Қазақстан Республикасының халқын әлеуметтік қорғау тұжырымдамасының жобасын жариялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 9 сәуір N 481

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасының халқын әлеуметтік қорғау тұжырымдамасының жобасы (бұдан әрі - Тұжырымдаманың жобасы) бүкіл халықтық талқылау үшін ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын.
      2. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау

 

министрлігі Тұжырымдаманың жобасы жарияланған күнінен бастап бір ай

мерзімде келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарды қорытсын және Қазақстан

Республикасының Үкіметіне белгіленген тәртіппен қарауға енгізсін.

     3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.


     Қазақстан Республикасының

        Премьер-Министрі


                                                        жоба


                  Қазақстан Республикасының

                  халықты әлеуметтік қорғау

                        тұжырымдамасы


                           Кіріспе



 
       Әлеуметтік қорғау - бұл қолайсыз жағдайларға (кәрілік, мүгедектік, денсаулық жағдайы, асыраушысынан немесе жұмысынан айрылуы) байланысты экономикалық белсенді бола алмайтын және лайықты еңбекақы төленетін еңбекке қатысу жолымен өзін табыспен қамтамасыз ете алмайтын азаматтар үшін өмірлік қажетті игіліктердің және әл-ауқаттың белгілі бір деңгейін қамтамасыз етуге арналған жүйе.
      Қазақстан мүше болып табылатын Халықаралық еңбек ұйымының анықтауы бойынша әлеуметтік қорғау жүйесі мынадай шаралар кешенін қамтиды:
      - тұрақты, ақылы еңбекке ынталандыру;
      - негізгі әлеуметтік қатерлердің алдын алу, ал ол туындаған жағдайда әлеуметтік сақтандыру тәсілдері арқылы сол қатердің салдарынан айрылған табысының бір бөлігін қалпына келтіру;
      - халықтың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын әлсіз топтарына арналған әлеуметтік көмек тәсілдері;
      - азаматтардың білім және медициналық көмек сияқты негізгі құқықтары мен қызметтерге қол жеткізуі.
      Әлеуметтік қорғау жүйесінің сандық көрсеткіштері экономикалық даму деңгейімен анықталса, ал адамдар арасындағы ынтымақтастық, мемлекеттік институттардың қатысу дәрежесі мен еңбекке ынталандыру деңгейі таңдалған әлеуметтік-экономикалық модельмен өзара байланысты болады.
      Даму деңгейі бірдей мемлекеттердің өзінде де тарихи, мәдени, саяси және өзге де факторларға байланысты, әлеуметтік қорғау жүйесінде ынтымақтастықтың және мемлекеттік институттардың қатысуының әртүрлі деңгейі орын алуда.
      Толық ынтымақтастыққа негізделген жүйеде жарна мен төлемнің арасында өзара байланыс болмайды. Және төлем алу құқығы қатерлі жағдай орын алған сәттен туындайды да, оның деңгейі адамның жүйеге қосқан үлесіне тәуелді болмайды. Мұндай жүйелерді қаржыландыруды бүкіл салық төлеушілер мойнына алады да, әлеуметтік қорғау жүйесінен төлем алу құқығына барлық азаматтар ие болады. Мұндай жүйеде табыстарды қайта бөлу тетігі және қаржыландырудың бірден бір көзі мемлекеттік бюджет болып табылады, ал реттеуші ретінде мемлекет әрекет етеді. Толық ынтымақтастыққа негізделген жүйеде барлық азаматтарға әлеуметтік қорғаудың бірдей, әдетте, ең төменгі деңгейін ұсынады. Ал шектеулі ынтымақтастыққа негізделген жүйеде төлемдерді алу құқығы адамның жарнасына байланысты болады. Әдетте, мұндай жүйе еңбеккерлер мен жұмыс берушілердің аударымдары есебінен қаржыландырылады, ал жарнасына қарай төлемдерді алу құқығына аударымдар жасаған (немесе олар үшін жұмыс беруші аударым жасаған) азаматтар ғана ие болады. Мұндай жүйелер, әдетте, халықтың белгілі бір тобына, мысалы, ресми жұмыс істейтін еңбеккерлер немесе белгілі бір еңбек ұжымының еңбеккерлерін әлеуметтік қорғаудың қосымша көзі болып табылады. Бұдан басқа, дербестендірілген жүйелер, яғни ынтымақтастық белгісі жоқ, әр азамат өмірдегі қатер жағдайына қаражатты дербес жинайтын әлеуметтік қорғау жүйелері де бар.
      Әлеуметтік қорғау жүйесінде мемлекеттік институттардың қатысуы ең жоғары елдер арасында Францияны, Италияны, Бельгияны, Германияны, Австрияны, Жапонияны атауға болады. Мемлекеттің ең аз қатысуы, әлеуметтік қорғау құралдарының көбін жеке меншік институттарында беру Латын Америкасының бірқатар елдерінде таралған. Бірақ, мемлекеттердің көпшілігінде, мысалы, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Аргентинада, Голландияда, Данияда, Швецияда, Польшада, Латвияда аралас жүйе, яғни, мемлекеттік те, жеке меншік институттар да қатысатын аралас жүйе пайдаланылады. Әдетте, толық ынтымақтастық жүйелері - мемлекеттік, жинақтаушы сипатындағы дербестендірілген жүйелерде жеке меншік басым, ал шектеулі ынтымақтастықта, көбінесе, мемлекеттік те және жеке меншік те институттар қатысатын аралас жүйе қолданылады. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғанындай, мемлекеттік институттардың қатысу дәрежесі халықтың әлеуметтік қорғаумен қамтылуы және әкімшілік шығыстар деңгейі сияқты негізгі көрсеткіштерге әсер етеді. Әлеуметтік сақтандыру жүйесін ұстаудың неғұрлым жоғары әкімшілік шығыстары - жеке меншік жүйелерге, неғұрлым төмені - мемлекеттік және аралас жүйелерге тән. Мемлекеттік жүйеде еңбек етуде қабілетті халықты әлеуметтік қамтамасыз ету деңгейі жоғары болса, аралас жүйеде де қамсыздандыру деңгейі сондай, ал жеке меншік жүйеде - салыстырмалы түрде төмен болады.
      Еңбекке ынталандыру тұрғысынан алсақ, жарнаны аудару дербестендіруге негізделген жүйеде барынша жоғары, ал толық ынтымақтастыққа негізделген жүйеде - төмен болады. Өйткені, еңбекке ынталандыру деңгейі жарна мен төлем ақы дәрежесіне байланысты болады және тұрақты түрде әрі жоғары деңгейде жарна төлеген еңбеккерлерге өз үлесіне сәйкес қосымша артықшылықтар беру арқылы қамтамасыз етіледі.
      Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, әлеуметтік қорғаудың неғұрлым тиімді және кешенді жүйелері, әдетте: 1) мемлекеттік жәрдемақылар;
2) міндетті әлеуметтік сақтандыру; 3) жинақтаушы зейнетақымен қамсыздандыру; 4) әлеуметтік көмек сияқты негізгі элементтерді қамтиды деген қорытынды жасауға болады.
      Мемлекеттік жәрдемақылар әлеуметтік қорғауға жататын жағдайлар туындаған кезде барлық азаматтарды кепілдікті төлемдермен белгілі бір деңгейде қамтамасыз етуге арналған.
      Жұмыс берушілер мен еңбеккерлер аударымдарының есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі төленген жарна деңгейіне сай ресми жұмыс істейтін еңбеккерлерді қосымша қорғауға арналған.
      Жинақтаушы зейнетақы жүйесі әрі азаматтың өзін өзі зейнетақымен дербес қамсыздандыруына арналған.
      Әлеуметтік көмек азаматтардың жекелеген санаттарын бюджет қаражаты есебінен қосымша қорғауды көздейді.
      Бұдан басқа, азаматтың әлеуметтік қатерлерден өзін өзі ерікті сақтандыруға құқығы бар.
      Осындай аралас жүйе ынтымақтастыққа негізделген және дербестендірілген жүйелердің артықшылықтарын үйлестіруге мүмкіндік береді.
      Қазақстанда нарықтық экономикаға көшу аяқталып келеді. Әлеуметтік қорғаудың жүйесі өзгерген экономикалық қатынастарға сәйкес болуы қажет.
      Өтпелі кезеңнің басында мемлекет бұрын беймәлім болып келген инфляция, бюджет тапшылығы, өндірістің құлдырауы, экономиканың бейресми секторының өсуі сияқты жаңа экономикалық факторлардың әсерінен әлеуметтік қорғаудың ағымдағы мәселелерімен айналысуға мәжбүр болды.
      Жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу мен заттай жеңілдіктерді ақшалай төлемдермен ауыстыруды қоспағанда, жасалған басқа қадамдар күрделі болса да, өтпелі кезеңнің ағымдағы мәселелерін шешуге бағытталды.
      Қазіргі әлеуметтік қорғау жүйесі заңнаманың толық жүйелілігінің, атаулылының жеткіліксіздігімен, жүйеге қатысуға ынталандырудың төмен деңгейімен және күрделілігімен сипатталады.
      Соңғы жылдарда экономикадағы қолайлы өзгерістер және тұрақты өсуді қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шаралар әлеуметтік қорғаудың кешенді жүйесін құруды қолға алуға мүмкіндік беріп отыр. Осыған байланысты, Қазақстанның қазіргі және болашақтағы басымдықтары мен мүмкіндіктерін ескере отырып, жаңа Әлеуметтік қорғау тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігі туындады.
      Денсаулық сақтау мәселелері бұл Тұжырымдаманың шеңберінде қаралмайды.
 
            Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтік
                 қорғау жүйесінің қазіргі жағдайы
 
      Қазіргі әлеуметтік қорғау жүйесінде толық ынтымақтастық және мемлекеттік институттардың қатысу деңгейі басым да, ынталандыру деңгейі төмен.
      Мүгедектігіне, асыраушысынан айрылуына байланысты, жұмыссыздығы мен жасы бойынша әлеуметтік қорғау жүйесі толық ынтымақтастық қағидасына негізделген. Қазақстанның барлық азаматтары өмірдегі қатерлі жағдайлар туындаған кезде еңбек үлесіне және жүйеге қосқан жарнасына қарамастан, бірдей деңгейде мемлекеттік жәрдемақылар алады. Азаматтың еңбек үлесі ынтымақтастықты зейнетақы жүйесінде ішінара ғана ескеріледі. Әлеуметтік төлемдерді есептеудің экономикалық негізделген нормативтері мен еңбекақы жүйесінде өзара байланыс болмауының салдарынан жұмыс істейтін халықтың табыс деңгейі мен әлеуметтік төлемдер арасындағы тиісті байланыс болмай отыр. Нәтижесінде, жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі әлеуметтік еңбек үлесі болмаған азаматтардың да алатын әлеуметтік жәрдемақы мөлшерінен де аз жалақы алады.
      Еңбеккерлер, яғни ресми жұмыс істейтін азаматтар қатерлі жағдайға тап болған кезде жүйедегі жарнасына қарай қосымша қорғау деңгейімен қамтамасыз ететін шектеулі ынтымақтастыққа негізделген жүйе жоқ.
      Жинақтаушы зейнетақы жүйесі - қартайған шақтағы қамсыздандырудың қатысушылар арасында ынтымақтасусыз, жинақтау қағидасына негізделген жүйеге қатысуға пәрменді ынталандыратын бірден бір түрі.
      Азаматтардың жекелеген санаттарына заңнамаға сәйкес мемлекеттің қаражаты есебінен әлеуметтік көмек көрсетіледі.
      Қолданылып жүрген заңнамада әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайда ерікті сақтандыруды жүзеге асыру көзделген, ол бірқатар факторларға байланысты тиісті деңгейде дамымай отыр.
      Әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі қаржыландыру көзі мен жалпы реттеушісі мемлекет болып табылады. Біздің еліміздегі тәжірибемізде мемлекет басқаратын жүйедегі халықтың қамтылу деңгейі жоғары және әкімшілік шығыстар төмен, ал жеке меншік институттары қатысатын жүйеде халықты қамтудың төмендігі мен әкімшілік шығыстар жоғары болатыны халықаралық тәжірибедегі тұжырыммен дәлелденіп отыр. Жинақтаушы зейнетақы жүйесін қоспағанда, әлеуметтік қорғау жүйесінде ынталандыру деңгейі төмен.
      Әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін шектейтін негізгі кемшіліктері мыналар:
      - жетілдірілмеген заңнама: әлеуметтік саланы реттейтін заңнама, әлеуметтік қатерлер мен төлемдерге негізделмей, көбіне әлеуметтік төлемдер түрлері бойынша қалыптастырылған, сондықтан күрделі және анық емес;
      - әділдігі жеткіліксіз және ынталандыру деңгейі төмен: әлеуметтік жәрдемақылар алу құқығын іске асыру кезінде салық аудармайтындардың алдында салықты төлеп, азаматтық борышын атқарып жүрген еңбеккерлердің артықшылығының болмауы;
      - айқындықтың жеткіліксіздігі: дербес сәйкестендіру жүйесі немесе жәрдемақыларды алу мен бөлу процесін қадағалау үшін дерекқордың қалыптасу сатысында болуы.
      Қолданылып жүрген жүйені сақтау қызмет ету параметрлерінің нашарлауына және әлеуметтік қорғау міндеттерін шешу мүмкіндігінің төмендеуіне апарып соғады.
 
            Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтік
            қорғау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары
 
      Әлеуметтік қорғау жүйесін реформалауға жалпы көзқарас
      Әлеуметтік қорғау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары халықаралық тәжірибе мен қазіргі жағдайды талдаудан туындайды. Нарық жағдайларына сәйкес келетін және тұрақты ақылы еңбекке ынталандыруды қалыптастыратын, әкімшілік шығыстары төмен, халықты қамту деңгейі неғұрлым жоғары жүйе құру көзделіп отыр.
      Әлеуметтік проблемаларды шешудің нарықтық қатынастарға негізделген кешенді моделі іске асырылады. Жаңа жүйе халықты өмірде тап болуы мүмкін негізгі қатерлерден әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге арналған ынтымақты және дербестендірілген жүйелердің, міндетті және ерікті сақтандырудың элементтерін қамтитын аралас жүйе болады.
      Әлеуметтік қорғаудың жаңа жүйесінің негізгі мақсаттары мен міндеттері экономикалық өсуді қолдау элементтері, қатерлі жағдайлар туындаған кезде барлық азаматтарға қорғау көрсетуде әділ; пәрменді де тиімді жұмыс істейтін және халықты неғұрлым толық қамтитынын ескере отырып, қалыптастырылуы тиіс.
      Әлеуметтік саланы реттейтін заңнама өмірде кездесетін қатерлердің негізінде қалыптастырылуы керек.
      Жүйе әділ болуы тиіс. Кейбір елдерде әділдікті барлық азаматтар үшін, адамның салымына қарамастан, әлеуметтік төлемдердің мөлшері бірдей болатындығы деп біледі. Басқа бір елдерде әр адамның әлеуметтік қорғалу оның еңбек үлесін, аударымдардың мөлшері мен ұзақтығына байланысты деп ұғады. Әлеуметтік қорғаудың жаңа жүйесі ұсынылған екі көзқарасты ұштастыруға негізделетін болады. Әлеуметтік қорғау құқығын іске асыру азаматтар үшін қол жетерлік болуы тиіс. Мемлекет кепілдік берген ең төменгі жәрдемақылар әлеуметтік қатер туындаған кезде барлық алушылар үшін төлемдердің бірдей деңгейін ұсынуы тиіс. Сонымен бір мезгілде, қосымша қорғау деңгейі әрбір нақты адамның еңбек үлесіне байланысты болуы керек.
      Әлеуметтік қорғау жүйесі әрбір азаматтың мемлекетке тәуелділігін емес, оның жеке жауапкершілігін ынталандыруы тиіс. Тұтастай алғанда, барлық еңбекке қабілетті азаматтар өзінің жеке басының болашағы мен өз отбасының әл-ауқаты үшін жауапты болуы тиіс.
      Жүйе пәрменді, жәрдемақылар атаулы болуы керек, яғни оны алуға құқығы бар және оған аса мұқтаж адамдарға беріледі. Жүйе тиімді, яғни ашық және жақсы басқарылатын, шығыны аз және қарапайым, түсінікті болуы, ал жәрдемақылардың қосарлануы мейлінше азайтылуы қажет. Жүйенің негізгі компоненттерін реттеу икемді болуы қажет.
      Жүйе белгілі бір қысқа мерзім ішінде халықтың барынша толық қамтылуын қамтамасыз етуі тиіс.
      Осы айтылғандарды ескере отырып, әлеуметтік қатерлер негізінде және қорғаудың мынадай элементтерін қамтитын әлеуметтік қорғау жүйесін ұйымдастыру көзделіп отыр:
      - барлық азаматтарға әлеуметтік қатер туындаған кезде әлеуметтік қамсыздандыруға арналған бюджет қаражатының есебінен бірдей деңгейдегі мемлекеттік төлемдер беру;
      - жұмыс берушілер мен еңбеккерлердің аударымдары есебінен міндетті әлеуметтік сақтандыру;
      - жинақтаушы зейнетақы жүйесі;
      - әлеуметтік көмек және белгілі бір санаттағы азаматтарды мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қолдаудың арнаулы мемлекеттік бағдарламалары.
      Азаматтар әлеуметтік қатерлерден өздерін ерікті сақтандыруға құқылы.
      Қазақстанның ерекшелігін, халықаралық тәжірибені ескере отырып, әлеуметтік қорғау жүйесінің ұйымдастыру негізін қараған кезде мемлекеттік және сол сияқты жеке меншік институттардың мүмкіндіктері тиімді пайдаланылатын аралас жүйеге артықшылық берілуі тиіс.
      Әлеуметтік төлемдерді неғұрлым тиімді басқару үшін әрбір азаматқа дербес код бере отырып, осы код негізінде барлық әлеуметтік төлемдерге бақылау жасайтын мемлекеттік жүйе мен ұлттық дерекқор жасалуы тиіс.
      Ана мен баланы кең ауқымды әлеуметтік қамсыздандыру мемлекеттің бүкіл әлеуметтік қорғау жүйесінің басымдықтарының бірі болады. Келешекте әлеуметтік қорғау жүйесінің жетілдірілуі барысында жүктілігінің алғашқы кезеңінде медициналық ұйымда диспансерлік есепке тұрған әйелдерге бір жолғы жәрдемақы төлеу мүмкіндіктерін іздестіру және басқа да көмек түрлері сияқты бала тууды арттыруға ықпал жасау тәсілдерін енгізу жолымен демографиялық процестердің оң үрдістерін қолдауды ынталандыру шаралары қалыптастырылатын болады.
      Мүгедектердің құқықтарын қорғайтын қоғамдық бірлестіктерді мүгедектерге қатысты қоғамдық оң пікір қалыптастыруға тарту жоспарлануда. Мүгедектік проблемаларын шешу бойынша іс-шаралар әзірлеу, мүгедектердің мұқтаждарына арналған өндірістерді мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру, мүгедектердің негізгі құқықтар мен көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ететін мемлекеттік стандарттарды енгізу қарастырылады.
      Атаулы әлеуметтік көмек мұқтаждықтың нақты өлшемдері негізінде халықтың ең аз қорғалған топтарына ғана берілетін болады. Бұдан басқа, адамдардың белгілі бір топтарына - ардагерлерге, мүгедектерге, аз қамтамасыз етілген азаматтарға қосымша қорғау көрсетуге бағытталған арнайы бағдарламалар әзірленеді.
      Әлеуметтік қорғауды реформалауда әлеуметтік нормативтердің рөлін арттыру, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көбейтіп, күнкөріс деңгейіне жақындату маңызды болып табылады. Әлеуметтік төлемдердің мөлшері әлеуметтік-экономикалық табиғаты бар нормативтерге негізделіп есептелетін болады. Ең төменгі жалақы мөлшерінің және әлеуметтік жәрдемақылар деңгейінің арақатынасы қисынды болады.
      Жасы, асыраушысынан және еңбек ету қабілетінен айрылуы бойынша мемлекеттік жәрдемақылар әлеуметтік сақтандыруды енгізу сәтіне дейін тағайындалған азаматтарды қамтамасыз ету қағидалары өзгерістерге ұшырамайды.
      Әлеуметтік қорғаудың кез келген жүйесі тікелей немесе жанама түрде еңбеккерлер мен жұмыс берушілердің қаражаты есебінен қаржыландырылатындықтан, әлеуметтік қорғау жүйесіне әрбір нақты азаматтың ғана емес, Үкіметтің әлеуметтік әріптестерінің - кәсіподақтардың және жұмыс берушілер бірлестіктерінің қатысу деңгейін көтеру қарастырылады.
 
      Өмірде қатерлер туындаған кезде әлеуметтік қорғаудың негізгі тәсілдері
      Әлеуметтік салықты аударатын ұйымдарда жұмыс істейтін барлық еңбеккерлер асыраушысынан, еңбек ету қабілетінен және жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізгенде алғашқы кезеңінің ерекшеліктері ескеріледі. Әлеуметтік сақтандыру жүйесін қаржыландыру жұмыс берушілер мен еңбеккерлердің аударымдары есебінен жүзеге асырылады. Төлемдердің ең төменгі және ең жоғары мөлшерлері заңнамамен белгіленеді. Жарна аударылатын табыстың ең жоғары шегі белгіленеді.
 
      Еңбек ету қабілетінен айрылған жағдайдағы әлеуметтік қорғау
      Мүгедектерді оңалту (медициналық, әлеуметтік, кәсіби) және әлеуметтік қатерлердің алдын алудың жеке бағдарламаларын дамыту олардың әлеуметтік, еңбекке бейімделу жүйесін құруға, мүгедектердің қоғамға кірігуіне көмек көрсету шаралары қабылданатын болады.
      Еңбек етуге қабілетті жастағы азаматтардың мүгедектік дәрежесін бағалауда тіршілік әрекетінің шектелуін бағалаудан еңбек ету қабілетінің шектелуін бағалауға көшу қарастырылады. Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері мен медициналық-әлеуметтік сарапшылық комиссияларының еңбек ету қабілетін айрылу деңгейін айқындаудағы жауапкершілігін арттыру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
 
      Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек ету қабілетінен айрылу
      Еңбеккерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі. Сақтандыру жұмыс беруші мен сақтандыру ұйымының арасында жасалған шарт талаптары мен жұмыс берушінің сақтандыру ұйымына міндетті аударымдарының есебінен жүзеге асырылады. Сақтандыру ұйымы сақтандыру оқиғасы туындаған жағдайда еңбеккерге келтірілген зиянды өтеуді еңбеккердің бүкіл ғұмыры бойы берілетін төлемдер түрінде жүзеге асырылады. Бұдан басқа, сақтандыру компаниясы зардап шегушіні протездеуге, емдеу мен оңалтуға, оның еңбек ету қабілетін қалпына келтіруге кеткен және т.б. шығыстарын өтейді. Мүгедектік жұмыс берушінің кінәсінен болған жағдайда, мемлекеттік бюджет қаражатының есебінен жәрдемақы төленбейді және азаматқа келтірілген зиянды өтеу үшін мемлекет жауапты болмайды.
      Төлемдердің ең төменгі мөлшері (мемлекет берген кепілдік деңгейінен кем емес) заңмен белгіленеді және жұмыс берушілерге сақтандыру шарттарын уақытылы жасамағаны үшін салынатын айыппұл санкцияларының жүйесі енгізіледі. Сақтандырудың осы түрін енгізу жұмыс берушілерді еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және жақсартуға ынталандырады.
      Республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер қызметкерлері үшін жұмыс берушінің кінәсінен еңбек ету қабілетінен айрылу кезіндегі зиянды өтеудің ерекше тәртібі белгіленетін болады.
 
      Жұмыс берушінің кінәсінен болмаған еңбек ету қабілетінен айрылу
      Еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайындағы әлеуметтік қорғау жүйесін реформалау оның мынадай үш деңгейлік құрылымын енгізуді көздейді:
      Бірінші деңгей: барлық азаматтарға мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен бірдей деңгейдегі жәрдемақы беру.
      Екінші деңгей: ресми жұмыс істейтін еңбеккерлерге міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен зейнеткерлік жасына жеткенге дейін қосымша төлемдер беру.
      Үшінші деңгей: азаматтардың өзінің меншікті қаражаты есебінен еңбек ету қабілетінен айрылуын ерікті сақтандыру.
      Әлеуметтік сақтандыру жүйесінен берілетін жәрдемақы мөлшері еңбеккердің жасы, аударымдарының ұзақтығы және еңбек ету қабілетінен айрылу дәрежесіне қарай белгілі бір уақыт ішіндегі орташа жалақысын алмастыру коэффициенті негізінде есептелетін болады. Төлемдердің ең төменгі және ең жоғары мөлшері заңмен белгіленетін болады. Жарна аударымдары жүргізілетін табыстың ең жоғары шегі белгіленеді.
 
      Асыраушысынан айрылу жағдайында әлеуметтік қорғау
      Асыраушысынан айрылу жағдайында, жұмыс берушінің кінәсінен қайтыс болған жағдайларды қоспағанда, мемлекет барлық азаматқа жүйеге қатысуымен байланыстырмай, әлеуметтік қорғауды жәрдемақылар түрінде бірдей деңгейде ұсынуға кепілдік береді.
 
      Жұмыс берушінің кінәсінен асыраушысынан айрылу
      Еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайындағы сияқты шарттар бойынша қызметкердің өміріне келтірген зиян үшін де жұмыс берушінің жауапкершілігін міндетті сақтандыруды енгізу ұсынылады. Сақтандыру төлемінің мөлшері асырауындағы адамдар санын ескеретін болады.
 
      Жұмыс берушінің кінәсінен болмаған асыраушысынан айрылу
      Еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайындағы міндетті әлеуметтік сақтандыру сияқты асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік қорғаудың үш деңгейлі жүйесін енгізу қарастырылады. Осындай қатер туындаған кезде төлемдердің мөлшері асырауындағы адамдар санына қарай есептелетін болады. Төлемдердің ең төмен және ең жоғары мөлшері заңмен белгіленеді. Жарна аударымдары жүргізілетін табыстың ең жоғары шегі белгіленеді.
 
      Жұмысынан айрылу жағдайында әлеуметтік қорғау
      Жұмысынан айрылу жағдайында азаматтарды әлеуметтік қорғау жүйесін реформалау оның екі деңгейлі құрылымын енгізуді көздейді.
      Бірінші деңгей: жергілікті бюджеттер есебінен барлық жұмыссыз азаматқа жұмысқа орналасуға, кәсіби қайта даярлауға көмек көрсету, қоғамдық жұмыстар беру жолымен әлеуметтік қорғау.
      Екінші деңгей: еңбеккерлерді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы белгілі бір мерзім ішінде төлем ақы беру жолымен төлеген жарнасына қарай қосымша қорғау.
      Ресми түрде жұмыссыз деп танылған және белсенді түрде жұмыс іздеп жүрген әрі сақтандыру жүйесіне белгілі бір үлесі болған азаматтың әлеуметтік сақтандыру жүйесінен төлем алу құқығы туындайтын болады. Төлемнің мөлшері жалақы деңгейіне және аударымдардың ұзақтығына тәуелді болады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна аударылатын табыстың ең жоғарғы шегі белгіленетін болады.
      Әртүрлі деңгейде шектеу жүйесі қолданылады, мысалы, лайықты жұмыстан бас тарту, өз өтініші бойынша жұмыстан шығу, жекелеген құқық бұзушылықтар орын алғанда, төлемді алу мерзімінің кейінге қалдырылуы, оның мөлшері азайтылуы не жойылуы мүмкін.
      Жұмыссыздықтан міндетті сақтандыру жүйесін енгізу азаматтарды жұмысынан айрылған кезеңде қамсыздандыру жүйесін едәуір жақсартады және кеңейтеді. Еңбеккерлерге жұмысынан айрылған жағдайда алатын жәрдемақының болжамды мөлшерін білетін болады және жәрдемақы төленетін кезеңнің шектелуін ескеріп, белсенді түрде жұмыс іздеуге ынталы болады. Жұмыссыздарды ақпараттық қолдау мақсатында еңбек рыногында мамандықтар мен аумақтар бойынша сұраныс пен ұсыныстың орталықтандырылған дерекқоры құрылады.
 
      Қартайған кездегі әлеуметтік қорғау
      Ынтымақтастықты зейнетақы жүйесінің өлшемдері жетілдірілетін болады. Зейнетақы төлемдерінің мөлшері арттырылған кезде зейнеткерлікке шығу кезеңі ескеріледі. Ынтымақтастықты жүйенің зейнеткерлерін әлеуметтік қорғауды жүзеге асыру қағидаттары өзгертілмейді.
      Халықты, ең алдымен ауыл тұрғындарын пошта-жинақ қызметінің, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың және басқа институттардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметімен қамтуды кеңейту жөнінде шаралар көзделіп отыр. Зейнетақы активтерін сақтауды қамтамасыз ету және жинақтаушы зейнетақы қорларының қаражатын әртүрлі қаржы құралдарына инвестициялау кезінде қатерлерді әртараптандыру тетігін реттеу жөнінде шаралар қабылданатын болады. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ережелерін насихаттау мен түсіндіруді жандандыру қарастырылып отыр. Зейнетақы төлемдерінің тәсілін жетілдіру жалғастырылады. Аннуитеттік зейнетақы төлемдері рыногын енгізу, оның ішінде ерлі-зайыпты жұптардың бірлескен аннуитеттерді сатып алуын ынталандыру жөнінде шаралар ұсынылатын болады. Мемлекеттік емес және мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорларының құқықтық мәртебесін теңестіру және уәкілетті органның талаптарына сәйкес болған жағдайда жинақтаушы зейнетақы қорларына зейнетақы активтерін қаржы құралдарына дербес инвестициялау құқығын беру мақсатымен қолданыстағы зейнетақы заңнамасына өзгерістер енгізіледі.
 
         Аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қорғау
 
      Жаңа жұмыс орындарын ашу және жалақының мөлшерін көбейту арқылы кедейліктің азаюына қол жеткізіледі. Атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек азаматтарға ақшалай, заттай, институционалдық нысандарға, сондай-ақ нақты мұқтаждық өлшемдері негізінде ақы төленетін қоғамдық жұмыстар беру түрінде көрсетіледі. Атаулы әлеуметтік көмек беру тәсілін де, табыс деңгейін бағалау әдістемесін де жетілдіру жалғастырылады.
      Заттай және институционалдық нысандағы әлеуметтік көмек еңбек етуге қабілетсіз азаматтарға: балаларға, зейнеткерлерге, мүгедектерге ғана беріледі. Бұдан басқа, еңбек етуге қабілетті халыққа әлеуметтік көмек қоғамдық жұмыстарды қаржыландыру, қайта оқыту бағдарламалары мен жұмысқа орналасуға жәрдемдесу арқылы да көрсетіледі. Нысаналы қоғамдық жұмыстар азаматтарды әлеуметтік қолдаудың уақытша шарасы болмақ. Қоғамдық жұмыстардағы еңбекақы деңгейі азаматтардың бұған ұзақ уақыт қатысуын ынталандырмай, тұрақты жұмысты белсенді іздеуге итермелейтін болады.
 
      Әлеуметтік қорғау жүйесін құқықтық, қаржылық, ақпараттық және
      институционалдық қамтамасыз етуді жетілдіру бағыттары
      Әлеуметтік қатерлер түрлері және төлемдер негіздері жөніндегі заңнаманы кезең-кезеңімен жүйелеу ұсынылып отыр. Азаматтардың жекелеген санаттарын қосымша қорғауға қатысты арнаулы заңнама әзірленетін болады. Әлеуметтік нормативтерді есептеу әдістемесі одан әрі жетілдіріледі.
      Әлеуметтік сақтандыру жүйесін қаржыландыру әлеуметтік салықтың бір бөлігін жарнаға айналдыру және дербестендіру есебінен жүзеге асырылады. Бұл шара еңбеккердің, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің қаражаттарды аудару процесін бақылауға ықыласын арттырады.
      Әлеуметтік қорғау жүйесін реформалау бүкіл республика халқының мүддесін қозғайтын болғандықтан, халықты барлық мүдделі мәселе бойынша анық та толық ақпаратпен қамтамасыз етуге ерекше мән берілуі қажет. Халықтың арасында қажетті түсіндіру жұмысы әлеуметтік әріптестердің қатысуымен жүргізіледі.
      Реформаланатын әлеуметтік қорғау жүйесінде әлеуметтік сақтандырудың ролі артуын ескере отырып, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде ақпараттық қамтамасыз ету мен есепке алу маңызды мәселеге айналады. Жарналарды дербестендірілген есепке алу реформалаудың аса маңызды шарттарының бірі болып табылады. Әлеуметтік салықтың бір бөлігін жарнаға айналдырудың дәл мөлшерін анықтау үшін әлеуметтік сақтандырудың барлық түрі бойынша қажетті актуарлық есептер жүргізіледі. Бұл ретте әрбір азаматтың қатысуын есепке алу бірыңғай стандарт болып табылатын арнайы жеке коды арқылы жүзеге асырылады.
      Осы код арқылы азаматтардың әлеуметтік төлемдерді алуы жүзеге асырылады. Мұндай жүйенің өзекті элементі барлық азамат бойынша дерекқор болып табылады, бұл инфрақұрылымды ұстауға арналған әкімшілік шығындарын азайтуға және жәрдемақылардың қосарлануын болдырмауға, әлеуметтік жарна мен әлеуметтік жәрдемақыларды алу құқығы арасында байланыс жасауға мүмкіндік береді. Бұл шаралар Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың негізінде азаматтарды барлық әлеуметтік төлемдер бойынша ақпаратты есепке алу және жүйелеу органын құруды көздейді. Әлеуметтік қорғау мұқтаждары үшін актуарлық есептердің әдістемелік жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады.
      Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасында әлеуметтік қорғаудың жаңа саясатын жүзеге асырудың негізгі қағидасы болып табылады. Жүйеге қатысушылардың қызметін бақылау мемлекетте қалатын болғандықтан, мемлекеттің рөлі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмайтын әлеуметтік сақтандыру жүйесі дамуының деңгейі жоғары болған жағдайдың өзінде жетекші болады.
      Әлеуметтік сақтандырудың міндетті түрлерін енгізу жүйеге қатысатын азаматтардың аударымдарын шоғырландыру үшін мамандандырылған институттарды құруды қарастырады. Шектелген ынтымақтастық қағидасына негізделген әлеуметтік сақтандыру жүйесі дамуының халықаралық тәжірибесін ескере отырып, әкімшілік шығындарды азайту, халықтың толық қамтылуын және бүкіл жүйенің сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен жабық акционерлік қоғам түрінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорын құру ұсынылып отыр. Аударымдардың қатысуы мен мөлшерін жеке бақылау арқылы қор қысқа мерзім ішінде еңбектің ресми секторын, соның ішінде жеке ұйымдар үшін қызығушылық тудырмайтын шалғайдағы ауылдық аудандарды әлеуметтік сақтандырумен қамтуға мүмкіндік береді. Осымен қатар қордағы қаражатты мақсаттан тыс пайдалану мүмкіндігін болдырмайтын бақылаудың пәрменді тетіктері енгізіледі. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың әлеуметтік сақтандыру жүйесімен тығыз өзара байланысын ескере отырып, оның функциялары мен міндеттері кеңейтіледі. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының міндеттемелері қолданылып жүрген акционерлік қоғамдар туралы заңның шеңберінде ғана мемлекеттің акционер ретіндегі міндеттемелері болып табылады. Сонымен бірге, келешекте міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен төлемдер төленуін ұйымдастыру кезінде жеке институттардың қатысуы мүмкін болады. Әлеуметтік-экономикалық

 

жағдайлар өзгерген кезде міндетті әлеуметтік сақтандырудың негізгі

өлшемдеріне түзетулер уақтылы енгізіледі.

     Тұжырымдама мақұлданғаннан кейін оның негізінде Қазақстан

Республикасының халқын әлеуметтік қорғаудың жүйесін жетілдіру

бағдарламасын әзірлеу және қабылдау жоспарланып отыр.



Мамандар:

     Багарова Ж.А.

     Қасымбеков Б.А.    





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады