Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі және Болгар Республикасының Білім және ғылым министрлігі арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім

Жаңа

Келісім, София қаласы, 1999 жылғы 15 қыркүйек

(Келісім 1999 жылғы 15 қыркүйектен қол қойылған күнінен бастап
күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
бюллетені, 2003 ж., N 12, 90-құжат)

       Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі және Болгария Республикасы Білім және ғылым министрлігі мұнан әрі "Тараптар" деп аталып,
      білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуға пейіл білдіріп, өзара сыйластық,
      теңдік және достық принциптеріне сүйене отырып,
      мына төмендегі жағдайларға келісті:

1-бап

      Тараптар, әрбір мемлекеттегі заңдар және халықаралық құқықтар нормаларына сәйкес өзара сыйластық принциптері негізінде білім саласында екі Тараптың тиісті ұйымдары және мекемелері арасындағы ынтымақтастықты дамытып, қолдайды.

2-бап

      Тараптар білім саласында мына төмендегідей түрде өзара алмасу және ынтымақтастықты жүзеге асырмақ:
      - білім саласын басқаруды дамыту, жоспарлау және ұйымдастыру сияқты маңызды бағыттары бойынша тәжірибе алмасу;
      - екі Тарап мемлекеттерінің Конституциясына және нормативтік актілеріне сәйкес болгар және қазақ жастарын ана тіліне оқытуды дамыту және жетілдіру;
      - мектепке дейінгі мекемелер, барлық түрдегі мектептер және білім беретін мекемелердің арасындағы нақты байланыстар мен ынтымақтастықты дамыту;
      - жеке ой өріс меншігін қорғау заңы аясындағы білім беру процесін оқу-әдістемелік материалдар және әдебиеттермен қамтамасыз ету, оқу жоспарлары және оқу бағдарламаларымен алмасу;
      - екі Тараптың жоғары оқу, сондай-ақ орта білім жүйесінің жағдайы мен оларды дамытудың перспективалары туралы ақпарат алмасу (негізгі параметрлер).

3-бап

      Тараптар жоғары мектеп оқытушыларын, зерттеушілерді, ғылыми қызметкерлерді және басқа да мамандарды тәжірибе алмасуға, сондай-ақ студенттерді толық және бекітілген курсқа валютасыз баламалы алмасу негізінде білім алуға жібереді. Жіберілетіндер мен мамандардың саны Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі Болгария Республикасы Білім және ғылым министрлігі арасындағы ведомствоаралық деңгейде қол қойылған Хаттамалар негізінде айқындалады.
      Жіберетін Тарап қабылдайтын Тараптың астанасына барып, қайту жолақысын төлейді. Қабылдаушы Тарап осы Келісімге орай жіберілгендерді білім алу, оқу құралдарын пайдалану, жатақхана үшін ақы төлеуден босатылады, екі Тарап мемлекеттерінде қолданылып жүрген заңдар шеңберінде дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етеді және екі Тарап мемлекеттерінің білім беру нормаларына сәйкес шәкіртақы береді.

4-бап

      Тараптар екі жақтың заңдарына сәйкес құрылған, Тараптардың орта және жоғары оқу орындары берген орта және жоғары білім құжаттарының баламалығы туралы Келісімді дайындау үшін екі жақтың тең өкілдерінен құралған бірлескен комиссиясын құрады.

5-бап

      Тараптар Болгария Республикасының мұғалімдері мен оқытушыларына болгар тілінде білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істеуге мүмкіндік береді (Қазақстан Республикасы аумақтық білім басқармаларының өтініштеріне орай).
      - Болгар жағы Қазақстан Республикасындағы осы мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерді оқу процесіне қажетті оқу құралдары және оқу әдістемелік материалдарымен қамтамасыз етуі тиіс.
      - Тараптар Қазақстан Республикасынан шыққан болгарлықтарға болгарлық орта мектептерге қабылдауға және білім алуына мүмкіндік береді. Жіберу, қабылдау және оқыту шарттарына сәйкес болгарлық жоғары оқу орындарына түсуге ықпал етеді.

6-бап

      Тараптар өздерінің тіл және әдебиет университеттерінде басқа Тараптың валютасыз жолмен білім беруін, болгар тілі мен әдебиетінен және қазақ тілі мен әдебиетінен баламалы түрде лекторлармен алмасуды Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде және Әулие Климент Охридский атындағы София университетінде қолдайды. Қалауы болған жағдайда лекторлар екі елдің басқа да университеттеріне жіберіледі.

7-бап

      Лекторларды баламалы ауыстырумен қамтамасыз еткен жағдайда қабылдаушы Тарап:
      - елдегі заңға сәйкес айлық жалақымен;
      - жиһаздалған пәтермен (оған суға, электр қуатына және жылуға коммуналдық қызметі қоса. Бұған телефон төлемі қосылмайды);
      - екі Тараптың заңына сәйкес медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

8-бап

      Тараптар валютасыз баламалы айырбастау негізінде тіл, әдебиет және мәдениеттен жазғы семинарларға қатысу үшін жыл сайын екі студентпен алмасады. Жіберуші Тарап қабылдап алушы Тараптың астанасына бару және қайту жолақысын төлейді. Қабылдап алушы Тарап келген кездегі барлық шығынды көтереді (тамақтандыру, пәтер, білім беру және мәдени бағдарлама).

9-бап

      Үйлестіру, жұмыс тәжірибесін алмасу және министрліктердің ынтымақтастығын одан әрі дамытып, тереңдету үшін Тараптар жыл сайын қажет болған жағдайда және ынта болса 2 адамнан тұратын 5 күндік мерзімге делегациялармен алмаса алады.

10-бап

      Тараптар мемлекеттік орта және жоғары оқу орындарына дипломатиялық өкілдік қызметкерлерінің балаларын білім алуына ақы төлемей қабылдайды. Бірақ оларға шәкіртақы және жатақхана берілмейді.

11-бап

      Тараптар Қазақстанда тұратын болгар балаларына Болгария Республикасының мемлекеттік орта мектептерде білім алуына ықпал етеді. Сондай-ақ Болгария Республикасының квотасына сәйкес Қазақстандағы болгар диаспорасы Қазақстан Республикасында алған білім туралы аттестаттарымен, дипломдарымен жоғары оқу орындарында оқи алады.

12-бап

      Осы Келісімді жүзеге асыру кезінде пайда болған келіспеушіліктер мен қарама-қайшылықтар бекітілген Тараптардың келіссөзі жолымен шешіледі.

13-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке Хаттамамен ресімделетін өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Осы Келісім қол қойылған күннен бастап күшіне енеді және 5 жыл мерзімге жасалады.
      Егер Тараптардың біреуі осы Келісімнің қолданыс мерзімінің бітуінен алты ай бұрын қолданыс күшін тоқтату туралы жазбаша түрде екінші Тарапқа білдірмесе, онда Келісім күші өздігінен тағы да 5 жылға ұзартылады.

      София қаласында 1999 жылғы 15 қыркүйекте, үш данамен, әрбірі қазақ, болгар және орыс тілінде мәміле жасалды. Барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушілік туындаса, Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алуына болады.

(Қолдары) 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады