"Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 24 ақпан N 275

 


     Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

     "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.


     Қазақстан Республикасының

        Премьер-Министрі



                                                        Жоба


                      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ      

                        АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ТУРАЛЫ



 
       Осы Заң Қазақстан Республикасында автомобиль жолдарын мемлекеттік басқарудың, оларды мемлекеттiң және автомобиль жолдарын пайдаланушылардың мүдделерiнде салудың, пайдаланудың және дамытудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негiздерiн реттейдi.
 
      1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
 
      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) автомобиль жолы - автомобильдердiң және басқа да көлiк құралдарының белгiленген жылдамдықпен, жүктемелермен, көлемдермен үздiксiз, қауiпсiз қозғалысын қамтамасыз ететін, автомобильдер қозғалуына арналған инженерлiк құрылыстар кешенi, сондай-ақ осы кешендi орналастыру үшiн берiлген жер учаскелерi (көлiк жерлерi) және олардың үстiндегi белгiленген көлем шегiндегi әуе кеңiстiгi;
      2) бөлiнген жиек - автомобиль жолының тиiстi құрастырмалы элементтерi мен инженерлiк құрылыстарын, сондай-ақ оларды пайдалану үшiн қажеттi ғимараттарды, құрылыстарды, қорғаныштық және сәндiк екпе ағаштарды және жол байланысы құрылғыларын орналастыру үшiн автомобиль жолдары алып жатқан көлiк жерлерi;
      3) жол бойғы жиек - шекарасында пайдаланудың ерекше шарттары белгiленетiн, автомобиль жолдарының бөлiнген жиегiне жанасатын жер учаскелерi;
      4) автомобиль жолының ұзақтығы - километрлiк белгiлер бойынша тiкелей көрсетiлген, объектiлердiң немесе елдi мекендердiң арасындағы жолдың нақты ұзындығы;
      5) ақылы автомобиль жолы - жүру үшiн ақы алынатын және мiндеттi түрде жалпы пайдаланымдағы қосарланған автомобиль жолы бар жол;
      6) көше (көшенiң қозғалыс бөлiгi) - қалалардың немесе өзге де елдi мекендердiң шекарасы шегiндегi жол;
      7) ірi көлемдi көлiк құралы - көлемi нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген көлем мөлшерiнен асатын жүгi бар немесе жүксiз көлiк құралы;
      8) ауыр салмақты көлiк құралы - толық салмағы немесе оның бiлiгi бойынша жүктеменiң орналастырылуы осы жол санаты мен ондағы құрылыстар үшін рұқсат етілген шекті жүктемеден асатын жүгі бар немесе жүксіз көлік құралы;
      9) автомобиль жолдарын пайдаланушылар - жол қозғалысына қатысушылар болып табылатын немесе автомобиль жолдарының бөлінген жиегi мен жол бойғы жиегiнiң шегінде өзге де қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
      10) жол органдары - мемлекеттік жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын басқаруды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар;
      11) жол қызметi - автомобиль жолдарын және ондағы құрылыстарды жобалаумен, салумен, қайта жаңартумен және жөндеумен ұштасатын күтiп-ұстау және пайдалану жөнiндегi қызмет;
      12) автомобиль жолдарының иелерi - автомобиль жолдарының меншiк иелерi болып табылатын немесе оларды басқару жөнiндегi қызметтi шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығында жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары;
      13) жол қызметiн басқару - жолдардағы қауіпсiздiк пен қолайлылықты ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге, автомобиль жолдарының және құрылыстардың көлiктiк-пайдалану жай-күйiн арттыруға, автомобиль жолдарын пайдалану ережелерiн және оларды қорғау тәртiбiн қамтамасыз етуге, нормативтiк, техникалық және құқықтық құжаттар мен озық технологияларды енгiзу негiзiнде автомобиль жолдарын жобалауды, салуды, жөндеудi және күтiп-ұстауды ұйымдастыруға бағытталған iс-шаралар кешенi.
 
      2-бап. Автомобиль жолдары туралы заңдар
      1. Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары туралы заңдары Қазақстан Республикасының K951000_ Конституциясына, Қазақстан Республикасының Азаматтық K941000_ кодексiне негiзделедi, осы Заңнан және жол қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзге ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.
 
      3-бап. Автомобиль жолдарын жiктеу
      1. Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары, ведомстволық автомобиль жолдары, жеке меншiктегi автомобиль жолдары, сондай-ақ қалалар мен өзге де елді мекендердiң көшелерi болып бөлiнедi.
      2. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары (қалалар мен өзге де елді мекендердiң шекарасы шегiнен тыс жерлерде) өздерiнiң әкiмшiлiк маңыздығы бойынша халықаралық, республикалық және жергiлiкті маңыздағы жолдар болып бөлiнедi:
      1) халықаралық маңыздағы автомобиль жолдарына көршi мемлекеттердiң бас қалаларын қосатын, сондай-ақ мемлекетаралық келiсiмдерге сәйкес халықаралық автомобиль жолдары желiсiне кiретiн автомобиль жолдары жатады;
      2) республикалық маңыздағы автомобиль жолдарына республиканың iрi әкiмшiлiк, мәдени және экономикалық орталықтары, сондай-ақ көршiлес мемлекеттер арасында көлiк қатынасын қамтамасыз ететiн автомобиль жолдары және қорғаныстық автомобиль жолдары жатады;
      3) жергiлiктi маңыздағы автомобиль жолдарына республиканың әкiмшiлiк орталықтарын аудандардың әкiмшiлiк орталықтарымен, ауылдық елдi мекендермен, сондай-ақ аудан орталықтарын республикалық маңыздағы жолдармен қосатын автомобиль жолдары жатады.
      3. Ведомстволық автомобиль жолдарына шаруашылық субъектiлерiнiң өндiрiстiк-шаруашылық тасымалдарына қызмет көрсететiн, солардың аумағындағы автомобиль жолдары, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарынан оларға кiреберiс жолдар, ауыл шаруашылығы ұйымдарының iшкiшаруашылық жолдары, қызметтiк және патрульдiк автомобиль жолдары жатады.
      4. Жеке меншiк автомобиль жолдарына азаматтардың немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншiгiндегі автомобиль жолдары жатады.
      5. Қалалардың және өзге де елдi мекендердiң көшелерiне қалалар мен өзге де елдi мекендердiң шекарасы шегiнде орналасқан және көлiк байланысын қамтамасыз ететiн жолдар, көшелер және жол өтпелерi жатады.
      6. Автомобиль жолдарының жол желiсiндегi рөлiне, олардың пайдалану сипаттамаларына, геометриялық параметрлерiне, сондай-ақ жол қозғалысының үдемелiлiгiне қарай автомобиль жолдары белгiленген тәртiппен техникалық жiктеуге (жолдардың санаттары бойынша) жатады.
      7. Автомобиль жолдарын жiктеудiң тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
      8. Халықаралық және республикалық маңыздағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының тiзбелерiн, сондай-ақ қорғаныстық маңыздағы автомобиль жолдарының тiзбесiн автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi бекітедi.
      Жергiлiктi маңыздағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының тiзбелерiн автомобиль жолдары жөніндегi уәкiлеттi мемлекеттік органмен келiсім бойынша жергiлiктi атқарушы органдар бекiтедi.
      9. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары, ведомстволық автомобиль жолдары, жеке меншiктегi автомобиль жолдары, қалалардың және өзге де елдi мекендердiң көшелерi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртіпте мемлекеттiк есепке алуға жатады. Есепке алу мәлiметтерi автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттік органмен келiсе отырып жарияланатын Қазақстан Республикасы автомобиль жолдарының карталары мен атластарын құрастыруда пайдаланылады.
 
      4-бап. Автомобиль жолдарына меншiк құқығы және өзге де
             заттық құқықтар
      1. Автомобиль жолдары мемлекеттiк те, жеке де меншiкте болуы мүмкін.
      2. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары республикадағы негiзгi қатынас жолдары болып табылады және мемлекеттiк меншiкте болады.
      3. Ведомстволық автомобиль жолдарына меншiк құқығы және өзге де заттық құқықтар осы жолдар қарамағында болатын заңды тұлғалардың меншiк нысанымен айқындалады.
      4. Жеке меншiк автомобиль жолдары Қазақстан Республикасының заңды немесе жеке тұлғасының меншiгi болып табылады.
      5. Қалалардың және өзге де елдi мекендердiң көшелерi тиiстi жергiлiктi атқарушы органдардың қарамағында болады және коммуналдық меншiк болып табылады.
      6. Қазiргi автомобиль жолдарын жекешелендiру Қазақстан Республикасының жекешелендiру туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. Жекешелендiруге жатпайтын жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
 
      5-бап. Ақылы автомобиль жолдары
      1. Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен ақылы автомобиль жолдары құрылуы мүмкін.
      2. Жүру жағдайларының едәуiр жақсаруын және қозғалыс уақытының елеулi үнемделуiн қамтамасыз ететiн жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында және қозғалыс үдемелiлiгiнiң үлкен көлемiне қарай олар арқылы көлiк құралдарының жүруi үшiн алым алынуы мүмкiн. Бұл ретте осы бағытта жүру үшiн ақы алынбайтын басқа да жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолы болуы мiндеттi.
      3. Ақылы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының учаскелерiн, ақылы көпiр өтпелерiнiң тiзбесiн, оларды пайдалану тәртiбi мен шарттарын, сондай-ақ жүру үшiн алынатын алымның ставкаларын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
      4. Жергiлiкті атқарушы органдарға мемлекеттiк автомобиль жолдарын, көпiрлердi, өткелдердi пайдаланушыларға қолданылуы заң актiлерiнде көзделмеген және жүктер мен жолаушылардың автомобиль көлiгiмен еркiн қозғалуын тiкелей немесе жанама түрде шектейтiн салықтар, алымдар және төлемдер белгiлеуге тыйым салынады.
 
      2-тарау. АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫНЫҢ ЖЕРЛЕРI
 
      6-бап. Автомобиль жолдарын орналастыру үшін жер
             учаскелерiн беру
      1. Жердi пайдаланушыларға мемлекеттiк жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын салу және ұстау үшiн жол санатына қарай және жобалау құжаттамасына сәйкес қолданылып жүрген нормалардың негiзiнде бөлiнген жиекке арналған жерлер берiледi. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының мұқтаждары үшiн жерлер жол органдарына тұрақты немесе уақытша пайдалануға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бөлiнедi.
      2. Жобаланатын жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының бөлiнген жиегiнiң мөлшерi жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары үшiн жер бөлу стандарттары мен нормаларына сәйкес оның санатына қарай белгiленедi.
      3. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарына арналған жерлер тиiстi атқарушы органның шешiмiмен берiледi және оны жер ресурстарын басқару жөнiндегі жергiлiктi аумақтық органдар бекiтедi.
      4. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары алып жатқан жерлер мемлекеттiк меншiкке жатады, жеке меншiк иесiне беруге жатпайтын және бөлiнбейтiн болып табылады. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары жерлерiнде, осы жерлердi белгiленген келiсу тәртiбiн бұзу арқылы салынған кез келген құрылыстар заңсыз деп танылады және заңдарда белгiленген тәртiппен өз еркiмен құрылыс салуды жүзеге асырған тұлғалардың есебiнен бұзуға жатады.
      5. Ведомстволық және жеке меншiк автомобиль жолдары үшiн жерлер Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарында белгiленген тәртiппен берiледi.
 
      7-бап. Жол бойғы жиек
      1. Жол қозғалысы қауiпсiздігі талаптарын, сондай-ақ оларды қайта жаңартуды, жөндеудi және ұстауды, жол инфрақұрылымдарының объектiлерiн орналастыруды жүзеге асыру мүмкіншiлiгiн ескере отырып, тұрғындардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және автомобиль жолдарын пайдалануға жағдай жасау үшiн жол бойғы жиек белгiленеді.
      2. Халықаралық және республикалық жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары үшiн, бөлiнген жиек шекарасынан есептегенде, жол бойғы жиек әрбiр жағынан 50 метрден кем болмауы тиiс.
      3. Халықаралық және республикалық жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жол бойғы жиегіне, жол қызметі объектілерін және жолдық сервис объектілерін қоспағанда, күрделі құрылыстар салуға тыйым салынады.
      4. Жолдық сервис объектілерін жол бойғы жиекке немесе оның шегінен тыс жерлерде объектілерді орналастыру үшін, егер оған кіру үшін кіреберіс жолдар қажет болса, жер учаскелерін беру туралы шешімді оған уәкілеттендірілген орган белгіленген тәртіппен, жол органдарымен келісе отырып қабылдайды.
      5. Халықаралық және республикалық жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жол бойғы жиектерінде орналасқан кіреберіс жолдарды (жанасуларды, құламаларды) және басқа объектілерді жайластыру, жөндеу және ұстау жөніндегі шығыстарды осы объектілердің иелері көтереді.
 
      8-бап. Автомобиль жолдарының бөлінген жиегiн пайдалану тәртiбi
      1. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының бөлiнген жиегiнiң жерлерi жол органдарының иелігiнде және пайдалануында болады әрi тек автомобиль жолдарын дамытуға, жайластыруға және жолдық сервис объектiлерiн орналастыруға арналған.
      2. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының бөлiнген жиегiнде тиiстi жол органдарының рұқсатынсыз жұмыстар жүргiзуге немесе қандай да болмасын құрылысты орналастыруға тыйым салынады.
      3. Жол органдары пайдаланбайтын автомобиль жолдарының бөлiнген жиегiнiң жер учаскелерi жеке және заңды тұлғаларға жолдың көлiктiк-пайдалану сапасының төмендеуiне жол бермеуi, көлiк құралдарының қозғалыс қауiпсiздiгi талаптарын және қоршаған ортаны қорғау тәртiбiн сақтауы жағдайында, заңдарда белгiленген тәртіппен шарттық негiзде уақытша қысқа мерзiмдi пайдалануға, сервис объектiлерiн және жарнаманы орналастыру үшiн берiлуi мүмкiн.
 
      9-бап. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары бойына сауда,
             қоғамдық тамақтану объектiлерiн және басқа да қызмет көрсету
             объектiлерi мен жарнаманы орналастыру
      1. Жылы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының бөлiнген жиегiндегi сауда, қоғамдық тамақтану және басқа да қызмет көрсету объектiлерi, сондай-ақ олардың жарнамалары тиiстi мемлекеттiк бақылаушы органмен алдын ала келiсiм бойынша, жол органдары белгіленген жерлерге орналастырылуы мүмкін.
      2. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының бөлінген жиегіне қызмет көрсету объектілері мен жарнаманы орналастыру және төлем жасау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
 
      3-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ
      10-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметінің автомобиль
              жолдары және жол қызметi саласындағы өкiлеттiгi
      1. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң iс жүргізу аясына мыналар жатады:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында автомобиль жолдары және жол қызметi саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты үйлестiру және жүргiзу;
      2) орталық және жергілікті атқарушы органдардың автомобиль жолдары мен жол қызметі саласындағы қызметіне жалпы басшылық ету, олардың Қазақстан Республикасы заң актілерінің автомобиль жолдары бөлігіндегі талаптарын орындауын бақылау;
      3) автомобиль жолдарын пайдалану ережелерін, халықаралық және республикалық жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары желісінің тізбесін, автомобиль жолдарын жөндеу мен ұстауға арналған қаржыландыру нормативтерін, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүктемелері мен көлемдері рұқсат етілгеннен асатын ауыр салмақты және ірі көлемді көлік құралдарының өтуі үшін алымды төлеу тәртібі мен төлем бәстерін бекіту;
      4) халықаралық және республикалық маңыздағы автомобиль жолдарын жобалау, салу, қайта салу, жөндеу және ұстау жөнiндегi жұмыстарды қаржыландыру көздерi мен мөлшерiн анықтау автомобиль жолдары желiсiнiң және жол қызметiнiң келешектi даму бағдарламаларын бекiту;
      5) автомобиль жолдары саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мәселелер.
 
      11-бап. Автомобиль жолдарын мемлекеттiк басқару
              органының өкiлеттiгi
      1. Жол қызметiн мемлекеттiк басқаруды автомобиль жолдарын дамытуды, сақтауды, жөндеудi және күтiп-ұстауды қамтамасыз ететiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi мемлекеттiк органның iс жүргiзу аясына мыналар жатады:
      1) автомобиль жолдары мен жол қызметiн дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын әзiрлеу;
      2) автомобиль жолдары мен жол қызметi саласында бiрыңғай мемлекеттiк және ғылыми-техникалық саясатты әзiрлеуге және iске асыруға қатысу;
      3) жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын мемлекеттiк есепке алу;
      4) жол саласын қаржыландыру көздері мен мөлшерін анықтау жөнінде ұсыныс әзірлеу;
      5) мемлекет қорғанысы мен Қазақстан Республикасының экономикасын нығайту мiндеттерiне сәйкес жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын дамытуды мемлекеттiк жоспарлау;
      6) автомобиль жолдарын дамыту мен пайдалану бөлiгiнде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуға қатысу;
      7) меншік нысандарына қарамастан, жол секторының жұмыс істеу тәртібін анықтайтын заңи және өзге де нормативтік құқықтық кесімдердің жобаларын, сондай-ақ жол қызметіндегі мемлекеттік нормалар мен стандарттардың жобаларын әзірлеу;
      8) автомобиль жолдарын жөндеу және ұстау жөніндегі жұмыстарға жұмсалатын шығындарды қаржыландырудың ғылыми негізделген нормативтерін әзірлеу;
      9) теңгерімінде республикалық жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары бар мемлекеттік ұйымдарды басқару, оларды қаржыландыру жөніндегі жоспарлардың жобаларын әзірлеу, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету;
      10) жергiлiктi жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары желiсiн құру және дамыту жөнiндегi қызметтi үйлестiру;
      11) жол саласында инвестициялық және әлеуметтiк саясатты iске асыру;
      12) жол қызметi саласындағы кадрларды оқытып үйретудi және даярлауды ұйымдастыру;
      13) жол қызметi саласында ғылыми зерттеулер жүргiзу;
      14) жол жұмыстарын орындауға және республикалық бюджет қаражатының есебiнен тауарлар мен қызмет көрсетулердi сатып алуға конкурстар өткiзудi ұйымдастыру және шарттар жасасу;
      15) автомобиль жолдарын дамыту, күтiп ұстау және пайдалану саласында қабылданған заңдарды, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi, нормалар мен стандарттарды iске асыру;
      16) мемлекеттiк ақылы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарымен жүру үшiн төлем бәстерiн енгiзу тәртiбi мен оларды анықтау жөнінде ұсыныстар әзiрлеу;
      17) қолданылып жүрген нормалар мен ережелердi сақтай отырып, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында жүктер мен жолаушылардың жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары бойынша еркiн қозғалысын қамтамасыз ету;
      18) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Z970163_ Заңына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың жол қызметiн жүзеге асыруға арналған құқықтарының теңдiгiн қамтамасыз ету;
      19) жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында жол қозғалысы қауiпсiздiгi мен өрт қауiпсiздiгi талаптарын қамтамасыз ету;
      20) бекiтiлген нормативтерге сәйкес қазiргi жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын жөндеу мен ұстауды басымдықпен қаржыландыру;
      21) автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтiп ұстау мәселелерi бойынша халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.
 
      12-бап. Автомобиль жолдары және жол қызметi саласындағы
              жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың өкiлеттiгi
      1. Автомобиль жолдары және жол қызметi саласындағы облыстық (Астана және Алматы қалаларының) жергiлiктi өкiлдi органдардың құзыретiне мына мәселелер жатады:
      1) автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келiсе отырып, жергіліктi жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының тiзбесiн, сондай-ақ жергіліктi жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары желiсiн және елді мекендердiң коммуналдық меншiктегi көшелерiн дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын бекiту;
      2) қала iшiндегi және өзге де елдi мекендердегi коммуналдық меншiк болып табылатын көшелердi және жергілiктi маңыздағы автомобиль жолдарын салуды, жөндеудi және ұстауды қаржыландыруды жергiлiктi бюджеттердiң қаражатынан қамтамасыз ету;
      3) жергiлiктi атқарушы органдардың басшыларының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын дамыту және ұстау мәселелерi туралы есептерiн тыңдау.
      2. Жол қызметi саласындағы облыстық (Астана және Алматы қалаларының) жергiлiктi атқарушы органдардың іс жүргiзу аясына мыналар жатады:
      1) тиiстi аумақ шегiнде жергiлiктi жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын әзiрлеу және iске асыру;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол қызметiн қаржыландыруға бағытталған қаражатты пайдалану тәртiбiн анықтау және оның мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету;
      3) жалпы пайдаланымдағы жергiлiктi автомобиль жолдары желiсiн автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен өзара әрекеттесу арқылы басқару;
      4) коммуналдық меншiктегi жолдарды, коммуналдық жол кәсiпорындарын басқару және оларды қаржыландыру жөнiндегi жергiлiктi бюджет баптарын орындау;
      5) жол қозғалысы қауiпсiздiгiн және өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу.
 
      13-бап. Автомобиль жолдарын жоспарлау және дамыту
      1. Автомобиль жолдарының дамуын жоспарлауды мемлекеттiк органдар, ведомстволық және жеке меншiк автомобиль жолдарының иелерi ғылыми-техникалық саясаттың негiзiнде, бекiтілген республикалық және аймақтық бағдарламаларға сәйкес жүзеге асырады. Қалалар мен өзге де елдi мекендердiң көше-жол желiсiнiң дамуын жоспарлауды жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
      2. Жол саласында тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулердi мемлекеттiк сатып алу, сондай-ақ осы бағыттағы ғылыми зерттеулер "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Z970163_ Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Автомобиль жолдарын жобалауды және салуды тиiстi қызмет түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялары бар заңды және жеке тұлғалар жүзеге асырады.
      4. Автомобиль жолдарын салу мен қайта жаңарту үшін әзірленген техникалық құжаттама белгіленген тәртіппен мемлекеттік, соның ішінде экологиялық сараптамаға түседі, ал жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын жөндеу үшін - автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгіленген тәртіппен ведомстволық сараптамаға түседі.
 
      14-бап. Жол қызметiн лицензиялау
      1. Жол қызметiн лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы Z952200_ заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Заңды және жеке тұлғалардың жол жұмыстарын лицензиясыз, не болмаса лицензия шарттарын бұзу арқылы жүзеге асыруы заңдарда белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соқтырады.
 
      15-бап. Автомобиль жолдарын қаржыландыру
      1. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын салуды, жөндеудi және ұстауды қаржыландыру бюджеттiк заңдармен белгiленедi.
      2. Автомобиль жолдарын қаржыландыруға бөлiнген қаражат нысаналы мақсатты болады және автомобиль жолдарын жөндеуге, ұстауға және дамытуға байланысты емес қажеттiлiктерге алуға немесе шығындауға жатпайды.
 
      16-бап. Жол органдарының және олардың қызметкерлерiнiң
              құқықтары
      1. Жол органдары жол полициясы органдарымен және төтенше жағдайлар жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп, айрықша жағдайларда (қолайсыз климаттық-ауа райы жағдайлары, табиғи апаттар, автомобиль жолдарының көтеру қабілетiнiң жойылуы), сондай-ақ жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргiзiлген кезде, бұл жөнiнде жергiлiктi мемлекеттiк билiк орындарының атқарушы органдарын және автомобиль жолдарын пайдаланушыларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ете отырып, көлiк құралдарының қозғалысын шектеуге немесе тоқтатуға құқылы.
      2. Жол органдарының қызметкерлерi жол элементтерiн зақымдайтын немесе ластайтын не болмаса жүрiп өтуге арнайы рұқсаты жоқ ірi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты көлiк құралдарын автомобиль жолының қозғалыс бөлiгi шегiнен шығаруды талап етуге құқылы.
 
      17-бап. Жол органдарының және автомобиль жолдары иелерiнiң
              жауапкершілiгi
      1. Жол органдары және автомобиль жолдарының иелерi мыналарға жауапты болады:
      1) қызмет көрсететiн автомобиль жолдарын және олардағы құрылыстарды көлiк құралдарының үздiксiз және қауiпсiз жүруiн қамтамасыз ететiн жөнді жай-күйiнде ұстау үшiн және табиғат қорғау заңдарының талаптарын сақтауды қамтамасыз ету үшiн;
      2) қолданылып жүрген заңдарға сәйкес автомобиль жолдарын пайдаланушыларға жол жағдайларына байланысты туындаған жол-көлiк оқиғаларынан келген залалдың орнын толтырып, осы келтiрiлген залал үшін;
      3) жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының бөлiнген жиегiнiң фитосанитарлық жай-күйi үшiн және бөлiнген жиекте өсiмдiктердiң зиянкестерi орын тепкен жағдайда оларды жою жөнiнде қажеттi шаралар қолданады.
 
      4-тарау. АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫН ПАЙДАЛАНУ
 
      18-бап. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын
              пайдалану
      1. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмеген болса, онда жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын пайдалану құқығы заңды және жеке тұлғаларда, соның iшiнде шетел мемлекеттерiнiң заңды және жеке тұлғаларында да болады.
      2. Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын пайдаланушылар көлік құралдарын жол қозғалысы қауіпсіздігін, жолдардың және олардағы құрылыстардың сақталуын қамтамасыз ететін жай-күйде пайдалануға, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге міндетті.
 
      19-бап. Iрi көлемдi және ауыр салмақты көлiк құралдарының
              жүруі
      Қазақстан Республикасының аумағы бойынша iрi көлемдi және ауыр салмақты көлiк құралдарының жүру ережелерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
 
      20-бап. Қауiптi жүктердi тасымалдайтын көлiк құралдарының
              жүруі
      Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қауiптi жүктердi тасымалдайтын көлiк құралдарының жүру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi анықтайды.
 
      21-бап. Автомобиль жолдары маңындағы жеке меншiк жер
              учаскелерi иелерiнiң мiндеттерi
      1. Автомобиль жолдарына аумақтары жанасатын жеке меншiк жер учаскелерiнiң иелерi мен жердi пайдаланушылар:
      1) кiреберiс жолдарды және жалпы пайдаланымдағы жолдарға жанасатын жолдарды салуды жол органдарымен келiсуге;
      2) жалпы пайдаланымдағы жолдарға жанасатын жолдарды және оларға кiреберiс жолдарды техникалық оңды және тиiстi санитарлық күйде ұстауға, күл-қоқыстан, кiрден және қардан тазартып отыруға;
      3) көрiнiстi қиындататын және қозғалыс қауiпсiздiгiн нашарлататын материалдар мен конструкцияларды үйiп қоюға жол бермеуге мiндеттi.
      2. Көрсетiлген талаптарды орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
 
      22-бап. Автомобиль жолдарын жұмылдыру әзiрлiгi
      1. Автомобиль жолдарын төтенше жағдайларда, жұмылдыру кезеңiнде және соғыс уақытында пайдалану үшiн жұмылдыру әзiрлiгiн, ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысанына қарамастан, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары жүзеге асырады.
      2. Айрықша жағдайларда (табиғи апаттарда, жұмылдыру әзiрлiгін енгiзгенде және мемлекеттiң қорғаныс қажеттiгi үшiн) жеке меншiк жолдарды жол қозғалысының барлық қатысушылары олардың иесiнiң келiсiмiн алусыз пайдаланады.
 
      23-бап. Автомобиль жолдарын пайдаланушылардың
              жауапкершiлiгi
      1. Жол жабындысының, жер төсенiшiнiң, көпiрлердiң, жол құбырларының, суағарлар құрылыстарының, автопавильондардың, жол белгiлерiнiң, жол бойындағы екпе ағаштардың, қорғану құрылғыларының және автомобиль жолдарының басқа да жайластыру элементтерiнiң зақымдалуына жол берген автомобиль жолдарын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      2. Пайдаланушылар автомобиль жолдары мен жол құрылыстарына тигiзген залалын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен толық көлемде өтейдi.
      3. Автомобиль жолдарын жобалау, салу, ұстау, жөндеу, қайта салу және пайдалану үдерісінде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қаралады.
 
      24-бап. Автомобиль жолдарындағы медициналық жәрдем
      Автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғаларында жапа шеккендерге көмекті қозғалысқа қатысушылардың бәрі көрсетуге тиіс, олар жапа шеккендерді сол маңдағы медициналық мекемеге жеткізуге және болған оқиға туралы жол полициясы органына хабарлауға міндетті.
 
      25-бап. Қоршаған ортаны қорғау
      1. Автомобиль жолдарын салу, қайта салу, жөндеу, ұстау және оларды пайдалану кезiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдардың талаптарын сақтау қамтамасыз етiлуi тиiс. Қоршаған ортаны ластауға болмайды.
      2. Автомобиль жолдары бойындағы қорғаныш екпе ағаштарды олардың иелерi немесе пайдаланушылары тиiстi жағдайда ұстауға тиiс.
      3. Қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтамағаны үшiн кiнәлi тұлғалар

 

Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.


     5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР


     26-бап. Автомобиль жолдарын мемлекеттiк бақылау

     Автомобиль жолдарының жай-күйін, үздіксіз және қауіпсіз жол

қозғалысының қамтамасыз етілуін және автомобиль жолдарын пайдалану

ережелерінің сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасы Көлік және

коммуникациялар министрлігінің жол органдары мен Қазақстан Республикасы

Ішкі істер министрлігінің жол полициясы органдары жүзеге асырады.



     Қазақстан Республикасының

            Президенті



Мамандар:

     Багарова Ж.А.

     Қасымбеков Б.А.






Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады