Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр энергиясы мен қуатының транзиті туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 14 қыркүйек N 1214

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. 2000 жылғы 25 қаңтарда Мәскеу қаласында жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр энергиясы мен қуатының транзиті туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі     

           Тәуелсіз Елдер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
               электр энергиясы мен қуатының транзиті туралы 
                                  Келісім     

                        Ресми куәландырылған мәтін

           Тәуелсіз Елдер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
               электр энергиясы мен қуатының транзиті туралы 
                                  Келісім

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттер Үкiметтерi,
      1991 жылғы 17 желтоқсандағы Энергетикалық Хартияның және 1994 жылғы 17 желтоқсандағы Энергетикалық Хартияға шарттың ережелерiн басшылыққа ала отырып, 
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Электр энергетикасы саласында мемлекетаралық қатынастарды үйлестіру туралы 1992 жылғы 14 ақпандағы келісімін негізге ала отырып, 
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Электр энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету туралы 1998 жылғы 25 қарашадағы шартты басшылыққа ала отырып,  Z000066_  
      электр энергетикасы саласында өзара сенім білдіру негізінде және Тараптардың электр энергиясы жүйелерін басқаруына араласпау негізінде тең құқықты ынтымақтастыққа әзір екендігін білдіре отырып, 
      Тараптардың электр энергетикасы жүйелерінің қатар жұмыс істеуінің техникалық және экономикалық артықшылықтарын пайдалану және жүйеаралық тиімділіктерді іске асыру мақсатында,
      электр энергиясын сатудағы өсе түсіп отырған мүдделілікті тани отырып, 
      электр энергиясы мен қуаттарының ашық рыногының қалыптасуына жәрдемдесуге ұмтыла отырып
      төмендегілер туралы келісті:     

                              1-бап     

      осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер:
      электр энергиясы мен қуаттарының транзиті -
      а) екінші мемлекеттің аумағында өндірілген және үшінші мемлекеттің аумағы үшін арналған электр энергиясы мен қуаттарды Тараптың аумағы арқылы оның электрлік желілері бойынша беру, бұл орайда не екінші, не үшінші мемлекет осы Келісімге қатысушы мемлекет болып табылады; 
      б) электр энергиясы мен қуаттарды бір Тараптың екі пункттері арасында екінші Тараптың аумағы арқылы оның электрлік желілері бойынша беру; 
      шаруашылық жүргізуші субъект - электр энергиясы мен қуаттарды мемлекеттің ұлттық заңнамаларына сәйкес өндірумен, берумен, бөлумен айналысатын заңды немесе жеке тұлға. 

                               2-бап 

      Тараптар өздерінде бар техникалық мүмкіндіктердің шектерінде электр энергиясы мен қуаттардың шығу орнына, тағайындалған орнына және иемделушісіне қарамастан жасалған шарттарға сәйкес келісілген, экономикалық негізделген және айқын тарифтер бойынша электр энергиясы мен қуаттардың өздерінің аумақтары арқылы кедергісіз транзитін қамтамасыз етеді. 

                               3-бап 

      Электр энергиясы мен қуаттарының транзиті меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілері жасаған шарттар (келісім-шарттар) негізінде жүзеге асырылады. 
      Электр энергиясы мен қуаттарының транзиті ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, электр энергиясын есептеу жүйелерімен жабдықталған, қолданыстағы нормативтік кесімдерге және/немесе Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы жасалған келісім-шарттардың ережелеріне жауап беретін Тараптар бекіткен мемлекетаралық электр берілісі желілерінің және электр энергиясын кедендік бақылау пункттерінің тізбелеріне сәйкес кернеудің барлық сыныптарының электр беру желілері бойынша жүзеге асырылады. 

                               4-бап 

      Тараптардың әрқайсысы электр энергиясы мен қуаттары транзитін және транзит үшін электр беру желілерін пайдалануды реттейтін сыртқы сауда шарттарында және өзге де тиісті құжаттарда оның өз аумағында өндірілетін немесе оның өз мұқтажына арналған электр энергиясы мен қуаттарының берілуін реттейтін техникалық-технологиялық және нормативтік-құқықтық кесімдерге көзделгеніне қарағанда, транзиттің олардан кем емес қолайлы режимін қарастыруға міндеттенеді.     

                              5-бап

     Тараптар электр энергиясы мен қуаттары транзитінің қолда бар жүйесін барынша пайдалануға жәрдем көрсетеді.

                              6-бап
 
     Егер транзитті жүзеге асыратын Тараптың транзиттік мүмкіндіктері әлеуетті қатысушылардың электр энергиясы мен қуаттарының транзиттік операцияларын орындауға қатысты ұсыныстарынан төмен болса, осы немесе өзге де ұсыныстардың техникалық-экономикалық артықшылықтарын ғана негізге ала отырып, басымдықтарды транзитті жүзеге асыратын Тарап белгілейді. 
 
                               7-бап 

      Тараптар электр энергиясы мен қуаттарының транзитін жүзеге асыратын Тараптың аумағындағы қазіргі бар электр беру желілерін қайта құруға және/немесе жаңаларының құрылысын салуға жәрдемдеседі. 
      Электр энергиясы мен қуаттарының транзиті бойынша қазіргі бар қуаттарды қайта құруға және/немесе жаңаларының құрылысын салуға ақшалай қаржыны және материалдық жабдықтарды инвестициялау, сондай-ақ мұндай объектілерге арналған құқықтарды бөлу тәртібі инвестициялық жобалардың қатысушылары арасындағы екі және көп жақты жекелеген келісімдермен белгіленеді.

                               8-бап     

     Тараптар электр энергиясы мен қуаттары транзитінің өздеріндегі  құқықтық, институционалдық және технологиялық нормалары мен тетіктерін үйлестіру жөнінде практикалық іс-шараларды жүзеге асырады.     

                              9-бап

      Тараптар арасында ауыстырылатын электр энергиясын кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау жасау Тараптардың кедендік заңнамаларына және Тараптардың осы салада Достастық шеңберінде қабылдаған басқа да құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.  V011448_  

                               10-бап 

      Электр энергиясы мен қуаттарының транзиті жөніндегі қызмет көрсетулер электр энергиясы мен қуаттарын транзиттеу жөніндегі шарттарға (келісім-шарттарға) қатысушы Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы келісілген тарифтер бойынша төленеді.
      Электр энергиясы мен қуаттары транзитінің көлемін анықтау мүдделі Тараптардың келісімі бойынша жүргізіледі.     

                              11-бап     

     Тараптар электр энергиясы мен қуаттарының транзиті үшін дер кезінде есеп айырысуды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.

                              12-бап

      Тараптардың әрқайсысы екінші Тараптың аумағында туындайтын жүйелі (каскадты) апаттардың белең алып кетуіне жол бермеуге жеткілікті болатындай көлемде апатқа қарсы автоматика ұстауға міндеттенеді. 
 
                               13-бап 

      Электр энергиясы мен қуаттарын транзиттеуге ықпал ететін апаттық жағдайлар туындаған кезде Тараптар және/немесе шаруашылық жүргізуші субъектілер апаттың дендеуін болдырмауға және оның салдарын жоюға көмек көрсетеді. 
      Апатқа байланысты электр энергиясы мен қуаттары транзитінің көлемі қысқаруы салдарынан болатын зиянның орнын толтыру тәртібі электр энергиясы мен қуаттары транзитіне арналған шарттарға (келісім-шарттарға) сәйкес белгіленетін болады. 

                               14-бап 

      Апатты тез жою мақсатында, аумағында апат болған Тарап басқа Тараптардың апаттық-қалпына келтіру бөлімшелеріне, осы бөлімшелердің міндетті түрде декларациялауға және кедендік бақылауға жататын техникалық жарақтану табеліне сәйкес жабдықтары мен материалдарын өз аумағына еркін әкелу және/немесе әкету құқығын береді. Бұл орайда Тараптар кедендік баждарды және оларға барабар алымдарды, сондай-ақ аталған жабдықтар мен материалдарға тарифтік емес сипаттағы шектеулерді қолданбауға міндеттенеді. 

                               15-бап 

      Тараптар Тараптардың бірде-бірі электр энергиясы мен қуаттарын беру көздерінен ажыратылу және жеткізушілердің, тұтынушылардың, сондай-ақ транзитке қатысушылардың мүдделеріне зиян келтіру қаупін бастан кешпеуі үшін шаралар, соның ішінде бірлескен шаралар қолданады. 
      Транзит жүзеге асырылатын және/немесе оны қамтамасыз ететін электр энергетикасының объектілерін пайдаланатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметі Тараптардың ұлттық заңнамаларымен және олардың арасындағы келісімдермен регламенттеледі. 

                               16-бап 

      Тараптар электр энергиясы мен қуаттарын транзиттеу саласында жаңа құқықтық кесімдер әзірленіп жатқаны туралы, салықтық және кедендік заңнамалардағы өзгерістер туралы бір бірін және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Электр энергетикалық кеңесін хабардар етеді, өзара қолдануға болатын шешімдерге қол жеткізу мақсатында тиісті консультациялар өткізеді. 
      Тараптар салықтық және кедендік заңнамалар саласында жаңа құқықтық кесімдер қабылданғаны туралы олар күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде бір-бірін хабардар етеді.     

                              17-бап     

     Осы Келісім қатысушылары Тараптар болып табылатын халықаралық келісімдердің ережелеріне ықпал етпейді.

                              18-бап

      Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі. Даулы мәселелерді келіссөздер жолымен реттеу мүмкін болмаған кезде Тараптар төрелік немесе басқа да халықаралық соттарға жүгінеді. 

                               19-бап 

      Тараптар арасында электр энергиясы мен қуаттарының транзиті жөнінде дау туған жағдайда олар электр энергиясы мен қуаттардың транзиттік жеткізілімін тоқтатпайды және қысқартпайды, сондай-ақ дау түпкілікті шешілгенге дейін бұрын қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды сақтауды қамтамасыз етеді, бұл орайда 1991 жылғы 17 желтоқсандағы Энергетикалық Хартияны, 1994 жылғы 17 желтоқсандағы Энергетикалық Хартияға шартты, шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы басқа да халықаралық келісімдер мен шарттарды басшылыққа алады.  

                               20-бап 

      Осы Келісім ол күшіне енген күннен бастап бес жыл бойы қолданылады. Осы мерзім өткеннен кейін, егер Тараптар өзгеше шешім қабылдамаса, Келісім әрбір жолы жаңа 5-жылдық кезеңге өздігінен ұзартылады. 

                               21-бап 

      Тараптардың әрқайсысы шығу күніне дейін кем дегенде бір жыл бұрын бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жіберіп және Келісім қолданыста болған уақытта туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді орындап осы Келісімнен шыға алады. 

                               22-бап 

      Осы Келісім оның мақсаттары мен қағидаттарының бөлісетін басқа да мемлекеттердің депозитарийге мұндай қосылу туралы құжаттарды жіберуі арқылы оған қосылуы үшін ашық. Қосылу депозитарий осындай қосылу туралы хабарламаны алған күннен бастап күшіне енді деп саналады. 

                               23-бап 

      Осы Келісімге барлық Тараптардың ортақ келісімімен өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 24-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін тиісті хаттамалармен ресімделеді. 

                               24-бап 

      Осы Келісім оған қол қойылған күнінен бастап, ал заңнамасы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуын талап ететін мемлекеттер үшін - депозитарийге тиісті құжаттарды ұсынған күннен бастап күшіне енеді.
      Мәскеу қаласында, 2000 жылғы 25 қаңтарда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.     
     Әзербайжан Республикасының           Молдова Республикасының
           Үкіметі үшін                         Үкіметі үшін     

     Армения Республикасының              Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

     Беларусь Республикасының             Тәжікстан Республикасының
           Үкіметі үшін                         Үкіметі үшін         
     Қазақстан Республикасының            Өзбекстан Республикасының
           Үкіметі үшін                         Үкіметі үшін         
     Грузия Үкіметі үшін                Түрікменстан Республикасының
                                                Үкіметі үшін        

     Қырғыз Республикасының               Украина Үкіметі үшін
           Үкіметі үшін      

                   ТМД Үкіметі басшыларының кеңесі
             отырысының күн тәртібінің 3-тармағы бойынша
                        Украинаның ескертпелері     

     "ТМД қатысушы мемлекеттерінің электр энергиясы мен қуаттарының транзиті туралы Келісім туралы"     

                                          2000 жылғы 25 қаңтар
 
      "ТМД қатысушы мемлекеттерінің ашық электр энергиясы туралы ережелерді, сондай-ақ жеке келісім-шарттар мен шарттардың тақырыбы болып табылатын, транзиттің шарттарын экономикалық негіздеу талаптары болатын ережелерді есептемегенде." 

     Украинаның Премьер-Министрі

     Мәскеу қаласында 2000 жылғы 25 қаңтарда өткен Тәуелсіз Елдер Достастығының Кеңесі басшыларының отырысында бекітілген Тәуелсіз Елдер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр энергиясы мен қуаттарының транзиті туралы ұсынып отырған мәтін Келісімнің түпнұсқалық көшірмесі болып табылатынын осымен куәландырамын. Жоғарыда аталған Келісімнің түпнұсқалық данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетінде сақталуда.     

     Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының
     Атқару комитеті төрағасының орынбасары - 
     Атқарушы хатшысы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады