Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. "Еңбек инспекциясы туралы 1947 жылғы конвенцияны бекiту туралы"
Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi
Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Еңбек инспекциясы туралы
1947 жылғы конвенцияны бекіту туралы
1947 жылғы 11 шілдеде Женевада қабылданған Еңбек инспекциясы туралы
1947 жылғы конвенция бекітілсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ
ОТЫЗЫНШЫ СЕССИЯ
Женева, 1947 ж. 19 маусым - 11 шiлде
81-КОНВЕНЦИЯ
ӨНЕРКӘСІПТЕГI ЖӘНЕ САУДАДАҒЫ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ
1
ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ
Женевада Халықаралық Еңбек Бюросының Әкімшiлiк Кеңесi шақырған және
1947 жылдың 19 маусымында өзiнiң отызыншы сессиясына жиналған, Халықаралық
Еңбек Ұйымының Бас Конференциясы
сессияның күн тәртiбiнiң төртiншi тармақ болып табылатын
өнеркәсiптегі және саудадағы еңбек инспекциясы туралы бiрқатар ұсыныстарды
қабылдауды қаулы ете отырып,
осы ұсыныстарға халықаралық конвенция нысанын берудi шеше отырып,
бір мың тоғыз жүз елу жетiншi жылдың шiлде айының он бірiншi
жұлдызында 1947 жылғы Еңбек инспекциясы туралы конвенция деп атауға
болатын төмендегі Конвенцияны қабылдайды:
І-бөлiм. Өнеркәсiптегi еңбек инспекциясы
1-бап
Осы Конвенцияны таныған Еңбек Ұйымының әрбiр Мүшесi өнеркәсiптiк кәсiпорындарында еңбек инспекциясының жүйесiн енгізуге міндеттенеді.
2-бап
1. Өнеркәсіптік кәсiпорындарындағы еңбек инспекциясының жүйесi еңбек жағдайлары және еңбекшiлердi қорғау жөнiндегі заңдардың ережелерiн жұмыс барысында олардың қолдануын қамтамасыз етуге мiндеттi еңбек инспекторларына қатысты барлық кәсiпорындарға қолданылады.
2. Ұлттық заңнама бойынша тау-кен және көлiк өнеркәсiбiнiң кәсiпорындары немесе осы кәсiпорындардың бiр бөлiгі осы Конвенцияның ықпалына жатқызылмауы да мүмкiн.
3-бап
1. Еңбек инспекциясы жүйесiнiң мiндетіне төмендегілер кiредi:
а) еңбек инспекторларының аталған ережелердiң қолданылуын тиiсті қамтамасыз етуi қажеттiлiгіне қарай, еңбекшiлердiң жұмыс барысында, оларға еңбек жағдайларын жасау және олардың қауiпсiздiгін қорғау саласындағы заңнама ережелерiн, мәселен, жұмыс күнiнiң ұзақтығы, еңбек қауiпсiздігі, денсаулық сақтау мен әл-ауқаты, балалар мен жасөспiрiмдердiң еңбегін пайдалану туралы және басқа да осындай мәселелер жөнiндегi ережелердi қолдануды қамтамасыз ету;
b) кәсiпкерлер мен еңбекшілердi техникалық ақпаратпен және заңнама ережелерiн сақтаудың аса тиiмдi құралдары туралы кеңестермен қамтамасыз ету;
с) қолданылып жүрген заңнама ережелерiнiң ықпалына жатпайтын әрекетсiздiк немесе терiс пайдаланушылық фактілерi туралы өкіметтiң құзыреттi органына хабарлау.
2. Егер еңбек инспекторларына басқа функциялар тапсырылса, олар инспекторлардың негiзгі функцияларын жүзеге асыруға кедергі жасамауға және инспекторларға олардың кәсіпкерлермен және еңбекшілермен қарым-қатынастарындағы қажеттi беделiне немесе риясыздығына ешбiр жағдайда нұқсан келтiрмеуге тиiс.
4-бап
1. Еңбек инспекциясы Ұйым Мүшесiнiң әкімшiлiк тәжiрибесiмен сыйысатын дәрежеде орталық өкіметтiң қарауында және бақылауында болады.
2. Федеративтiк мемлекет үшiн "орталық орган" деген сөз не федерацияның орталық органы, не федерацияның құрамдас бөлiктерiнiң бiрiнiң федералдық органы дегендi бiлдiруi мүмкін.
5-бап
Өкiметтiң құзыреттi органы:
а) бiр жағынан - инспекция қызметтерi, екіншi жағынан - басқа да мемлекеттiк қызметтер, сондай-ақ осындай қызметте жүзеге асыратын мемлекеттiк және жеке мекемелердiң арасындағы тиiмді ынтымақтастыққа;
b) еңбек инспекциясы қызметшiлерi мен кәсiпкерлер және еңбекшiлер немесе олардың ұйымдарының арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшiн тиiстi шаралар қолданады.
6-бап
Инспекцияның персоналы мәртебесi мен жұмыс жағдайлары олардың лауазымда болуының тұрақтылығын қамтамасыз ететiн және оларды үкiметтегі кез келген өзгерiстерден немесе кез келген сыртқы ықпалдардан тәуелсiз ететiн мемлекеттiк қызметшiлерден тұрады.
7-бап
1. Жұмысқа қабылдау ұлттық заңнамаға сәйкес мемлекеттiк мекемелерге қызметшiлердi қабылдаудың ережелерi сақталған жағдайда, еңбек инспекторына жүктелетiн мiндеттерге үміткердің жарамдылығы негізiнде ғана жүргізiледi.
2. Мұндай жарамдылықты тексерудiң әдiстерiн өкiметтiң құзыретті органы белгiлейдi.
3. Еңбек инспекторлары өз функцияларын жүзеге асыру үшiн тиiстi даярлықтан етедi.
8-бап
Инспекция қызметкерлерiнiң құрамына ер адамдармен бiрге, әйелдер де кiруi мүмкiн. Қажет болған жағдайда, ер адам инспекторлар мен әйел инспекторларға тиiсiнше ерекше мiндеттер жүктелуi мүмкін.
9-бап
Ұйымның әрбiр Мүшесi денсаулық сақтау және еңбекшiлердiң жұмыс iстеген кезiндегі қауiпсiздігіне қатысты заңнамалық ережелердiң қолданылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ қолданылып жүрген тәсiлдердiң, материалдардың және әдiстердiң еңбекшiлердiң денсаулығына және қауiпсiздiгіне тигiзер әсерi туралы ақпарат алу мақсатында, медицина, механика, электр және химия салаларындағы мамандарды қоса алғанда, бiлiктi сарапшылар мен мамандарды, инспекция жұмысының ұлттық ерекшелiктерге сәйкестiгі ең жоғары болып танылған нысандарына тарту үшiн қажеттi шаралар қабылдайды.
10-бап
Инспекциялық қызметтiң функцияларын тиiмдi түрде iске асыру үшiн
еңбек инспекторларының жеткiлiктi санын қамтамасыз ету мақсатында
шаралар қолданылуы тиiс, және осы сан төмендегілер ескерiле отырып
белгiленедi:
а) инспекторлар орындауға тиiстi мiндеттердің маңыздылығы, атап
айтқанда:
i) инспекциялауға жататын кәсiпорындардың саны, сипаты, мөлшерi және
орналасқан жерi;
ii) осы кәсiпорындарда жұмыс iстейтiн еңбекшiлердiң саны мен
санаттары;
iii) қолданылуын олар қамтамасыз етуге тиiстi заңнама ережелерiнiң
саны мен күрделiлiгі;
b) инспекторлардың иелiк етуiне берiлген материалдық құралдар және;
с) тиiмдi болу үшiн олардың кезiнде инспекциялық тексерулер
жүргізiлуi тиiс іс жүзiндегі жағдайлар.
11-бап
1. Өкіметтiң құзыреттi органы еңбек инспекторының иелiгінде төмендегілердiң болуы үшiн қажеттi шаралар қабылдайды:
а) инспекция қызметiнiң мұқтаждықтарына сәйкес жабдықталған және барлық мүдделi тұлғаларға мүмкiндiгiнше ашық жергілiкті бюролар;
b) тиiстi қоғамдық көлiк құралы болмаған жағдайда, олардың функцияларын жүзеге асыру үшiн қажеттi көлiк құралдары.
2. Өкiметтiң құзыреттi органы функцияларының еңбек инспекторларына, орындалуы үшін қажетті барлық көліктік және кез келген қосымша шығындарды өтеу мақсатында қажеттi шаралар қабылдайды.
12-бап
1. Өздерiнiң өкiлеттiктерiн растайтын құжаттары бар еңбек инспекторлары төмендегілерге құқылы:
а) инспекцияның бақылауына жататын кез келген кәсiпорынға тәулiктiң қай уақытында болмасын алдын ала хабарламастан кедергiсiз кiруге;
b) инспекцияның бақылауына жатады деп есептеуге өздерiнiң жеткiлiкті негіздерi бар барлық ғимараттарға күндiзгі уақытта кiруге;
с) заңнама ережелерiнiң тиімдi сақталатындығына көз жеткізу үшiн олар қажет деп санай алатын кез келген тексерулердi бақылауды және зерттеулердi жүзеге асыруға, атап айтқанда:
i) кәсiпкерге немесе кәсiпорынның қызметкерлерiне заңнама ережелерi қолданылатын барлық салалар бойынша жеке немесе куәгерлердiң қатысуымен сұрақтар қоюға;
ii) жүргізiлуi еңбек жағдайлары мәселелерi жөнiндегі заңдармен ұйғарылған кез келген кітаптың, тiзiлiмнiң және құжаттың заңнама ережелерiне сәйкестiгін тексеру және олардың көшiрмесiн немесе кейбiр жерлерiнен үзiндiлердi түсiрiп алу мақсатында олармен танысуды талап етуге;
iii) заңнама ережелерiнде көзделгенiндей, хабарландыруларды iлудi талап етуге;
iv) материалдардың немесе заттардың талдау мақсатымен алынғанын және әкетiлгенiн кәсiпкердi немесе оның өкілiн хабардар еткен жағдайда, пайдаланатын немесе өңдейтiн материалдар мен заттардың үлгілерiн талдау үшiн алуға немесе өзiмен бiрге алып кетуге.
2. Хабарлау бақылаудың тиiмдiлiгіне нұқсан келтiреді деп есептемесе, инспекциялық тексерiс жүргізiлетiн жағдайда, өзiнiң баратындығы туралы кәсiпкерге немесе оның өкілiне хабарлайды.
13-бап
1. Қайсыбiр құрылыстағы, жабдықтағы немесе еңбек тәсiлдерiндегі еңбекшiлердiң денсаулығы мен қауiпсiздiгiне қатер төндiредi деп санауға негіз бар болса, инспекторлар кемшiлiктердi жою жөнiнде шаралар қабылдауды талап ете алады.
2. Еңбек инспекторларының осындай шаралар қабылдауына мүмкiндiгі болуы үшiн, ұлттық заңнамада көзделуi мүмкiн сот немесе әкімшiлiк органдарына шағымдану құқығы сақталған жағдайда, оларға мынадай өкімдер беруге немесе ол туралы талап қоюға уәкiлеттiк берiледi:
а) еңбекшiлердiң денсаулығын сақтау және қауiпсiздiгі мәселелерi жөнiндегi заңнама ережелерiнiң қатал сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi, құрылыстарға белгілi мерзiмде осындай өзгерiстердi енгізу туралы;
b) еңбекшілердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп-қатер төнген жағдайда - шұғыл орындауға жататын тиісті шаралар қабылдау туралы.
3. Егер 2-тармақта көзделген рәсім Ұйым Мүшесінің әкімшілік және сот практикасына қайшы келсе, инспекторлар дереу атқарылуға жататын шаралардың қабылдануы жөнінде өкіметтің құзыретті органына нұсқама немесе өкім шығару мақсатында өтiнiш жасауға құқылы.
14-бап
Өндiрiстегі жазатайым оқиғалар туралы және кәсiби аурулар туралы ақпарат еңбек инспекцияларына осы ұлттық заңнамада көрсетiлген жағдайларда ғана берiледi.
15-бап
Ұлттық заңнамада көзделуi мүмкін айрықшалықтар сақталған жағдайда, еңбек инспекторларына:
а) өз бақылауындағы кәсiпорындардың жұмысына тiкелей немесе жанама түрде қатысуға тыйым салынады;
b) өздерiне таныс өндiрiстiк немесе коммерциялық құпияларды немесе өз функцияларын жүзеге асырған кездегі өндiрiстiк процестердi, оларды тіптi қызметтен кеткеннен кейiн де жария етпеу, қылмыстық санкциялардың немесе тиiстi тәртiптiк шаралардың ықпалы арқылы, олардың мiндетiне жатқызылады;
с) кемшiлiктерге немесе заңнама ережелерiнiң бұзылуына жасалған кез келген шағым көздерiн аса құпиялы деп санауға және инспекциялық тексерулердiң осындай шағымның түсуiне байланысты болғандығын кәсiпкерге немесе оның өкiлiне хабарламауға ұйғарым берiледi.
16-бап
Кәсiпорындарды тексерудiң жиiлiгі және жан-жақтылығы тиiсті заңнама ережелерiн тиiмдi қолдануды қамтамасыз ету қажеттiлiгiне қарай жүзеге асады.
17-бап
1. Жүзеге асырылуы еңбек инспекторларына жүктелген заңнама ережелерiн бұзған немесе оны сақтаудан жалтарған адамдар алдын ала хабарландырылмастан, сот арқылы қудалауға кешiктiрiлместен тартылады. Алайда, ұлттық заңнамада ерекше жағдайлар ескерiлуi мүмкін, болған жағдайды түзеу үшiн немесе ескерту шараларын қабылдау үшiн алдын ала ескерту жасалынуы тиiс.
2. Сот арқылы iс қозғаудың немесе оны қозғауға ұсыныс жасаудың орнына ескерту жасау немесе кеңес беру керектігі туралы мәселенi инспекторлардың өздерiнiң шешуiне құқығы бар.
18-бап
Қолданылуы еңбек инспекторларының бақылауына жататын заңнама ережелерiнiң бұзылғаны үшiн және еңбек инспекторларына, олар мiндеттерiн атқару кезiнде көрсетiлген қарсы әрекеттер үшiн ұлттық заңнама бойынша тиiстi санкциялар көзделедi және олар тиімдi қолданылады.
19-бап
1. Еңбек инспекторлары немесе жергiлiктi инспекциялық қызметтер өздерінің қызметінің қорытындылары туралы инспекциялық қызметтің орталық органына ара-тұра жалпы сипаттағы баяндамалар ұсынады.
2. Осы баяндамалар орталық органның нұсқамаларына сәйкес әзiрленедi және осы органдардың ара-тұра көтеретін мәселелерiн қамтиды; олар орталық органның талап етуiне қарай, бірақ жылына кемінде бiр рет ұсынылады.
20-бап
1. Инспекцияның орталық органы өзiнiң бақылауындағы инспекциялық
қызметтердің жұмысы туралы жалпы сипаттағы жыл сайынғы баяндамаларды
жариялап отырады.
2. Осы баяндамалар жасалған жылдан кейiнгi он екі айдан аспайтын
ыңғайлы кезеңде жарияланады.
3. Жыл сайынғы баяндамалардың даналары, олар жарияланғаннан кейiнгi
мерзiмде, бірақ үш айдан кешiктiрiлмей, Халықаралық Еңбек Бюросының Бас
Директорына жiберiледi.
21-бап
Инспекция қызметiнің орталық органы жариялайтын жыл сайынғы
баяндамаларда, осы орталық органның бақылауына жататын шамада, мынадай
және барлық өзге де iске қатысты мәселелер қамтылады:
а) еңбек инспекциясының қызметiне қатысты заңдар мен қаулылар;
b) еңбек инспекциясының қызметкерлерi;
с) еңбек инспекциясының бақылауындағы кәсiпорындар туралы
статистикалық деректер мен осы кәсiпорындарда жұмыс істейтiн еңбекшiлер
саны;
d) инспекциялық тексерулер туралы статистикалық деректер;
е) орын алған тәртіп бұзушылықтар және қолданылған санкциялар туралы
статистикалық деректер;
f) өндiрiстегi жазатайым оқиғалар туралы статистикалық деректер;
g) кәсiби аурулар туралы статистикалық деректер.
ІІ-бөлiм. Саудадағы еңбек инспекциясы
22-бап
Конвенцияның осы бөлiгiнiң күшi қолданылатын Халықаралық Еңбек
Ұйымының әрбiр Мүшесi сауда кәсiпорындарында еңбек инспекциясының жүйесiн
енгізуге мiндеттенедi.
23-бап
Еңбек жағдайлары мен еңбектi қорғау жөнiндегi заңнама ережелерiн,
еңбекшiлердiң жұмыс барысында қолдануды еңбек инспекторлары қамтамасыз
етуге тиiстi кәсiпорындар сауда кәсiпорындарындағы еңбек инспекциясының
жүйесiмен қамтылады.
24-бап
Сауда кәсiпорындарындағы еңбек инспекциясының жүйесi осы Конвенцияның
3-21 баптарының талаптарына сәйкес келедi, өйткенi олар қолданымды.
ІІІ-бөлiм. Әр түрлi ережелер
25-бап
1. Осы Конвенцияны бекітетін Ұйымның кез келген Мүшесi ратификация туралы құжатқа оның осы Конвенция бойынша мiндеттемелер қабылдауының ІІ-бөлiмге қолданылмауы көрсетiлген өтiнiштi қоса тіркеуi мүмкiн.
2. Осындай өтiнiш жасаған Ұйымның кез келген Мүшесi кез келген уақытта кейiнгi өтiнiшiмен оның күшiн жоя алады.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес өтiнiш жасаған Ұйымның кез келген
Мүшесi, өзiнiң осы Конвенцияны қолдану туралы жыл сайынғы баяндамаларында
осы Конвенцияның ІІ-бөлiмiндегі ережелерге қатысты қолданылатын заңдар мен
қолданылудың ахуалы туралы хабарлайды және аталған ережелер қандай
дәрежеде жүзеге асырылғанын немесе жүзеге асыру көзделетінiн көрсетедi.
26-бап
Осы Конвенция кез келген кәсiпорынға немесе оның қайсыбiр бөлiгіне
немесе қызметiне қолданылатындығына сенiм болмаған жағдайда, бұл мәселенi
өкiметтiң құзыреттi органы шешедi.
27-бап
Осы Конвенцияда "заңнама ережелерi" деген термин заң ережелерiнен
басқа, олардың қолданылуын еңбек инспекторлары қамтамасыз етуге тиiстi
аралық соттардың заң күшi бар шешiмдерi мен ұжымдық шарттарды бiлдiредi.
28-бап
Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес ұсынылатын жыл сайынғы баяндамаларда осы Конвенцияның ережелерiн күшiне енгiзетiн ұлттық заңнаманың барлық ережелерi туралы толық ақпарат көрсетiледi.
29-бап
1. Егер Ұйым Мүшесiнiң аумағында үлкен аудандар болып, өкіметтiң құзыреттi органы онда халықтың бытыраңқылығы немесе ауданның даму деңгейi салдарынан осы Конвенцияның ережелерiн қолдану iс жүзiне мүмкiн емес деп есептесе, өкiметтiң осы органы осындай аудандарды Конвенцияның қолданылу ықпалынан, толық немесе жекелеген кәсiпорындар мен кәсiптерге қатысты кейбiр айрықшалықтарды қоспағанда, алып тастай алады.
2. Ұйымның әрбір Мүшесi Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес ұсынатын осы Конвенцияны қолдану туралы өзiнiң жыл сайынғы бiрiншi баяндамасында, оларға қатысты осы баптың ережелерiн пайдаланатын ниетi бар аудандарды, сондай-ақ осы ережелердi пайдалану ниетiнiң себептерiн көрсетедi. Ұйым Мүшелерiнiң ешқайсысы өзiнiң жыл сайынғы бiрiншi баяндамасы жасалғаннан кейiн, сол баяндамада көрсетiлген аудандарды қоспағанда, осы баптың ережелерiн қолдана алмайды.
3. Осы баптың ережелерiн қолданатын Ұйымның әрбiр Мүшесi өзiнiң кейiнгi жыл сайынғы баяндамаларында аталған ережелердi қолдануға қатысты құқығынан өзi бас тартатын аудандарды көрсетедi.
30-бап
1. 1946 жылғы Халықаралық Еңбек Ұйымының Жарғысына түзету енгiзу туралы актiге сәйкес өзгертiлген Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 35-бабында аталған аумақтарға қатысты, аталған баптың 4 және 5-тармақтарында көрсетiлген аумақтарды қоспағанда, осы Конвенцияны бекiтетiн Ұйымның әрбiр Мүшесi Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына бекiткеннен кейiн мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде, төмендегілердi көрсете отырып, өтiнiш жiбередi:
а) Ұйымның мүдделi Мүшесi оларға қатысты осы Конвенцияның ережелерiн өзгерiссiз қолдануға мiндеттенетін аумақтар;
b) өзгерiстер енгізiлгендердi қосқанда, осы Конвенцияның ережелерiн қолдануға мiндеттенетiн аумақтар және осы өзгерiстердiң ерекшелiктерi;
с) Конвенция қолданылмайтын аумақтар және қолданылмаудың себептерi;
d) оған қатысты шешiм қабылдаған аумақтар.
2. Осы баптың 1-тармағының а) және b) тармақшаларында көрсетiлген мiндеттемелер ратификацияның ажырамас бөлiгi болып саналады және оның салдары олармен бiрдей болады.
3. Ұйымның кез келген Мүшесi өзiнiң жаңа өтiнiшi арқылы осы баптың 1-тармағының b), с) және d) тармақшаларының күшiне байланысты, өзiнiң бұдан бұрынғы өтiнiшiндегi ескертпелерiнен толық немесе iшiнара бас тарта алады.
4. Ұйымның кез келген Мүшесi осы Конвенцияның күшi жойылуы мүмкiн кезеңдерде Бас Директорға 34-баптың ережелерiне сәйкес бұның алдындағы кез келген өтiнiшiндегі кез келген басқа жағдайларды өзгертетiн және белгілi бiр аумақтардағы ахуал туралы хабарлайтын жаңа өтiнiш жiбере алады.
31-бап
1. Осы Конвенцияда көзделген мәселелер метрополиядан тыс орналасқан аумақтар өкіметтерiнiң құзыретiнде болған жағдайда, осы аумақтардың халықаралық қарым-қатынастарына жауапты Ұйым Мүшесi, осы аумақтағы үкiметпен келiсе отырып, Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына, осы Конвенция бойынша сол аумақтың атынан мiндеттердi өзiне алуы туралы өтiнiш жiбере алады.
2. Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жіберiлетiн осы Конвенция бойынша мiндеттердi өзiне алуы туралы өтiнiштi төмендегiлер жолдай алады:
а) аумаққа бiрлесiп басқару жүргізiп отырған екі не одан да көп Ұйым Мүшелерi;
b) Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы ережелерiнiң немесе осы аумаққа қатысты қолданылатын басқа қаулының негізiнде белгілi бiр аумақты басқаруға жауапты кез келген халықаралық өкімет.
3. Осы баптың алдыңғы тармақтарындағы ережелерге сәйкес Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жiберiлетiн өтiнiштерде осы Конвенцияның ережелерi аталған аумақта өзгерiстерiмен немесе өзгерiстерiнсiз қолданылатындығы көрсетіледi; егер өтінiште осы Конвенцияның ережелерi өзгерiстерiмен қоса қолданылады деп көрсетiлсе, онда осы өзгерiстер нақтылы көрсетiледi.
4. Мүдделi Ұйымның Мүшесi немесе Мүшелерi немесе халықаралық билiк
орындары жаңа өтiнiш арқылы кез келген уақытта алдыңғы өтiнiштердiң
бiрiнде айтылған өзгерiстердi пайдалану құқығынан толық немесе iшiнара бас
тартуы мүмкін.
5. 34-баптың ережелерiне сәйкес Конвенцияның күшi жойылуы мүмкін
кезеңдерде Мүдделi Ұйымның Мүшесi немесе Мүшелерi немесе халықаралық билiк
орындары Бас Директорға мұның алдындағы кез келген өтiнiштiң шарттарын кез
келген қатынаста өзгертетiн және осы Конвенцияның қолданылуына қатысты
болған ережелер туралы хабарлайтын жаңа өтiнiш жіберуi мүмкiн.
IV-бөлiм. Қорытынды ережелер
32-бап
Осы Конвенцияны бекiту туралы ресми құжаттар тiркеу үшiн Халықаралық
Еңбек Бюросының Бас Директорына жiберiледi.
33-бап
1. Осы Конвенция ратификациялау туралы құжаттарын Бас Директор тіркеген Халықаралық Еңбек Ұйымының Мүшелерiн ғана байланыстырады.
2. Осы Конвенция Ұйымның екi Мүшесiнiң ратификациялау туралы құжаттарын Бас Директор тіркелгеннен кейiнгі он екі ай өткен соң күшiне енедi.
3. Кейiнгі уақыттарда, осы Конвенция Ұйымның әрбiр Мүшесiне қатысты, оның ратификациялау туралы құжаты тiркелгеннен кейiнгi он екi айдан соң күшiне енетiн болады.
34-бап
1. Осы Конвенцияны бекіткен Ұйымның кез келген Мүшесi, оның бастапқы күшiне енген кезiнен он жыл өткеннен соң, оның күшiн Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жіберiлген және онда тіркелген денонсациялау туралы акт арқылы күшiн жоя алады. Денонсациялау туралы акт тіркелгеннен кейiн бiр жылдан соң күшiне енедi.
2. Осы Конвенцияны бекіткен Ұйымның әрбiр Мүшесi өзiнiң осы бапта көзделген денонсациялау құқығын осының алдындағы тармақта аталған он жылдық кезең өткеннен соң бiр жылдың iшiнде пайдаланбаса, ол тағы да келесi он жылдық кезеңге созылады және кейiн, әрбiр он жылдық кезең өткен сайын, осы бапта көзделген тәртiптi сақтай отырып, осы Конвенцияның күшiн жоя алады.
35-бап
1. Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры өзiнiң Ұйым Мүшелерiнен алған бекiту туралы құжаттарды, күшiн жою туралы өтiнiштер мен актiлердi тiркегенi туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының барлық Мүшелерiне хабарлайды.
2. Бас Директор алынған бекiту туралы екiншi құжатты тiркеу жөнiнде
Ұйым Мүшелерiне хабарлай отырып, олардың назарын осы Конвенцияның күшiне
енген күнiне аударады.
36-бап
Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры осының алдындағы баптарға
сәйкес тіркелген бекiту туралы құжаттарға, күшiн жою туралы өтiнiштер мен
актiлерге қатысты толық мәлiметтердi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының
102-бабына сәйкес тiркеу үшiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына
жiбередi.
37-бап
Әрқашан, Халықаралық Еңбек Бюросының Әкiмшiлiк Кеңесi қажет деп есептеген жағдайда, ол Бас Конференцияға осы Конвенцияны қолдану туралы баяндама ұсынады және Конференцияның күн тәртібiне оны толық немесе iшiнара қайта қарау туралы мәселенi енгiзу қажеттiгін шешедi.
38-бап
1. Егер Конференция осы Конвенцияға толық немесе iшiнара өзгерiстер енгiзетiн жаңа конвенцияны қабылдаса, және егер жаңа конвенцияда өзгеше жағдайлар көзделмеген болса, онда:
а) жаңа, қайта қаралған конвенцияның Ұйымның кез келген Мүшемен бекiтiлуi, 34-баптың ережелерiне қарамастан, жаңа, қайта қаралған конвенция күшiне енгізiлген жағдайда, осы Конвенцияны денонсациялауды өздiгiнен қажет етедi;
б) осы Конвенция жаңа, қайта қаралған конвенция күшiне енгізiлген
күннен бастап, Ұйым Мүшелерiнiң бекітуi үшiн жабық болады.
2. Осы Конвенция, оны бекiткен, бiрақ жаңа, қайта қаралған
конвенцияны бекітпеген Ұйымның Мүшелерi үшiн нысаны мен мазмұны жағынан өз
күшiнде қалады.
39-бап
Осы Конвенцияның ағылшын және француз тiлдерiндегi мәтiндерiнiң күші
бiрдей.
Мамандар:
Багарова Ж.А.
Қасымбеков Б.А.