Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Президенттерiнiң бiрлескен мәлiмдемесi

Жаңа

Бiрлескен мәлiмдеме Москва қаласы 1998 жылғы 6 шілде. Қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.

      1998 жылғы шiлденiң 6-сында Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаев жұмыс бабындағы сапармен Ресей Федерациясында болды. Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президентi Б.Н.Ельцин Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының көкейкестi мәселелерiн және халықаралық проблемаларды толық талқылай келiп, төмендегiлер туралы мәлiмдейдi:
      1. Қазақстан мен Ресей ХХI ғасырдың қарсаңында мәңгiлiк достық пен ынтымақтастық қарым-қатынастарының жаңа деңгейiне көтерiлмек. Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының екi мемлекет үшiн терең маңызы бар, олар еуразиялық кеңiстiктегi халықаралық тұрақтылық пен ынтымақтастықтың маңызды факторы болып табылады.
      Жинақталған тәжiрибенi пайдаланып және жаңа сипаттағы жағдайларды ескере отырып, Қазақстан мен Ресей барлық салалардағы ХХI ғасырға бағдарланған өзара ынтымақтастықты үдемелi тереңдету әрi байыту жолымен дәйектi түрде және ұдайы iлгерi жылжитын болады.
      Осы мақсаттарда жоғары деңгейдегi тұрақты саяси байланыстардың, үкiмет басшылары кездесулерiнiң және сыртқы iстер министрлерiнiң арасындағы консультациялардың, парламенттер мен парламентшiлердiң, атқарушы өкiмет құрылымдарының, Қазақстан Республикасының облыстары мен Ресей Федерациясының субъектiлерi арасындағы байланыстардың қалыптасқан практикасы белсендi түрде дамитын болады.
      2. Қазақстан мен Ресей бiрлiктi, аумақтық тұтастықты, егемендiктi, бiр-бiрiнiң тәуелсiздiгiн сенiмдi түрде қамтамасыз етуге бағытталған екi жақты күш-жiгерлерге мүдделi түрде жәрдемдеседi және жiкшiлдiктiң кез келген көрiнiстерiнiң алдын алу үшiн шаралар қабылдайтын болады.
      3. Президенттер сауда-экономикалық, инвестициялық және ғылыми-техникалық салалардағы екi жақты және көп үлгiдегi өзара тиiмдi қазақстан-ресей интеграциялық ынтымақтастығын ұлғайтуға зор маңыз бередi.
      Екi ел үкiметтерiне 1998 жылдың аяғына дейiн Президенттердiң қол қоюы үшін, өндiрiстiк және ғылыми-технологиялық кооперацияны дамытуды, меншiктiң барлық нысандарындағы шаруашылық субъектiлерi арасындағы тiкелей байланыстарды, аймақтар деңгейiндегi өзара iс-қимылдарды қоса алғанда оларды орындау жөнiндегi iс-шаралар кешенiн жүзеге асыруды көздей отырып, Қазақстан мен Ресей арасындағы Экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы он жыл мерзiмге арналған шартты және осыған сәйкес iс-қимылдар бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.
      4. Жер қойнауын пайдаланудағы егемендiк құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлiгi түбiнiң жiгiн ажырату туралы келiсiмге қол қою жайлы шешiм қабылдай отырып, Тараптар оның солтүстiк Каспийдiң құқықтық мәртебесiне қажеттi айқындықты беретiнiн, минералдық ресурстарды барлау және игеру саласында басқа елдердiң қатысуымен кең ауқымды қазақстан-ресей ынтымақтастығының келешегiне жол ашатынын, Каспий жағалауындағы мемлекеттер үшін ортақ мәмiлеге келу негiзiнде Каспий проблемасын тез арада реттеу жолдарын іздестiруде және тиiстi халықаралық Конвенцияға қол қоюда жақсы үлгi болып табылатынын негiзге алады.
      Тараптар Каспий жағалауы мемлекеттерiнiң бәрiнiң Каспий теңiзiнiң биологиялық ресурстарын сақтау, молықтыру және ұтымды пайдалану туралы келiсiмге қол қоюы үшiн күш-жiгерлерiн жұмылдыра отырып, Каспий бассейнiнiң бiрегей экологиялық жүйесiнiң сақтануына барынша көмектесетiн болады.
      Қазақстан мен Ресей мүдделi мемлекеттердiң Каспий аймағының көмiрсутегi ресурстарын дүниежүзi рыноктарына тасымалдау жолдары туралы мәселеге деген көзқарастарындағы қазiргi бар айырмашылықтарды және мүмкiн маршруттарды объективтi көп нұсқалылығын ескередi. Сонымен бiрге Қазақстан мен Ресей Каспий құбыр жүргiзу консорциумының ауқымында көлiк жүйесiн құрудың экономика тұрғысындағы мақсатқа сәйкестiгiн негiзге алады. Екi ел үкiметтерiне осы жүйенiң құрылысын биылғы жылдың қазан айынан бастауды қамтамасыз ету тапсырылды.
      5. Қазақстан мен Ресей бұдан былай да екi жақты негiзде және халықаралық бағдарламалар шеберiнде ғарыш кеңiстiгiн бейбiт мақсатта игеру саласында белсендi түрде бiрлесiп iс-әрекет жасайтын болады. Президенттер Қазақстан мен Ресей, ТМД-нiң барлық мемлекеттерi мен басқа да елдердiң, дүниежүзiлiк ғылымның ілгерiлеуi мүдделерiнде "Байқоңыр" ғарыш айлағын бұдан былай да пайдаланудың маңызын қуаттайды. Осы мақсаттарда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың негiзгi принциптерi мен шарттары туралы келiсiмнiң және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Yкiметi арасындағы "Байқоңыр" кешенiн жалдау шартының негiзiнде Ресей Тарабының "Байқоңыр" ғарыш айлағын жалға алып, пайдалануының қаржылық жағдайларына қатысты екi жақты келiсiмге қол жеткiзiлдi. Президенттер ядролық энергетика саласындағы қазақстан-ресей ынтымақтастығын дамыту және тереңдетудi қолдап, пiкiр бiлдiрдi.
      6. Қазақстан мен Ресей аймақтық және ғаламдық қауiпсiздiктi қолдау мүдделерiнде екi стратегиялық әрiптестiктiң маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде қарай отырып, қорғаныс және әскери-техникалық салалардағы байланыстарды тереңдетудi және жетiлдiрудi көздейдi.
      Қазақстан мен Ресей 1992 жылғы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарттың, өздерiнiң әскери доктриналарының келiсiлген ережелерiнiң және қорғаныстың жеткiлiктiлiк принципінiң негiзiнде ортақ әскери-стратегиялық кеңiстiк шеңберiнде сенiмдi бiрлескен қорғанысты қамтамасыз етуде белсендi түрде өзара iс-әрекет жасайтын болады.
      7. Президенттер тиiстi шекаралық, кедендiк, көшi-қон, санитарлық және басқа да жалпыға бiрдей қабылданған бақылаудың нысандарын қамтамасыз ету мүдделерiнде созылып жатқан бiрлескен шекарадағы режимдi жөнге келтiрудiң маңыздылығын атап көрсеттi.
      Осы тұрғыда олар Қазақстан мен Ресей бауырлас халықтарын бөлмейтiн, қайта бiрiктiретiн достық, тату көршiлiк және ынтымақтастық шекарасы болғанын және болып қала беретiнiн түсiну мен қазақстан-ресей шекарасын белгiлеудi бiртiндеп жүргiзудi қолдап, пiкiр бiлдiрдi.
      8. Қазақстан мен Ресей трансшекаралық ұйымдасқан қылмыспен, халықаралық терроризммен, есiрткi құралдары мен қару-жарақтың контрабандасымен күресуде, агрессивтi дiни және өзге де экстремизмнiң таралуына қарсы әрекет етуде өзара iс-әрекеттерiн тереңдететiн болады.
      Осы мақсаттарда тұрақты түрде өзара консультациялар, ақпарат және тәжiрибемен алмасу жүргiзiлетiн болады, қажет болған жағдайларда бiрлескен және үйлестiрiлген iс-әрекеттер жүзеге асырылады.
      9. Тараптардың әрқайсысы екiншi Тараптың аумағында тұрып жатқан өз азаматтарының құқықтарын қорғайды, оларға және өз отандастарына халықаралық құқық нормаларына сәйкес қолдау көрсетедi. Осы мақсаттарда Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Президенттерiнiң жанындағы Адам құқығы жөнiндегi комиссиялардың өзара iс-қимылдарын жандандырады.
      Қазақстан мен Ресей өзара негiзде ақпараттық-мәдени орталықтарын ашудағы өздерiнiң мүдделiлiгiн қуаттайды.
      10. Қазақстан мен Ресей екi ел азаматтарының, қоғамдық бiрлестiктерiнiң арасындағы байланыстарды, мәдениет, бiлiм, ғылым салаларындағы ынтымақтастықты барынша қолдайды әрi көтермелейтiн болады, ортақ ақпараттық кеңiстiктiң ұлғаюына жәрдемдеседi.
      11. Қазақстан мен Ресей негiзгi халықаралық проблемалар бойынша ұқсас немесе жақын көзқарастар ұстанып отыр және екi негiзде де, сонымен бiрге БҰҰ, ЕҚЫҰ, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдар мен формдардың шеңберiнде де саясат саласындағы өзара iс-қимылды тереңдететiн болады.
      Тараптар ядролық қаруды таратпаудың халықаралық режимiн және оны сынауға тыйым салуды барлық елдердiң сақтауының, соның iшiнде Орталық Азия аймағы үшiн де, маңыздылығын атап өтедi.
      Yндiстан мен Пакистан жүргiзген ядролық сынақтардың нәтижесiнде Оңтүстiк Азиядағы шиеленiстiң күшеюіне үлкен алаңдаушылық бiлдiре отырып, Қазақстан мен Ресей осы елдердi жаңа сынақтарды жүргiзуден бас тартуға және Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуға табанды түрде шақырады.
      Ресей Қазақстан ұсынған Азиядағы өзара iс-қимылдар мен сенiм шаралары жөнiндегi кеңестi шақыруға қатысты бастаманы қолдайды.
      12. Қазақстан мен Ресей Тәуелсiз Мемлекеттер достастығын дамытуға және нығайтуға, осы тарихи тұрғыда қалыптасқан интеграциялық бiрлестiк қызметiнiң серпiндiлiгiн және тиiмдiлiгiн арттыруға деген өздерiнiң берiк адалдығын қуаттайды. Осы тұрғыда олар ТМД-ны жетiлдiру және оны реформалау жөнiндегi арнайы Мемлекетаралық форумды табысты өткiзуге зор маңыз бередi.
      13. Президенттер Кеден одағына қатысушы мемлекеттер ынтымақтастығының барған сайын өсiп келе жатқан белсендi тиiмдi сипатын қанағаттанғандықпен атап өтедi.
      Ресей жағы Орталық Азия одағына қатысушы мемлекеттердiң өзара iс-қимылдарын тереңдету мақсатында Қазақстан мен ТМД-дағы басқа да өз әрiптестерiнiң күш-жiгерлерiн оң бағалайды.
      Тараптар ынтымақтастық пен интеграцияның әр түрлi жылдамдықтағы және көп үлгiлi дамуының нұсқасын пайдалану тұтасымен алғанда Достастықты нығайту мүдделерiне қызмет етуге тиiс екендiгiн негiзге алады.
      14. Қазақстан мен Ресей 1997 жылғы 27 маусымдағы Тәжiкстанда бейбiтшiлiк пен ұлттық келiсiм орнату туралы жалпы келiсiмнiң негiзiнде Тәжiкстан Республикасындағы саяси және экономикалық тұрақтандыру мүдделерiн көздеп, халықаралық күш-жiгер жұмсау тұрғысынан, соның iшiнде БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ы желiлерi бойынша өзара iс-қимылды жалғастыруға әзiрлiктерiн қуаттайды, осы елдің халқына демократиялық, құқықтық зайырлы және бiртұтас мемлекеттi құруда табыс тiлейдi.
      15. Президенттер Ауғанстандағы аймақтық қауiпсiздiк үшiн қатер тудыратын, шиеленiсiп кетуi мүмкiн жағдайдың сақталуына байланысты үлкен алаңдаушылық білдiредi. Қазақстан мен Ресей жанжалдасып жатқан ауған тараптарын, ең алдымен Талибтер қозғалысын БҰҰ демеуiмен сындарлы диалогқа және мүдделi мемлекеттердiң белсендi жәрдем етуiмен халықтың барлық этникалық, дiни топтарының және саяси күштерiнiң заңды құқықтары мен мүдделерiн ескере отырып, өкілеттiгi кең үкiметтi құру арқылы саяси реттеуге қол жеткiзуге шақырады.
      16. Президенттер Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың Ресей Федерациясына жұмыс бабындағы сапарының нәтижелерiне қанағаттанушылық бiлдiрдi, ол достықтың, өзара түсiнiктiң және сенiмнiң дәстүрлi ахуалында өттi.
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХI ғасырға бағдарланған Мәңгiлiк достық пен одақтастық туралы декларацияға қол қойылуы екі ел арасындағы қарым-қатынастардағы маңызды оқиғаға айналды.
      Мемлекеттер басшылары өз елдерiнiң министрлiктерiн, ведомстволарын және ұйымдарын сапардың барысында қол жеткiзiлген уағдаластықтарды тез арада және толықтай жүзеге асыруға бағыттайды.
      Ресей Федерациясының Президентi Б.Н.Ельцин 1998 жылғы қыркүйекте мемлекеттiк сапармен Қазақстанға келедi.

     Мәскеу, 1998 жылғы 6 шiлде.

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Багарова Ж.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады