Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Есірткі құралдарының, жүйкеге әсер ететін заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жайындағы Меморандум

Жаңа

Меморандум 1999 жылғы 6 қазан Тегеран қаласы

(Меморандум қол қойылған күннен бастап күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі,
      осындай сындарлы ынтымақтастықтың екі Тарап үшін өзара тиімділігін ұғына отырып,
      есірткілердің барлық нысандағы заңсыз айналымы адамдардың денсаулығына, қауіпсіздігіне және әл-ауқатына қауіп туғызатынын әрі қоғамның экономикалық, әлеуметтік, мәдени және саяси негіздеріне теріс әсер ететінін тани отырып,
      Орталық Азия аймағында есірткілердің заңсыз өндірісі мен олардың контрабандасы ауқымының ұлғаюынан туындаған жағдайдың өте күрделі екендігін ұғына отырып,
      есірткілерге бақылау жасау жөніндегі халықаралық конвенциялардың ережелерін басшылыққа ала отырып,
      есірткі құралдарының, жүйкеге әсер ететін заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күресте үйлестірудің және ынтымақтастықтың зор маңызын тани отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің егемендігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық заңдарын тани отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

(I)

      Осы Меморандумның мақсаты есірткі құралдарының, жүйкеге әсер ететін заттардың және прекурсорлардың (бұдан әрі "есірткілер" деп аталатын) заңсыз өндірісіне, айналымына және теріс пайдалануға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық болып табылады.

(II)

      Тараптар арасындағы ынтымақтастықтың негізгі салалары болып табылатындар:
      а) есірткілерге ұсыныс пен сұранысты азайту, сондай-ақ оған байланысты басқару әдістерін жетілдіру;
      б) есірткілердің заңсыз айналымының көздерін жою жөнінде бірлескен шаралар қабылдау;
      в) есірткілердің заңсыз өндірісі мен олардың айналымының жолын кесудегі ынтымақтастық, сондай-ақ халықаралық аренадағы тығыз және үйлестірілген ынтымақтастық;
      г) есірткілердің жасырын жүгін іздестіру және ұстау;
      д) есірткілердің саудагерлері пайдаланатын әдістер мен іс-қимылдардың түрлері туралы тәжірибемен және ақпаратпен алмасу;
      е) есірткілердің заңсыз айналымына қатысқан немесе қатысқан деп күдік туғызатын не болмаса сол үшін қамауға алынған ұйымдасқан қылмыстық топтардың арналары мен адамдар және есірткілерді заңсыз тасымалдаудың жаңа маршруттары туралы ақпаратпен алмасу;
      ж) даярлау курстарында жаңа техникалық құралдарды қолдану және заңсыз тасымалданған есірткілерді табу жөніндегі қазіргі заманғы технологиялармен және әдістемелермен алмасу;
      з) есірткілердің жаңа түрлері туралы ақпарат беру;
      и) есірткіге қарсы науқанға қатысушы персонал үшін тиімді білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру жөнінде ақпаратпен және тәжірибемен алмасу;
      к) есірткілердің заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы заң және құқық тәжірибесі жөнінде ақпарат алмасу;
      л) нашақорларды емдеу және оңалту жөніндегі тиімді алдын алу шараларының бағдарламаларын жүзеге асыру жөнінде тәжірибе алмасу;
      м) қоғамдық сананың өсуі мақсатында есірткілерді теріс пайдалануды болдырмау жөніндегі ғылыми жарияланымдармен, арнайы бюллетеньдермен және фильмдермен алмасу;
      н) есірткілердің заңсыз айналымының жалпы алаңдаушылық туғызатын басқа да салалары.

(III)

      Осы Меморандумға сәйкес қамтамасыз етілетін ақпаратпен құжаттар құпия сақталады және олармен қамтамасыз ететін Тарап белгілейтін мақсаттарға сай пайдаланылатын болады. Осы Меморандумның ережелеріне сәйкес алынған құжаттар мен ақпарат оларды қамтамасыз ететін Тараптың күнібұрынғы жазбаша келісімінсіз үшінші Тарапқа берілмейді.

(IV)

      Тараптар есірткілерге қатысты істердің жай-күйін мезгіл-мезгіл баяндау және қайта қарау, осы Меморандумның орындалу барысына баға беру үшін өздерінде алма-кезек кеңесулер өткізеді. Бұл кеңесулерде қабылданатын күш-жігерлер қаралады, ынтымақтастықтың жаңа салалары белгіленіп, әзірленеді. Қажет болған жағдайда, кезектен тыс кеңесулер өткізілетін болады.

(V)

      Осы Меморандумның ережелерін іске асыру халықаралық нормаларға және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады және де Тараптардың әрқайсысының басқа да халықаралық міндеттемелерін орындауына кедергі келтірмейді.

(VI)

      Осы Меморандумның орындалуына жауап беретін құзыретті өкімет орындары:
      А) Қазақстан Республикасынан - Ішкі істер министрлігі
      Б) Иран Ислам Республикасынан - Ішкі істер министрлігі
      Тараптар тікелей байланысты қамтамасыз ету үшін үйлестірушілерді тағайындау туралы бір-біріне жазбаша түрде хабарлайды.

(VII)

      Осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және бес жыл бойында қолданыста болады. Аталған мерзім аяқталған бойда Тараптардың бірі Меморандумның қолданысын тоқтататыны туралы алты ай бұрын жазбаша хабарлама жібергенше күшінде қала береді.
      Тегеранда күн сәулелі хижраның 1378 жылғы 14.07.с.қ., бұл еуропалық күнтізбе бойынша 1999 жылғы 6 қазанға сәйкес келеді, әрқайсысы қазақ, парсы, орыс және ағылшын тілдерінде екі дана болып жасалды және де барлық мәтіндер бірдей түпнұсқалық болып табылады. Осы Меморандумның ережелерін түсіндіруде пікір алшақтығы туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тілін басшылыққа алатын болады.

(Қолдары)

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Багарова Ж.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады