Айналыс мерзiмi бес жыл арнайы валюталық мемлекеттiк облигацияларды өтеудiң кейбiр мәселелерi туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 4 тамыз N 1201

      Арнайы валюталық мемлекеттiк облигацияларды капиталдың халықаралық рыноктарында орналасқан Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздарына айырбастау жолымен жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерiнiң өтiмдiлiгін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      1. "Айналыс мерзiмi бес жыл арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды шығарудың, айналысының және өтеудiң ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 5 сәуiрдегi N 363 P990363_ қаулысына мынадай толықтырулар енгiзiлсiн:
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Айналыс мерзiмi бес жыл арнайы валюталық мемлекеттiк облигацияларды шығарудың, айналысының және өтеудiң ережесiнде:
      5-тармақ ", бұл ретте тиiстi кезеңге арналған сыйақы сомасын есептеу үшiн арнайы валюталық мемлекеттiк облигациялар айналысының есептi кезеңдегі күнтiзбелiк күнiнiң саны және жылдағы 365 күн пайдаланылады" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 18 және 19-тармақтармен толықтырылсын:
      "18. Эмитент арнайы валюталық мемлекеттiк облигацияларды (оның iшiнде оларды басқа мемлекеттiк бағалы қағаздарға ауыстыруға ұсыну жолымен) сыйақы есептеудiң кезектi кезеңiндегi iс жүзiнде айналыста болған уақыт үшiн сыйақы төлей отырып, мерзiмiнен бұрын өтеудi жүзеге асыруға құқылы.
      Мерзiмiнен бұрын өтелетiн арнайы валюталық мемлекеттік облигациялар бойынша төлемдер, мерзiмiнен бұрын өтеу күнiнiң алдындағы күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ресми бағамы бойынша теңгемен жүзеге асырылады.
      Эмитенттің мерзiмiнен бұрын өтеу туралы шешiмi, өз кезегiнде, ол бұл туралы 5 жұмыс күнiнен кешіктірмей бастапқы дилерлерге хабарлайтын, мұндай өтеу күнiне дейiн 10 жұмыс күнi бұрын Қаржы агентiне (келiсiм бойынша) хабарланады.
      19. Арнайы валюталық мемлекеттiк облигациялармен жасалатын операциялар бойынша салық салудың тәртiбi Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес анықталады.".
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 5 сәуiрдегi N 363 қаулысымен бекiтiлген Айналыс мерзiмi бес жыл арнайы валюталық мемлекеттік облигацияларды шығарудың, айналысының және өтеудiң ережесiне сәйкес айналыс мерзiмi 7 жыл және өтеу күнi 2007 жылғы 11 мамыр, бастапқы құны 1000 АҚШ доллары, капиталдың халықаралық рыноктарында орналастырылған Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздарына (бұдан әрi - Еурооблигациялар) айырбастауға ұсыныс жасай отырып, айналыс мерзiмi бес жыл, жиынтық бастапқы құны 244 097 500 (екi жүз қырық төрт миллион тоқсан жетi мың бес жүз) АҚШ долларына шығарылған барлық арнайы валюталық мемлекеттiк облигацияларды (бұдан әрi - АВМЕКАМ облигациялары) мерзiмiнен бұрын өтеудi жүзеге асырсын.
      3. Мыналар:
      1) айырбастау АВМЕКАМ облигацияларын ұстаушылардың Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне 2000 жылдың 14 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде жазбаша өтiнiш беруi негiзiнде ерiкті түрде жүзеге асырылады;
      2) АВМЕКАМ облигацияларының айналысы 2000 жылдың 14 сәуiрiнен бастап тоқтатыла тұрады;
      3) АВМЕКАМ облигацияларын олардың рыноктық құнын ескере отырып, айырбастау бiр АВМЕКАМ облигациясының бастапқы құнының 90,58%-не тең дисконттық баға бойынша жүзеге асырылады;
      4) осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетiлген баға бойынша АВМЕКАМ облигацияларының айырбасталатын жиынтық құнын бiр Еурооблигацияның бастапқы құнының мөлшерiне бөлгеннен кейiн қалдық ретiнде пайда болған соманы, АВМЕКАМ облигацияларының 2000 жылғы 9 сәуiрден айырбастау күнiне дейiнгі айналыс уақыты кезiндегi сыйақыны, сондай-ақ айырбастауға ұсынылмаған АВМЕКАМ облигацияларын бастапқы құны бойынша өтеу сомасын АВМЕКАМ облигацияларын мерзiмiнен бұрын өтеу күнiне Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi төлейдi;
      5) Еурооблигацияларды орналастырудан түсетiн қаражаттың түскен күнi

АВМЕКАМ облигацияларын мерзiмiнен бұрын өтеу және айырбастау күнi болып 
табылады деп белгiленсiн.
     4. Осы қаулы 2000 жылғы 10 сәуірден бастап күшiне енедi және 
жариялауға жатады.
     
     Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министр


     Оқығандар:    
     Қобдалиева Н.М.
     Икебаева А.Ж.     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады