Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 22 желтоқсандағы N 27 Нормативтік қаулысымен.
Соттардың есiрткi немесе психотроптық заттардың заңсыз айналымы үшiн жауапкершiлiктi белгiлейтiн заңдарды қолдануы кезiнде туындайтын мәселелердi талқылай келiп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы мыналарды атап өтедi.
Аталған заңдарды қолдану ҚР ҚК-тiң K970167_ 259-бабының редакциясының жетілдiрiлмегендiгiн айқындады, ал бұл жай заңдарды бiркелкi қолдануға және осы санаттағы iстер бойынша сот тәжiрибесiн белгiлеуге кедергi келтiредi.
Аталған бапқа сәйкес есiрткi немесе психотроптық заттарды iрi мөлшерде өткiзу мақсатымен заңсыз сатып алу, тасымалдау мен сақтау үшiн жауапкершiлiк дербес санкциялары бар екi нормада: ҚК-тiң K970167_ 259-бабының 2-бөлiгiнде және аталған баптың 3-бөлiгiнiң в) тармағында көзделген. Заңда белгілi бiр әрекет үшiн әртүрлi жауапкершiлiктi белгілейтiн екi норманың болуына жол берiлмейдi.
Оның үстiне, ҚК-тiң 259-бабының редакциясы қылмыстық заң нормалары конструкциясының жалпы принциптерiне сәйкес келмейдi. Онда жалпы және арнаулы нормалар айқын бөлiнбеген, осының салдарынан адамның бiр әрекетi осы баптың екi бөлiгi бойынша сараланатын жағдай туындайды, бұл өз ретiнде қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындауға әкеп соғады. Мұндай тәртіп ҚК-тiң 12-бабында қамтылған қылмыстар жиынтығының ұғымына қайшы келедi.
Заңның бұл кемшiлiктерiн заң қабылдау жолымен ғана жоюға болады.
Қазiргi кезде заңсыз сақтауда немесе айналымда жүрген есiрткi немесе психотроптық заттардың мөлшерi, олар үшiн әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапкершілiк белгiленуiне байланысты, "Есiрткi немесе психотроптық заттарды шағын, iрi және ерекше iрi мөлшерде табылған заңсыз сақтау мен айналымға жатқызу туралы жиынтық кестеде" P980186_ белгiленген (бұдан әрi мәтінде - "Кесте"). Ол Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiлген, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi K970167_ 1-бабының талаптарына сәйкес бұл қылмыстық заңмен белгiленуге тиiсті.
Статистикалық деректер мен сот практикасы есiрткi заттарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың елеулi түрде өсiп отырғанын көрсетедi. Мәселен, аталған қылмыстар үшiн ағымдағы жылда ғана сотталғандардың жалпы санының iшiнде әрбiр төртiншiсi сотталған. Сонымен бiрге, сотталушылар орындығында, әдетте, қылмысты ұйымдастырушылар және есiрткiмен сауда жасаушылар емес, есiрткiнi қолданатын адамдар, яғни нашақорлықпен ауыратындар болып шығуда.
Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Жоғарғы Соттың Пленумы "Кестеде" белгіленген кейбiр есiрткi құралдарының мөлшерiн қайта қарау туралы ұсынысты енгiзiп, өткiзу мақсатынсыз есiрткi заттарын сатып алу, сақтау және тасымалдау жөнiндегі әрекеттердiң бiршамасын қылмыстылық қатарынан алып тастап, оларды әкiмшiлiк құқық бұзушылықтарға жатқызу жөн деп есептейдi. Мұнымен қатар, заңда есiрткi бизнесiмен айналысатын адамдардың жауапкершiлiгі қаталдануға тиiс.
Осы айтылғандар негiзiнде, Пленум есiрткi немесе психотроптық заттардың заңсыз айналымы үшiн жауапкершілiктi белгiлейтiн қылмыстық заңды жетiлдiру туралы ұсыныспен Қазақстан Республикасының Парламентi мен Yкiметiне қайтадан жүгiну қажет деп есептейдi. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесi туралы" U952694_ Конституциялық заң күшi бар Жарлығы 28-бабы 4-тармағының 2-бөлігiн және 31-бабын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Пленумы қаулы етедi: Осы айтылғандар қылмыстық заңды жетiлдiру үшiн Қазақстан Республикасының Парламентi мен Қазақстан Республикасының Yкiметi назарына жеткiзiлсiн.
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Пленум хатшысы,
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы