Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң минералдық тыңайтқыштарды сатып алуын мемлекеттiк субсидиялаудың 2001 жылға арналған ережесiн бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнің Қаулысы 2001 жылғы 17 шілде N 968

      "2001 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Z000131_ Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру және отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз етiлуiн қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      1. Қоса берiлiп отырған Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң минералдық тыңайтқыштарды сатып алуын мемлекеттiк субсидиялаудың 2001 жылға арналған ережесi бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi:
      Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiмен бiрлесе отырып отандық зауыттар өндiрген және олар 2001 жылы отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге сататын субсидиялануға тиiстi минералдық тыңайтқыштардың ассортиментi мен көлемiн айқындасын және бекiтсiн;
      Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестiктi қорғау және шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгiмен келiсе отырып субсидияланатын минералдық тыңайтқыштардың әр түрi бойынша 1 (бiр) тоннасының 2001 жылға арналған ең жоғарғы сату құнын белгiлесiн;
      субсидияланатын минералдық тыңайтқыштардың әр түрi бойынша 1 (бiр)

тоннасына 2001 жылға арналған субсидия мөлшерiн белгілесiн.
     3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы 
Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары Д.К. Ахметовке жүктелсiн.
     4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енедi. 
     

     Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрі
     
     
                                                  Қазақстан Республикасы
                                                       Үкiметiнің          
                                                  2001 жылғы 17 шілдедегі
                                                     N 968 қаулысымен
                                                        бекітілген

           Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң минералдық
            тыңайтқыштарды сатып алуын мемлекеттiк субсидиялаудың
                      2001 жылға арналған ережесi
     
                         1. Жалпы ережелер
     


      1. Осы ереже 2001 жылға арналған республикалық бюджеттен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiне (бұдан әрi - Ауылшарминi) 45 "Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң минералдық тыңайтқыштарды сатып алуын субсидиялау" бағдарламасы бойынша көзделген қаражат есебiнен және шегiнде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң минералдық тыңайтқыштарды сатып алуын мемлекеттiк субсидиялаудың жалпы шарттары мен тәртiбiн айқындайды.
      2. Мемлекеттік субсидия минералдық тыңайтқыштар өндiрушi отандық зауыттардан (бұдан әрi - Зауыттар) отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер сатып алатын минералдық тыңайтқыштардың құнын iшiнара өтуге арналған.
      3. Зауыттар өндірген және олар отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сататын минералдық тыңайтқыштардың субсидиялауға жататын ассортиментi мен көлемiн Ауылшарминi мен Қазақстан республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi бiрлесе отырып айқындайды.
      4. Мемлекеттiк субсидия Зауыттарға, жоспарланған егiс алқабына енгiзудiң ғылыми негiзделген нормаларына сәйкес және 2001 жылға арналған республикалық бюджетте отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң минералдық тыңайтқыштарды сатып алуын субсидиялауға көзделген қаражат мөлшерін есепке ала отырып, Ауылшарминi облыстардың қимасында және минералдық тыңайтқыштардың түрлерi бойынша әр Зауытқа белгiленетiн көлем шегiнде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер нақты сатып алған минералдық тыңайтқыштар үшін төленеді.
      Ауылшарминi әр Зауытпен арзандатылған минералдық тыңайтқыштардың өндiрiлгенi және белгiленгенi көлем шегiнде отандық, ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге сатылғаны туралы шарт жасасады.
      5. Зауыттар арзандатылған минералдық тыңайтқыштарды отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге Ауылшарминi Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестiктi қорғау және шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгiмен (бұдан әрi - Агенттiк) келiсiм бойынша белгiлеген бағадан аспайтын және 1 (бiр) тоннаға төленетiн қаржыландыру мөлшерiне азайтылған баға бойынша дербес немесе Зауыттар уәкілеттік берген облыстардағы минералдық тыңайтқыштарды сату жөніндегі өкілдері (бұдан әрі - Өкіл) арқылы сатады.
      1 (бiр) тоннаға бөлінетін субсидия мөлшерін Ауылшармині субсидияланатын минералдық тыңайтқыштардың әр түрі бойынша есептейді және минералдық тыңайтқыштардың бір тоннасының орташа құнының 40 пайызға дейінгі шегінде бекітеді.
      Зауыт Өкілмен Ауылшармині бекіткен нысан бойынша отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзандатылған бағамен минералдық тыңайтқыштар сатуға шарт жасасады.
      6. Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушінің минералдық тыңайтқыштарды Зауыттан да, Өкілден де сатып алуына құқығы бар.
      7. Зауыт немесе Өкiл арзандатылған минералдық тыңайтқыштарды ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге сатуды облыс әкiмiнiң ауыл шаруашылығы департаментi (басқармасы) айқындаған, Ауылшарминінiң аумақтық басқармаларымен келiсiлген және Ауылшармині бекіткен тізбе бойынша белгiленген көлем шегiнде жүзеге асырады.

                 2. Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң
            тiзбесiн айқындау және субсидияларды төлеудiң тәртiбi

      8. Арзандатылған минералдық тыңайтқыштар өсiмдiк шаруашылығы өнiмiн өндiру үшiн қызметi жердi пайдаланумен байланысты ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге сатылады.
      9. Арзандатылған минералдық тыңайтқыштар сатып алғысы келетiн отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушi мынадай құжаттарды:
      Ауылшармині бекiткен нысан бойынша өтінімдi;
      салық қызметi органынан ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушi қосымша құн салығын немесе бiрыңғай жер салығын төлеушi болып табылатынын растайтын анықтаманы;
      жердi пайдалану актiсінің нотариалдық куәландырылған көшірмесін тапсыру арқылы облыс әкiмiнiң ауыл шаруашылығы департаментіне (басқармасына) өтiніш жасайды.
      10. Облыс әкiмінің ауыл шаруашылығы департаментi (басқармасы) арзандатылған минералдық тыңайтқыштарды сатып алуға құқығы бар отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң тізбесіне бірінші кезекте:
      бюджет алдында қарызы жоқ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді;
      шаруа(фермерлiк) қожалықтарын енгiзедi.
      11. Арзандатылған минералдық тыңайтқыштарды сатып алуға құқығы бар отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң түпкілікті тiзбесiн облыс әкiмiнiң ауыл шаруашылығы департаменті (басқармасы) Ауылшарминінің аумақтық басқармасымен келіседі және Ауылшарминіне тапсырады.
      Ауылшармині көрсетiлген тiзбенi қарайды және бекiтедi және оны Зауыттарға жiбередi.
      12. Зауыттар тікелей немесе Өкілдері арқылы отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен арзандатылған минералдық тыңайтқыштарды жеткізуге (тиеп жөнелту) шарт жасасады, онда басқармалармен қоса отандық тауар өндірушілердің өсімдік өнімін өндіруге оларды пайдалануының шарттары айтылады.
      Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші арзандатылған минералдық тыңайтқыштарды сатып алудан бас тартқан жағдайда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бекітілген тізбесі мен облыс бойынша белгіленген көлемге өзгерістер енгізілуі мүмкін.
      Арзандатылған минералдық тыңайтқыштардың әр облыс бойынша белгіленген көлеміне өзгерiстердi Ауылшарминi енгізеді. Өзгертілген көлемдердiң негiзiнде ауыл шаруашылығы департаментi (басқармасы) Ауылшарминінiң аумақтық басқармаларымен келiсiм бойынша арзандатылған минералдық тыңайтқыштар алуға құқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердiң тiзбесiне түзетулер енгiзедi. Минералдық тыңайтқыштарды алу фактісі бойынша Зауыттың (Өкілдің), ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушінің және Ауылшарминiнiң аумақтық басқармасының арасында Ауылшарминi бекiткен нысан бойынша үшжақты актіге қол қойылады.
      13. Субсидия алу үшiн Зауыт ай сайын келесi айдың 15-күніне, бiрақ 2001 жылғы 15 желтоқсаннан кешіктірмей Ауылшарминiне мынадай құжаттарды:
      минералдық тыңайтқыштарды сатып алу-сату шартының түпнұсқасын;
      субсидияланған минералдық тыңайтқыштарды жеткізу туралы актіні тапсырады.
      Ауылшармині ұсынылған мәліметтерді тексереді және республикалық бюджеттен қаражаттың түсуіне қарай белгіленген тәртiппен Зауыттың шотына ақша аударады.
      14. Ауылшармині Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазынашылық комитетiнiң аумақтық органына мынадай құжаттарды:
      арзандатылған минералдық тыңайтқыштардың өндірілгені және белгіленген көлем шегінде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сатылғаны туралы Зауыттармен жасалған шарттарды;
      Ауылшарминінің Зауыттың шотына қаражат аударуға арналған өтінiмiн тапсырады.
      15. Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушілер алған арзандатылған

минералдық тыңайтқыштарды мақсатты пайдалануы Ауылшармині бекіткен 
нысандағы актімен расталады.
     Арзандатылған минералдық тыңайтқыштар мақсатсыз пайдаланылған 
жағдайда, ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушi ауыл шаруашылығы тауарын 
өндiрушiлердi субсидиялау мен несиелендiру жөніндегi басқа да бюджеттiк 
бағдарламаларға қатысу мүмкiндiгiнен айырылады және субсидияның толық 
сомасын республикалық бюджетке қайтаруды жүргізуге міндеттi. 
     
     
     Мамандар:
       Қасымбеков Б.А. 
       Икебаева Ә.Ж. 
     
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады