысын тоқтатады.
4. Ресей Федерациясының Үкіметі жоғарыда баяндалғанмен келіскен жағдайда осы нотаны және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінің жауап нотасын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Конвенция шеңберінде Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы келісім деп есептеуді ұсынуды мәртебе санайды, ол Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі осы жағдайды пайдалана отырып, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне өзінің зор құрметін білдіреді.
Астана қаласы, 2016 жылғы 22 ақпан. |