Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы
Тұңғыш Президентінің Қорын құру туралы" Жарлығының жобасы Қазақстан
Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қорын құру туралы
"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi туралы" Қазақстан
Республикасының Конституциялық
заңының 9-бабын орындау үшiн қаулы
етемін:
1. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң Қоры (бұдан әрi - Қор)
құрылсын.
2. Қоса берiлiп отырған Қордың Жарғысы бекiтiлсiн.
3. Мыналар:
1) Қор әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм беру және өзге де
қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтiн коммерциялық емес ұйым болып
табылады;
2) Қордың қаржылық қаражаттарын қалыптастыру көздерi заңдарға қайшы
келмейтiн жарналар мен түсiмдер болып табылады деп белгiленсiн.
4. Қазақстан Республикасының Yкiметi:
1) Қордың 2001 жылғы 1 қаңтарға дейiн мемлекеттiк тiркелуiн
қамтамасыз етсiн;
2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы Президентiнiң
2000 жылғы "___"_________
N________ Жарлығымен
бекiтiлген
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентi Қорының
ЖАРҒЫСЫ
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң Қоры, бұдан әрi "Қор" - мүшелiгi болмайтын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi құрған коммерциялық емес ұйым.
2. Қор өзiнiң қызметiн Қазақстан Республикасында және шет елдерде жүзеге асырады.
3. Қордың толық атауы: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң Қоры.
4. Қордың заңды мекен-жайы: _____________________________
5. Қор өзiнің қызмет мерзiмiн шектемей құрылады, Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында оның мемлекеттiк тiркелуi сәтiнен бастап заңды тұлға болып табылады, меншiгінде оқшауланған мүлкi болады, өз мiндеттемелерi бойынша осы мүлiкпен жауап бередi, өз атынан мүліктік және мүліктік емес құқықтарға ие болуы және жүзеге асыруы, мiндеттемелердi орындауы, сотта талапкер және жауапкер болуы мүмкiн.
6. Қордың жеке теңгерiмi және банктiк шоты болады.
2. Қызметінің мақсаттары, мiндеттерi және негiзгi бағыттары
1. Қордың қызметі еріктілік, тең құқылық, өзін-өзі басқару, заңдылық және жариялылық қағидаттарына негізделеді.
2. Қор қызметiнiң мақсаттары, мiндеттерi және негiзгi бағыттары:
әлеуметтiк, экономикалық және саяси салаларда ғылыми зерттеулерге қатысу;
халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға жағдай жасау және әлеуметтiк, экономикалық және саяси салаларда тәжiрибе алмасу;
әлеуметтiк, экономикалық және саяси салалардағы ғылыми зерттеулер мен практикада басымдықты бағыттарды анықтау және дамуына жәрдемдесу;
ғылыми және педагогтік кадрларды даярлауға және олардың бiлiктiлiгiн көтеруге қатысу;
Қордың шеңберiнде жекелеген ғалымдардың және студенттердiң, ғылыми және қоғамдық-педагогтiк ұжымдардың, гуманитарлық және қоғамдық ғылымдарды көпшiлiкке таратушылардың неғұрлым маңызды зерттеу жұмыстарын қолдау және көтермелеу;
ғылыми бiлiмдердi тарату, семинарлар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер, конференциялар және т.б өткізу, консультациялық қызметтер көрсету;
қазiргi заманғы өркениеттiң жетiстiктерi проблемалары бойынша халықаралық көрмелер және телекөпiрлер ұйымдастыру;
ақпараттық және жарнамалық баспа қызметiн жүзеге асыру;
қайырымдылық қызметiн жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық шарттарға және жоғарыда аталған жарғылық мақсаттар мен мiндеттерге қайшы келмейтiн басқа да қызметтi жүзеге асыру болып табылады.
3. Қызметiнiң мақсаттарын, мiндеттерiн және негiзгi бағыттарын іске асыру үшiн Қор:
Қордың қызметiне байланысты ғылыми, оның iшiнде халықаралық зерттеулердi, ғылыми-практикалық конференцияларды, симпозиумдарды, дөңгелек үстелдердi және т.б. өткiзуге және қаржыландыруға;
ғалымдарды және мамандарды оқыту, қайта даярлау, біліктілiгiн көтеру және тәжiрибе алмасу үшiн шет елдерге іссапарға жiберудi ұйымдастыруға;
тiкелей халықаралық қатынастарды және байланыстарды қолдап отыруға, шетелдiк ұйымдармен келiсiмдер жасасуға;
бұқаралық ақпарат құралдарын құруға және редакциялық-баспа қызметiн жүзеге асыруға;
өз қызметi туралы ақпарат таратуға;
қоғамдық өмiрдiң әртүрлi мәселелерi бойынша бастамалар көтеруге, мемлекеттiк өкiмет және басқару органдарына ұсыныстар жасауға;
жарғылық мақсаттарға сәйкес келетiн және жарғылық мақсаттарға қол жеткізу үшiн кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға, осы үшiн шаруашылық серіктестіктер мен қоғамдар құруға немесе оларға қатысуға, сондай-ақ кәсiпкерлiк қызметтi жүргiзуге арналған мүлiктердi сатып алуға;
Қордың жарғылық қызметiн қаржыландыру үшiн отандық және шетел инвесторларының қаражаттарын тарту жөнінде iс-шаралар өткiзуге, оның iшiнде дәрiстер, көрмелер, лотереялар, аукциондар ұйымдастыруға, қолданылып жүрген заңдарда белгiленген тәртiппен бағалы қағаздармен
операциялар жасауға;
шарттар жасасуға, мүлiктердi сатып алуға және жалдауға, заңды және
жеке тұлғалармен өзге де азаматтық-құқықтық қатынастар жасауға;
белгiленген тәртiппен сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыруға;
қайырымдылық мақсаттарға өз қаражатын пайдалануға;
Қордың мақсаттарына қайшы келмейтiн және заң тыйым салмайтын өзге де
қызметтi жүзеге асыруға құқылы.
3. Қордың құрылтайшысының құқықтары мен міндеттері
1. Қор оның құрылтайшысының бастамасы бойынша құрылған.
2. Қордың құрылтайшысы:
Қор ұйымдастыратын iс-шараларға қатысуға;
Қордың ақпараттық және талдамалық материалдары мен әзiрлемелерiн
пайдалануға;
Қордың шеңберiнде әлеуметтiк, саяси және экономикалық салалардағы бағдарламалар мен жобаларды әзiрлеуге және iске асыруға;
қоғамдық пайдалы мақсаттармен ұйымдарды құруға немесе құруға қатысуға;
кадрларды оқыту үшін басымдықты тәртiппен материалдық базаны және Қордың басқа да мүмкiндiктерiн пайдалануға;
Қордың мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру үшiн жеке кәсіби, шығармашылық орталықтар, зертханалар, шеберханалар және т.б. құруға;
Қордың тапсырмасы бойынша қазақстандық, халықаралық ұйымдарда оның мүдделерiн бiлдiруге;
Қор қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша ұсыныстар және сыни ескертпелер енгiзуге құқылы.
3. Қордың құрылтайшысы осы Жарғының талаптарын, Қордың басшы органдарының шешiмдерiн орындауға және оның жарғылық қызметiне жан-жақты жәрдемдесуге мiндеттi.
4. Жарғы Қордың құрылтайшысы үшiн Жарғының тиiстi бөлiмдерiнде басқа да құқықтарды көздейдi.
4. Қордың қызметi
1. Қор бухгалтерлiк есептi және статистикалық есептiлiктi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзедi, өзiнiң қызметi туралы ақпаратты мемлекеттiк салық және статистикалық органдарға, Қордың Қамқоршылық Кеңесiне табыс етедi.
2. Қордың меншiгiнде жер учаскелерi, ғимараттар, құрылыстар, құрылғылар, тұрғын үй қоры, көлiк, жабдықтар, мүкәммал, мәдени-ағартушылық және сауықтыру мақсатындағы мүлiктер, теңгемен және шетелдiк валютамен ақшалай қаражаттары, акциялары, басқа да бағалы қағаздары және осы Жарғымен айқындалған Қордың қызметiн материалдық қамтамасыз ету үшiн қажеттi өзге де мүлiктерi болуы мүмкiн.
Сондай-ақ, Қордың меншiгiнде оның жарғылық мақсаттарына сәйкес меншiктi қаражаттар есебiнен құрылатын және сатып алынатын баспалары, бұқаралық ақпарат құралдары және өзге де ұйымдары болуы мүмкiн.
Қор өз қызметiн сенiмгерлiк басқару негiзiнде жүзеге асыруы мүмкiн.
3. Қорға оның құрылтайшысы берген мүлiктер Қордың меншiгi болып
табылады. Құрылтайшы өзi құрған Қордың мiндеттемелерi бойынша жауап
бермейді, ал Қор өзiнiң құрылтайшысының мiндеттемелерi бойынша жауап
бермейдi.
4. Қор өзiнiң мүлкiн пайдалану туралы есептердi жыл сайын жариялап
тұрады.
5. Қор мүлiктерiн ақшалай және өзге де нысандарда қалыптастыру
көздерi:
құрылтайшылардан және басқа да қатысушылардан түсетiн тұрақты және
бiржолғы түсiмдер;
ерiктi жарналар мен қайырымдылық көрсетулер;
дәрiстерден, көрмелерден, лотереялардан, аукциондардан және өзге де
іс-шаралардан түсетiн түсiмдер;
кәсiпкерлiк және баспа қызметiнен алынатын кiрiстер;
акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар және салымдардан
алынатын дивидендтер (кiрiстер, пайыздар);
Қордың меншiгiнен алынатын кiрістер;
заңда тыйым салынбаған басқа да түсiмдер болып табылады.
6. Қордың тапқан пайдасы тек жарғылық мақсаттарға қол жеткізу үшін
ғана пайдаланылуы тиіс.
7. Қор Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бюджетке,
кедендiктi қоса алғанда, салықтарды және басқа да мiндеттi төлемдердi
төлейдi.
5. Қорды басқару, оның құрылымы
1. Қорды басқаруды оның құрылтайшысы жүзеге асырады. Құрылтайшының
қарауына:
заңдарда белгiленген тәртiппен Қорды қайта ұйымдастыру немесе тарату;
Қордың Жарғысын бекiту, оған толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу;
Қорды басқарудың тұрақты жұмыс істейтiн алқалық органының құрамын - Қордың Президентi басқаратын Атқарушы комитеттi және Қордың вице-Президентiн бес жыл мерзiмге қалыптастыру;
Қамқоршы Кеңестiң құрамын бекiту, оған Қор Президентiнiң ұсынысы бойынша өзгерiстер енгiзу;
бес жыл мерзiмге тексеру комиссиясының құрамын бекiту, оған Қор Президентiнiң ұсынысы бойынша өзгерiстер енгiзу;
Қор қызметiнiң басымдықты бағыттарын және перспективалық жұмыс жоспарларын бекiту;
Президенттiң немесе Қамқоршы Кеңестiң бастамасы бойынша оның қарауына шығарылған мәселелер бойынша шешiмдер қабылдау жатқызылады.
Шешiмдер хаттамаға енгiзiлiп, оған Қордың Президентi және техникалық хатшы қол қояды.
2. Қорды басқарудың тұрақты жұмыс істейтiн алқалық органы Қордың Президентi басқаратын Атқарушы комитет болып табылады. Қордың вице-президентi лауазымы бойынша Атқарушы комитеттiң мүшесi болып табылады. Атқарушы комитеттiң қарауына:
а) Қордың атынан заңды тұлғалардың құқықтарын жүзеге асыру;
б) Қордың Жарғысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, оларды кейiн Қор құрылтайшысына бекiтуге ұсыну;
в) Қордың құрылымдық бөлiмшелерiнiң және оның шаруашылық ұйымдарының жарғыларын, ережелерiн бекiту;
г) Қорға түсетiн, сондай-ақ ол өз қаражатына жасаған және (немесе) сатып алынған мүлiктiң меншiк иесi құқықтарын жүзеге асыру;
д) Қор құрылтайшысының шешiмдерiн орындау;
е) Қордың құрылымдық бөлiмшелерiнiң және оның ұйымдарының қызметiн үйлестiру жатады.
Атқарушы комитеттiң мәжілiстерi қажеттiлiкке қарай өткiзіледi. Шешiм мәжiлiске қатысып отырған атқарушы комитет мүшелерiнiң жай көпшiлiк дауысымен қабылданады және егер отырысқа оның мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде 2/3 қатысатын болса, күшiнде деп саналады.
Атқарушы комитеттiң мәжiлiстерi және шешiмдерiне Қор Президентi, ал ол жоқ болса, Қордың вице-президентi қол қоятын хаттамамен ресiмделедi.
3. Қордың қызметiне басшылық жасауды келесi мерзiмге қайта сайлануға құқық берiле отырып, бес жылдық мерзiмге сайланатын Қордың Президентi жүзеге асырады.
Қордың мүлiктерi мен істерiн басқару функцияларын жүзеге асыру үшiн Қордың Президентi "Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" Қазақстан Республикасы Заңының негiзiнде еңбек қатынастарын жүргiзетiн штаттық қызметкерлердiң аппараты болады.
4. Қордың Президенті Қордың қызметiн ұйымдастырады және оның нәтижелерiне жауап бередi, Қор вице-президентінің қызметтiк құқықтары мен міндеттерін белгiлейдi, Атқарушы комитеттiң шешiмдерiне сәйкес Қордың мүлiктерi мен қаржылық қаражаттарына билiк етедi, құрылымы мен штаттық кестесiн белгiлейдi, Қордың қызметкерлерiн жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады, олардың арасында мiндеттердi бөледі, Қордың барлық қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті өкімдер, ережелер, нұсқаулықтар және басқа да құжаттар шығарады, Қордың Атқарушы комитетiнің қызметіне басшылық жасайды, аудиторды тағайындайды, Қордың атынан сенiмхатсыз iс-әрекет жасайды, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк өкімет пен басқару органдарында және шет елдерде оның мүдделерiн бiлдiредi, мәмiлелер жасайды, сотта мүдделерiн бiлдiредi, сенiмхат бередi, Қор қызметiнiң мәселелерi бойынша басқа да функцияларды атқарады.
Қор Президентi өзiнiң жекелеген өкiлеттiктерiн орындауды Қордың вице-президентiне жүктеуi мүмкiн.
5. Қордың қызметiн, оның мүлкiнiң пайдаланылуын, Қордың заңдарды сақтауын қадағалауды қоғамдық негiзде жұмыс iстейтiн Қамқоршылық Кеңес (мәтiн бойынша бұдан әрi - Кеңес) жүзеге асырады.
6. Кеңестiң құрамы және оның төрағасы Қор құрылтайшысының шешiмiмен бекiтiледi.
Кеңестiң құрамы өкiлеттiк мерзiмi шектелмей, қордың қызметiне қолдау жасайтын, Қордың мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыруда нақты көмек көрсетуге қабiлеттi адамдардан және заңды тұлғалардың өкiлдерiнен қалыптастырылады.
Қордың Президентi лауазымы бойынша Кеңестiң құрамына енедi.
Кеңестiң құрамына Қор аппаратының штаттық қызметкерлерi кiре алмайды.
Қордың құрамына өзгерiстер Қор Президентiнiң ұсынуы бойынша Қор құрылтайшысының шешiмiмен енгiзiледi.
7. Кеңестiң мәжілiстерi қажеттiлікке қарай өткiзiледi, бiрақ жылына бiр реттен кем болмауы тиiс. Шешiм мәжiлiске қатысушы Кеңес мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданады және егер мәжiлiске оның мүшелерiнiң жалпы санынан кемiнде 2/3 мүшесi қатысса, күшiнде деп саналады.
Кеңестiң мәжiлiстерi және шешiмдерi Кеңес төрағасы қол қоятын хаттамамен ресiмделедi.
Кеңес өз мәжiлiстерiнде Қордың қызметi және оның қаражаттарының жұмсалуы туралы баяндамаларды тыңдайды, Қор қызметiнiң негізгi бағыттары, оның мүлкiн қалыптастыру және пайдалану қағидаттары бойынша ұсынымдар әзiрлейдi, Қордың қаржылық-шаруашылық қызметiн тексерiстердің және тексерулердiң нәтижелерiн қарайды.
Кеңес Қор Жарғысының сақталудың қадағалауды жүзеге асырады.
Кеңес Қор өткiзетiн іс-шараларға қатысу үшін өзінің өкілдерін жіберуі
мүмкiн.
Кеңестің жұмысын материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық
қамтамасыз ету Қордың аппаратына жүктеледi.
Кеңестiң жұмысына қатысумен тiкелей, байланысты Кеңес мүшелерiнің
шығыстары Қордың қаражаты есебiнен төленедi.
8. Қордың қаржылық-шаруашылық қызметiне тексерiстер мен тексерулердi
Қордың Президентi немесе Қор құрылтайшысы бес жылдық мерзiмге құрамы үш
адам етiп бекiтетiн тексеру комиссиясы тағайындайтын аудитор жүргiзедi.
Тексеру комиссиясының құрамына Қордың штаттық қызметкерлерi және
олардың туысқандары сайлана алмайды.
9. Қордың филиалдары және өкiлдiктерi құрылымдық бөлiмшелерi болып
табылады.
Қордың ұйымдары өздерiнiң жарғыларына сәйкес өз қызметiн жүзеге
асырады.
Мамандар:
Багарова Ж.А.,
Қасымбеков Б.А.