Қазақстан Республикасының өндірістік және әлеуметтік кешендерін 2001/2002 жылғы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 31 мамыр N 749

      Қазақстан Республикасының өндірістік және әлеуметтік кешендерін алдағы 2001/2002 жылғы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа уақытылы және сапалы дайындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:
      1) бір ай мерзімде тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени және әкімшілік-шаруашылық мақсаттағы объектілердің 2001/2002 жылғы күзгі-қысқы кезеңде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жылу-электр энергетикалық кешен, газбен және сумен жабдықтау ұйымдарын қысқа дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;
      2) жылу және энергия көздері мен тұрғындар үшін отын қорын жинақтау кестелерін әзірлесін және бекітсін, олардың орындалуын бақылауды ұйымдастырсын;
      3) пайдаланылған жылу және электр энергиялары мен отын үшін тұтынушылардың энергиямен және жылумен жабдықтаушы ұйымдар алдындағы берешегін өтеуі жөніндегі кестелерді бекітсін, олардың орындалуын қамтамасыз етсін;
      4) пәтер меншік иелері кооперативтерінің үйішілік жылыту және газбен жабдықтау жүйелерін алдағы 2001/2002 жылғы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындау бойынша жөндеу-алдын алу іс-шараларын өткізу жөніндегі жұмысын ұйымдастырсын;
      5) тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени және өндірістік-әкімшілік мақсаттағы объектілерді жылу энергиясын, суық және ыстық суды, газды есепке алатын аспаптармен бұдан әрі жабдықтау жөніндегі жұмысты жалғастырсын;
      6) электрмен, жылумен және газбен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету, энергия мен жылуды тиімді пайдалану және аймақтардың өндірістік және әлеуметтік кешендерін алдағы 2001/2002 жылғы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа уақытылы дайындау мақсатында мүдделі ұйымдарды қатыстыра отырып, аймақтық жұмыс топтарын құрсын;
      7) 2001 жылғы 1 қазанға дейін жергілікті бюджеттердің есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың алынған электр және жылу энергиясына берешегін 2001 жылға арналған жергілікті бюджеттерде оларға көзделген сомалар шегінде өтеуі жөнінде шаралар қабылдасын.
      2. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының әкімдері 2001/2002 жылғы күзгі-қысқы кезеңде аймақтарды газбен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында Полторацкое және Ақыртөбе жерасты газ қоймаларында қажетті газ қорын жасау жөнінде шаралар қабылдасын.
      3. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі электр станциялары мен аймақаралық және аймақтық деңгейдегі желілердің 2001/2002 жылғы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығына бақылау орнатсын.
      4. Мемлекеттік мекемелер - республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері 2001 жылғы 1 қазанға дейін республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың алынған электр және жылу энергиясы үшін берешегін оларға 2001 жылға арналған бюджетте көзделген сомалар шегінде өтеуі жөнінде шаралар қабылдасын.
      5. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері 2001 жылғы шілдеден бастап ай сайын Қазақстан Республикасының Үкіметіне осы қаулының орындалу барысы туралы ақпарат берсін.
      6. Қазақстан Республикасының Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігімен және басқа да мүдделі ведомстволармен бірлесе отырып, гидроэлектрстанциялардың 2001/2002 жылғы күзгі-қысқы кезеңде экономиканың барлық салалары мен экологиялық қауіпсіздік талаптарына жауап

 

беретін нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз

етсін.

     7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Д.К.Ахметовке жүктелсін.

     8. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.


     Қазақстан Республикасының

        Премьер-Министрі



Мамандар:

     Багарова Ж.А.,

     Икебаева А.Ж.





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады