Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Тәжiкстан Республикасының Yкiметi арасындағы Экономикалық қылмыстарға және салық заңдарын бұзушылықтарға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасу туралы келiсiмге қол қою туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 20 қазан N 1574. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2006.04.28. N 344 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді: 
      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Тәжiкстан Республикасының Үкiметi арасындағы Экономикалық қылмыстарға және салық заңдарын бұзушылықтарға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасу туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын. 
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары Даниал Кенжетайұлы Ахметовке Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Тәжiкстан Республикасының Yкiметi арасындағы Экономикалық қылмыстарға және салық заңдарын бұзушылықтарға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасу туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.     

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Тәжiкстан Республикасының Үкiметi арасындағы Экономикалық
қылмыстарға және салық заңдарын бұзушылықтарға қарсы күрес
саласындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасу туралы
Келісім

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы Yкiметi мен Тәжiкстан Республикасының Yкiметi,
      өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңдары мен халықаралық мiндеттемелерiн басшылыққа ала отырып,

      экономикалық қылмыстар және салық заңдарын бұзушылықтың алдын алуға, оларды анықтауға және жолын кесуге, өз мемлекеттерiнiң экономикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты мiндеттердi тиiмдi шешудегi өзара мүдделiлікке сүйене отырып,  

      төмендегiлер туралы келiстi:     

  1-бап Келiсiмнiң тақырыбы 

     Тараптардың құзыреттi органдарының экономикалық қылмыстарға және салық заңдарын бұзушылықтарға қарсы күрестi тиiмдi ұйымдастырудағы ынтымақтастық - осы Келiсiмнiң тақырыбы болып табылады.
     Осы Келiсiм Қазақстан Республикасы мен Тәжiкстан Республикасы қатысушы болып табылатын азаматтық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiне ықпал етпейдi.

  2-бап Терминдер

           Осы Келiсiмде қолданылатын негiзгi ұғымдар:
     1) "құзыреттi орган" 
     - Қазақстан Тарабы үшiн - Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк кiрiс министрлiгiнiң Салық полициясы комитетi,   
     - Тәжiкстан Республикасы үшiн - экономикалық қылмысқа қарсы күреске байланысты қызметтi жүзеге асыруға құзыреттi Орган.
     Тараптар Құзыреттi органдарының ресми атауы өзгерген жағдайда, ол туралы бiр-бiрiне дереу жазбаша түрде хабарлайды.
     2) "салық заңдарын бұзушылықтар" - бұл салық қатынастарына қатысушының салық заңдарының нормаларымен белгiленген мiндеттерiн дұрыс дәрежеде орындамаудан көрiнген құқыққа қарсы, айыпты iс-қимыл (әрекет не әрекетсiздiк).
     3) экономикалық қылмыстар - экономика саласындағы қылмыстар.     

                          3-бап

                   Ынтымақтастық нысандары     

      Тараптар осы Келiсiмнiң шеңберiнде мынадай ынтымақтастық нысандарын қолданады:
      - заңды және жеке тұлғалардың экономикалық қылмыстары және салық заңдарын бұзуы туралы ақпарат алмасу; 
      - салық заңдарын бұзушылықтың алдын алуға, ашуға және жолын кесуге бағытталған шараларды өткiзу мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл; 
      - заңды және жеке тұлғалардың салық салуға байланысты құжаттарының куәландырылған көшiрмесiн тиiстi үлгiде ұсыну; 
      - ұлттық салық жүйесi туралы, салық заңдарының өзгерiстерi мен толықтырулары туралы ақпаратпен, сондай-ақ салық заңдылығының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында салық заңдарын бұзушылыққа қарсы күрестi ұйымдастыру жөнiндегi әдiстемелiк ұсыныстармен алмасу; 
      - салық заңдарын бұзушылыққа қарсы күресте қолданылатын ақпараттық жүйелердi құру және олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөнiнде тәжiрибе алмасу; 
      - жұмысшы топтарын құруды қоса алғанда, ынтымақтастық барысында туындайтын мәселелер жөнiнде қызметтi үйлестiрудi жүзеге асыру өкiлдер алмасу және кадрлар оқыту; 
      - салық заңдарын бұзушылыққа қарсы күрес проблемалары жөнiнде ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткiзу. 
      Тараптардың құзыреттi органдары ұлттық заңдарды және өз мемлекетiнiң халықаралық мiндеттерiн басшылыққа ала отырып, осы Келiсiмнiң шеңберiндегi ынтымақтастықты жүзеге асырады. 
      Тараптардың құзыреттi органдары осы Келiсiмдi орындауға байланысты мәселелер бойынша бiр-бiрiмен тiкелей өзара iс-қимыл жасайды. 
 

                           4-бап 
          Экономикалық қылмыстар және салық заңдарын
               бұзушылық туралы ақпарат алмасу 
 

        1. Экономикалық қылмыстар және салық заңдарын бұзушылық туралы ақпарат алмасу мына мәселелер бойынша жүзеге асырылады: 
      - салық заңдарын бұзушылар қолданған тәсiлдердi көрсете отырып, заңды және жеке тұлғалардың табыстарын салық төлеуден жасыруы; 
      - салық салу базасының мөлшерiн айқындау және салық заңдарын бұзған заңды және жеке тұғалардан алынған салық сомасы, сондай-ақ салық заңдарын бұзушылықтың алдын алуға, ашуға және жолын кесуге байланысты; 
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген ақпарат, ақпарат ұсыну сұрау салынушы Тараптың ұлттық заңдары мен мемлекеттiк мүддесiне қайшы келмейтiн жағдайда, бiр Тараптың құзыреттi органына екiншi Тараптың құзыреттi органының сұрау салуы немесе жеке бастамасы негiзiнде берiледi.  
 

                              5-бап  

                        Шаралар өткiзу     

     Экономикалық қылмыстар және салық заңдарын бұзушылықтан сақтандыру, оларды анықтау және жолын кесу жөнiндегi iс-шараларды өткiзу кезiнде осындай заң бұзушылық жасаған немесе жасауы мүмкiн адамдарға қатысты Тараптардың құзыреттi органдарының өзара iс-қимылы бiрлесiп жоспарлауды, осы iс-шараларды өткiзудiң барысы мен нәтижелерi туралы ақпарат алмасуды қамтиды.     

                             6-бап

                   Құжаттардың көшiрмесiн ұсыну

      Тараптардың құзыреттi органдары бiр-бiрiне сұрау салу арқылы заңды және жеке тұлғаларға салық салуға қатысты құжаттардың (есепшоттар, фактуралар, жүк құжаттар, шарттар, келiсiм-шарттар, сертификаттар, анықтамалар және басқалар), сондай-ақ салық заңдарының бұзылуына қатысы бар мәселелер бойынша құжаттардың көшiрмелерiн ұсынады. 
      Құжаттардың көшiрмелерi өкiлеттi тұлғаның қолымен және сұрау салушы құзыреттi органының мөрiмен куәландырылады.      

                          7-бап

          Құқықтық сипаттағы материалдармен алмасу

     Тараптардың құзыреттi органдары ұлттық салық жүйесi, экономикалық қылмысқа тергеу жүргiзудiң құқықтық негiздерi және салық заңдары саласындағы әкiмшiлiк тәртiп бұзушылық жөнiндегi iстер бойынша өндiрiс туралы ақпарат алмасуды жүзеге асырады, жаңа нормативтiк құқықтық актiлер қабылданғаннан немесе қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерiстер енгiзiлгеннен кейiн бiр айдан кешiктiрмей салық заңдарындағы өзгерiстер туралы бiр-бiрiн хабардар етедi.     

                           8-бап

            Ақпараттық қамтамасыз ету мәселелерi
                   бойынша ынтымақтастық

           Тараптардың құзыреттi органдары экономика саласындағы қылмыстарға және салық заңдарын бұзушылықтарға қарсы күресті ұйымдастыру кезiнде ақпараттық жүйелердi құру мен олардың жұмыс iстеуiне қатысты мәселелер бойынша тәжiрибе әдiстемелер және ғылыми материалдармен алмасуды жүзеге асырады.     

                           9-бап

         Кадрлар даярлауда тәжiрибе алмасу және көмек көрсету

      Тараптардың құзыреттi органдары өздерiнiң оқу орындарының базаларында кадрларды оқыту мен қайта даярлауда, экономикалық қылмыстарға және салық заңдарын бұзушылыққа қарсы күрестiң көкейкестi мәселелерi бойынша бiрлескен ғылыми зерттеулердi, ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткiзуде ынтымақтасады, сондай-ақ сарапшылармен алмасады. 
      Осы баптың шеңберiндегi ынтымақтастықты iске асырудың нақты нысандары, атап айтқанда, оны қаржыландыру Тараптардың құзыреттi органдарының арасында жасалатын тиiстi келiсiмдермен айқындалады. 

                         10-бап  

                Сұрау салудың нысаны мен мазмұны     

     1. Ақпарат алуға сұрау салу жазбаша немесе мәтiн берудiң техникалық құралдарын пайдалану арқылы берiлуi тиiс.
     Кейiнге қалдыруды көтермейтiн жағдайларда телефон байланысы арқылы қабылдануы мүмкiн, алайда ол 24 сағат iшiнде жазбаша түрде расталуы тиiс.
     Мәтiндi беруде техникалық құралдарды пайдаланған кезде, сондай-ақ алынған сұрау салудың растығына немесе мазмұнына қатысты күмән туындаған жағдайда құзыреттi орган жазбаша нысанда расталуын сұрай алады.
     2. Ақпарат алуға арналған сұрау салуда:
     - сұрау салушы Құзыреттi органның атауы;
     - сұрау салынған құзыреттi органның атауы;
     - сұрау салудың қысқаша мазмұны және оның негіздемесi;
     - сұраудың орындалуы үшiн қажеттi басқа да мәлiметтер болуға тиiс.
     Бұған қоса қылмыстық iстер бойынша ақпарат алуға арналған сұрау салуда:
     iс жүзiндегi мән-жайдың қысқаша сипаттамасы;
     сұрау салынған Тарап мемлекетiнiң заңдарына сәйкес қылмыстың саралануы;
     келтiрiлген зиянның мөлшерi көрсетiледi.     

                             11-бап

                    Сұрау салудың орындалуы

      Сұрау салу орындалуы үшiн кiдiрiссiз қабылданады. Сұрау салынған құзыреттi орган егер бұл сұрау салуды орындау үшiн қажет болса, нақтылау тәртiбiмен қосымша ақпарат сұрай алады. 
      Сұрау салуды орындауға мүмкiндiк болмаған жағдайда құзыреттi орган сұрау салушы құзыреттi органға ол туралы кiдiрiссiз хабарлайды. 
      Сұрау салынған құзыреттi орган, егер бұл мемлекеттiң егемендiгiне немесе қауiпсiздiгiне нұқсан келтiретiн болса, не оның заңдарына қайшы келсе, сұрау салуды орындалудан бас тартуға құқылы.
      Сұрау салуды орындаудан бас тарту себептерi туралы сұрау салушы құзыреттi орган 10 күн iшiнде хабардар етiледi.     

                            12-бап

         Сұрау салуды орындау кезiндегi өзара iс-қимыл   

        Сұрау салынған құзыреттi орган сұрау салушы құзыреттi органның уәкiлеттi өкiлдерiне, егер бұл оның мемлекетiнiң заңдарына қайшы келмесе, өз мемлекетiнiң аумағында сұраудың орындалуына қатысуға рұқсат етуi мүмкiн.     

                            13-бап

                         Тiлi     

      Ақпаратты алуға арналған сұрау салу және оған берiлетiн жауап Тараптардың мемлекеттiк тiлiмен бiрге орыс тiлiнде де әзiрленедi.
     Сұрау салу басқа тiлде орындалған жағдайда оған орыс тiлiндегi куәландырылған аудармасы қоса берiледi.      

                            14-бап

                     Ақпараттарды пайдалану     

     Тараптардың құзыреттi органдары экономика саласындағы қылмыстарды және салық заңдарын бұзушылықтан сақтандыруға, оларды анықтауға және жолын кесуге байланысты мәселелер жөнiндегі ақпараттардың құпиялығына кепiлдiк бередi.
     Осы Келiсiмнiң шеңберiнде алынған ақпарат осы ақпаратты берген құзыреттi органның жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi тарапқа берiлмейдi.     

                             15-бап

                           Шығыстар     

     Тараптардың құзыреттi органдары өз мемлекеттерiнiң аумағында осы Келiсiмдi орындауға байланысты шығыстарды ұлттық заңдарын басшылыққа ала отырып көтередi. Қосымша шығындарды талап ететiн сұрау салу алынған жағдайда оларды қаржыландыру туралы мәселе Тараптардың құзыреттi органдарымен ерекше тәртiппен өзара келiсiм бойынша қаралады.     

                            16-бап

           Келiсiмдi iске асыру бойынша одан арғы шаралар     

     Тараптардың құзыреттi органдары, қажет болған жағдайда, осы Келiсiмнiң орындалуына байланысты мәселелер бойынша консультациялар өткiзедi.     

                            17-бап

               Даулар мен келiспеушiлiктер     

     Осы Келiсiмнiң ережелерiн қолдануға немесе түсіндіруге байланысты туындайтын барлық даулар мен келіспеушiлiктер Тараптар арасындағы келiссөздер мен консультациялар арқылы шешiлетiн болады.     

                             18-бап

              Өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу     

     Тараптардың өзара келiсуi бойынша осы Келiсiмге оның ажырамас 
бөлiгi болып табылатын және жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. 
 

                                19-бап 
        Келiсiмнiң күшiне енуi және оның қолданысын тоқтату 
 

        Осы Келiсiм толық күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң орындалғандығы туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi және осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтату ниетi туралы екiншi Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар бойынша Тараптардың бiрi алған күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде болады.

     ________________ қаласында, 2000 жылғы "_____"_________________, 

екi түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, тәжiк және орыс тiлдерiнде жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
     Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiндi ұстанатын болады.

     Қазақстан Республикасының           Тәжікстан Республикасының
         Yкiметi үшiн                         Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады