Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Америка Құрама Штаттарының Федералдық есірткіге қарсы күрес басқармасы арасындағы есірткінің, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

Жаңа

2016 жылғы 14 қараша, Келісім.

      (2016 жылғы 14 қарашада күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 1, 4-құжат)
      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Америка Құрама Штаттарының Федералдық есірткіге қарсы күрес басқармасы (бұдан әрі - Тараптар),
      есірткінің, психотроптық заттардың (бұдан әрі - есірткілер), сол тектестер мен прекурсорларының заңсыз айналымы және оларды теріс пайдалану Тараптар мемлекеттері халқының денсаулығы мен әл-ауқатына айтарлықтай қауіп төндіретінін ұғына отырып,
      1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға түзетулер туралы 1972 жылғы Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулері бар 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияның, 1971 жылғы Психотроптық заттар туралы конвенцияның және Біріккен Ұлттар Ұйымының 1988 жылғы Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының ережелерін назарға ала отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің егемендігін және ішкі істерге араласпау қағидатын қатаң кұрметтей отырып, есірткінің, сол тектестер мен прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күреспен айналысатын органдар арасындағы тиімді ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға ұмтылысты ескере отырып,
      өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары мен халықаралық міндеттемелерін басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Ынтымақтастық міндеттемесі

      Тараптар осы Келісімнің шеңберінде, езінің құзыреті шегінде әрекет ете отырып және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес есірткілердің, сол тектестер мен прекурсорларының заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы күрес саласында ынтымақтасады.

2-бап Ынтымақтастық нысаны

      Тараптар мынадай нысандарда жүзеге асырылатын екі жақты тергеулерді іске асыру үшін бірлескен іс-шараларға көмек көрсетуді, ілгерілетуді ұйымдастыру және үйлестіру үшін бірлесіп барлық күшін салады:
      1) есірткілердің, сол тектестер мен прекурсорларының заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпарат алмасу;
      2) “бақыланатын жеткізілім” өткізуді қоса алғанда, есірткілерді, сол тектестер мен прекурсорларын заңсыз тасымалдау арналарын жабу бойынша бірлескен іс-шараларды (операцияларды) жүзеге асыру;
      3) есірткілердің, сол тектестер мен прекурсорларының заңсыз айналымына, сондай-ақ тиісті қылмыстық іс-қимыл нәтижесінде алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл және олардың заңды айналымын бақылауды ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілермен және оларды қолдану практикасы туралы мәліметтермен, арнайы әдебиетпен, ақпараттық-анықтамалық материалдармен және әдістемелік ұсынымдармен алмасу;
      4) есірткілердің, сол тектестер мен прекурсорларының заңсыз айналымына байланысты қылмыстық іс-қимыл нәтижесінде алынған ақшалай қаражатты заңдастыруға қарсы күрес саласында көмек көрсету;
      5) нашақорлықтың алдын алу саласында өзара іс-қимыл жасасу;
      6) есірткілердің, сол тектестер мен прекурсорларының заңды айналымын, оларды дайындау үшін қолданылатын материалдар мен жабдықтарды бақылау саласында өзара іс-қимыл жасасу;
      7) ұдайы жұмыс тәжірибесімен, оның ішінде кеңестер, конференциялар және семинарлар өткізу арқылы алмасу;
      8) кадрларды даярлауда, қайта даярлауда және олардың біліктілігін арттыруда көмек көрсету, тағылымдамаларды ұйымдастыру және біліктілікті арттырудың өзге де нысандарын пайдалану.
      Осы Келісім қылмыстық істер бойынша адамдарды беру және құқықтық көмек көрсету мәселелерін қозғамайды.

3-бап Ынтымақтастықты дамыту

      Осы Келісімнің 1-бабында айқындалған шарттарды ескере отырып, осы Келісім Тараптарға ынтымақтастықтың өзге де өзара тиімді бағыттары мен нысандарын белгілеуге және дамытуға кедергі келтірмейді.

4-бап Ақпарат алмасу

      Осы Келісімнің шеңберінде:
      1) есірткілердің, сол тектестер мен прекурсорларының заңсыз айналымға түсу көздерін анықтаудың нысандары мен әдістеріне және олардың таралуының жолын кесу үшін қолданылатын әдістерге;
      2) есірткілерді, сол тектестер мен прекурсорларын тасымалдау кезінде жасыру үшін қолданылатын тәсілдерге және оларды табу әдістеріне;
      3) есірткілерді, сол тектестер мен прекурсорларын бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына заңсыз өткізуге немесе заңсыз өткізу ниеттеріне байланысты белгіленген фактілерге;
      4) есірткілердің, сол тектестер мен прекурсорларының заңсыз айналымына қатыстылығы, сондай-ақ олардың екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы күдікті байланыстары туралы күдік туындаған адамдарға, ұйымдарға, ұйымдасқан қылмыстық топтарға;
      5) есірткілерді, сол тектестер мен прекурсорларын алып өтудің анықталған бағыттарына;
      6) есірткілердің, сол тектестер мен прекурсорларының жаңа түрлеріне;
      7) есірткілермен, сол тектестер мен прекурсорларымен жасалған заңсыз операциялардан алынған кірісті заңдастыру тәсілдері мен әдістеріне қатысты ақпарат алмасу жүзеге асырылады.

5-бап Көмек көрсету туралы сұрау салулар

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық көмек көрсетуге мүдделі Тараптың сұрау салулары негізінде немесе мұндай көмек көрсету басқа Тарап үшін қызығушылық танытады деп пайымдайтын Тараптың бастамасы бойынша жүзеге асырылады.
      Көмек көрсету туралы сұрау салу жазбаша түрде жіберіледі. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайда сұрау салулар ауызша ұсынылуы мүмкін, алайда одан кейін олар жазбаша, оның ішінде мәтінді жіберудің техникалық құралдарын пайдалана отырып расталуы қажет.
      Сұрау салудың түпнұсқалығына немесе мазмұнына күмән туындаған жағдайда қосымша растау сұратылуы мүмкін.
      Көмек көрсету туралы сұрау салу:
      ресми тұлғаның лауазымын, көмек көрсетуге сұрау салушы Тараптың атауын;
      істің мәнін баяндауды;
      мақсатын көрсетуді және сұрау салу негіздемесін;
      сұралатын көмек көрсету мазмұнының сипаттамасын;
      сұрау салуды тиісінше орындау үшін пайдалы болуы мүмкін кез келген басқа ақпаратты қамтуы тиіс.
      Көмек көрсету туралы сұрау салуға сұрау салушы Тараптың басшысы немесе оның орынбасары қол қояды және сұрау салушы Тарап органының мөрімен расталады.
      Америка Құрама Штаттарының Федералдық есірткіге қарсы күрес басқармасынан мұндай өкіл Алматы қаласындағы АҚШ-тың Федералдық есірткіге қарсы күрес басқармасы Офисінің Атташесі болып табылады.

6-бап Көмек көрсетуден бас тарту

      Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа маңызды мүдделеріне қауіп төндіруі мүмкін не өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп ұйғарса, осы Келісім шеңберінде толық немесе ішінара көмек көрсетуден бас тартады.
      Мүмкіндігінше сұрау салынатын Тарап осы баптың бірінші абзацы негізінде көмек көрсетуден бас тарту туралы шешім шығарғанға дейін сұрау салынатын Тарап қажет деп есептейтін шарттарды сақтаған жағдайда көмек көрсетілу мүмкіндігі туралы мәселені қарау үшін сұрау салушы Тараппен кеңес өткізеді. Сұрау салушы Тарап оған көмек көрсету үшін негіз болатын шарттарды сақтайды.
      Сұрау салушы Тарапқа бас тарту себептерін көрсете отырып, сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарту туралы жазбаша хабарланады.

7-бап Сұрау салуды орындау

      Сұрау салынатын Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салуды тез және толық орындауды қамтамасыз ету үшін күш салады және оны орындау нәтижелері туралы мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабарлайды.
      Сұрау салатын Тарапқа сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін немесе оның орындалуын айтарлықтай кешіктіретін жағдайлар туралы хабарланады.
      Егер сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тараптың құзыретіне кірмейтін болса, ол бұл туралы сұрау салатын Тарапқа хабарлайды.
      Сұрау салушы Тарап оның пікірі бойынша сұрау салуды тиісінше орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы. Егер сұрау салынатын Тарап сұрау салушы дереу орындау өз мемлекетінде жүзеге асырылатын қылмыстық қудалауға немесе өзге өндіріске кедергі келтіруі мүмкін деп ұйғарса, ол сұрау салудың орындалуын кейінге қалдыруы мүмкін.
      Сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша сұрау салудың келіп түсу фактісін, осы сұрау салу мазмұнының және оған қоса берілген құжаттардың, сондай-ақ көмек көрсету фактісінің құпиялылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды.
      Құпиялылықты сақтамай сұрау салуды орындау мүмкін болмаған жағдайда сұрау салынатын Тарап ол туралы сұрау салушы Тарапқа хабарлайды, ол сұрау салуды мұндай шарттарда орындау мүмкіндігін немесе мүмкін еместігін шешеді.

8-бап Алынған ақпаратты және құжаттарды пайдалануға қойылатын шектеулер

      Әрбір Тарап екінші Тараптан алынған ақпараттар мен құжаттардың құпиялылығын қамтамасыз етеді. Мұндай ақпарат пен құжаттардың құпиялылық дәрежесін беруші Тарап айқындайды.
      Ақпарат пен құжаттарды ұсынған Тараптың келісімінсіз осы Келісім негізінде алынған ақпарат пен құжаттар олар сұратылған және ұсынылған мақсаттардан өзге мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін емес.
      Осы Келісім негізінде бір Тарап алған мәліметтерді үшінші тарапқа беру үшін осы мәліметтерді берген Тараптың алдын ала келісімі қажет.

9-бап Шығыстар

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындаған шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

10-бап Тілдер

      Тараптар осы Келісім негізінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде орыс немесе ағылшын тілдерін қолданады.

11-бап Ынтымақтастықты үйлестіру

      Осы Келісім шеңберінде Тараптардың ынтымақтастығы жөніндегі іс-шараларды үйлестіру Қазақстан Тарапынан Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау департаментіне, Америка Тарапынан Алматы қаласындағы Федералдық есірткіге қарсы күрес басқармасының Офисіне жүктеледі.

12-бап Жұмыс кездесулері және консультациялар

      Тараптардың өкілдері қажет болған жағдайда осы Келісім негізінде ынтымақтастықты нығайту және тиімділігін арттыру мәселелерін қарау мақсатында жұмыс кездесулерін және консультациялар өткізеді.

13-бап Келіспеушіліктерді шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты туындайтын келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

14-бап Өзгерістер мен толықтырулар енгізу

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді.

15-бап Басқа халықаралық шарттарға қатысы

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

16-бап Қорытынды ережелер

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оған қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
      Тараптардың әрқайсысы өзінің Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнің әрекет етуін тоқтата алады. Бұл жағдайда осы Келісім Тараптардың бірі тиісті хабарламаны алған күнінен бастап алты (6) ай өткен соң қолданылуын тоқтатады.
      Вашингтон қаласында 2016 жылғы 14 қарашада әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, барлық мәтіндердің күші бірдей.

Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі үшін

 
Америка Құрама Штаттарының
Федералдық есірткіге қарсы

күрес басқармасы үшін

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады