Қызметкерлерінің орташа жалақысын есептеу тәртібі жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 29 желтоқсан N 1942. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 1394 Қаулысымен

       Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы  N 1394  Қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" Қазақстан Республикасының  Заңын  іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 
      1. Қоса беріліп отырған Қызметкерлерінің орташа жалақысын есептеу тәртібі жөніндегі нұсқаулық бекітілсін. 
      2. Мыналардың: 
      1) "Сақтандыру жарнасы есептелмейтін және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру бойынша зейнетақы мен жәрдемақы есептеу үшін орташа жалақыны анықтаған кезде есепке алынбайтын төлемдер тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 26 наурыздағы N 419  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., N 13, 95-құжат);
      2) "Ұйымдардың қызметкерлеріне орташа жалақы есептеудің тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 12 тамыздағы N 1251  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., N 37, 352-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы 2001 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      бірінші орынбасары

Қазақстан Республикасы      
Үкіметінің           
2000 жылғы 29 желтоқсандағы    
N 1942 қаулысымен         
бекітілген             

            Қызметкерлердің орташа жалақысын есептеу тәртібі
                             жөніндегі
                             нұсқаулық      

                            І. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық қызметкерлердің орташа жалақысын есептеу тәртібін, оны есептеудің арнаулы тәртібін  заңнама  белгілейтін жағдайларды қоспағанда, орташа жалақыны сақтауға (төлем - ақшалай түрде)  заңнама  кепілдік берген жағдайлардың бәрінде белгілейді. 
      2. Орташа жалақыны анықтаудың арнаулы тәртібі зейнетақы төлемдерін есептеу үшін - зейнетақымен қамсыздандыру туралы  заңнамамен , денсаулықтың бұзылуы салдарынан айрылған жалақыны есептеу үшін - азаматтық  заңнамамен  белгіленген. 
      3. Орташа жалақыны есептеу үшін  заңнамаға  сәйкес төленуі тиіс ақымен (төлеммен) байланысты оқиғаның алдындағы күнтізбелік он екі ай (1-нен 1-не дейінгі күндер) есепті кезең болып табылады. 
      Есепті кезең деп ұзақтығы күнтізбелік он екі ай кезең (жыл) не қызметкер жұмыс берушіде күнтізбелік он екі айдан (жылдан) кем істеген болса, нақты жұмыс істеген кезең түсініледі. 
      Оқиға деп қызметкердің демалысқа шығуы, жеке еңбек шартын тоқтатуы немесе бұзуы, еңбекке уақытша жарамсыздығы, жүктілігі мен босануы және орташа жалақының, Қазақстан Республикасының заңнамасына  Z990493_   Z980321_  сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздығына, жүктілігі мен босануы бойынша әлеуметтік жәрдемақының, бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) берілетін әлеуметтік жәрдемақының сақталуымен немесе төленуімен байланысты басқа да жағдайлар түсініледі. 
      4. Барлық жағдайда Қазақстан Республикасының  заңнамасында  белгіленген мейрам күндері есепті кезеңнен алынып тасталады. 
      5. Қызметкерлердің орташа жалақысын анықтау үшін орташа күндік табыс не орташа сағаттық табыс пайдаланылады. 
      6. Бес күндік те, алты күндік те жұмыс аптасы кезінде орташа жалақыны есептеу тиісті есепті кезең үшін еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген қосымшаақылар мен үстемеақылар, сыйлықтар және тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері ескеріле отырып, орташа күндік жалақы есебінен жүргізіледі.
      6-1. Жалақы арттырылған жағдайда орташа жалақыны есептеу, арттыру коэффициентiн ескере отырып, мынадай тәртiппен жүргiзiледi:
      1) егер арттыру есептi кезеңде жүргiзiлсе, арттыру кезеңiнiң алдында есептелген орташа жалақы есептi кезеңнiң әрбiр айының коэффициентiне арттырылады;      
      2) егер арттыру есептi кезеңнен кейiн оқиға болғанға дейiн жүргiзiлсе, есептi кезеңде есептелген орташа жалақы коэффициентке арттырылады;
      3) егер арттыру оқиға кезеңiнде жүргiзiлсе, орташа жалақының бiр бөлiгi лауазымдық жалақы (ставка) арттырылған күнiнен бастап көрсетiлген кезең аяқталғанға дейiн коэффициентке арттырылады.
      Арттыру коэффициентi оқиға басталған айда белгiленген лауазымдық жалақыны (ставканы) арттыруға дейiн белгiленген лауазымдық жалақыға (ставкаға) бөлу жолымен есептеледi.
       Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2006.07.11. N   657  (алғаш рет pecми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.
      7. Қызметкерлердің орташа жалақысы есепті кезеңдегі нақты жұмыс істеген уақыты үшін белгіленеді. 
      Жұмыс берушіде бір жылдан кем жұмыс істеген қызметкерлер үшін орташа жалақы, сол жұмыс берушіде жұмыс істеген нақты уақыты үшін белгіленеді. 
      8. Орташа жалақыны есептеу кезінде қоса беріліп отырған Тізбеге сәйкес төлемдер алынып тасталады. 
      9. Еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген сыйлықтар мен басқа да ынталандыру сипатындағы төлемдер орташа жалақыны есептеу кезінде нақты алған уақыты бойынша емес, есептелген уақыты бойынша қосылады: еңбекке ақы төлеу мен сыйлық беру жүйесінде, сондай-ақ материалдық көтермелеудің басқа да нысандарында көзделген тоқсандық, жарты жылдық, жылдық сыйлықтар және (немесе) еңбек сіңірген жылдары үшін, жыл қорытындысы бойынша сыйақылар тиісінше есеп айырысу кезеңінің әрбір айына 1/3, 1/6, 1/12 мөлшерінде есептеледі; айлық сыйлықтар есепті кезеңнің әрбір айы үшін біреуден аспауға тиіс. 
      Есеп айырысу кезеңіне сай келетін уақыт жұмыспен толық өтелмеген жағдайларда, сыйлықтар мен ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдер орташа жалақыны есептеген кезде есеп айырысу кезеңіндегі жұмыс істеген уақытына тепе-тең ескеріледі. 

 

                2. Орташа күндік (сағаттық) табысты анықтау 

 
      10. Орташа күндік табыс демалысқа ақы төлеуден және пайдаланылмаған демалысқа өтемақы төлеуден басқа барлық жағдайларда, есепті кезеңде есептелген жалақы сомасын  заңнама  белгілеген күнтізбе бойынша бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасының тиісінше жұмыс күндері санына бөлу жолымен анықталады. 
      11. Жұмыс уақытын жинақтап есептеу кезінде қызметкердің орташа жалақысын есептеу үшін орташа сағаттық табыс қолданылады. Орташа сағаттық табыс есеп айырысу кезеңінде есептелген орташа жалақының сомасын  заңнама  белгілеген күнтізбе бойынша тиісінше бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы жұмыс уақытының теңгеріміне орай осы кезеңдегі жұмыс сағаттарының санына бөлу жолымен анықталады. 
      12. Егер есеп айырысу кезеңі жұмыспен толық өтелмесе, орташа күндік (сағаттық) табыс есеп айырысу кезеңінде есептелген жалақының (еңбек ақының) сомасын жұмыс істеген уақытқа сай келетін күнтізбе бойынша бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасының нақты жұмыс күндері (жұмыс сағаттары) санына бөлу жолымен анықталады. 
      13. Егер есеп айырысу кезеңінде қызметкер табыс таппаған болса, онда орташа жалақы сол жұмыс берушіде жұмыс істеген он екі айы не нақты жұмыс істеген уақыты үшін жалақысына орай есептеледі. 
      14. Ұйымда ұжымдық шартпен және (немесе) жұмыс берушінің өзге кесімімен белгіленген қысқартылған (толық емес) жұмыс аптасы кезінде орташа күндік табыс, осы Нұсқаулықтың 10-13-тармақтарында көзделген тәртіппен анықталады. 
      15. Нақты қызметкердің орташа жалақысы орташа күндік (сағаттық) табысты төленуге жататын жұмыс күндеріне (жұмыс сағаттарына) көбейту жолымен анықталады. 
      16. Ұйым (заңды тұлға) таратылғанда, жұмыс беруші (жеке тұлға) қызметін тоқтатқанда, қызметкерлер саны немесе штаты қысқарғанда, қызметкер әскери қызметке шақырылғанда қызметкерге берілетін өтемақыны (жұмыстан шығу жәрдемақысын) есептеуге арналған орташа жалақы орташа күндік жалақысын өндірістік күнтізбе бойынша бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы жұмыс күндерінің орташа айлық санына көбейту жолымен анықталады. 
      17. Уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша, жүктілігі мен босануы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны, бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) берілетін әлеуметтік жәрдемақыны есептеуге арналған орташа күндік жалақы, осы Нұсқаулықтың 10-тармағында көзделген тәртіппен анықталады. 
      Жұмысты вахталық әдіспен орындайтын қызметкерлерде еңбекке уақытша жарамсыздық басталған жағдайда әлеуметтік жәрдемақыны есептеуге арналған орташа жалақы, орташа сағаттық табысты  заңнама  белгілеген жұмыс уақытының нормасы шегінде жасалған кесте бойынша еңбекке жарамсыздық салдарынан жіберілген жұмыс сағаттары санына көбейту жолымен анықталады. 

       3. Жыл сайынғы еңбек демалысына (негізгі және (немесе)
           қосымша) ақы төлеу немесе пайдаланылмаған еңбек
                    демалысына өтемақы төлеу үшін 
                    орташа күндік табысты анықтау 

 
      18. Жыл сайынғы еңбек демалысына (негізгі және (немесе) қосымша) ақы төлеу немесе пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы төлеу үшін орташа күндік табыс, есеп айырысу кезеңіне есептелген жалақы сомасына орай анықталады. 
      Жеке еңбек шартын бұзған кезде, қызметкер жұмыс берушіде бір жылдан кем жұмыс істеген жағдайларда пайдаланылмаған жыл сайынғы еңбек демалысы үшін өтемақы, қызметкер жұмыстан шығу алдындағы айда (1-інен 1-іне дейінгі күндер) жұмыс істеген уақыты үшін есептелген жалақысының сомасына орай анықталады. 
      19. Демалысқа ақы төлеуге немесе пайдаланылмаған демалысқа өтемақы төлеуге арналған орташа күндік табыс: 
      1) егер барлық есеп айырысу кезеңі жұмыспен толық өтелсе, онда есеп айырысу кезеңіндегі жалақының есептелген сомасын 12-ге және жыл ішіндегі күнтізбелік күндердің орташа санына бөлу жолымен; 
      2) егер есеп айырысу кезеңі жұмыспен толық өтелмесе, онда есеп айырысу кезеңінде жұмыс істеген уақыт үшін есептелген жалақының сомасын, сол жұмыс істеген уақытқа сай келетін күнтізбелік күндер санына бөлу жолымен; 
      3) егер қызметкер есеп айырысу кезеңінде табыс таппаған болса, онда жұмыс істеген он екі ай ішінде не осы жұмыс берушіде нақты жұмыс істеген уақыты үшін есептелген жалақысының есептелген сомасын, осы жұмыс уақытына сай келетін күнтізбелік күндер санына бөлу жолымен есептеледі.
      20. Алашақпен берілетін немесе соңғы екі жұмыс жылы үшін берілетін демалысты төлеу немесе пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төлеу осы Нұсқаулықтың 18, 19-тармақтарында көзделген тәртіппен жүргізіледі.     

  Қосымша        

     

                   Орташа жалақыны есептеу
             кезінде есепке алынбайтын төлемдер
                         тізбесі     

     1. Пайдаланылмаған жыл сайынғы еңбек демалысы үшін өтемақы.

 
      2. Еңбекке уақытша жарамсыздығы, жүктілігі мен босануы бойынша әлеуметтік жәрдемақылар, бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) берілетін әлеуметтік жәрдемақылар. 
      3. Жыл сайынғы еңбек демалысын беру кезінде қызметкерлерге төленетін сауықтыру жәрдемақысы. 
      4. Қызметтік іссапарға жіберілетін қызметкерлерге берілетін өтемақы. 
      5. Тұрақты жұмысы жол үстінде немесе жүріп-тұру сипатында не қызмет көрсететін учаскелер шегінде қызметтік сапарлармен байланысты болған жағдайларда тәулікақылар орнына белгіленетін қосымшаақылар мен үстемеақылар. 
      6. Дала жұмыстарымен айналысатын қызметкерлерге берілетін далалық жабдықталым. 
      7. Қызметкерді ұйыммен бірге басқа жерге ауыстырған кезде берілетін өтемақы. 
      8. Қызметкердің (жеке тұлғаның) жеке мүлкін, тараптардың келісімі негізінде, өндіріс мақсатында пайдалану кезіндегі шығындарға өтемақы. 
      9. Заңнамаға сәйкес берілген арнаулы киімнің, арнаулы аяқкиімнің, басқа да жеке қорғаныс және алғашқы дәрігерлік көмек құралдарының, сабынның, майсыздандыру құралдарының, емдеу-сауықтыру тағамы үшін берілетін сүттің немесе басқа да құндылығы тең азық-түліктер құны. 
      10. Қызметкер еңбек міндеттерін атқару кезінде оның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдер (айрылған жалақы бөлігіндегі төлемдерден басқа). 
      11. Қызметкерлерге жұмыс беруші көрсететін материалдық көмек (ақшалай жәрдемақы) (бала туған кезде, дәрігерлік қызметтің ақысын төлеу үшін, жерлеуге және басқа жағдайларда). 
      12. Қолданыстағы заңнамамен белгіленген мерекелік күндерге, мерейтой күндеріне байланысты, қызмет міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін, мінсіз еңбек қызметі үшін, зейнетақыға шығуына орай жұмыс беруші еңбекке ақы төлеу қоры есебінен беретін біржолғы көтермелеу төлемдері (біржолғы ақшалай сыйақыларды қоса).
      13. Жұмыс берушінің кінәсінен жалақы төлемдері кешіктірілген кезде және міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы аудармағаны үшін жұмыс беруші заңнамаға сәйкес қызметкерге төлейтін өсімақылар.
      14. Қызметкерлерді оқытумен және біліктілігін арттырумен байланысты шығындар.
      15. Ұжымдық келісімде және (немесе) жұмыс берушінің кесімінде жұмыс беруші қаржысы есебінен қосымша көзделген өтемақылар мен әлеуметтік кепілдіктер төлемдері.
      16. Спорттық байқауларда, конкурстар мен жарыстарда жүлделі орындар үшін берілетін ақшалай марапаттар.     

 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады