Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Әзірбайжан Республикасы азаматтарының және Әзірбайжан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қызметі және оларды әлеуметтік қорғау туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 26 шілде N 1123

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. 1999 жылы 22 қазанда Астана қаласында жасалған Қазақстан

Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасы Үкіметі арасындағы 
Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Әзірбайжан 
Республикасы азаматтарының және Әзірбайжан Республикасының аумағында 
уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек қызметі 
және оларды әлеуметтік қорғау туралы келісім бекітілсін.
     2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
     
     Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрі
     
   Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының        
   Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында уақытша жұмыс    
   істейтін Әзірбайжан Республикасы азаматтарының және Әзірбайжан          
   Республикасының аумағында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы 
   азаматтарының еңбек қызметі және оларды әлеуметтік қорғау туралы 
                              Келісім 
     
     (2000 жылғы 2 тамызда күшіне енді - ҚР халықаралық шарттары 
                бюллетені, 2001 ж., N 5, 52-құжат) 
     
     Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі 
мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі,


      БҰҰ-ның Халықаралық Еңбек Ұйымының шеңберінде әзірленген адам құқықтары мен принциптері саласындағы негізгі құжаттарына сүйене отырып,
      екі мемлекеттің аумағында уақытша жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы азаматтарының еңбек саласындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту және оларды әлеуметтік қорғау мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:
                                   1-бап



      Осы Келісімнің мақсаты үшін төменде аталған терминдер мыналарды білдіреді:
      "ұлттық еңбекшілер" - Тараптардың бірінің аумағында тұрақты мекендейтін және еңбек қызметімен заңды негізде айналысатын тұлға;
      "жұмыс беруші" - жұмысқа орналастыру Тарабында жұмыс беретін кәсіпорын, мекеме, ұйым меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, сондай-ақ жеке тұлғалар;
      "Кету Жағы" - еңбекші-мигрант тұрақты қоныс тепкен және жұмыс алу ниетімен басқа мемлекетке қоныс аударатын мемлекет;
      "жұмысқа орналастыру Тарабы" - басқа мемлекеттен келген еңбекші-мигрант жеке еңбек шартының (контрактісі) талаптары бойынша уақытша еңбек қызметін жүзеге асыратын мемлекет;
      "еңбекші-мигрант" - жұмысқа орналастыру Тарабында ақылы еңбек қызметімен заңды негізде айналысатын, тараптың аумағында тұрақты қоныс тепкен тұлға;
      "отбасы мүшелері" - еңбекші-мигранттың күйеуі (әйелі) мен оның асырауындағы жасы кәмелетке толмаған балалары және жұмысқа орналастырушы Тараптың заңдарына сәйкес еңбекші-мигранттың отбасы мүшелері болып танылатын басқа адамдар еңбекші-мигранттың отбасы мүшелері болып табылады.
                                   2-бап



      Осы Келісімнің күші Тараптардың еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелеріне қолданылады.
                                   3-бап



      Адам құқықтары саласындағы халықаралық келісім-шарттарға және Тараптардың заңдарына сәйкес Тараптар еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелерінің құқықтарын сыйлауға және оларды қорғауды қамтамасыз етуге, жынысы, жасы, нәсілі, тілі, этникалық және әлеуметтік шығу тегі, діни және саяси нанымдары, азаматтығы, отбасылық және мүліктік жағдайы, сондай-ақ кез-келген басқа да белгілеріне қарай кемсітушіліктің кез-келген нысандарына жол бермеуге міндеттенеді.
                                   4-бап



      Осы Келісімді орындау барысында Тараптар атынан өкілдік ететін органдар:
      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі;
      Әзірбайжан Республикасынан - Әзірбайжан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болып табылады.
                                   5-бап



      Еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастыру Тарабының аумағына кіруі, олардың еңбек қызметі, келуі және кетуі жұмысқа орналастыру Тарабының қолданылып жүрген заңдарына және Тараптар мемлекеттері арасында жасалған халықаралық шарттарға сәйкес жүргізіледі.
                                   6-бап



      Еңбекші-мигранттың еңбек жағдайына келетін болсақ, олар жұмысқа орналастыру Тарабының заңдарына сәйкес ұлттық еңбекшілерге қолданылатын режимнен кем болмайтын қолайлы режимдерді пайдаланады.
                                   7-бап



      Еңбекші-мигранттың еңбек қызметі жұмыс берушімен жасалған жеке еңбек шарты негізінде, жұмысқа орналастыру Тарабының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес жүргізіледі.
                                   8-бап



      Ұлттық еңбек рыногында өзгеріс болған жағдайда және екіжақты келісімдерге сәйкес Тараптар жаңадан келетін еңбекші-мигрант үшін жұмыс беру бойынша шектеулі сипаттағы шараларды енгізе алады.
                                   9-бап



      Еңбекші-мигранттың Тараптардың бірінің аумағында бүкіл еңбек қызметі барысында жинақтаған стаждарын, болжалды жеңілдіктерін қоса алғандағы еңбек стажын Тараптар өзара мойындайды.
      Жұмысқа орналастыру Тарабының аумағынан біржолата кеткен кезде еңбекші-мигрантқа жұмыс беруші еңбек қызметінің ұзақтығы және оның ақысы (әрбір айдағы жалақысын көрсете отырып) туралы өз мөрі басылған анықтама береді.
                                   10-бап



      Еңбекші-мигранттар жұмысқа орналастыру Тарабында жұмыс атқара жүріп, осы тараптың заңдарында белгіленген міндеттерді сақтайды және құқықтар мен қызметтерді пайдаланады.
                                   11-бап



      Еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелерінің ұлттық еңбекшілер сияқты негіздер мен шарттар бойынша жалпы білім алуға, кәсіптік даярлықтан және қайта даярлықтан өтуге, жұмысқа орналастыру Тарабының тиісті оқу орындарына қабылдауды реттейтін жалпы ережелеріне сәйкес құқығы бар.
                                   12-бап



      Тараптардың заңдарында белгіленген тәртіппен берілген дипломдарды, сертификаттарды және өзге де білімі мен кәсіби біліктілік деңгейі жөніндегі мемлекеттік құжаттарды (нотариальды кеңселерде куәлендірілген көшірмелерін) Тараптар ешбір қосымша ресмилендірусіз мойындайды.
                                   13-бап



      Еңбекші-мигранттың жұмысқа орналастыру Тарабының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес әлеуметтік қамсыздандырылуға (аурушаңдығына байланысты жәрдемақы, жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақы, еңбек жарақатына және кәсіби сырқатқа байланысты жәрдемақы, жерлеуге көмек, сондай-ақ жұмысқа орналастыру Тарабының заңдарына сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі қамтитын жағдайларда) құқығы бар.
                                   14-бап



      Зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері Тараптардың жекелеген келісімдерімен реттеледі.
                                   15-бап



      Жұмыс беруші еңбекші-мигрантқа еңбекті қорғау құқығына Тараптың азаматтарымен бірдей кепілдік береді.
      Еңбектегі міндетін атқару кезінде еңбекші-мигранттың жарақаттануына, кәсіптік ауруға ұшырауына не денсаулығының өзге де бұзылуына байланысты келтірілген залалды өтеу жұмысқа орналастыру Тарабының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес оның азаматтарымен бірдей жағдайда жүргізіледі.
      Жұмыс беруші еңбекші-мигрант мертігуі немесе денсаулығына өзгедей зақым келуі салдарынан еңбекке қабілетін жоғалтқан немесе қайтыс болған ретте зардап шегушіні немесе қайтыс болған адамды кету Жағының аумағына жеткізуді қамтамасыз етеді, осыған байланысты барлық шығындарға жауап береді, осы Тараптың дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне хабарлап, қайтыс болу, мертігу немесе кәсіби сырқатқа ұшырау фактілері туралы материалдарды ұсынады.
                                   16-бап



      Жұмыс беруші еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелерінің өзінің тұрғылықты жерінен жұмыс берушіге бару және одан қайту жолындағы көліктік шығындарын, сондай-ақ көшу уақытында сырқаттануына немесе стационарда жатып емделуіне байланысты шығындарды төлейді.
      Жеке еңбек шарты (контракті) еңбекші-мигранттың бастамашылығымен бұзылған ретте соңғысы, егер жеке еңбек шартында (контрактіде) өзгедей көзделмесе жоғарыда аталған шығындардың бәрін өтейді.
                                   17-бап



      Осы Келісімнің қолданылуы тоқтаған жағдайда оның еңбекші-мигрант пен жұмыс беруші арасында жасалған жеке еңбек шартына (контракт) қатысты ережелері олар жасалған мерзімге дейін өз күшінде қалады.
                                   18-бап



      Еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелерінің жұмысқа орналастыру Тарабының аумағында жұмысты орындау үшін қажет болатын жабдықтары мен техникалық құралдарын әкелуі, оларды қайтадан Кету Жағының аумағына кері қайтаруы, сондай-ақ еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелерінің жұмысқа орналастыру Тарабында тапқан жалақысына сатып алған тауарларын әкетуі әрбір Тарап белгілеген кедендік ережелерге сәйкес жүргізіледі.
                                   19-бап



      Мемлекеттердің бірінің аумағында тұратын еңбекші-мигрант пен оның отбасы мүшелері осы Келісімнен туындайтын кез келген мәселелер бойынша басқа мемлекеттің құзыретті органдарына тікелей немесе тұрғылықты жері бойынша тиісті органдар арқылы бара алады.
      Тараптардың бірінің құзыретті органдарының сұратуы бойынша екінші Тараптың құзыретті органдары қолданылып жүрген сол Тараптың заңдарына сәйкес осы Келісімді орындауға байланысты мәселелер бойынша архивтік материалдарды қоса алғанда, қажетті құжаттарды ұсынады.
                                   20-бап



      Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті тәртіппен жеке хаттама арқылы ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және талқылауға қатысты туындайтын келіспеушіліктер мен түсініктердің бәрі Уәкілетті органдар арасындағы тікелей консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.
                                   21-бап



      Осы Келісім Тараптардың оны күшіне енгізу үшін қажетті мемлекет ішіндегі жұмыстардың іс-тәртібін орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде жіберген соңғы хабарламасы түскен күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім 5 жыл мерзімге жасалады. Егер Тараптардың бірде бірі оның

күшін тоқтатуды қалайтынын кезекті мерзімі бітуіне кемінде 3 ай қалғанға 
дейін дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабарламаса оның күші 
өзінен өзі тағы да келесі 5 жылға созылады.
     Астана қаласында 1999 жылы 22 қазанда қазақ, әзірбайжан және орыс 
тілдерінде екі данада жасалды және барлық мәтінінің күші бірдей.
     Осы Келісімнің ережелеріне түсінік беру барысында келіспеушіліктер 
туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтіні пайдаланылады.
     
     Қазақстан Республикасының               Әзірбайжан Республикасының
           Үкіметі үшін                            Үкіметі үшін
     
     Мамандар:
       Қобдалиева Н.М.
       Орынбекова Д.К. 
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады