Қызмет өткерген жылдарына пайыздық үстемеақы төлеу үшiн кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының жұмыс стажын есептеу ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 3 тамыз N 1185. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 тамыздағы № 896 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 05.08.2014 № 896 қаулысымен.

      "Авариялық-құтқару қызметi және құтқарушылардың мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 27 наурыздағы Заңын   жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      1. Қоса берiлiп отырған Қызмет өткерген жылдарына пайыздық үстемеақы төлеу үшiн кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының жұмыс стажын есептеу ережесi бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                           Қазақстан Республикасы
                                                 Yкiметiнiң
                                        2000 жылғы 3 тамыздағы N 1185
                                            қаулысымен бекiтiлген

       Қызмет өткерген жылдарына пайыздық үстемеақы төлеу
      үшiн кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары
           құтқарушыларының жұмыс стажын есептеу ережесi
                       (бұдан әрi - Ереже)

      "Авариялық-құтқару қызметi және құтқарушылардың мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабына сәйкес осы Ереже Қызмет өткерген жылдарына байланысты лауазымдық жалақыларына пайыздық үстемеақы төлеу үшiн кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамалары құтқарушыларының (бұдан әрi - құтқарушы) жұмыс стажын есептеу тәртiбiн айқындайды.
 
      1. Құтқарушыларының қызмет өткерген жылдары үшiн
          үстемеақы алуға құқық беретiн жұмыс стажы
 
      1. Құтқарушының қызмет өткерген жылдары үшiн пайыздық үстемеақы алуға құқық беретiн жұмыс стажына кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларындағы жұмыс iстеген уақыты енгiзiледi.
      2. Құтқарушының қызмет өткерген жылдары үшiн пайыздық, үстемеақы алуға құқық беретiн жұмыс стажына, сондай-ақ:
      әскерилендiрілген тау-кен-құтқару бөлiмдерi мен бөлiмшелерiнiң құрамында iстеген жұмысы;
      әскерилендiрiлген фонтанға қарсы құрамалар мен ұйымдар құрамында iстеген жұмысы;
      әскерилендiрiлген газдан құтқару қызметтерi, құрамаларының құрамында iстеген жұмысы;
      мемлекеттiк (әскерилендiрiлген), кәсiби және салалық өртке қарсы қызмет құрамында iстеген жұмысы;
      жедел-құтқару құрамаларының құрамында, соның iшiнде республикалық, облыстық, ведомстволық бақылау және суда құтқару қызметтерi мен бөлiмшелерiнiң құрамында iстеген жұмысы;
      бiрыңғай авиациялық iздеу-құтқару қызметтерi мен бөлiмшелерi құрамында iстеген жұмысы;
      Апаттар медицинасы орталығында iстеген жұмысы;
      басқа да төтенше жағдайлар саласындағы мамандандырылған бөлiмдер мен бөлiмшелер құрамында iстеген жұмысы кiредi.
      Қызмет өткерген жылдарына байланысты лауазымдық жалақыға пайыздық үстемеақыны есептеу үшiн жұмыс стажына, сондай-ақ:
      Қарулы Күштер және басқа да әскери құрамалар қатарындағы, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мен Iшкi iстер министрлiгiнiң бөлiмшелерiндегi қызмет уақыты;
      кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құрамаларының жолдамалары бойынша жұмыстан қол үзiп кадрларды даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру курстарында оқыған уақыты есептеледi.
 
      2. Құтқарушының қызмет өткерген жылдарына пайыздық
       үстемеақы төлеу үшiн жұмыс стажын есептеу тәртiбi
 
      3. Жұмыс стажы, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес қызмет өткерген жылдарына есептелетiн уақыт, күнтiзбелiк есептеуде ескерiледi.
      4. Күнтiзбелiк ай iшiнде қызмет өткерген жылдары үшiн үстемеақы мөлшерiн арттыру құқығы туындаған адамдарға, ай үшiн үстемеақының жалпы сомасы, айдың кезеңдерi бойынша тиесiлi мөлшерде есептелген үстемеақыларды қосу арқылы айқындалады.
      5. Қызмет өткерген жылдары үшiн үстемеақы алуға құқық беретiн жұмыс стажына енгiзу үшiн, құтқарушы, еңбек заңнамасына сәйкес оның еңбек қызметiн растайтын тиiстi құжаттарды тапсырады.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады