Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Армения Республикасының Yкiметi,
достық қарым-қатынастарды, оның iшiнде кеден iстерi саласындағы ынтымақтастық арқылы да дамытуға ниет бiлдiре отырып;
кеден қызметтерiнiң ынтымақтастығы жолымен Тараптардың арасындағы жолаушы және жүк қатынасын дамыту мен жеделдетуге ықпал етуге ұмтыла отырып;
кедендiк құқық бұзушылықтар Тараптардың экономикалық мүдделерiне нұқсан келтiретiнiн ескере отырып;
кеден заңдарын сақтау және кедендiк құқық бұзушылықтармен күрес Тараптардың кеден қызметтерiнiң ынтымақтастығы жағдайында неғұрлым табысты жүзеге асатынын ескере отырып,
мына төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Айқындамалар
Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн қолданылатын терминдер мыналарды бiлдiредi:
"кеден заңдары" - Тараптардың тауарларды, жолаушылардың қол жүгi мен жол жүгiн, валюталық және басқа да құндылықтарды, халықаралық почталық жөнелтiмдердi әкелудiң, әкетудiң және олардың транзитiнiң, кедендiк баждарды, алымдарды және басқа төлемдердi алудың, кедендiк төлемдер бойынша жеңiлдiктер берудiң, тыйым салулар мен жеңiлдiктердi белгiлеудiң, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң кеден шекаралары арқылы тауарлардың тасымалдануын бақылаудың тәртiбiн реттейтiн Тараптардың нормативтiк құқықтық актiлерiнiң жиынтығы;
"кеден қызметтерi" - Тараптар мемлекеттерiнiң орталық кеден органдары;
"кедендiк құқық бұзушылық" - кеден заңдарын бұзу немесе бұзуға әрекеттену;
"тұлға" - жеке немесе заңды тұлға;
"есiрткi құралдары" - кейiнгi өзгерiстерiмен және толықтыруларымен бiрге БҰҰ-ның 1961 жылғы есiрткi құралдары туралы Бiрыңғай конвенциясының тiзiмiне енгiзiлген заттар;
"психотроптық заттар" - кейiнгi өзгерiстерiмен және толықтыруларымен бiрге БҰҰ-ның 1971 жылғы психотроптық заттар туралы Бiрыңғай конвенциясының тiзiмiне енгiзiлген заттар;
"прекурсорлар" - халықаралық конвенцияларда есірткi құралдары мен психотроптық заттарды өндiру үшiн пайдаланылатын химиялық материалдар ретiнде жiктелетiн заттар мен олардың тұздары;
"бақыланатын жеткiзiлiм" - есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымында қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында Тараптар мемлекеттерi құзыреттi органдарының рұқсатымен және байқауымен есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың топтамасын Тарап мемлекетiнiң аумағына әкелуге, транзитiне немесе әкетуге жол берiлетiн әдiс;
"куәлiк" - тауарды ресiмдеу жүргiзiлген елдiң ұлттық заңдарына сәйкес тауардың iс жүзiнде Ресiмделгенiн растайтын Ресми құжат.
2-бап
Келiсiмнiң қолданылу аясы
Тараптар осы Келiсiмнiң негiзiнде және кеден қызметтерi арқылы өз құзыретiнiң және Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңдарын сақтаудың шегiнде:
а) Тараптар мемлекеттерiнiң арасындағы жолаушылар мен жүк қатынастарын, сондай-ақ почта жөнелтiмдерiн кедендiк бақылауды жетiлдiру;
б) кеден баждарын, алымдарын және басқа да төлемдердi алудың, сондай-ақ кедендiк жеңiлдiктердi қолданудың дұрыстығын қамтамасыз ету;
в) кедендiк құқық бұзушылықтардың жолын кесу және тергеу;
г) екi мемлекеттiң арасындағы кедендiк ресiмдеудiң рәсiмдерiн оңайлату мақсатында ынтымақтасатын болады.
3-бап
Кедендiк шарттылықтарды оңайлату
1. Кеден қызметтерi:
а) өзара келiсiм бойынша кедендiк ресiмдеудi оңайлату жөнiнде қажеттi шараларды қабылдайды;
б) бiр-бiрiнiң кедендiк қамтамасыз ету белгiлерi (сүргiлер, мөрлердiң, мөртаңбалардың басылған таңбалары) мен кеден құжаттарын мойындайды, ал қажет болған жағдайда тасымалданатын тауарларға өздерiнiң кедендiк қамтамасыз ету белгiлерiн соғады.
2. Транзитпен жол жүретiн тауарлар мен көлiк құралдары, жүктер, жолаушылардың жол жүгi, почталық жөнелтiлiмдер оларды әкелуге, әкетуге және транзитiне Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңдарына сәйкес тыйым салынған; кедендiк құқық бұзушылық орын алған немесе Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң ұлттық заңдарына сәйкес транзит кеден төлемдерi мен салықтарын төлеудi қамтамасыз ету шартымен жүргiзiлетiн жағдайларды қоспағанда, кедендiк тексеруден босатылады.
3. Ұлттық нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес транзиттiң ерекше тәртiбi белгiленген тауарлар кедендiк тексеруден босатылмайды.
4-бап
Куәлiктердi беру
1. Кеден қызметтерi бiр-бiрiне сұрау салу бойынша бiр Тарап мемлекетiнiң аумағынан әкетiлген немесе онда әкелiнген тауарлардың келесi Тарап мемлекетiнiң аумағына заңды негiздерде әкетiлетiнiн немесе әкелiнетiнiн растайтын куәлiктер бередi. Куәлiктерде оған сәйкес тауарлар ресiмделген кедендiк рәсiмдердiң түрi мен нәтижелерi көрсетiледi. Бұл, сондай-ақ тауарлар екiншi Тараптың аумағынан қайта экспортталатын жағдайларға да қатысты.
2. Кеден қызметтерi бiр-бiрiне сұрау бойынша өздерiне бағынатын кеден органдары берген куәлiктер мен басқа да құжаттардың түпнұсқа болып табылатындығы және барлық қажеттi деректердi қамтитындығы туралы мәлiметтер бередi.
5-бап
Есiрткi құралдары мен психотроптық заттардың
заңсыз айналымына қарсы күрес
1. Кеден қызметтерi есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымының алдын алу, тергеу және жолын кесу жөнiндегi iс-қимылдарды жандандыру мақсатында алдын ала сұрау салусыз және мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде бiр-бiрiне:
а) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымына қатыстылығы белгiлi немесе бұған күдiктi тұлғалар туралы;
б) есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымы үшiн қолданылатыны белгiлi көлiк құралдары (контейнерлердi қоса алғанда) және почталық жөнелтiлiмдер туралы мәлiметтердi, сондай-ақ оларды бақылаудың жаңа әдiстерi туралы хабарлайды.
2. Кеден қызметтерi алдын ала сұрау салусыз есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымында қолданылатын тәсiлдер, сондай-ақ оларды бақылаудың жаңа әдiстерi туралы бiр-бiрiне хабарлайды.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес кез келген Тараптан алынған мәлiметтер, хабарлар және құжаттар нашақорлық пен есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күреспен айналысатын құқық қорғау және басқа да мемлекеттiк органдарға берiлуi тиiс.
4. Кеден қызметтерi Тараптар мемлекеттерi заңдарының негiзiнде және өзара келiсiм бойынша қажет жағдайда олардың заңсыз айналымына қатысты тұлғаларды анықтау мақсатында есiрткi құралдарын, психотроптық заттарды және прекурсорларды бақылауға әкелудiң әдiсiн пайдаланады.
6-бап
Мәлiметтер беру
1. Кеден қызметтерi сұрау салу бойынша өздерiнiң қарамағындағы мәлiметтердi, оның iшiнде:
а) кеден баждарын, алымдарды және басқа да төлемдердi алуға, сондай-ақ кедендiк жеңiлдiктердi қолдануға байланысты жағдайлар туралы;
б) сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң кеден заңдарына қайшы келетiн, жасалған немесе дайындалып жатқан әрекеттер туралы хабарларды, хаттамаларды және өзге де материалдарды немесе олардың куәландырылған көшiрмелерiн салып жiберу жолымен бiр-бiрiне бередi.
2. Кеден қызметтерi мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде, оның ішiнде алдын ала сұрау салусыз да оған қарсы күресте Тараптардың ерекше мүдделiлiгi бар мүмкiн болатын кедендiк құқық бұзушылықтар туралы мәлiметтi бiр-бiрiне хабарлайды. Бұл бiрiншi кезекте:
а) қоршаған ортаға немесе халықтың денсаулығы үшiн қауiп төндiруi мүмкін тауарларға;
б) қару-жарақты, оқ-дәрiнi, жарылғыш және улағыш заттарды, жару құрылғыларына;
в) маңызды тарихи, көркемдiк, мәдени және археологиялық құндылығы бар заттарға;
г) ерекше маңызы бар және Тараптар мемлекеттерiнiң заңдарына сәйкес жоғары кеден баждары, акциздер және басқа да салықтар салуға жататын тауарларды өткiзу кезiндегi кедендiк құқық бұзушылықтарға қатысты.
7-бап
Құжаттарды беру
1. Тараптар мемлекеттерiнiң кеден қызметтерi өзара кеден мәселелерi жөнiндегi қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық актiлердiң көшiрмелерiмен алмасады және кеден заңдарындағы өзгерiстер мен толықтырулар туралы бiр-бiрiне дереу хабарлайды.
2. Бiр Тарап мемлекетiнiң кеден қызметi екiншi Тарап мемлекетiнiң кеден қызметiнiң сұрау салуы бойынша әкiмшiлiк органдардың кеден заңдарының қолданылу мәселелерi жөнiндегi шешiмдерiнiң көшiрмелерiн бередi.
3. Осы бапқа сәйкес құжаттарды беру жөнiндегi сұрау салуларда осы Келiсiмнiң 11-бабының 2-тармағының "д" тармақшасында көзделген талаптардан айырмашылығы, істiң мән-жайы сипатталмауы мүмкiн.
4. Құжаттардың алынғанын сұрау салушы кеден қызметi алынған уақытын көрсете отырып растайды.
8-бап
Тәжiрибе алмасу және көмек көрсету
1. Кеден қызметтерi:
а) өз қызметiнiң тәжiрибесi мен бақылаудың техникалық құралдарын қолдану туралы;
б) кедендiк құқық бұзушылықтарды жасаудың жаңа тәсiлдерi мен құралдары туралы;
в) екi Тарап үшiн өзара мүдделiлiктi бiлдiретiн басқа да кеден мәселелерi жөнiнде ақпарат алмасады.
2. Кеден қызметтерi кеден iсi саласында:
а) өзара мүдделiлiктi бiлдiретiн жағдайларда, сондай-ақ кеден қызметтерi қолданатын техникалық құралдармен таныстыру мақсатында қызметкерлер алмасуды;
б) қызметкерлердi оқытуды және олардың арнайы машықтарын жетiлдiрудi;
в) кеден мәселелерi бойынша сарапшылар алмасуды;
г) кеден мәселелерiне қатысты кәсiби, ғылыми және техникалық мәлiметтер алмасуды қоса алғанда, бiр-бiрiне көмек көрсетедi.
9-бап
Тергеу
1. Бiр Тарап мемлекетiнiң кеден қызметi келесi Тарап мемлекетi кеден қызметiнiң сұрау салуы бойынша осы Келiсiмнiң 2-бабының "б" және "в" тармақтарында көзделген мәселелер бойынша тексеру немесе тергеу жүргiзедi. Тексерудiң немесе тергеудiң нәтижелерi осы Келiсiмнiң 6-бабының 1-тармағында көзделген тәртiпке сәйкес сұрау салушы кеден қызметiне хабарланады.
2. Тексеру немесе тергеу сұрау салынған Тарап мемлекетiнiң аумағында қолданылып жүрген ұлттық заңдарға сәйкес жүргiзiледi. Сұрау салынған кеден қызметi тексерудi немесе тергеудi өз атынан әрекет ете отырып жүргiзедi.
3. Сұрау салынған кеден қызметі сұрау салушы кеден қызметiнiң лауазымды тұлғаларына мұндай тексерулер мен тергеулерге қатысуға рұқсат ете алады.
4. Бiр Тарап мемлекетiнiң лауазымды тұлғалары осы Келiсімде көзделген жағдайларда екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында болған кезеңде өздерiнiң ресми өкiлеттiктерi құжатпен расталған болуы және нысанды киiм кимеуi және қаруы болмауы тиiс.
10-бап
Сарапшылар мен куәгерлер
Егер бiр Тарап мемлекетiнiң сот немесе әкiмшiлiк органдары қаралатын құқық бұзушылықтарға байланысты тиiстi сұрау салатын болса, онда екiншi Тарап мемлекетiнiң кеден қызметi өз қызметкерлерiне осындай соттық немесе әкiмшiлiк талқыларға куәгерлер мен сарапшылар ретiнде қатысуға уәкiлеттiк бере алады. Бұл қызметкерлер өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде анықталған фактiлер бойынша айғақтама немесе қорытынды бередi. Соттық немесе әкiмшiлiк талқыларға қатысу туралы сұрау салуда сұрау салушы кеден қызметiнiң қызметкерi қандай іс бойынша және кiм ретiнде қатысатыны көрсетiлуi тиiс.
11-бап
Сұрау салулардың нысаны мен мазмұны
1.Осы Келiсiмнiң 9-бабының 1-тармағында көзделген сұрау салу жазбаша нысанда және орыс тiлiнде жасалады. Сұрау салуды орындау үшiн қажет құжаттар түпнұсқаларында, ресми куәландырылған көшiрмелерiнде немесе фотокөшiрмелерде қоса берiлуi тиiс.
2. Сұрау салу мынадай деректердi:
а) мүдделерi сұрау салудың негiзiнде жатқан кеден органының атауын;
б) сұрау салудың нысаны мен себебiн;
в) кедендiк рәсiмнiң түрiн;
г) рәсiмге қатысушылардың аты-жөндерiн, мекен-жайларын және олар туралы басқа да деректердi;
д) iстiң мәнiнiң қысқаша сипаттамасын және оның заңдық бiлiктiлiгiн қамтуы тиiс.
12-бап
Сұрау салуларды орындау
1. Кеден қызметтерi өз Тарабының заңдарына сәйкес өз құзыретiнiң шегiнде сұрау салуларды орындауда бiр-бірiне жәрдем көрсетедi.
2. Егер оны орындау сұрау салынатын Тарап мемлекетiнiң егемендiгiне, ұлттық қауiпсiздiгiне залал келтiретiн, не ұлттық заңдарына немесе халықаралық мiндеттемелерiне қайшы келетiн болса, сұрау салуды орындаудан бас тартылады.
3. Сұрау салушы кеден қызметiне сұрау салуды орындаудан бас тартылуы туралы, сондай-ақ бас тартудың себептерi туралы жазбаша нысанда дереу хабарлайды.
13-бап
Құжаттар
1. Сұрау салу бойынша түпнұсқа құжаттарды беру ресми куәландырылған көшiрмелер мен фотокөшiрмелер жеткiлiксiз болған жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Түпнұсқа құжаттар мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде сұрау салынған кеден қызметiне қайтарылуы тиiс.
3. Осы баптың ережелерiн қолдану кезiнде сұрау салынған Тарап мемлекетiнiң немесе осы келiсiмнiң қатысушысы болып табылмайтын мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiрiлмеуi тиiс.
14-бап
Алынған мәлiметтер мен құжаттарды пайдалану
1. Кеден қызметтерi осы Келiсiмге сәйкес алынған мәлiметтер мен құжаттарды тексерулер мен тергеулердi жүргiзу кезiнде өз хаттамаларында, хабарларында және өзге де материалдарда, қаралатын кедендiк құқық бұзушылықтарға байланысты сот немесе әкiмшiлiк талқыларында дәлелдеме ретiнде пайдалана алады. Осы мәлiметтер мен құжаттарға баға беру және олардың сот немесе әкiмшiлiк талқыларында пайдалану сұрау салушы Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
2. Сұрау салу бойынша берiлген мәлiметтер, хабарлар және құжаттар тек осы Келiсiмдi орындау мақсатында ғана пайдаланылады және оларды берген кеден қызметiнiң жазбаша келiсiмiнсiз кiмге де болмасын берiлмейдi немесе өзге мақсаттар үшiн пайдаланылмайды.
3. Осы баптың 2-тармағының ережелерi есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты тәртiп бұзушылықтар туралы материалдарға қатысты емес. Мұндай ақпарат белгiленген мерзiмдерде есiрткiлердiң заңсыз айналымына қарсы күреспен айналысатын мемлекеттiк органдарға берiлуi тиiс.
15-бап
Құпиялылық
Осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес алынған кез-келген ақпаратқа, құжаттарға немесе мәлiметтерге алушы елде оның өз аумағында алынған бұл елдiң осындай ақпараты, құжаттары немесе мәлiметтерi сияқты жариялаудан қорғау дәрежесi берiледi.
16-бап
Шығыстарды өтеу
1. Сұрау салушы кеден қызметi сұрау салынған кеден қызметiнде жұмыс iстемейтiн сарапшылар мен аудармашылардың еңбегiне ақы төлеуге байланысты осы Келiсiмдi орындау мақсатында орын алған шығыстарды сұрау салынған кеден қызметiне өтейдi.
2. Осы Келiсiмнiң 8-бабының ережелерiн орындауға байланысты шығыстарды өтеу Тараптар мемлекеттерiнiң кеден қызметтерi арасындағы жеке уағдаластықтың нысанасы болуы мүмкiн.
17-бап
Өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудiң тәртiбi
Тараптардың келiсуi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Өзгерiстер мен толықтырулар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi және осы Келiсiмнiң 20-бабында белгiленген тәртiппен күшiне енедi.
18-бап
Даулы мәселелердi шешу
Осы Келiсiмнiң ережелерiн пайымдауға байланысты Тараптардың арасында пайда болған барлық даулы мәселелер консультациялар мен келiссөздер жолымен шешiледi.
19-бап
Келiсiмдi орындау
1. Осы Келiсiмде көзделген ынтымақтастық тiкелей кеден қызметтерiнiң арасында жүзеге асырылады.
2. Кеден қызметтерi өз құзыреттерiнiң шеңберiнде осы Келiсiмдi орындау үшiн қажеттi нормативтiк құқықтық актiлер шығарады.
3. Осы Келiсiмдi орындау үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң кеден қызметтерi өз құзыреттерiнiң шеңберiнде екi жақты кеден қатынастарының бүкiл кешенi бойынша жекелеген келiсiмдер жасаса алады.
20-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келiсiмнiң ережелерi басқа халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар мемлекеттерi қабылдаған мiндеттемелердi қозғамайды.
2. Осы Келiсiм Тараптардың бiр-бiрiне дипломаттық арналармен Келiсiмдi күшiне енгiзудi қамтамасыз ететiн қажеттi мемлекетiшiлiк процедуралардың орындалуы туралы хабарлаған сәтiнен бастап күшiне енедi және бес жыл бойы қолданылады, одан кейiн ол, егер Тараптардың бiрде-бiрi тиiстi мерзiм аяқталғанға дейiн алты ай қалғанда оның қолданылуын тоқтату туралы өзiнiң тiлегi туралы жазбаша нысанда мәлiмдемесе, автоматты түрде келесi бес жылға ұзартылады.
1999 жылы 2 қыркүйекте Астана қаласында қазақ, армян және орыс тiлдерiнде екi данада жасалады, әрi барлық мәтiндер бiрдей болып табылады.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру қажет болған жағдайда орыс тiлiндегi мәтiн негiзге алынады.
(Қолдары)
Мамандар:
Қасымбеков Б.А.
Багарова Ж.А.