Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасындағы аймақтық экономикалық ынтымақтастықтың негізгі мақсаттары мен бағыттары туралы және сауда мен инвестициялар саласында қолайлы жағдайлар жасау процесін бастау жөніндегі меморандумның жобасы мақұлдансын.
2. Шанхай ынтымақтастық ұйымының қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
арасындағы аймақтық экономикалық ынтымақтастықтың негізгі мақсаттары мен
бағыттары туралы және сауда мен инвестициялар саласында қолайлы жағдайлар
жасау процесін бастау жөнінде меморандум жасалсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
арасындағы аймақтық экономикалық ынтымақтастықтың негізгі
мақсаттары мен бағыттары туралы және сауда мен инвестициялар
саласында қолайлы жағдайлар жасау процесін бастау жөніндегі
Меморандум
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қытай Халық Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі, Тәжікстан Республикасының Үкіметі және Өзбекстан Республикасының Үкіметі
2001 жылғы 15 маусымда Тараптар мемлекеттерінің Басшылары Шанхайда қол қойған "Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру туралы декларация" ережелері мен қағидаттарын басшылыққа алып,
Дүниежүзілік Сауда Ұйымының нормалары мен ережелерін ескеріп,
сауда-экономикалық қатынастарда өзара іс-қимылды реттеуді және дамытуды, сондай-ақ толық теңдік, өзара құрмет пен өзара тиімділік, кемсітпеушілік, кезеңділік, ашықтық қағидаттарында сауда мен инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау Шанхай ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрі - ШЫҰ) қатысушы мемлекеттердің экономикалық даму деңгейін көтеруге қызмет етеді деп есептеп,
ШЫҰ-ның құрылуы қатысушы мемлекеттердің өзара тиімді және көп салалы ынтымақтастықты дамытудағы аса зор әлеуеті мен мол мүмкіндіктерін неғұрлым толық пайдалануға мүмкіндік беретіндігіне, сондай-ақ әділетті де тиімді халықаралық экономикалық тәртіп орнатуға ықпал ететініне сенімді болып,
қазіргі жағдайда сауда мен инвестицияларда оңтайландыру процесін бастау ШЫҰ шеңберінде аймақтық экономикалық ынтымақтастықты жолға қою жөніндегі маңызды міндеті болып табылады деп пайымдай отырып,
мына төмендегілерге келісті:
1-бап
ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің аймақтың экономикалық дамуының негізгі мақсаттары:
- өздерінің экономикаларының жалпыға ортақ дамуына есептесу мүдделерінде қатысушы мемлекеттердің экономикалық өзара бірін-бірі толықтырушылығын анықтау;
- сауда мен инвестициялар ауқымын кеңейту;
- бірлескен өндірістердің және шаруашылық жүргізуші субъектілердің сауда-экономикалық қызметіне есептесу;
- сауда мен инвестициялық ахуалды жақсарту, тауарлардың, капиталдардың, қызметтер көрсетудің және технологиялардың еркін қозғалысын біртіндеп жүзеге асыру үшін тиісті жағдайлар жасау;
- сыртқы экономикалық қызметтерді реттейтін ұлттық заңнамаларды үйлестіру;
- Тараптар мемлекеттерінің қолданыстағы заңнамаларына сәйкес қатысушы
мемлекеттердің әкімшілік-аумақтық құрылымдарының арасында тікелей
байланыстардың түрлі нысандарын көтермелеу және қолдау;
- көлік және коммуникациялар саласында қолда бар инфрақұрылымды
тиімді пайдалану, транзит әлеуетін одан әрі дамыту;
- қызметтер көрсету саудасы саласында ынтымақтастықты дамыту;
- табиғатты ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, бірлескен экологиялық
бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру;
- аймақтық экономикалық ынтымақтастықты жүзеге асыру тетіктерін жасау
және дамыту.
2-бап
Сауда мен инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау:
- сауда мен инвестициялық қызметтегі кедергілерді кезең-кезеңімен жою;
- тауарлар мен жолаушыларды тасымалдауды, соның ішінде транзит арқылы
жүзеге асыру үшін құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық және басқа да
жағдайларды қамтамасыз ету;
- өткізу бекеттерінің инфрақұрылымын дамыту;
- тауарлар мен технологияларға стандарттарды үйлестіру;
- нормативтік-құқықтық сипаттағы ақпарат алмасуды кеңейту;
- өзара инвестицияларды тарту және қорғау жолымен жүзеге асырылатын
болады.
3-бап
Тараптар күш-жігерді салалық ынтымақтастықтың энергетика, көлік, телекоммуникациялар, ауыл шаруашылығы, туризм, несие-банк саласы, су шаруашылығы және табиғат қорғау салалары сияқты маңызды бағыттарына әрі өзара мүдделілік тудыратын басқа да бағыттарға шоғырландыруды, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілері арасында тікелей байланыстарға септесуді қажет деп санайды.
4-бап
Тараптар құрылысы функциялары мен міндеттері жеке құжатпен белгіленетін қатысушы мемлекеттерде сыртқы экономикалық және сыртқы сауда қызметі үшін жауап беретін министрлердің кездесу тетігін жасайды.
5-бап
Тараптар Көп жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді
бағдарламасын әзірлейді, онда ынтымақтастықтың нақты бағыттары,
басымдықтары, салалары мен объектілері көрсетілетін болады.
Осы Меморандумның мақсаттарын іске асыру үшін Тараптар тиісті
келісімдер жасасады.
6-бап
Осы Меморандумның 4 және 5-баптарымен көзделген қажетті құжаттарды
әзірлеу үшін Тараптар қатысушы мемлекеттердің мүдделі министрліктері мен
ведомстволары өкілдерінен сарапшылардың жұмыс тобын құрады.
7-бап
ШЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастық қатысушы мемлекеттердің өздері қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелеріне қайшы келмейді.
8-бап
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Меморандумға өзгерістер мен
толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Меморандумның ажырамас бөлігі
болып табылатын тиісті хаттамалармен ресімделеді.
Осы Меморандумды қолдану және/немесе түсіндіру жөніндегі даулар мен
келіспеушіліктер келіссөздер жолымен шешіледі.
Осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Меморандумға 2001 жылғы "___" қыркүйекте Алматы қаласында бір
данада орыс және қытай тілдерінде қол қойылды және екі мәтіннің күші
бірдей. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі
мәтінді басшылыққа алатын болады.
Осы Меморандумның депозитарийі Қазақстан Республикасы болып табылады,
ол Меморандумға қатысушы мемлекеттерге оның куәландырылған көшірмесін
жібереді.
Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін
Мамандар:
Багарова Ж.А.
Қасымбеков Б.А.