Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Хорватия Республикасы Әділет министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы
МЕМОРАНДУМ
(2018 жылғы 15 қазанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2018 ж., № 6, 76-құжат)
Бұдан әрі “Қатысушылар” деп аталатын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Хорватия Республикасы Әділет министрлігі құқықтық құбылыстың көпжақты сипаты мен серпінділігін, сондай-ақ құқық саласындағы ақпарат пен тәжірибе алмасудың мән-жайлары өзара тартымды болып табылатынын назарға ала отырып,
халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын сезіне отырып,
құқықтық саладағы ынтымақтастықтың құрылуына, дамуына және күшеюіне зор мән бере отырып,
төмендегілер туралы өзара түсіністікке келді;
1-бап
Қатысушылар өз құзыреті шеңберінде әрекет ете отырып, халықаралық шарттарды және өз ұлттық заңнамасын сақтай отырып, Меморандум шеңберінде ынтымақтасады.
Осы Меморандумның ережелері Қатысушылар мемлекеттері міндеттемелер арқылы байланысты болатын халықаралық шарттарда көзделген басқа да халықаралық міндеттемелерді Қатысушылардың орындауына нұқсан келтірмейді.
2-бап
Қатысушылар өз құзыреті шеңберінде мына:
1) тиісті ұйымдастырушылық бөлімшелерде сарапшылармен, сот орындаушыларымен және басқа мамандармен өзара алмасу;
2) заңнамалық саланы қозғайтын салаларда ақпарат пен тәжірибе алмасу;
3) халықаралық стандарттарға сәйкес ұлттық заңнаманы үйлестіру;
4) сот шешімдерін орындау саласында ақпарат және тәжірибе алмасу және құқықтық көмек көрсету;
5) сот сараптамасы;
6) өз саласына байланысты ақпараттық технологияларды енгізуге қатысты тәжірибе алмасу;
7) алдын-ала әзірленген бағдарламалар негізінде бірлескен зерттеулер, семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастыру мен іске асыру салаларында ынтымақтасады.
3-бап
Қатысушылар қажетті ұйымдастырушылық және құқықтық жағдайлар жасай отырып, теңдік пен өзаралық қағидаттары негізінде ынтымақтасады және өзара әрекет етеді.
Осы Меморандум мақсаттарының табысты іске асырылуы үшін Қатысушылар:
- осы Меморандумда көзделген барлық әрекеттерді кәсіби және уақытылы жүзеге асырады;
- қажетті ақпаратты беру мен өзара жәрдемдесуді көрсету арқылы осы Меморандум шеңберінде бағдарламалардың іске асырылуы үшін жағдай жасайды.
4-бап
Қатысушылар осы Меморандумды орындау барысында туындайтын шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес өтейді.
5-бап
Ағылшын тілі осы Меморандумның қолданысы кезеңінде жұмыс тілі ретінде пайдаланылады.
6-бап
Осы Меморандумды орындаудан және түсіндіруден туындаған әрбір дау, келіссөздер мен консультациялар арқылы бейбіт жолмен реттеледі.
7-бап
Осы Меморандум екі Қатысушының өзара жазбаша келісімі бойынша өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.
Мұндай өзгерістер осы Меморандумның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Меморандумның 8-бабына сәйкес күшіне енуге тиіс.
8-бап
Осы Меморандум екі Қатысушы да қол қойған күнінен бастап күшіне енеді және шектеусіз мерзім бойы күшінде қалады. Кез келген Қатысушы екінші Қатысушыға жазбаша хабарлама жіберу арқылы оны денонсациялай алады. Денонсациялау осындай хабарлама алынған күннен кейін 6 (алты) айдан соң күшіне енеді.
2018 жылы 15 қазанда Шибеник қаласында әрқайсысы қазақ, хорват, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқада қол қойылды, әрі барлық мәтіндер тең-түпнұсқалы болып табылады. Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.
Қазақстан Республикасы | Әділет министрлігі үшін |
Хорватия Республикасы | Әділет министрлігі үшін |