Қазақстан спортшыларын кезекті 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі (Америка Құрама Штаттары) ХІХ қысқы және 2004 жылғы Афиныдағы (Грекия) ХХҮІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға дайындау жөніндегі шұғыл шаралар туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 18 сәуір N 510 Қаулысы. 3-тармағын қоспағанда қаулының күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 26 маусымдағы № 651 Қаулысымен

      Ескерту. 3-тармағын қоспағанда қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.06.26 № 651 Қаулысымен.

      Қазақстан спортшыларының кезекті 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі (Америка Құрама Штаттары) ХІХ қысқы және 2004 жылғы Афиныдағы (Грекия) ХХVІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық Комитетіне белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы спортшыларының кезекті 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі (Америка Құрама Штаттары) ХІХ қысқы және 2004 жылғы Афиныдағы (Грекия) ХХVІІІ жазғы Олимпиада ойындарына (бұдан әрі - Олимпиадалық ойындар) қатысуы туралы өтінімді Халықаралық Олимпиада Комитетіне уақытылы енгізуді қамтамасыз ету ұсынылсын.
      2. Қосымша сәйкес Олимпиада ойындарының жеңімпаздары, жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушылары үшін біржолғы төлемдердің мөлшері белгіленсін.

      3. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен мекен-жайы: Астана қаласы, Потанин көшесі, 14 үйде орналасқан Астана қалалық Ішкі істер басқармасы "Энергия" спорт кешенінің ғимараттарын, спорт жабдықтары мен мүкәммалдарын және мекен-жайы: Алматы қаласы, Шаляпин көшесі, 20 үйде орналасқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамы облыстық кеңесінің "Динамо" бассейнін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт жөніндегі агенттігінің теңгеріміне беру жөнінде қажетті ұйымдастыру іс-шараларын жүзеге асырсын.

      4. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөніндегі агенттігі:
      1) Қазақстан Республикасы спортшыларының Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алу құқығы үшін халықаралық жарыстарға сапалы дайындалуын және қатысуын;
      2) Қазақстан Республикасының қысқы және жазғы спорт түрлері бойынша олимпиадалық құрама командасының мүшелері үшін қажетті мүкәммалдар мен жабдықтар сатып алуды;
      3) Қазақстан Республикасының делегациясын шерулік, спорттық нысандағы киіммен және керек-жарақтармен қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөніндегі агенттігі:
      1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына заңнамада белгіленген тәртіппен Астана және Алматы қалаларында - жазғы және Өскемен қаласында қысқы спорт түрлері бойынша Республикалық олимпиада орталықтарын ашу туралы ұсыныс енгізсін;
      2) 2002 жылға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру жөніндегі бюджеттік комиссияның қарауына:
      - Спортшылардың допингке қарсы зертханасы үшін жабдықтар сатып алуға;
      - Алматы және Астана қалаларында - жазғы және Өскемен қаласында қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық дайындықтың республикалық орталықтарын құруға;
      - ұлттық құрама командаларды даярлау үшін пайдаланылатын спорт объектілерін жөндеуге, қайта жаңартуға және қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыруға;
      - Олимпиада ойындарының жеңімпаздары, жүлдегерлері және олардың жаттықтырушылары үшін біржолғы төлемдер төлеу үшін қаражат бөлу туралы экономикалық негізделген ұсыныстар берсін.
      6. Облыстар мен Астана және Алматы қалаларының әкімдері:
      1) 2001-2002 жылдары балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін, олимпиада резерві мектептерін, спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарды және спорт резервін даярлаудың аймақтық орталықтарының жұмыс істеуі жөнінде;
      2) жазғы және қысқы Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алу құқығы үшін үміткер спортшыларды халықаралық жарыстарға қатысуға дайындауға және қатысуына қаржылық қолдау көрсету мен жағдай жасау жөнінде шаралар қабылдасын.
      7. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясының Кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілік арттыру орталығында ақылы негізде шарт бойынша екі жылдық жоғары санаттағы жаттықтырушылар даярлауды ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдасын.
      8. Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі:
      - республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасы спортшыларының олимпиадалық ойындарға қатысуға даярлығы барысын кеңінен жария етуді;
      - Олимпиадалық ойындардың өткізілуі кезеңінде жарыстардың Қазақстан аумағына трансляциясын қамтамасыз етсін.
      9. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары И.Н.Тасмағамбетовке жүктелсін.
      10. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

     Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2001 жылғы 18 сәуірдегі
N 510 қаулысына қосымша

Солт-Лейк-Ситидағы (АҚШ) және Афиныдағы (Грекия) Олимпиада ойындарының жеңімпаздарына, жүлдегерлеріне және олардың жаттықтырушылары үшін біржолғы төлем мөлшері

      1 орын - 100 000 АҚШ доллары
      2 орын - 50 000 АҚШ доллары
      3 орын - 30 000 АҚШ доллары
      4 орын - 10 000 АҚШ доллары
      5 орын - 5000 АҚШ доллары
      6 орын - 3000 АҚШ доллары

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады