Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі және Корея Республикасы Әділет министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы МЕМОРАНДУМ

Жаңа

Меморадум, 2019 жылғы 22 сәуір

      (2019 жылғы 22 сәуірде күшіне енген - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2019 ж., № 3, 33-құжат)

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі және Корея Республикасының Әділет министрлігі (бұдан әрі “Тараптар” деп аталады)

      Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы құқықтық ынтымақтастықты тереңдету және кеңейтуге ниет білдіре отырып,

      Органдардың ұлттық және халықаралық деңгейдегі құқық саласында атқаратын рөлінің маңыздылығына сене отырып,

      Құқықтың күрделі сипаты мен серпінін, сондай-ақ құқық саласындағы ақпарат пен тәжірибе алмасу олардың мемлекеттерінің мүдделеріне сай екендігін назарға ала отырып,

      Өз мемлекеттерінің құқықтық саясаты шеңберінде ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы өзара түсіністікке келді:

1-бап

      1. Тараптар халықаралық шарттар мен өзінің ұлттық заңнамасын сақтай отырып, өздерінің құзыреті шегінде әрекет ете отырып, осы Меморандум шеңберінде ынтымақтастық жасайды.

      2. Тараптар өз құзыреті шегінде мына:

      а) ортақ мүддені білдіретін құқықтық мәселелер бойынша ақпарат және тәжірибе алмасу;

      b) құқықтық көмек және құқықтық ақпаратты тарату саласында ақпарат алмасу;

      с) өз елдерінің өзара мүдделерін білдіретін құқықтық саясатын, сондай-ақ құқықтық жүйелерді жасау бойынша ақпарат алмасу;

      d) заңнама саласын қозғайтын салаларда ақпарат және тәжірибе алмасу;

      е) мемлекеттік қызметшілерді уәкілетті мекемелер арқылы оқыту саласындағы ынтымақтастық;

      f) тиісті ұйымдық бөлімшелерден сарапшылар мен басқа да мамандармен өзара алмасу;

      g) сот шешімдерін орындау және құқықтық көмек көрсету саласында ақпарат және тәжірибе алмасу;

      h) сот сараптамасы саласында тәжірибе алмасу;

      і) олардың қызметіне қатысты ақпараттық технологияларды ендіруге қатысты тәжірибе алмасу;

      j) Тараптар бірлесіп айқындауы мүмкін өзара мүдделерді білдіретін басқа да құқықтық мәселелер бойынша ынтымақтастық салаларында ынтымақтастық жасайды.

2-бап

      1. Тараптар қажетті ұйымдастырушылық және құқықтық жағдайлар жасай отырып, теңдік пен өзара түсіністік қағидаттары негізінде ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасайтын болады.

      2. Осы Меморандумды сәтті іске асыру үшін Тараптар:

      - осы Меморандумда көзделген барлық іс-әрекеттерді кәсіби және уақтылы жүзеге асырады;

      - қажетті ақпаратты беру және өзара жәрдем көрсету арқылы Меморандум шеңберінде бағдарламаларды іске асыру үшін жағдайлар жасайды.

      3. Осы Меморандумның 1-бабында көрсетілген ынтымақтастық салалары мына нысандарда іске асырылады:

      1) Тараптар өкілдерінің кездесулері мен Тараптар делегацияларымен алмасу;

      2) Тараптар арасында ақпарат алмасу және құқық саласындағы жалпыға қолжетімді құқықтық актілермен, материалдармен және жарияланымдармен алмасу;

      3) Тараптар бірлесіп айқындайтын ынтымақтастықтың басқа да нысандары.

3-бап

      Ынтымақтастыққа, ынтымақтастық бағдарламаларын әзірлеу және осындай бағдарламаларды іске асыруға байланысты кез келген мәселелерді шешу үшін Тараптар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Халықаралық құқық және ынтымақтастық департаментінің және Корея Республикасы Әділет министрлігінің Құқықтық мәселелер басқармасы Халықаралық құқықтық мәселелер жөніндегі бөлімінің өкілдерінен тұратын сарапшылар деңгейіндегі жұмыс тобын құра алады.

4-бап

      Тараптар екі мемлекеттің де құзыретті органдары арасында тікелей байланыс арналарын орнатады.

5-бап

      Тараптар құқықтық мәселелер және ортақ мүдделерді білдіретін мәселелер бойынша семинарлар мен конференцияларды қоса алғанда, іс-шараларды ұйымдастыруға ықпал етеді және жәрдемдеседі.

6-бап

      Тараптар ортақ мүдделерді білдіретін мәселелерді зерделеу үшін сарапшылармен алмасуды ынталандырады.

7-бап

      Тараптар осы Меморандумды орындауға байланысты шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда Тараптар бірлесіп өзгеше айқындамаса, өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде өздігінен көтереді.

8-бап

      Ағылшын тілі осы Меморандумды іске асыру үшін жұмыс тілі ретінде пайдаланылады.

9-бап

      Меморандумды түсіндіруге және/немесе орындауға байланысты туындайтын кез келген келіспеушіліктер консультациялар мен келіссөздер арқылы Тараптардың өзара келісімі бойынша шешіледі.

10-бап

      Осы Меморандум Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін. Мұндай өзгерістер осы Меморандумның ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді және осы Меморандумның 11-бабына сәйкес күшіне енеді.

11-бап

      1. Меморандум екі Тарап қол қойған күннен бастап күшіне енеді және шектеусіз кезең бойы күшінде қалады.

      2. Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа жазбаша хабарлама жібере отырып, кез келген уақытта Меморандумның күшін жоя алады. Күшін жою екінші Тарап мұндай хабарламаны алған күннен бастап 3 (үш) айдан соң күшіне енеді.

      2019 жылы 22 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында екі данада әрқайсысы қазақ, корей, орыс және ағылшын тілдерінде қол қойылды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басым болады.

      Қазақстан Республикасы Корея Республикасы
      Әділет министрлігі үшін Әділет министрлігі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады