Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 27.01.2022 № 33 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 16 қарашадағы № 4153 Жарлығымен бекітілген "Халық денсаулығы" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Азық-түлік шикізатының және тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы нұсқаулық бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігі, Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі осы қаулыны іске асыру жөніндегі шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Yкiметінiң 2000 жылғы 29 қарашадағы 1783 қаулысымен бекiтiлген |
Азық-түлiк шикiзатының және тамақ өнiмдерiнiң
сапасы мен қауiпсiздiгi туралы нұсқаулық
Осы Нұсқаулық азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiнiң (бұдан әрi - тамақ өнiмдерi) сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды белгiлейдi және өндiру, сатып алу, тасып әкелу, сақтау, тасымалдау және сату (бұдан әрi - айналым) кезеңдерiндегi өндiрушi, сатушы және тұтынушы арасында туындайтын қатынастарды реттейдi. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiне сәйкес әзiрлендi.
1. Жалпы ережелер
1. Заңды және жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында шығаратын, әкелетiн және сататын тамақ өнiмдерiн стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың, санитарлық, малдәрiгерлiк-санитарлық, фитосанитарлық нормалар мен ережелердiң, сондай-ақ басқа да техникалық регламенттердiң (бұдан әрi - нормативтiк құжаттар) талаптарына сай болуы тиiс.
2. Жалпы қабылданған негiзгi терминдер мен ұғымдар:
тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi - тамақ өнiмдерiнiң оларды әдеттегi жағдайда пайдалану кезiнде зиянды болып табылмайтындығы мен қазiргi және келешек ұрпақтың денсаулығына қауiп туғызбайтындығына негiзделген сенiмдiлiк күйiнiң болуы;
биологиялық белсендi қоспалар - тамақпен бiр мезгiлде пайдалануға немесе тамақ өнiмдерiнiң құрамына енгiзуге арналған табиғи (табиғимен бiрдей) биологиялық белсендi заттар;
тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды теңестiру - белгiлi бiр тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды нормативтiк, техникалық құжаттардың талаптарына және оларға қоса берiлетiн құжаттардағы және жапсырмалардағы ақпараттарға сәйкестiкке келтiру жөнiндегi қызмет;
тамақ өнiмдерiнiң сапасы - оларды әдеттегi жағдайда пайдалану кезiнде адамның тамаққа қажеттiлiгiн қанағаттандыруға қабiлеттi тамақ өнiмдерi қасиеттерiнiң жиынтығы;
тамақ өнiмдерiмен араласатын материалдар мен бұйымдар (бұдан әрi - материалдар мен бұйымдар) - тамақ өнiмдерiн дайындау, буып-түю, сақтау, тасымалдау, сату мен пайдалану кезiнде қолданылатын материалдар мен бұйымдар, оның iшiнде технологиялық жабдықтар, құралдар мен құрылғылар, ыдыстар, ыдыс-аяқтар, асханалық керек-жарақтар;
нормативтiк құжаттар – тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгiне, олардың сапасы мен қауіпсiздiгiн бақылауға, оларды дайындау, сақтау, тасымалдау, сату және пайдалану, сапасыз, қауiптi тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды кәдеге жаратуға немесе жоюға қойылатын талаптарды белгілейтін ұлттық стандарттар, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық қағидалар мен нормалар және басқа да нормативтiк құқықтық актілер;
тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың айналымы - сатып алу-сату (оның iшiнде экспорт және импорт) және тамақ өнiмдерiн, материалдар мен бұйымдарды берудiң өзге де тәсiлдерi (бұдан әрi - сату), оларды сақтау және тасымалдау;
тамақ өнiмдерi - адамның тамаққа пайдаланатын табиғи немесе өңделген түрдегi өнiмдер, оның iшiнде балалар тамағының өнiмдерi, шөлмектелген су, алкогольдi өнiм, сағыз, сондай-ақ азық-түлiк шикiзаты, тамақтық қоспалар мен биологиялық белсендi қоспалар;
азық-түлiк шикiзаты - өсiмдiк, мал, микробиологиялық, минералдық, қолдан жасалған шикiзат және тамақ өнiмдерiн дайындау үшiн пайдаланылатын су;
балаларды тамақтандыру өнiмдерi - 14 жасқа дейiнгi балаларды тамақтандыруға арналған және балалар организмiнiң физиологиялық қажеттiлiктерiне жауап беретiн тағам өнiмдерi;
диеталық тамақтандыру өнiмдерi - шипалы және профилактикалық тамақтандыруға арналған тамақ өнiмдерi;
тамақ қоспалары - тамақ өнiмдерiне белгiлi бiр қасиеттер беру және (немесе) олардың сапасын сақтау мақсатында тамақ өнiмдерiне оларды дайындау процесiнде енгiзiлетiн табиғи немесе жасанды заттар мен олардың қосылыстары;
тамақ өнiмiнiң тағамдық құндылығы - тамақ өнiмiнiң адамның қажеттi заттар мен энергияға физиологиялық қажеттiлiктерiн қанағаттандыратын қасиеттерiнiң жиынтығы;
жарамдылық мерзiмi - ол аяқталғаннан кейiн тағам өнiмi мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз болып саналатын кезең. Жарамдылық мерзiмiн сақтау шарттары сақталған жағдайда, тамақ өнiмiнiң тұтынушының өмiрi мен денсаулығы үшiн қауiпсiздiк талаптарына сәйкестiгiне кепiлдiк беретiн сақтау шарттарын көрсете отырып, тамақ өнiмдерiн дайындаушы белгiлейдi;
сақтау мерзiмi - белгiленген сақтау шарттары сақталған жағдайда, тамақ өнiмiнiң нормативтiк құжаттамада немесе сату-сатып алу шартында көрсетiлген өзiнiң бүкiл қасиетiн сақтайтын кезең. Сақтау мерзiмi өткеннен кейiн тамақ өнiмi пайдалану үшiн жарамды болуы, бiрақ оның тұтынушылық қасиеттерi (тұтынушылық құны) төмендеуi мүмкiн;
тамақ өнiмдерiнiң, материалдар мен бұйымдардың сапасы мен қауiпсiздiгiнiң куәлiгi - тамақ өнiмдерiн дайындаушының (жабдықтаушының) тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар тобының сапасы мен қауiпсiздiгiнiң нормативтiк, техникалық құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын құжаты;
тамақ өнiмдерiн қайта жарату - тамақ өнiмдерiн нормативтiк құжаттардың талаптарына жауап бермейтiн және адамдардың өмiрi мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға қауiп төндiретiн жарамсыздыққа жатқызу рәсiмi және оларды жою;
бұрмаланған тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар - қасақана өзгертiлген (қолдан жасалған) және (немесе) жасырын қасиеттер мен сапаға ие, олар туралы ақпараттар қасақана толық емес немесе қате болып табылатын тамақ өнiмдерi, материалдар мен бұйымдар.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен.3. Заңды және жеке тұлғалардың шығаратын, әкелетiн және сататын өнiмiн жарнамалауға Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес оның қауiпсiздiгiн растайтын құжаттарсыз жол берiлмейдi.
2. Тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiне
қойылатын жалпы талаптар
1. Сатуға арналған тамақ өнiмдерi химиялық және биологиялық, оның iшiнде адамдардың денсаулығы үшiн қауiп туғызуы ықтимал радиоактивтiк, микробиологиялық заттар мен олардың қосылыстарының құрамындағы мөлшерi жөнiндегi нормативтiк құжаттарда белгіленген талаптарға сай болуы тиiс.
2. Балаларды тамақтандыру өнiмдерiнiң тамақтық құндылығы бала организмiнiң жай-күйi мен жасына сәйкес келуi және денсаулық үшiн қауiпсiз болуы тиiс.
3. Емдеу-профилактикалық тамақтандыру өнiмдерi, тағамдық және биологиялық белсендi қоспалар арнаулы мақсаттағы өнiмдерге жатады және олардың денсаулық сақтау органдары белгiленген тәртiппен бекiткен нормативтiк құжаттамаға сәйкес қасиеттерi мен сипаттамалары болуы тиiс.
3. Азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiнiң
сапасы мен қауiпсiздiгiн мемлекеттiк нормалау
1. Тамақ өнiмдерiнiң сапасына, буылып-түйiлуiне, таңбалануына, бақылау (талдау) әдiстерiне, бағалау рәсiмдерiне және тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiнiң нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн растауға қойылатын талаптар уәкiлеттi мемлекеттiк органдар бекiткен нормативтiк құжаттарда белгiленедi.
2. Тамақтық және биологиялық белсендi қоспалардың, тамақ өнiмдерiнiң (малдан алынатын азық-түлiк шикiзатынан басқа) тамақтық және энергетикалық құндылығына, қауiпсiздiгiне, сондай-ақ тамақ өнiмдерiн дайындау, сақтау, тасымалдау, өткізу (сату) және қоғамдық тамақтандыру қызметтерiн көрсетуге қойылатын талаптар ұлттық (мемлекетаралық) стандарттарда және санитариялық қағидалар мен нормаларда белгiленедi.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен.3. Малдан алынатын азық-түлiк шикiзатын (ет, балық, құс, жұмыртқа және басқа) дайындау, сақтау, тасымалдау және өткізу кезiнде сапасы мен қауiпсiздiгiне қойылатын талаптар ұлттық (мемлекетаралық) стандарттар мен ветеринариялық-санитариялық қағидалар мен нормаларда белгiленедi.
Өсiмдiктен алынатын азық-түлiк шикiзатының сапасы мен қауiпсiздiгiне қойылатын талаптар санитарлық ережелер мен нормаларда және фитосанитарлық ережелер мен нормаларда белгiленедi.
Жоғарыда көрсетiлген талаптар ғылыми зерттеулердiң нәтижелерiне, халықтың тамақтану ерекшелiктерi мен денсаулық жағдайына, тамақ өнiмдерi мен азық-түлiк шикiзатының ықтимал қауiптi қасиеттерiне, оларды тамаққа пайдаланудан адамдардың денсаулығына зиян келуi қаупiне, сондай-ақ олардың әлеуметтiк және экономикалық зардаптарына негiзделедi.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен.4. Ұлттық стандарттарды, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық қағидалар мен нормаларды стандарттау және сертификаттау саласындағы қадағалау, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, ветеринариялық қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органдар және өсiмдiктердiң карантинi жөнiндегi фитосанитариялық қызмет өз құзыретiне сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бекiтедi.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен. 4. Азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiнiң
сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
1. Заңды және жеке тұлғалар тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн:
нормативтiк және техникалық құжаттардың талаптарын, ал олар болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының аумағында қолданылып жүрген, ұқсас өнiмдердiң сапасы мен қауiпсiздiгiне талаптар белгiлейтiн нормативтiк құжаттарда қойылатын талаптарды сақтау;
азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiнiң дайындау, сақтау тасымалдау және сату кезiндегi сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi ұйымдастырушылық санитарлық-гигиеналық, алдын алу және эпидемияға қарсы, малдәрiгерлiк-санитарлық, технологиялық, инженерлiк-техникалық, агрохимиялық және фитосанитарлық iс-шараларды жүргiзу;
сапаны басқару жүйесiн енгiзу арқылы тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiне, оны дайындау, сақтау, тасымалдау және сату шарттарының сақталуына өндiрiстiк бақылауды жүргiзу;
нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiкке мiндеттi түрде сертификаттауға жататын тамақ өнiмдерiне сертификаттауды және өнiмдi санэпидсараптаманы жүргiзу арқылы қамтамасыз етедi.
2. Нәтижелерi сертификаттаудың мақсаттары үшiн пайдаланылмайтын азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн зерттеудi белгiленген тәртiппен аттестациядан өткен зертханалар жүзеге асырады.
3. Тамақ өнiмдерiн сертификациялық сынауды сертификаттаудың мемлекеттiк жүйесiнде тiркелген зертханалар сынақтарды жүргiзудiң тәртiбiн белгiлейтiн нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес жүргiзедi.
4. Дайындаушы мүмкiн болатын бұрмалаушылықтан өз өнiмiн қорғау жөнiндегi шараларды қабылдауға мiндеттi.
5. Тағам өнiмдерiн өндiру
1. Заңды және жеке тұлғалар жаңа тамақ өнiмiн әзiрлеу және оны дайындаудың, буып-түюдiң, сақтаудың, тасымалдаудың және сатудың технологиялық процестерi кезiнде техникалық шарттарға осындай тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiне талаптарды қамтуға, айналым кезiнде тамақ өнiмдерiнiң жарамдылық мерзiмiн сақтауға, сондай-ақ өндiрiстiк тәртiптi қарастыруға және тамақ өнiмдерiн сынаудың әдiстемелерiн (олар болмаған жағдайда) әзiрлеуге мiндеттi.
2. Жаңа тамақ өнiмдерiнiң жарамдылық мерзiмдерi тиiстi гигиеналық қорытындымен расталады.
3. Жануарлардан алынған өнiмдердiң жаңа түрлерi тамаққа пайдалану үшiн және тамақ өнiмдерiн дайындау үшiн тек малдәрiгерлiк-санитарлық сараптама жүргiзiлгеннен және дайындаушы Қазақстан Республикасы мемлекеттiк малдәрiгерлiк қызмет органдарының осындай өнiмдердiң малдәрiгерлiк-санитарлық ережелер мен нормалардың талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын қорытындысын алғаннан кейiн ғана рұқсат етiледi.
4. Нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес оны өндiрiске қою рәсiмiнен өтпеген тамақ өнiмiн өндiруге тыйым салынады.
5. Тамақ өнiмдерiн өндiрудiң технологиялық процесi оны дайындау шарттарына қойылатын технологиялық регламенттер, санитарлық, малдәрiгерлiк-санитарлық және фитосанитарлық ережелер мен нормалар сақталған жағдайда, технологиялық құжаттар бойынша жүзеге асырылуы тиiс.
6. Тамақ өнiмдерiн дайындаушы, оның сапасы мен қауiпсiздiгiн нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес қамтамасыз ету мақсатында ИСО 9000 сериясындағы халықаралық стандарттардың талаптарымен үйлестiрiлген, сапаны бақылау жүйесiн әзiрлейдi және өндiрiске енгiзедi.
7. Тамақ өнiмдерiн дайындаушы тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiне кепiлдiк беруге және сатып алушыға (жабдықтаушыға) өнiммен бiрге өнiмнiң нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн құжаттамалық растауды табыс етуi тиiс.
8. Қоғамдық тамақтандыру қызметтерiн көрсететiн ұйымдарда дайындалатын және сатылатын өнiмдерге, олар дайындалған орында сатылған жағдайда, өнiмнiң нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiн құжаттамалық растау табыс етiлмейдi.
9. Азық-түлiк шикiзаты өндiрiсiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен санитарлық-эпидемиологиялық, малдәрiгерлiк-санитарлық сараптамалардан және мемлекеттiк тiркеуден өткен азықтық қоспаларды, жануарларды өсiру стимуляторларын, гормональдық препараттарды, пестицидтер мен өсiмдiктердi өсiру регуляторлары мен препараттарды пайдалануға рұқсат етiледi.
10. Тамақ өнiмдерi сақтау, тасымалдау және сату кезiнде, оның сапасы мен қауiпсiздiгiнiң сақталуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн тәсiлдермен өлшенiп салынуы және буып-түйiлуi тиiс.
6. Жаңа тамақ өнiмдерiн өндiрудiң тәртiбi
1. Жаңа тамақ өнiмдерiн өндiрiске қою белгiленген тәртiппен бекiтілген нормативтiк және технологиялық құжаттама, өндiруге гигиеналық қорытынды мен қызметтiң осы түрiне лицензия (егер ол лицензиялауға жатса), бiлiктiлiк комиссиясының өнiмдi өндiрiске қою туралы актiсi болған жағдайда, Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Шығарылатын тағам өнiмдерiнiң жекелеген ингредиенттерiн ауыстыру қандай да бiр нормативтiк құжаттамаға тиiстi өзгерiстер енгiзiлгеннен кейiн немесе жаңа нормативтiк құжаттаманы әзiрлеу кезiнде осы өнiмге арналған нормативтiк құжатқа келiсiм берген органдардың рұқсатымен жүргiзіледi.
7. Қазақстан Республикасының аумағына
тамақ өнiмдерiн әкелу
1. Қазақстан Республикасының аумағына сату үшiн әкелiнетiн азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерi нормативтiк құжаттардың талаптарына сай болуы тиiс.
2. Азық-түлiк шикiзатының қауiпсiздiгi мен тамақ өнiмдерi сапасының көрсеткiштерiн регламенттейтiн нормативтiк құжаттардың талаптарын сақтау жөнiндегi мiндеттемелер шарттарда (жеткiзуге арналған келiсiм-шарттарда) мiндеттi түрде ескерiлуi тиiс.
3. Қазақстан Республикасына жеткiзiлетiн азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерi санитарлық-эпидемиологиялық, малдәрiгерлiк-санитарлық және (немесе) фитосанитарлық сараптамадан белгiленген тәртiппен мiндеттi түрде өткiзiлуi тиiс.
8. Тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен
қауiпсiздiгiн өндiрiстiк бақылау
1. Тамақ өнiмдерiн дайындау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар шығарылған өнiмнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн өндiрiстiк бақылауды ұйымдастыруға және жүргiзуге және оның дайындалуы, сақталуы, және тасымалдануы жағдайларына нормативтiк құжаттарда қойылатын талаптарды орындауға мiндеттi. Тамақ өнiмдерiн импорттауды және сатуды жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар тамақ өнiмдерiн дайындау, сақтау тасымалдау және сату шарттарына қойылатын нормативтiк құжаттар талаптарының орындалуын бақылауды ұйымдастыруға және жүргiзуге мiндеттi.
2. Өндiрiстiк бақылау тағам өнiмдерiн дайындау, сақтау, тасымалдау және сату жөнiндегi қызметтi жүзеге асырушы заңды және жеке тұлғалар әзiрлеген тәртiппен, өнiмге қойылатын нормативтiк құжаттардың талаптары негiзiнде жүзеге асырылады, мұндай жағдайда тамақ өнiмдерiн өлшеу мен сынаудың пайдаланылған әдiстемелерi мен оны дайындау, сақтау, тасымалдау және сату жағдайлары анықталуы тиiс.
3. Қайта өңдеуге келiп түскен азық-түлiк шикiзаты мен дайын тағам өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн бақылауды белгіленген тәртiппен тiркелген немесе аттестацияланған зертханалар жүзеге асырады.
4. Тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгi көрсеткiштерiн зерттеу әдiстерiн салалық ғылыми-зерттеу институттары, меншiктiң барлық нысанындағы мамандандырылған мекемелер әзiрлейдi. Өлшеудi орындаудың әдiстемелерi стандарттау метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен метрологиялық аттестациялауға жатады.
9. Тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен
қауiпсiздiгiн мемлекеттiк бақылау
1. Тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн өз құзыреттерiнiң шегiнде уәкiлеттi мемлекеттiк органдар, атап айтқанда:
стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегi уәкілеттi орган - тамақ өнiмдерi мен азық-түлiк шикiзатының ұлттық стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкестiгiне;
Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң органдары мен мекемелерi - азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiнiң санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкестiгiн, тамақ өнiмдерiн дайындау, сақтау, тасымалдау және сату кезiнде санитарлық ережелер мен нормалардың сақталуын, заңды және жеке тұлғалардың санитарлық-гигиеналық, алдын алу және эпидемияға қарсы iс-шараларды орындауын, сондай-ақ тамақ өнiмдерiне санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргiзудi;
Мемлекеттiк малдәрiгерлiк қадағалау органдары - малдан алынатын өнiмдердiң малдәрiгерлiк ережелер мен нормалардың талаптарына сәйкестiгiн, көрсетiлген өнiмдердi өндiру, дайындау, қайта өңдеу, сақтау және тасымалдау кезiндегi талаптардың сақталуын, оның Қазақстан Республикасының аумағына әкелуiн, заңды және жеке тұлғалардың малдәрiгерлiк-санитарлық iс-шараларды орындауын, азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiн базарларда сатудың ережелерiн, сондай-ақ мал өнiмдерiне малдәрiгерлiк-санитарлық сараптама жүргiзудi;
Мемлекеттiк фитосанитарлық бақылау органдары - өсiмдiктерден алынатын тағам өнiмдерiнiң фитосанитарлық ережелер мен нормаларға сәйкестiгiн мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен.2. Тамақ өнiмдерi мен азық-түлік сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк қадағалау және бақылау органдарының қызметiн үйлестiрудi атқарушы билiктiң стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi органы, ал қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында - Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдар тiкелей тамаққа пайдалану үшiн жарамсыз деп таныған тамақ өнiмдерi дайындаушының, импорттаушының немесе сатушының есебiнен, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен, өнеркәсiптiк қайта өңдеуге немесе қайта жаратуға жiберiледi.
10. Тамақ өнiмдерiн сату
1. Олардың сапасы мен қауiпсiздiгi нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес келетiн азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерi сатуға жатады.
2. Нормативтiк құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтiн:
- сапасыздығының айқын белгiлерi бар;
- сәйкестiк сертификаты немесе тағам өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi мен сапасын белгiленген тәртiппен растайтын өзге де құжаты, дайындаушының (жабдықтаушының) оның қайдан алынғандығы туралы құжаттары жоқ;
- атауы және сыртқы түрi бойынша өнiмнiң iлеспе құжаттамасында және таңбалауында келтiрілген ақпаратқа сәйкес келмейтiн;
- белгiленген жарамдылық мерзiмi жоқ немесе оның жарамдылық мерзiмi өткен. Жарамдылық мерзiмi өткен тамақ өнiмi мақсаты бойынша пайдалану үшiн жарамсыз болып есептеледi. Мұндай өнiм сапасыз және қауiптi деп танылады және сатылуға жатпайды, белгiленген тәртiппен қайта жаратылады немесе жойылады;
- таңбалануы немесе нормативтiк құжаттамамен көзделген мәлiметтерi туралы ақпарат жоқ тамақ өнiмдерiн сатуға рұқсат етiлмейдi.
11. Тамақ өнiмдерiн сақтау және тасымалдау
1. Азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiн сақтау және тасымалдау, оның сапасы мен қауiпсiздiгiн сақтауды қамтамасыз ететiн жағдайларда жүзеге асырылуы тиiс.
2. Тамақ өнiмдерiн сақтау мен тасымалдауды жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар сақтау мен тасымалдау жағдайларын реттейтiн нормативтiк құжаттардың талаптарын сақтауға және осы жағдайлардың сақталуын тауарға iлеспе құжаттарда тиiстi жазбамен растауға мiндеттi.
3. Азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiн тасымалдау үшiн әдейi арналған немесе осындай мақсаттар үшiн жабдықталған және белгiленген тәртiппен ресiмделген санитарлық паспорттары бар көлiк құралдары пайдаланылуы тиiс.
4. Азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiн сақтау құрамы, көлемi мен жабдықтары нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес келуi тиiс арнаулы үй-жайларда (құрылыстарда) рұқсат етiледi.
5. Егер азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiн сақтау және тасымалдау кезiнде сапасы мен қауiпсiздiгiн жоғалтуға алып келетiн нормативтiк құжаттардың талаптарынан ауытқушылыққа жол берiлген жағдайда, оларды сақтау мен тасымалдауды жүзеге асыратын адамдар, бұл туралы көрсетiлген өнiмнiң иелерi мен оны алушыларға хабарлауға мiндеттi.
Мұндай азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерi сатылуға жатпайды, сараптама жасауға жiберiледi және оның нәтижелерiне сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпке сәйкес олар қайтажаратылады немесе жойылады.
12. Азаматтардың, заңды және жеке тұлғалардың
тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету жөнiндегi құқықтары
Азаматтардың, заңды және жеке тұлғалардың азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы құқықтары Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген заңнамамен қорғалады және реттеледi.
13. Тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды орындамағаны
немесе бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Сатылатын тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды орындамағанына немесе бұзғанына кiнәлi жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.
2. Тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi мен сапасын реттейтiн нормативтiк құжаттардан ауытқығаны үшiн айыппұлдарды уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғалары, олардың құзыреттерiнiң шегiнде және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен салады.
3. Айыппұл салу кiнәлi адамдарды жiберiлген кемшiлiктердi жою және тамақ өнiмдерiн тұтынушыға сондай кемшiлiктердiң салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу мiндеттерiнен босатпайды.