Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Испания Корольдiгi Yкiметiнiң арасында Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалы туралы келiсiм жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 27 қазан N 1605

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Испания Корольдiгi Yкiметiнiң арасында Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалы туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрi Кәрiм Қажымқанұлы Мәсiмовке испан жағымен келiссөздер жүргiзуге және оның Келiсiмге қағидатты сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуіне рұқсат ете отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Испания Корольдiгi Үкiметiнiң арасында Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық

 

автомобиль тасымалы туралы келiсiмдi Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң

атынан жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.

     3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.


     Қазақстан Республикасының

          Премьер-Министрі


    Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Испания Корольдiгi Yкiметiнiң

              арасындағы Жолаушылар мен жүктердiң халықаралық

                        автомобиль тасымалы туралы

                                  КЕЛIСIМ



 
       Бұдан әрi "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Испания Корольдiгiнiң Үкiметi,
      мемлекеттер арасында халықаралық автомобиль қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрi дамыту қажеттілiгiн басшылыққа ала отырып, екi мемлекет арасындағы, сондай-ақ олардың аумақтары арқылы транзитпен өтетiн автомобиль қатынасын жүзеге асыруды жеңілдетуге ұмтыла отырып, осы мәселелердi өзара көмек, ынтымақтастық және өзара тиiмдiлiк рухында реттеуге тiлек бiлдiре отырып,
      төмендегілер туралы келiстi:
 

                                Қолдану саласы




                                   1-бап



 
       1. Осы Келiсiмнiң ережелерi Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдiгi арасында жолаушылар мен жүктердi халықаралық автомобильдiк тасымалдауға, олардың аумақтары арқылы транзиттiк тасымалдауға, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында тiркелген автокөлiк құралдарымен үшiншi мемлекеттерге немесе үшiншi мемлекеттерден тасымалдауға қолданылады.
      2. Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Уағдаласушы Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiне ықпал етпейдi.
 

                                Анықтамалар




                                   2-бап



 
       Осы Келiсiмде:
      1. "Тасымалдаушы" терминi Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағында тiркелген және осы Уағдаласушы Тараптың мемлекетi осы Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында қолданылып жүрген ұлттық заңнамасына сәйкес ақы үшiн немесе өз есебiнен жолаушылар мен жүктердi халықаралық автомобильдiк тасымалдауға рұқсат берген кез келген жеке немесе заңды тұлғаны бiлдiредi;
      2. "Жүк автокөлiк құралы" терминi Уағдаласушы Тараптардың бiрінің мемлекетi аумағында моторлы құрал тiркелген және жүктердi автомобильмен тасымалдауға ғана пайдаланылатын моторлы көлiк құралын немесе автокөлiк құралдарының (тiркемесi бар автомашина) қосарланған комбинациясын бiлдiредi;
      3. "Жолаушы автокөлiк құралы" (автобус) терминi, жүргiзушi орнын қоса алғанда, жолаушыларға арналған 9-дан астам орын саны бар, жолаушыларды тасымалдауға ғана пайдаланылатын, механикалық жетекпен жұмыс iстейтiн кез келген автокөлiк құралын бiлдiредi;
      4. "Жолаушыларды тұрақты тасымалдау" терминi белгіленген кестеге сәйкес, жол бойы белгiленген аялдама пункттерiнде жолаушылар отыратын және түсе алатын белгiлi бiр бағыт бойынша жолаушыларды автобустармен тасымалдауды бiлдiредi;
      5. "Жолаушыларды тұрақсыз тасымалдау" терминi, тұрақты болып табылмайтын, автобустармен жолаушыларды тасымалдаудың барлық басқа да түрлерiн бiлдiредi.
 
                           Жолаушыларды тасымалдау
 

                                   3-бап



 
       Пайдаланылатын жолаушы автокөлiк құралы тiркелген бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағы мен екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағы арасында жолаушылардың тұрақты тасымалы (екi жақты қатынас), сондай-ақ Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің бiрінің аумағы арқылы транзиттiк қатынас, осы Келiсiмнiң 5-бабында көзделген қызмет көрсетулердi қоспағанда, рұқсат беру негiзiнде жүзеге асырылады.
 

                                   4-бап



 
       1. Автобустармен жолаушыларды тұрақты тасымалдауға арналған рұқсаттар Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыреттi органдарының өзара келiсiмi бойынша беріледi.
      2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы оның мемлекетiнiң аумағы арқылы өтетiн бағыттың бөлiгiне рұқсат бередi.
      3. Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерінің құзыреттi органдары рұқсаттар шарттарын, атап айтқанда оның қолданылу мерзiмiн, көлiктiк операциялардың жиiлiгiн, кестесiн және қолданылатын тарифтердi, сондай-ақ жолаушылардың тұрақты тасымалдарын кедергiсiз және тиiмдi түрде жүзеге асыруға қажеттi кез келген басқа да егжей-тегжейiн бiрлесiп анықтайды.
      4. Рұқсаттарға арналған тапсырыстар оларды қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар автокөлiк құралдарын тiркейтiн мемлекеттiң құзыреттi органдарына жiберiледi. Егер тапсырыс ешқандай қарсылық тудырмайтын болса аталған құзыреттi орган бұл туралы екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органына хабарлайды.
      5. Тапсырыс - ұсынылатын кесте, тарифтер, жол бағыттары, рейстердi орындау ұйғарылған жылдың кезеңi мен уақыты және тасымалдауды бастау жоспарланып отырған күнi сияқты қажеттi егжей-тегжейi мазмұндалған барлық құжаттарды қамтуы тиiс.
 

                                   5-бап



 
       1. Рұқсаттар жолаушыларды тұрақсыз, соның iшiнде транзиттiк тасымалдаулар кезінде, жол сапары жүзеге асырылатын мынадай жағдайларда талап етiлмейдi:
      1) тасымалдаушы тiркелген Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің аумағында басталатын және аяқталатын, бүкіл сапар уақытысында жолаушылардың бiр тобын ғана тасымалдау үшiн бiр ғана автобус пайдаланылатын "жабық есiк сипатында" тасымалдау;
      2) бортында жолаушыларымен жолға шығып, керi бағыттағы сапарын жолаушыларсыз жүзеге асыратын "бос қайту сипатындағы" тасымалдау, бұл орайда сапарға шығу пунктi тасымалдаушы тiркелген Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында болады;
      3) бортында жолаушылары болмағанда бiр шетiне жүзеге асырылатын "бос кiру сипатындағы" тасымалдау, бұл орайда бүкiл жолаушылар белгілi бiр жерде ғана бортқа көтерiледi және де төмендегi талаптардың бiрi (немесе бiрнешеуi) орындалуы шарт:
      - топты мiнгiзетiн және сол аумақтың шегiнен тысқары жерге алып кететiн екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына келгенге дейiн қол қойылған тасымалдаудың келiсiм-шартына сәйкес жолаушылар бiр топты құрайды;
      - осы Баптың 2) тармақшасына сәйкес белгiлi бiр тасымалдаушы екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына алдын ала әкелетiн жолаушылар, ол жерден олар кейiнiрек тиеледi де автокөлiк құралы тiркелген Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына әкетiледi;
      - екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына саяхат жасауға шақырылған жолаушылар, бұл орайда тасымалдау шығынын шақырушы тұлғаның өзi көтередi; мұндай жолаушылар бiркелкi топ болып құрылуы тиiс;
      4) Осы Келiсiмде қамтылған халықаралық тасымалдарды орындау кезiнде тек қана бұзылған және техникалық ақауы бар автобустарды алмастыру үшiн пайдаланылатын бос автобустардың жүрiп өтуi.
      2. Осы Баптың 1-тармағында көрсетiлген жағдайларда жүргiзушiнiң автокөлiк құралында тиiстi түрде толтырылған жолаушылардың тiзiмi бар жол ведомствосы болуы тиiс. Жол ведомствосында Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес Бiрлескен Комиссия қол жеткiзген уағдаластық негiзiнде жоғарыда аталған тармақтарда көрсетiлген барлық сапарлары кезiнде тасымалдаушының қолы мен мөрi болуы тиiс.
      3. Бортында жолаушылары жоқ және осы Баптың 1-тармағының 3) тармақшасының ережесiне сәйкес тасымалдаулар әрбiр нақты жағдайда тасымалдауды растайтын құжаттар (тасымалдауға арналған келiсiм-шарт, бортында жолаушылары болмағанда бiр бағытта жол жүруге, бортында жолаушылары болмағанда мұның алдындағы керi бағытта жол жүруге немесе шақыруға арналған жол ведомоствосы) бортта болған жағдайда жүзеге асырылуы тиiс.
 

                                   6-бап



 
       Осы Келiсiмнiң 5-бабында көзделмеген кез келген тұрақсыз жолаушылар тасымалы үшiн рұқсат талап етiледi.
      Тасымалдаушы кiмнiң аумағында тiркелген болса, сол Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органы рұқсаттарға тапсырыс беруi тиiс. Осы Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары осы тапсырыстарды өздерiнiң ұсыныстарымен бiрге екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарына жiбередi. Тапсырыстар 30 күннiң iшiнде қаралады. Тапсырыс тасымалдаушының атауын, талап етілген рұқсаттың қолданыс мерзiмiн, жөнелту және тағайындау пункттерiн қамтиды.
      Осы Келiсiмнiң 15-бабына сәйкес құрылған Бiрлескен Комиссия тапсырыс нысанын белгiлейдi.
 
                              Жүктерді тасымалдау
 

                                   7-бап



 
       1. 15-бапқа сәйкес құрылған Бiрлескен Комиссия өзгеше шешетiн жағдайларды қоспағанда, екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген автокөлiк құралымен жүзеге асырылатын Уағдаласушы Тараптардың бiрiнiң мемлекетi аумағына және аумағынан жүктердi барлық халықаралық тасымалдаулар үшiн рұқсат алу қажет.
      2. Рұқсаттар Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң аумақтарында тiркелген тасымалдаушыларға жоғарыда аталған аумақтарға кiруге, одан шығуға және ол арқылы жүрiп өтуге мүмкiндiк бередi. Рұқсаттарды автокөлiк құралы кiмнiң аумағында тiркелген болса, сол Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары бередi.
      3. Рұқсаттарды берудi жеңiлдету үшiн Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң құзыретті органдары рұқсаттардың келiсiлген санын тепе-теңдiк және өзара тиiмділiк негiзiнде алмасады. Рұқсаттарда Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарының қолы мен мөрi болуы тиiс.
      4. 15-бапқа сәйкес құрылған Бiрлескен Комиссия алмастыруға жататын және екi шетiне де бiр рет жол жүруге арналған рұқсаттар үлгiлерiн белгiлейдi.
 

                                   8-бап



 
       1. Осы Келiсiмнiң 7-бабында аталған рұқсаттар:
      1) тек қана оқып үйренуге, жәрмеңкелер мен көрмелерге арналған заттар мен материалдарды;
      2) театр, музыка, кинематография, спорт және цирк iс-шараларына, сондай-ақ радиохабарларды жазу, кино және телевизиялық түсiрулерге арналған жабдықтар мен керек-жарақтарды;
      3) бұзылған жүк автокөлiк құралдарын (кейiн қарай жеткiзу);
      4) мәйiттердi, қайтыс болғандардың күлi салынған ыдыстарды;
      5) жүк автокөлiк құралдарындағы тiркеменiң толық салмағын қоса алғанда, барынша рұқсат етiлген толық салмағы 6 тоннадан аспайтын немесе тiркеменiң пайдалы жүктемесiн қоса алғанда, барынша рұқсат етiлген пайдалы жүктемесi 3,5 тоннадан аспайтын жүктердi;
      6) дәрi-дәрмектердi, медициналық жабдықтар мен құрал-саймандарды, сондай-ақ кезек күттiрмейтiн апатты жағдайлар мен табиғи апаттар кезiнде көмек көрсетуге арналған басқа да заттарды;
      7) хайуанаттарды (цирк пен спорттық iс-шаралар үшiн);
      8) тұрғындардың көшi-қоны кезiндегi мүлiктi (үй жиhаздары мен үй аспаптары);
      9) пошта жөнелтiлiмдерiн;
      10) гуманитарлық жүктердi тасымалдау үшiн талап етiлмейдi.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 7) тармақшалары оларда көрсетiлген заттарды керi тасыған немесе үшiншi елдерге тасымалдаған жағдайларда ғана қолданылады.
 
                               Жалпы ережелер
 

                                   9-бап



 
       Бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетiнің тасымалдаушыларына екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан екi пункт арасында жолаушылар мен жүктердi тасымалдауға тыйым салынады.
 

                                   10-бап



 
       1. Автокөлiк құралының салмағы мен көлемiне қатысты, әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында тiркелген автокөлiк құралдары үшiн, өз мемлекетiнiң аумағында тiркелген автокөлiк құралдарына белгiленгенiнен анағұрлым қатал шарттарды белгiлемеуге мiндеттенедi.
      2. Автокөлiк құралының салмағы мен көлемi автокөлiк құралының ресми тiркелiмiне сәйкес болуы тиiс.
      3. Егер бiр Уағдаласушы Тарап мемлекетiнде тiркелген автокөлiк құралының салмағы және/немесе көлемi екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында қолданылатын салмақтың және/немесе көлемнiң рұқсат етiлетiн шектi өлшемдерiнен асып түсетiн болса, арнайы рұқсаттар талап етiледi.
      4. Автокөлiк құралының жүргiзушiсiнде ол басқаратын көлiк құралының санатына сәйкес келетiн ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiгi және 1968 жылғы 8 қарашада Венада жасалып Жол қозғалысы туралы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық Экономикалық Комиссиясы Конвенциясының талаптарына жауап беретiн автокөлiк құралына арналған ұлттық тiркеу құжаттары болуы тиiс.
 

                                   11-бап



 
       Әкелу кезiнде қолданылатын кедендiк баждарды, кедендiк ресiмдеу үшiн алымдарды және салықтарды төлеуден Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына автокөлiк құралымен әкелiнетiн мынадай заттар босатылады:
      - егер өндiрушiнiң отын бактерi автокөлiк құралының тиiстi үлгiсiне лайық болса, екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағына кiру кезiнде автокөлiк құралдарының отын бактерiндегi жанармай, сондай-ақ тiркеме мен жартылай тiркемедегi рефрижератор қондырғыларының жұмысы үшiн қажет болатын жанармай;
      - тасымалдау кезiнде қалыпты тұтынуға қажеттi мөлшердегi жағармай материалдары;
      - халықаралық автокөлiк тасымалдарын жүзеге асыру кезiнде істен шыққан автокөлiк құралдарын жөндеу үшiн қажеттi қосалқы бөлшектер мен құралдар. Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер немесе ауыстырылған қосалқы бөлшектер елден шығарылуы немесе жойылуы тиiс немесе тиiстi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында белгiленген тәртiпке сәйкес айналымға түсуі тиіс.
 

                                   12-бап



 
       Осы Келiсiмге сәйкес орындалатын тасымалдар кемсiтпеушілiк қағидаттары негiзiнде жол желiлерiн немесе көпірлердi пайдаланғаны үшiн өндiрiп алатын салықтар мен алымдардан босатылмайды.
 

                                   13-бап



 
       Тасымалдаушылар және олардың автокөлiк құралдарының экипаждары тасымалдауды орындаған кезде екiншi Уағдаласушы мемлекеттiң аумағында осы Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында қолданылып жүрген ұлттық заңдарды, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерiн сақтауға мiндеттi.
 

                                   14-бап



 
       Егер Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң тасымалдаушысы екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң аумағында осы Келiсiмнiң ережелерiн бұзса, аумағында заңсыздық орын алған Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдары өз аумағында қолданылатын кез келген заңды жазалау шараларына деген құқығын сақтай отырып, екiншi Уағдаласушы Тарап мемлекетiнiң құзыреттi органдарына заңсыздық туралы хабарлайды, соңғысы өзiнiң ұлттық заңнамасында көздеген шараларды қолданады.
 

                                   15-бап



 
       1. Осы Келiсiмнiң орындалуы мен қолданылуына байланысты барлық мәселелердi шешу мақсатында Уағдаласушы Тараптар мемлекеттердiң құзыреттi органдарының өкiлдерiнен тұратын Бiрлескен Комиссияны құрады. Уағдаласушы Тараптар құзыреттi органдарға қатысты өзгерiстер туралы жазбаша түрде хабарлайтын болады.
      Осы Келiсiмдi қолдануға қатысты Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан Республикасында:
      Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi.
      Испания Корольдiгiнде - ___________________________________________
      2. Бiрлескен Комиссияның мәжiлiстерi Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң бiрiнiң құзыреттi органдарының ұсынысы бойынша өткiзiледi.
      3. Бiрлескен Комиссия қажеттілік жағдайында басқа да құзыреттi органдардың қатысуымен осы Келiсiмдi өзгерту немесе Уағдаласушы Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамаларына енгiзiлген өзгерiстер мен толықтыруларға сәйкес келтiру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейдi. Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндіру мен қолдануға байланысты туындауы мүмкiн барлық дауларды Бiрлескен Комиссияның келіссөздерi мен консультациялары арқылы шешетiн болады.
 

                                   16-бап



 
       Осы Келiсiм ережелерiнiң Уағдаласушы Тараптар келiскен кез келген өзгерiстерi мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң орындалғаны туралы әрбiр Уағдаласушы Тарап дипломатиялық арналар бойынша жазбаша түрде құлақтандырылғаннан кейiн күшiне енедi.
 

                                   17-бап



 
       Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмнiң күшiне енуiне қатысты

 

мемлекетішілiк рәсiмдердi олардың орындағаны туралы өзара негiздегi

жазбаша нысанда дипломатиялық арналар бойынша бiр-бiрiне хабарлағаннан

кейiн 30 күн өтiсiмен күшiне енедi.


     _________________ қаласында ___________ жылғы "___"________________,

әрқайсысы қазақ, испан, орыс және ағылшын тілдерiнде екi дана болып

жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.

     Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушілiк туындаған

жағдайда, ағылшын тiлiндегi мәтiнге басымдық берiлетiн болады.


     Қазақстан Республикасының                   Испания Корольдігiнiң

          Үкiметi үшiн                                Үкіметі үшін



Оқығандар:

     Багарова Ж.А.

     Омарбекова А.Т.






Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады