"Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 3 қаңтар N 1

 


     Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

     "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан

Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті

Мәжілісінің қарауына енгізілсін.


     Қазақстан Республикасының

          Премьер-Министрі


                                                                   Жоба


                       ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

                                 ЗАҢЫ


                  Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық

                         салауаттылығы туралы


     Осы Заң Қазақстан Республикасы халқының санитарлық-эпидемиологиялық

салауаттылығын қамтамасыз етудiң құқықтық, экономикалық және әлеуметтік

жағдайын айқындайды.


                         I тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР


             1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:


     Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:


 
       1) санитарлық-эпидемиологиялық тексеру актiсi - объектiні халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарына сәйкестiгiн тексеру нәтижелерiнiң бекiтiлген нысанындағы құжат;
      2) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қадағалау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      3) азық-түлiк шикiзаты - тамақ өнiмдерiн дайындау үшiн өсiмдiктен, жануардан алынатын, микробиологиялық, минералды және жасанды түрдегi шикiзат және пайдаланылатын су;
      4) халықтың декреттелген тобы - қызмет көрсету саласында жұмыс iстейтiн, басқа адамдарды жұқпалы және паразиттiк аурулармен жұқтыру үшiн мейлiнше қауiп төндiретiн адамдар;
      5) адамның тiршiлiк етуiне қолайлы жағдайлар - тiршiлiк ету ортасының, оның факторларының адамға зиянды ықпалы жоқ кездегi жағдайы;
      6) зиянды өндiрiстiк фактор - оның ықпалы белгiлi жағдайда жұмыс iстеушiнiң кәсiби, уақытша немесе тұрақты еңбекке қабiлеттiлiгiнiң төмендеуiн тудыруы, соматикалық және жұқпалы аурулардың жиiлігін арттыруы, денсаулығының бұзылуына әкелуi мүмкiн орта мен еңбек процесiнiң факторы;
      7) адамға зиянды ықпал - тiршiлiк ету ортасының адамның өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндiретiн әсерi;
      8) мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау - халықтың денсаулығын сақтау мен тiршiлiк ету ортасын қорғау мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты анықтау, алдын алу жөнiндегі қызметi;
      9) санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау объектiсi - оларды пайдалану адам денсаулығының жай-күйiне және тiршiлiк ету ортасына зиян келтiруi мүмкiн ғимараттар, құрылыстар, өнiмдер, сондай-ақ өзге мұқаммалдар;
      10) жұқпалы және паразиттік аурулар - туындауы мен таралуы тiршiлiк ету ортасының биологиялық факторларының оған ықпал етуiмен түсiндiрiлетiн адам сырқаттары;
      11) улану - қоршаған ортаның химиялық, биологиялық және өзге де факторларының өткiр немесе созылмалы ықпалы етуi кезiнде туындайтын адам сырқаттары;
      12) шектеу iс-шаралары (карантиндi) - жұқпалы аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған және шаруашылық пен өзге де қызметтiң ерекше режимiн көздейтiн әкiмшілік, медициналық-санитарлық, ветеринарлық және өзге де шаралар;
      13) мерзiмдi медициналық қараулар - денсаулықтың жай-күйiн өскелең қадағалауды қамтамасыз ету, аурудың бастапқы белгiлерiн уақытылы белгiлеу мақсатында азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылық жасауды жүзеге асыратын уәкiлеттi орталық атқарушы орган белгiлеген мерзiмде жүргiзiлетiн халықты қараулар;
      14) алдын ала медициналық қараулар - жұмысқа алынатын адамдар денсаулығының жай-күйiн анықтау, жалпы және кәсiби аурулардың, жазатайым оқиғалардың, жұқпалы және паразиттiк аурулардың алдын алу мақсатында оларды қарау;
      15) дезинфекция, дезинсекция және дератизация - жұқпалы және паразиттiк аурулардың қоздырғыштарын, тұрмыстағы жәндiктер мен кемiргіштердi жоюға бағытталған өндiрiстiк, тұрғын үй ғимараттарында, қоғамдық орындардың үй-жайларында және аумақтарда жүйелi түрде жүргiзiлетiн шаралар кешенi;
      16) дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық қызмет көрсету - дезинфекция, дезинсекция және дератизация құралдары мен препараттарын дайындауға, өндiруге, өңдеуге және көтерме сауда сатуға байланысты қызмет, сондай-ақ оларды пайдалануға байланысты жұмыстар мен қызмет көрсету түрлерi;
      17) санитарлық паспорт - объектiнiң санитарлық-техникалық жағдайын көрсететiн (растайтын) және оны пайдалануға немесе қолдануға құқық беретiн құжат;
      18) санитарлық-эпидемиологиялық нормалау - оларды орындаудан денсаулықтың сақталуына кепiлдiк берiлетiн және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы қамтамасыз етiлетiн адам тiршiлiк етуiнiң қауiпсiз жағдайының ғылыми негiзделген нормативтерiнен тұратын Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерi мен арнаулы техникалық, санитарлық және әдiстемелiк нормативтердiң жиынтығы;
      19) санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар (бұдан әрi - санитарлық ережелер) - оларды сақтамау адам өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндiретiн, сондай-ақ аурулардың пайда болу мен таралу қаупi төнетiн, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген санитарлық-эпидемиологиялық талаптар (соның iшiнде тiршiлiк ету ортасының адам үшiн қауiпсiздiк критерийi немесе зиянсыздық факторлары, гигиеналық және өзге де факторлар);
      20) гигиеналық норматив - тiршiлiк ету ортасының кез-келген факторын адам үшiн қауiпсiз және (немесе) зиянсыз айқындамасынан сипаттайтын көрсеткiштiң зерттеулермен белгiленген шектi мөлшердегi барынша көп және (немесе) мейлiнше аз сандық және сапалық мәнi;
      21) санитарлық-iндетке қарсы (алдын алу) iс-шаралар - тiршiлiк ету ортасы факторларының адамға зиянды ықпалын жоюға немесе азайтуға, жұқпалы және паразиттiк аурулардың пайда болуына және таралуына, жаппай улануды болдырмауға және оларды жоюға бағытталған шаралар;
      22) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы - қоршаған ортаның адамға зиянды ықпал ету факторлары жоқ кезде болатын халық денсаулығының жай-күйi;
      23) санитарлық-эпидемиологиялық жағдай - белгiлi аумақтағы халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаның белгілi бiр уақыттағы жай-күйi;
      24) санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды - тiршiлiк ету ортасы факторларының, шаруашылық және өзге де қызметтiң, өнiмдердiң, жұмыстар мен қызмет көрсетулердiң жоба құжаттамасының санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкестiгiн куәландыратын құжат;
      25) санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг - халық денсаулығы мен тiршiлiк ету ортасының жай-күйiн қадағалаудың, оларды талдаудың, бағалау мен болжаудың, сондай-ақ халық денсаулығының жай-күйi мен тiршілік ету ортасы факторларының ықпалы арасындағы себеп-салдарлық байланысты айқындаудың мемлекеттiк жүйесi;
      26) санитарлық-эпидемиологиялық сараптама - өнiмдердiң, жұмыстардың, қызмет көрсетулер мен шаруашылық объектiлерiнiң және өзге қызметтердiң санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкестiгiн анықтау мақсаты бар микробиологиялық, паразитологиялық, санитарлық-химиялық, токсикологиялық, радиологиялық зерттеулер мен физикалық факторлар өлшемдерiнiң кешенi;
      27) адамның тiршiлiк ету ортасы (бұдан әрi - тiршiлiк ету ортасы) - табиғи, антропогендiк және әлеуметтiк факторлардың, адамның тiршілік ету жағдайын белгiлейтiн ортаның (табиғи және жасанды) жиынтығы;
      28) тiршілік ету ортасының факторлары - адамның және/немесе келешек ұрпақ денсаулығының жай-күйiне ықпал ететiн немесе ықпал ете алатын биологиялық, химиялық, физикалық, әлеуметтік және өзге де тiршілік ету ортасының факторлары;
      29) індет - науқастанудың әдетте тiркелетiн деңгейiнен елеулi артатын жұқпалы аурулардың жаппай таралуы.
 
            2-бап. Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-
                   эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету
                             саласындағы заңнамасы
 
      1. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен осы Заңда бар ережелер емес басқа ережелер белгiленген болса, көрсетiлген шарттың ережелерi қолданылады.
 
           3-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын
                        қамтамасыз ету принциптерi
 
      Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету принциптерi:
      1) ұйымдастырушылық, экономикалық, құқықтық және тәрбиелiк сипаттағы шаралар кешенiн жүргізумен қамтамасыз етiлетiн азаматтардың денсаулығын сақтау, қолайлы тiршiлiк ету ортасына және санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылыққа құқығы мен мiндеттемелерiн iске асыру;
      2) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету бойынша қызметтiң алдын алу сипаты, тiршiлiк ету ортасының халық денсаулығына зиянды ықпал ету факторларының алдын алу;
      3) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы жариялылық;
      4) санитарлық-iндетке қарсы (алдын алу) iс-шараларды орындау мен жеке және заңды тұлғалардың санитарлық-эпидемиологиялық заңнаманы мiндеттi түрде сақтауы;
      5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ететiн iс-шаралардың ғылыми-практикалық негіздiлiгi;
      6) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының заңын бұзғаны үшiн жауапкершілік болып табылады.
 
             4-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық және iндетке
                          қарсы нормативтiк кесiмдер
 
      1. Халықтың құқықтары мен бостандығына қатысты санитарлық ережелер Қазақстан Республикасының ресми басылымдары мен азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылық жасауды жүзеге асыратын уәкiлетті орталық атқарушы органның арнаулы басылымында жарияланады.
      2. Санитарлық ережелердi, гигиеналық нормативтердi белгiлейтiн кесiмдер Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық қызметiнiң тiкелей қарауында және оларды басқа министрлiктердiң, агенттiктер мен ведомстволардың кесiмдерiнде пайдалану Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерiмен келiсiлуi қажет.
 
             2 ТАРАУ. ХАЛЫҚТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ
                         САЛАУАТТЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
                         САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ
 
            5-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүйесi
 
      1. Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық қызметi санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдары кiретiн бiртұтас жүйе болып табылады.
      2. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарына мыналар жатады:
      1) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган, оның көлiктегі аумақтық бөлiмшелерi;
      2) жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы қызметтi жүзеге асыратын атқарушы органдар;
      3) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы қызметті жүзеге асыратын орталық атқарушы органдар құратын өзге де органдар;
      2. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметке кiретiн ұйымдар:
      1) Қазақ республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясы;
      2) аумақтардағы, көлiктегi санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме, санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүзеге асыратын өзге де мемлекеттiк мекеме;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы қызметтi жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу ұйымдар болып табылады.
 
          6-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары
                    мен ұйымдарын қаржылық қамтамасыз ету
 
      1. Республикалық бюджеттен мыналар қаржыландырылады:
      1) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы уәкiлеттi орган;
      2) көлiктегі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын органдар;
      3) Қазақ республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясы;
      4) көлiктегі санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелер;
      5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы қызметтi жүзеге асыратын орталық атқарушы органдар құратын өзге де органдары;
      6) санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелер.
      2. Жергiлiктi бюджеттен мыналар қаржыландырылады:
      1) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы қызметтi жүзеге асыратын атқарушы органдар;
      2) аумақтардағы санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелер.
      3. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен ақылы жұмыстар мен қызмет көрсетулердi орындағаны үшiн алынған қаражат есебiнен қаржыландырылады.
      4. Iндетке қарсы күрес мақсатында республикалық және жергiлiктi бюджеттерде арнаулы қаржы қаражаты көзделедi.
 
               7-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық
                 салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы
                 Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi
 
      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) науқастанудың алдын алу мен адам тiршiлiк етуiне қолайлы ортаны құру бойынша мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын айқындайды;
      2) орталық және жергілiктi атқарушы органдардың халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мәселелерi бойынша қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады;
      3) мемлекеттiк шекараға жұқпалы және паразиттiк аурулардың әкелiнуiне және таралуына санитарлық-карантиндi бақылауды жүзеге асырудың тәртiбiн белгiлейдi;
      4) Қазақстан Республикасы аумағында iндет пайда болған кезде халықтың өмiр сүруiнiң және шаруашылықты жүргізу қызметiнiң ерекше жағдайы мен режимiн белгілейдi;
      5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласында уәкiлеттi мемлекеттiк органды белгiлейдi.
 
         8-бап. Азаматтардың денсаулығын сақтау саласында халықтың
           санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз
          ету саласында басшылық жасауды жүзеге асыратын Қазақстан
           Республикасының уәкiлеттi орталық атқарушы органының
                                  құзыретi
 
      Азаматтардың денсаулығын сақтау саласында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласында басшылық жасауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлеттi орталық атқарушы органы:
      1) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласында халық денсаулығын сақтаудың бiрыңғай мемлекеттiк саясатын жүргізедi;
      2) салааралық үйлестiрудi, сондай-ақ халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөнiндегі мемлекеттiк, мақсатты және кешендi бағдарламаларды iске асыру бойынша қоғамдық ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;
      3) санитарлық-эпидемиологиялық қызметтi дамыту жөнiндегi шараларды айқындайды;
      4) санитарлық-эпидемиологиялық қызметті материалдық-техникалық, иммунобиологиялық қамтамасыз етуге жәрдемдеседi;
      5) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензияланатын қызмет түрлерiне лицензия бередi.
 
        9-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын
               қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының
                         уәкiлеттi органының құзыретi
 
      Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттік органы:
      1) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты жүргiзедi;
      2) санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердi бекiтедi;
      3) басқа мемлекеттiк органдардың адам денсаулығына тiкелей немесе жанама әсер ету мәселелерi бөлiгіндегі техникалық нормативтерiн келiсiледi;
      4) халықтың науқастануы мен тiршiлiк ету ортасының факторлары мемлекеттiк мониторинг бойынша жұмысты ұйымдастырады;
      5) санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының қызметiн үйлестiредi;
      6) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      7) жұқпалы, паразиттiк, кәсiби аурулар мен тiршiлiк ету ортасының гигиеналық өлшемдерiне мемлекеттік мониторингтiң көлемiн, құрылымы мен жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi;
 
            10-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық
              салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы
              жергiлiктi атқарушы органдарының құзыретi
 
      Жергiлікті атқарушы органдар:
      1) жергiлiктi бюджеттi әзiрлейдi және аурулардың алдын алу мен

 

санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету жөнiндегi

аймақтық бағдарламаларды iске асыру шығыстары бөлiгiнде олардың орындалуын

қамтамасыз етедi;

     2) халық денсаулығын сақтау мен тiршiлiк ету ортасын жақсарту

саласындағы мемлекеттік саясатты iске асырады;

     3) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету

жөнiндегі шешiмдердi қабылдайды.


         11-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет функциялары


     1. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының

функциялары:

     1) мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге

асырады;


 
       2) аумақты жұқпалы, паразиттiк аурулардың келуiнен және таралуынан санитарлық қорғау жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастырады;
      3) санитарлық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтердi, әдiстемелiк нұсқаулар мен нұсқаулықтарды, есеп беру мен есепке алу нысандарын және оларды белгiлеу тәртiбiн, сондай-ақ заңнамада белгiленген тәртiппен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзірлейдi;
      4) өз құзыретi шегiнде жұқпалы, паразиттiк аурулар кезiнде санитарлық-iндетке қарсы (алдын алу) iс-шаралар кешенiн ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөнiндегi ұсыныстарды мемлекеттiк органдардың қарауына енгiзедi;
      6) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы бағдарламаларды әзiрлеуге қатысады;
      7) санитарлық-эпидемиологиялық мониторингтi жүзеге асырады, есеп пен статистиканы жүргізедi;
      8) халықтың декреттелген тобына санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердi оқытуды ұйымдастырады және салауатты өмiр салтын қалыптастыруға қатысады;
      9) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы қызметтi жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу және өзге де ұйымдарының қызметiн үйлестiредi;
      10) дезинфекцияны, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастырады;
      11) алдын алу (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялайтын) препараттарын сатып алуларды, сақтауды, тасымалдау мен пайдалануды ұйымдастырады;
      12) санитарлық-эпидемиологиялық қызмет үшiн ғылыми-зерттеу жұмыстарына, кадрларды даярлауға тапсырыс жасайды;
      13) санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мекемелерiнiң зертханаларын жұмысқа тиесiлi келiсiмiн бере отырып, санитарлық ережелерге сәйкестiгiне аттестациялауды және сынақ орталықтары мен зертханаларын тiркеудi жүргiзедi;
      14) санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау объектiлерiнiң жобалау нормаларын, мемлекеттік стандарттарды, зертханалық бақылау әдiстерiн, бiлiм беру мекемелерiндегi оқу бағдарламалары мен оқу-еңбек жүктемелерiн келiсiледi;
      15) дезинфекциялық, дератизациялық және дезинсекциялық қызмет көрсетулерге лицензиялар бередi;
      16) тамақ өнiмдерiн, азық-түлiк шикiзатын, шаруашылық-ауыз суын, химиялық, уытты және радиациялық заттарды және адамдарды тасымалдау үшiн пайдаланылатын көлiк құралдарын (қоғамдық көлiк) аталған көлiк құралдарының санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкестiгi мәнiнде пайдалануды келiсiледi;
      17) басқа мемлекеттiк органдармен және мекемелермен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету бөлiгіндегi өзара iс-қимылды жасайды;
      18) қоршаған орта мен халық денсаулығын сақтаудың, эпидемиологияның, микробиологияның, диагностиканың, емдеудiң және жұқпалы, паразиттiк аурулардың алдын алудың өзектi мәселелерi бойынша ғылыми және практикалық зерттеулер жүргізедi.
      2. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдарының функциялары:
      1) жұқпалы және паразиттiк аурулардың диагностикасына қатысады;
      2) санитарлық-химиялық, бактериологиялық, вирусологиялық, паразитологиялық, радиологиялық және токсикологиялық зертханалық зерттеулердi, шуыл мен вибрация, электромагниттік алаңдар мен тiршiлiк ету ортасының өзге де факторларының өлшемiн орындайды;
      3) санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мекемелерiнiң зертханаларын жұмысқа тиесiлi келiсiмiн бере отырып, санитарлық ережелерге сәйкестiгiне аттестациялауды және сынақ орталықтары мен зертханаларын тiркеудi жүргiзедi;
      4) зертханалық зерттеулер мен өлшемдердiң жаңа аспаптары мен құрал-жабдықтарын, әдiстемелерiн сынақтан өткiзедi және енгізедi;
      5) шарттық негiзде азаматтар мен заңды тұлғалардың арызы бойынша сертификатталған зерттеулер мен сараптаманы жүргізуге қатысады;
      6) дезинфекциялық iс-шараларды жүргiзедi;
      7) санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүргізедi;
      8) алдын алу (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялайтын) препараттарды сатып алулар жөнiндегі бюджеттiк бағдарламаларды, нормативтiк-конкурстық және тендерлiк құжаттамаларды әзiрлеуге қатысады.
 
         12-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге
                        асыратын лауазымды тұлғалар
 
      1. Осы Заңға сәйкес мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық қызметiнiң лауазымды тұлғалары:
      1) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы уәкiлеттi орган басшысы - Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерi;
      2) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы уәкiлеттi орган басшысының орынбасары - Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерiнiң орынбасары;
      3) жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы қызметтi жүзеге асыратын атқарушы органдардың басшылары мен олардың орынбасарлары - аумақтың Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерлерi мен олардың орынбасарлары;
      4) көлiктегі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын органдардың басшылары мен олардың орынбасарлары - көлiктегi Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерлерi мен олардың орынбасарлары;
      5) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы қызметтi жүзеге асыратын орталық атқарушы органдар құратын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының басшылары - Бас санитарлық дәрiгерлер;
      6) құрылымдық бөлiмшелер басшылары мен олардың орынбасарлары, аталған қызмет органдарының мамандары.
      2. Аумақтағы және көлiктегi санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдары басшыларының қызметiне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық бейiндегi арнаулы жоғары медициналық білiмi бар азаматтар тағайындалады.
 
              13-бап. Бас мемлекеттік санитарлық дәрiгерлер
 
      1. Қазақстан Республикасының Бас санитарлық дәрiгерi:
      1) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласында жалпы басшылық жасауды жүзеге асырады;
      2) санитарлық-эпидемиологиялық қызметтi үйлестiредi;
      3) санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдары орындау үшiн мiндеттi бұйрықтарды шығарады;
      4) Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық жеке және заңды тұлғалар орындау үшiн мiндетті халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы шешiмiн шығарады;
      5) жеке және заңды тұлғаларға көрсетiлген мерзiмде атқару үшiн мiндеттi халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы нұсқамаларды бередi;
      6) орталық атқарушы орган бекiтетiн жобалау нормаларының, мемлекеттiк стандарттардың, құрылыс нормалары мен ережелерiнiң; ветеринарлық және фитосанитарлық ережелердiң; еңбектi қорғау ережелерiнiң; қоршаған табиғи ортаны қорғау ережелерiнiң; бiлiм беру стандарттарының; халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету бағдарламаларының өзге де нормативтiк кесiмдерiнiң жобалары санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкестiгi туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды бередi;
      7) санитарлық ережелердi, нормативтiк және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдарының қызметiн реттейтiн өзге де құжаттарды, сондай-ақ өлшемдердiң орындалу әдiстерi мен әдiстемелерiн және өлшеу құралдарының түрiн бекiтедi;
      8) көрсетiлген органдар бекiткен осы баптың 6) тармақшасында қарастырылған құжаттарды халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңнамаға сәйкес келтіру туралы ұсынысты орталық атқарушы органдарға енгiзедi;
      9) Қазақстан Республикасы аумағына шектеу iс-шараларын (карантиндi) кiргiзу (жол бермеу) туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Yкiметiне енгiзедi.
      2. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерi азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылық жасауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлеттi орталық атқарушы орган басшысының бiрiншi орынбасары болып табылады және оны азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылық жасауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлеттi орталық атқарушы орган басшысының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      3. Облыстардың, республикалық маңызды қалалар мен астананың Бас мемлекеттік санитарлық дәрiгерлерi Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрiгерiнiң келiсiлуi бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
      4. Облыстардың, республикалық маңызды қалалар мен астананың Бас мемлекеттiк санитарлық дәрігерлерi өз құзыреттерiнiң шегiнде тиесілі аумақта осы баптың 1-тармағының 1), 6) тармақшаларында көрсетiлген функцияларды жүзеге асырады.
 
         14-бап. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды
                 жүзеге асыратын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет
                   органдарының лауазымды тұлғаларының құқықтары
 
      1. Қазақстан Республикасының заңнамасына және оларға жүктелген функцияларға сәйкес мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың мынадай құқықтары бар:
      1) заңнамада белгiленген тәртiппен санитарлық ережелердiң, гигиеналық нормативтердiң сақталуы мен олардың орындалуын тексеру мақсатында мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау объектiлерiне бару;
      2) азаматтар мен заңды тұлғаларға санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердi бұзушылықты жою, санитарлық-iндетке қарсы iс-шараларды жүргізу туралы талаптарды қою;
      3) Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органынан, жергiлiкті мемлекеттік басқару органдарынан, жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғалардан халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мәселелерi бойынша ақпарат сұрату және алу;
      4) санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкестiгi туралы оның санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ, Қазақстан Республикасы аумағына халыққа сатуға, сондай-ақ өнеркәсiпте, ауылшаруашылығында, азаматтық құрылыста, көлiкте қолдануға арналған өнiмдердi немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген адам үшiн ықтимал қауiптi химиялық, биологиялық, уытты, радиоактивтiк заттарды, жекелеген өнiм, қалдық, тауар мен жүк түрлерiн әкелуге тыйым салу;
      5) жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын қоғамдық көлiк құралдарының, азық-түлiк шикiзатын, тамақ өнiмдерiн, шаруашылық-ауыз суды, химиялық, уытты және радиациялық заттарды тасымалдауға арналған мамандандырылған көліктің санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкестiгiн белгiлеу;
      6) санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердi бұзудың салдарлары туралы ескерту;
      7) белгiленген мерзiмдерде:
      елдi мекендер құрылысы, өнеркәсiптiк және азаматтық мақсаттағы объектiлердi орналастыруды, салуды және қайта құруды жоспарлау;
      жер асты қойнауын пайдалану, санитарлық-қорғау аймақтарының, суды пайдалану мен сарқынды суларды бөлiп тастау, уытты, радиоактивтiк және өзге де зиянды заттарды пайдаға асыру мен көму шарттары;
      шикiзаттың жаңа түрлерiнiң, технологиялық жабдықтың, тамақ өнiмдерi өндiрiсi процестерiнiң, азық-түлiк шикiзаттың, өнеркәсiп бұйымдарының, құрылыс материалдарының, иондандырушы сәулелену көздерiнiң, химиялық заттар мен өнiмдердiң, биологиялық, дәрi-дәрмектiк, дезинфекциялайтын, дезинсекциялайтын және дератизациялайтын құралдардың және азық-түлiк шикiзатымен, тамақ өнiмдерiмен және ауызсуымен жанасатын орағыш және полимерлiк материалдардың, парфюмерлiк-косметикалық және өзге де халық тұтынатын тауарлардың, медициналық иммунобиологиялық препараттардың, сайман-жабдықтардың, аспаптар мен жұмыс құралдарының стандарттары мен техникалық шарттарының жобалары бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны қарау және беру;
      8) мемлекеттiк шекараны аса қауiптi, карантиндi және өзге де жұқпалы ауруларды әкелу мен таратудан санитарлық қорғау жөнiндегi бақылау функцияларын жүзеге асыру;
      9) бiлiм беру ұйымдарында оқу-еңбек жүктемелерi мен режимдерi жөнiндегi қорытындыларды қарау және беру;
      10) санитарлық-эпидемиологиялық бейiндегі мамандардың бiлiктiлiгiн арттыруды даярлау жөнiндегi оқыту бағдарламаларын (оқу бағдарламаларын) келiсiлу;
      11) Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық заңын, санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердi бұзу фактiлерiн қарау үшiн лауазымды тұлғалар мен азаматтарды санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарына шақыру;
      12) жұқпалы және паразиттік ауруларды таратушы болып табылатын адамдарды уақытша жұмысынан босатуды ұсыну;
      13) жекелеген объектiлерде шектеу iс-шараларын (карантин) белгiлеу;
      14) жұқпалы және паразиттiк ауруларды әлеуеттi таратушы болып табылатын, сондай-ақ жұқпалы аурулармен ауыратын науқастармен жанасып жүрген адамдарды медициналық тексеруге жiберу;
      15) жұқпалы және паразиттiк аурулармен ауыратын науқастарды, айналасындағыларға қауiп төндiретiн бактерия таратушыларды мiндеттi түрде ауруханаға жатқызуға жiберу;
      16) халыққа мiндетті түрде вакцинация жасауды, аумақтарда және жұқпалы және паразиттiк аурулар ошақтарында алдын алу және ошақтық дезинфекция, дезинсекция мен дератизация жүргізудi талап ету;
      17) санитарлық ережелердiң бұзылуын жойғанға дейiн өнеркәсiптiң, көлiктiң, ауылшаруашылығының, байланыстың жұмыс iстеп тұрған өндiрiстiк, салынып жатқан немесе қайта құрылып жатқан объектілерiн, бөлек жұмыс түрлерiн, технологиялық процестердi, жабдықтарды, құралдарды, гидротехникалық құрылыстарды, қоғамдық тамақтану кәсiпорындарын, сауда және өзге де құрылыстарды, мектептердi, балалар мен емдеу-алдын алу мекемелерiн, санаторийлердi, мәдени-тұрмыстық мақсаттағы ғимараттар мен өзге де объектiлердi пайдалануды, заңнамада белгіленген тәртiппен қалалық және селолық елдi мекендердің құрылысы бойынша бөлек жұмыс түрлерiн жүргізудi тоқтата тұру;
      18) адам өмiрi мен денсаулығына қауiптi деп танылған кезде заңнамада белгiленген тәртiппен шикiзаттың жаңа түрлерiн, технологиялық құрал-жабдықтарды, процестердi, сайман-жабдықтарды, азық-түлiк шикізаты мен тамақ өнiмдерiн, өнеркәсiп бұйымдарын, құрылыс материалдарын, азық-түлiк шикiзатымен, тамақ өнiмдерiмен және ауызсуымен жанасатын иондандырушы сәулелену көздерiн, биологиялық және дәрi-дәрмек құралдары мен препараттарды, ыдыстарды, қаттамаларды, пластикалық, полимерлiк және өзге материалдарды, олардан жасалған бұйымдарды, халық кеңiнен тұтынатын басқа да тауарларды өндiруге, қолдануға және сатуға тыйым салу;
      19) белгiленген тәртiппен тiркелмеген химиялық заттарды, иондандырушы сәулелену көздерiн, медициналық және биологиялық препараттарды өндiруге, пайдалануға және қолдануға заңнамада белгіленген тәртiппен тыйым салу;
      20) адам денсаулығына зиянды әсерi анықталған жағдайда шаруашылық-ауыз суын жабдықтауда, тағам өнiмдерiн өндiру және өңдеу кезiнде материалдар мен реагенттердi қолдануға, сондай-ақ ауылшаруашылық өсiмдiктерi мен жануарларын өсiру стимуляторларын, парфюмерлiк-косметикалық өнiмдердi қолдануға тыйым салу;
      21) қолдануға жарамсыз деп танылған жағдайда ауызсуы мен сумен жабдықтау шаруашылығында суды, азық-түлiк шикiзаты мен тамақ өнiмдерiн пайдалануға тыйым салу;
      22) санитарлық заңнаманы бұзушылық туралы материалдар мен iстердi қарау және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк ықпал ету шараларын қабылдау;
      23) халықтың декреттелген тобын санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердi бiлуiне аттестациялауды жүргiзу;
      24) жеке және заңды тұлғалар санитарлық-эпидемиологиялық заңның талаптарын орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен және оның негiзiнде сотқа беру;
      25) эпидемиологиялық көрсеткiштер мен санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды реттеу бойынша халықтың жекелеген тобына санитарлық-жұқпалы ауруларға қарсы iс-шараларды, алдын алу егулерiн жүргізудi ұсыну;
      26) эпидемиологиялық көрсеткiштер мен санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды реттеу бойынша халықтың жекелеген тобына санитарлық-жұқпалы ауруларға қарсы iс-шараларды, алдын алу егулерiн жүргiзу жөнiндегі шешiмдерiн қабылдау.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілгендермен қатар аумақтардың және көлiктегi Бас мемлекеттік санитарлық дәрiгерлерi өз құзыреттерiнiң шегiнде және тиесілі аумақта, көлiкте:
      1) санитарлық-эпидемиологиялық қызметтi үйлестiредi;
      2) санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдары орындау үшiн мiндеттi бұйрықтарды шығарады;
      3) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы жеке және заңды тұлғалар орындау үшiн мiндетті шешiмдердi шығарады;
      4) көрсетілген мерзiмде жеке және заңды тұлғаларға орындау үшiн мiндетті нұсқамаларды бередi;
      5) тиесiлi атқарушы органдарға көрсетiлген органдар бекiткен құжаттарды халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңнамаға сәйкес келтiру туралы ұсыныстар енгiзедi;
      6) санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыларды бередi.
 
             15-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің
                       лауазымды тұлғаларының мiндеттерi
 
      Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң лауазымды тұлғалары:
      1) мемлекеттiк орталық және жергілiктi басқару органдарына санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың асқынуы, санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердi бұзушылықтар туралы ақпарат беруiне;
      2) кәсiби уланулар мен науқастанулардың, жұқпалы және паразиттік аурулардың пайда болу себебi мен жағдайын анықтауға және талдау жасауға;
      3) жұқпалы және паразиттік аурулардың ошақтарында санитарлық-iндетке қарсы iс-шараларды ұйымдастыруға;
      4) халықты иммунитетпен қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;
      5) халыққа қоршаған ортаның санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы және оның адам денсаулығына әсерi туралы, қолданыстағы санитарлық ережелер туралы ақпарат беруге;
      6) медициналық және гигиеналық бiлiмдi, салауатты өмiр салтын қалыптастыруды насихаттауға қатысуға;
      7) азаматтардың, лауазымды және заңды тұлғалардың халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы мәселелерi жөнiндегі арыздарын қарауға;
      8) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету бойынша өз қызметiн мемлекеттiк басқару органдарымен және қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасаумен жүзеге асыруға;
      9) өзiнiң қызметтік мiндеттерiн орындаған кезде жария болған ақпаратқа қатысты дәрiгерлiк құпияны сақтауға мiндеттi.
 
            16-бап. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық
                     қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды
                       тұлғалардың кесiмдерiнің орындалу
                                мiндеттiлiгi
 
      1. Мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың қаулыларының, нұсқамаларының, кесiмдерiнiң, хаттамаларының шешiмдерi мемлекеттiк органдардың, лауазымды тұлғалардың, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi.
      2. Нұсқамалардың шешiмдерiн орындамаған кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
 
          17-бап. Лауазымды тұлғалардың iс-әрекетiне шағымдану
 

     Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң лауазымды тұлғаларының


iс-әрекетiне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен шағымдануға болады.
 
          18-бап. Адамға зиянды ықпал ететiн өнiмдер мен заттардың
                     жекелеген түрлерiн мемлекеттік тiркеу
 
      1. Адамға зиянды ықпал ететiн өнiмдер мен заттардың мынадай жекелеген түрлерi санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарында мемлекеттiк тiркеуге жатады:
      1) халық үшiн әлеуеттi қауiп төндiретiн, өндiрiске алғашқы рет енгiзiлген және бұрын пайдаланылмаған заттар және олардың негізiнде дайындалған материалдар мен препараттар (бұдан әрi - заттар);
      2) Қазақстан Республикасының аумағына алғашқы рет әкелiнген, сумен және тағам өнiмдерiмен жанасатын тағам қосымшалары, бояғыштар, бұйымдар мен материалдар.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген заттар мен жекелеген өнiм түрлерiн мемлекеттiк тiркеу:
      1) халық пен тiршiлiк ету ортасы үшiн қауіптiлiгін заттар мен жекелеген өнiм түрлерiнiң сараптамалық бағалау;
      2) заттардың, өнiмдердiң жекелеген компоненттерi құрамының гигиеналық және өзге де нормативтерге сәйкестiгiн белгiлеу;
      3) заттар мен жекелеген өнiм түрлерiнің халық пен қоршаған ортаға зиянды ықпалын болдырмау жөнiндегi арнаулы шаралары, соның iшінде оларды пайдаға асыру мен жою жағдайын әзiрлеу негiзiнде жүргiзiледi.
      3. Осы баптың 1, 2-тармағында көрсетiлген заттар мен жекелеген өнiм түрлерiн мемлекеттiк тiркеу халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен жүргізiледi.
      4. Қазақстан Республикасында қолданылуға рұқсат берiлген заттар мен

 

өнiмдердiң тiзiлiмi жарияланатын болады.


              19-бап. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық

                 салауаттылығын ақпараттық қамтамасыз ету


     Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын ақпараттық

қамтамасыз етудi санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мемлекеттiк және

салалық есеп мен есеп беру нысандарының, санитарлық-эпидемиологиялық

қадағалау органдары мен мекемелерiнiң сұрауы бойынша жеке және заңды тұлға

беретiн ақпарат негізiнде жүзеге асырылады.


           3 ТАРАУ. ХАЛЫҚТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ

                    САЛАУАТТЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ

                    ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН

                                  МIНДЕТТЕРI


          20-бап. Жеке тұлғалардың құқықтары мен мiндеттерi


     1. Жеке тұлғалардың мынадай құқықтары бар:


 
       1) адамның және оның келешек денсаулығының ұрпағының жай-күйiне терiс ықпал етпейтiн факторлары бар қолайлы тiршiлiк ету ортасына;
      2) заңнамада белгiленген тәртіппен санитарлық-эпидемиологиялық ахуал туралы уақытылы шынайы ақпарат алуға;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.
      2. Жеке тұлғалардың мiндеттерi:
      1) өзiнiң және айналасындағы адамдардың денсаулығы, өз балаларына гигиеналық тәрбие беру және салауатты өмiр сүруге үйрету туралы қамқорлық жасау;
      2) басқа азаматтардың денсаулығын сақтау мен қолайлы тiршiлiк ету ортасына құқығын бұзушылықты болдыратын iс-әрекеттердi жүзеге асырмау;
      3) санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердi, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңнаманы сақтау.
 
            21-бап. Заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлердiң
                          құқықтары мен мiндеттерi
 
      1. Қазақстан Республикасы аумағындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлердiң мынадай құқықтары бар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аумақтың, объектiнiң санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы уақытылы шынайы ақпарат алуына;
      2) халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөнiндегі iс-шараларды әзiрлеуге қатысуға;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк басқару органдарының, лауазымды тұлғаларының заңға сай емес iс-әрекеттерiне арызбен және ұсыныспен мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға баруға;
      4) санитарлық ережелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тексерiс жүргізу жөнiнде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен мекемелерiне баруға.
      2. Заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлер, олардың жүзеге асыратын қызметiне сәйкес:
      1) санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтердiң, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың кесiмдерiнiң, нұсқамалары мен санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыларының талаптарын орындауға;
      2) орындалатын жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi, өнiмдердi өндiру, тасымалдау, сақтау және халыққа сату кезiнде олардың қауiпсiздiгін қамтамасыз етуге;
      3) өз құзыретi шегiнде өндiрiстiк бақылау жасауды, оның iшiнде зертханалық зерттеулер мен сынақтарды жүргiзуге, жұмысты орындау мен қызметті көрсеткен кезде, сондай-ақ өнiмдi өндiру, тасымалдау, сақтау және сату кезiнде санитарлық ережелердiң сақталуына бақылау жасауды жүзеге асыруға;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мiндеттi түрде лицензияланатын қызмет түрлерiне санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарымен келiсiмi болуға;
      5) жаппай әрi топталған жұқпалы, паразиттiк, кәсiби аурулар мен кәсiби уланулар пайда болған жағдайда халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығына қауiп төндiретiн авариялық жағдай, өндiрiстi тоқтату, технологиялық процестердi бұзушылықтар туралы халықты, жергiлiктi атқарушы органдарды, Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық қызметiн уақытылы хабардар етуге;
      6) қызметкерлердi кәсiби және гигиеналық оқытуды қамтамасыз етуге және кәсiби даяр мамандардың жұмыс iстеуiне рұқсат беруге;
      7) зертханалық зерттеулердi жүргiзу үшiн өнiмдi, шикiзатты, тауарларды, өндiрiстiк ортаны сынаққа алуға iрiктеудi жүргiзу мүмкiндiгiн санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды тұлғаларына беруге;
      8) халықтың декреттелген тобынан шыққан адамдарды, жұқпалы аурулармен ауыратын науқастарды және әр түрлi ауру көздерiн таратушыларды, сондай-ақ алдын ала және мерзiмдi медициналық қараулардан өтпегендердi жұмысқа жiбермеуге және жұмыстан босатуға;
      9) тауарлардың, өнiмдердiң, шикiзаттардың санитарлық ережелерге, гигиеналық нормативтерге сәйкес еместiгі анықталған кезде оны сатуға рұқсат бермеуге және пайдалануға немесе пайдаға асыру мүмкiндiгi мәселелерiн шешуге мiндетті.
 
                    22-бап. Өндiрiстiк бақылау
 
      1. Өндiрiстiк бақылауды өндiрiсте және өзге де өндiрiстiк-шаруашылық қызмет саласында жұмыс iстейтiн адамдар жүргізедi және ол өнiмдi өндiру, сақтау, тасымалдау мен сату, жұмыстарды орындау мен қызмет көрсету процесiнде санитарлық ережелердiң сақталуы мен санитарлық-iндетке қарсы (алдын алу) iс-шараларының орындалуына зертханалық зерттеулер мен сынақтарды жүргiзудi қамтиды.
      2. Өндiрiстiк бақылау жасау санитарлық ережелермен және мемлекеттiк стандарттармен белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. Өндiрiстiк зертханалар өз қызметiн санитарлық ережелер мен мемлекеттік стандарттарға сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi.
      3. Өндiрiстiк бақылау жасауды жүзеге асыратын адамдар оның уақытылы,

 

толық және шынайы жүзеге асырылуына жауапты болады.


             23-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар


     Санитарлық ережелер, гигиеналық нормативтер мыналарға

санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейдi:

     1) үй-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, құрал-жабдықтарды, көлiк

құралдарын ұстауға және пайдалануға;

     2) құрылыс салуға жер учаскесiн таңдауға;

     3) объектiлердi жобалауға, салуға және пайдалануға қосуға;

     4) өндiрiстiк-техникалық мақсаттағы өнiмдерге;

     5) жеке және тұрмыстық мұқтаждықтарға арналған тауарларға және оларды

өндiру технологияларына;

     6) тамақ өнiмдерiне, оларды өндiруге, тасымалдауға, сақтауға және

сатуға;

     7) Қазақстан Республикасы аумағына әкелiнетiн өнiмдерге;

     8) халықтың тамақтануын ұйымдастыруға;

     9) химиялық заттарды, биологиялық және дәрi-дәрмек құралдары мен

материалдарды қолдануға;

     10) шаруашылық-ауыз суымен жабдықтауға және мәдени-тұрмыстық суды

пайдалану орындарына;

     11) қалалық және селолық елдi мекендердегі, өнеркәсiптiк ұйымдардың

аумақтарындағы атмосфералық ауаға, өндiрiстiк, тұрғын үй мен басқа да

үй-жайлардың ауасына;

     12) топыраққа, қалалық және селолық елдi мекендердi, өнеркәсiптiк

алаңдарды ұстауға;

     13) өндiрiс пен тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға,

залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге;

     14) өндiрiстiк, қоғамдық тұрғын үй-жайларын, ғимараттарын,

құрылыстарды, құрал-жабдықтар мен көлiктi пайдалануға;

     15) еңбек жағдайына;

     16) биологиялық заттармен, биологиялық және микробиологиялық

ағзалармен және олардың уыттарымен жұмыс iстеу жағдайына;

     17) адамға ықпал етудiң физикалық факторларының көздерiмен жұмыс

iстеу жағдайына;

     18) балалар мен жасөспiрiмдердi тәрбиелеу, оқыту және өндiрiстiк

практика жағдайына;

     19) халықты гигиеналық тәрбиелеуге және оқытуға;

     20) көлiк құралдарына және жолаушыларды тасымалдау жағдайына;

     21) радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге;

     22) шикiзаттың жаңа түрлерiне, техникалық құрал-жабдықтар мен

процестерге, құрал-саймандарға, азық-түлiк шикiзаты мен тағам өнiмдерiне,

құрылыс материалдарына, иондандырушы сәулелердiң көздерiне, ыдыстарға,

химиялық, биологиялық және дәрiлiк заттарға, буып қаттайтын орағыштар мен

полимерлiк материалдарға, парфюмерлiк-косметикалық, полиграфиялық өнiмге

және басқа да халық тұтынатын тауарларға әзiрленген нормативтiк-техникалық

құжаттамаларға (стандарттар, техникалық шарттар, рецептер).


              4 ТАРАУ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ

                               ҚОРЫТЫНДЫ


         24-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды


     Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды тұлғалары

санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыны өз тексерiстерiнiң және

санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың негізiнде бередi.


         25-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды

                       берiлетiн объектiлер


     Санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды:


 
       - Атом энергетикасы мен өнеркәсiбi, ғарыш қызметiнiң және пайдалы қазбаларды пайдалану объектiлерiн, курорттық аймақ объектілерiн және тiршiлiк ету ортасына таратылатын химиялық және биологиялық заттардың, физикалық факторлардың қалдықтары бар объектiлердi орналастыруға.
      - Экологиялық зiлзала аймақтарындағы объектiлердi және баламалары жоқ жаңа технологиялық процестерi бар объектілердi орналастыруға, қайта құру мен кеңейтуге.
      - Қалалар мен селолық елдi мекендер құрылысының өндiрiстiк күштерiн, бас жоспарларын, өнеркәсіптiк және азаматтық мақсаттағы объектiлердiң техникалық-экономикалық негіздемелерiн, салу мен қайта құрудың жобаларын орналастыруға.
      - Функционалдық бейiнiнің (мақсатының) ауысуымен қайта құрылатын болжамды құрылыстар немесе объектiлер учаскесiнің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы туралы материалдарға.
      - Рұқсат етiлген шекте зиянды заттарды атмосфералық ауада тарату мен су қоймаларына тастауға, басқада физикалық факторларға:
      санитарлық қорғалатын аймақтар мен санитарлық қорғау аймақтарының қоршаған ортаға әсерiн бағалаудың, геологиялық iзденiстердiң;
      шикiзатқа, өнiмдерге, тауарларға, бұйымдарға, заттарға, тетiктерге, машиналарға, құрал-жабдықтарға, технологияларға, құрылыс материалдарына, сондай-ақ оқытудың, тәрбиелеудің, тәндi дамытудың, еңбек етудiң, тамақтанудың, сумен жабдықтаудың, халықтың әр түрлi тобына медициналық қызмет көрсетудiң регламенттелетiн режимiнiң техникалық-экономикалық негіздемелер, жобалар мен басқа да нормативтiк құжаттарына;
      Уытты, радиоактивтi және биологиялық заттарды өндiру, тасымалдау, сақтау, қолдану шарттарына.
      - Оқыту, тәрбиелеу, тәндi дамыту, еңбек ету, өмiр сүру, демалу, тамақтану, сумен жабдықтау мен халықтың әр түрлi топтарына медициналық қызмет көрсету шарттарына.
      - Өнiмдердi, тауарларды, бұйымдарды өндiру, оларды тасымалдау, сақтау, сату шарттарына, сондай-ақ жұмыстар мен қызмет көрсетулердi орындауға.
      - Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды, халық денсаулығының жай-күйiн сипаттайтын материалдарға, кәсiби, жұқпалы аурулар мен тамақтан уланулар туралы мәлiметтерге.
      - Топыраққа, су қоймаларына және атмосфералық ауаға химиялық және биологиялық, токсикологиялық, радиологиялық және пестицидтiк салмақ түсiру жөнiндегі материалдарға.
      - Жаңа өнiмдерге, технологияларға.
      - Азық-түлiк шикізаты мен тамақ өнiмдерiне, ауызсуына, құрылыс материалдарына, халық тұтынатын тауарларға.
      - Жобаланған, салынып жатқан және пайдаланылып отырған өнеркәсiптiк және азаматтық мақсаттағы өнеркәсiп бұйымдары мен көлiкке, сондай-ақ ықтимал қауiптi және (немесе) халық денсаулығы үшiн маңызды өзге де объектiлерге берiледi.
 
              26-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама
 
      Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудiң құрамдас бөлiгi болып табылады, оны санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мекемелерi жүргiзедi және мынадай мiндеттердi шешедi:
      1) тiршiлiк ету ортасы объектiлерiнiң санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға, халық денсаулығына әсерiн кешендi бағалау;
      2) адамдардың жұқпалы, паразиттiк сырқаттануының және улануының себептерi мен жағдайларын зерттеу;
      3) шаруашылық немесе өзге қызмет процесiнде қабылданған шешiмдердің санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкестiгiн бағалау.
 
           27-бап. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүргізу
 
      1. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң лауазымды тұлғасының тапсырмасы және жеке және заңды тұлғалардың арызы бойынша жүргiзiледi.
      2. Сараптаманы жүргізу үшiн тапсырыс берушi қаржыландыруды, соның iшiнде қажеттiлiгi сараптау барысында анықталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыруды қамтамасыз етедi және қажетті құжаттаманы ұсынады.
      Санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы қаржыландырудың тәртiбi мен негiзiн жеке және заңды тұлғалардың арыздары бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      3. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүргiзудің тәртiбiн халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      4. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманы жүргізетiн Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық қызметiнiң мекемелерi олардың сапасы мен объективтiлiгiне жауапты болады.
 
                   5 ТАРАУ. IНДЕТКЕ ҚАРСЫ IС-ШАРАЛАРДЫ
                             ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ЖҮРГIЗУ
 
            28-бап. Жұқпалы, паразиттiк аурулардың таралуының
                       және адамдардың улануының алдын алу
 
      1. Жұқпалы, паразиттiк аурулар мен уланулардың пайда болуының және таралуының алдын алу мақсатында санитарлық ережелермен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiмен көзделген санитарлық-iндетке қарсы (алдын алу) iс-шаралар, соның iшiнде Қазақстан Республикасы аумағын санитарлық қорғауды жүзеге асыру, шектеу iс-шараларын (карантиндi) енгізу, өндiрiстiк бақылау жасауды, жұқпалы және паразиттiк аурулармен ауыратын науқастарға қатысты шараларды жүзеге асыру, азаматтарды медициналық қарауды, алдын алу егулердi, гигиеналық тәрбие беру мен оқытуды жүргiзу жөнiндегі iс-шаралар жүргiзiледi.
      2. Санитарлық-iндетке қарсы (алдын алу) iс-шаралар әзiрленiп отырған аумақтарды дамыту, халық денсаулығын сақтау мен нығайту, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету бағдарламаларына, сондай-ақ осы саланың аймақтық бағдарламаларына енгiзiлетiн болады.
      3. Санитарлық-iндетке қарсы (алдын алу) iс-шараларды мiндеттi түрде жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғалар олардың жүзеге асырып отырған қызметiне сәйкес жүргiзедi.
      4. Жұқпалы, паразиттiк аурулармен ауыратын науқастар мен жұқпалы, паразиттiк аурулармен ауырады деп күдiк туғызатын адамдар және бактерия таратушылар оқшауландырылуға және емделуге жатады, олармен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық қадағалауға алынады және қажет болған кезде оқшауландырылады және емделедi.
      5. Айналасындағылар үшiн қауiп төндiретiн созылмалы жұқпалы, паразиттiк аурулармен ауыратын науқастар мен бойында созылмалы бактериясы барлар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмысынан босатылады.
 
          29-бап. Қазақстан Республикасы аумағын санитарлық қорғау
 
      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара арқылы өткiзу пункттерiнде халық денсаулығына қауiп төндiретiн жолаушыларға, экипаждарға, жол жүру бригадаларына, көлiк құралдарына, жүктерге санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жасау жүзеге асырылуы қажет.
      2. Мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу пункттерiнде санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң санитарлық-карантиндiк пункттерi жүргiзедi.
      3. Санитарлық-карантиндiк пункттердiң жұмыс тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
 
            30-бап. Алдын алу егулердi жүргізудің мiндеттілігі
 
      1. Қазақстан Республикасы аумағындағы жеке тұлғалар жұқпалы және паразиттiк ауруларға қарсы алдын алу егулерiн республикалық бюджет қаражаты есебiнен алуға мiндеттi.
      2. Оларға қарсы алдын алу егулер жүргiзiлетiн науқастанулардың тiзбесiн, оларды жүргiзудiң мерзiмi мен жоспарлы егулер жасалатын халық топтарын Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.
 
              31-бап. Медициналық қараулардың мiндеттілігi
 
      1. Халық денсаулығын сақтау, жұқпалы және паразиттiк ауруларды болдырмау, кәсiби науқастанулар мен уланулардың, жазатайым оқиғалардың алдын алу, қызметкерлердiң еңбек қауіпсiздiгін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдар меншiк нысанына қарамастан, әр түрлi шаруашылық және/немесе өндiрiстiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар алдын ала, мерзiмдiк және алдын алу медициналық қараулардан, арнайы медициналық тексерулерден өтедi.
      2. Декреттелген халықты мiндетті түрде медициналық қарауларды жүргiзудiң және оларды жұмысқа жiберудiң тәртiбi мен мерзiмдiлiгiн азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылық жасауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлеттi орталық атқарушы органы белгiлейдi.
      3. Алдын ала және мерзiмдi, алдын алу медициналық қараулар мiндеттi түрде жүргiзiлетiн зиянды өндiрiстiк факторлардың, кәсiптердiң тiзбесiн азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылық жасауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкiлеттi орталық атқарушы органы белгілейдi.
      4. Өндiрiс пен шаруашылық қызмет саласында жұмыс iстейтiн заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлер өзiнiң қарамағындағы қызметкерлердiң уақытылы медициналық қараулардан өтуiн және эпидемиологиялық көрсеткiштер бойынша медициналық қараулардан өтуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      5. Өндiрiс пен шаруашылық қызмет саласында жұмыс iстейтiн заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлер алдын ала немесе мерзiмдi, алдын алу медициналық қараулардан өтпеген немесе денсаулығының жағдайы бойынша жұмысқа жарамсыз деп танылған адамдарды жұмысқа жiбермейдi.
      6. Медициналық қараулардан өту туралы деректер жеке медициналық құжаттамаға енгiзiледi және емдеу-алдын алу ұйымдарының есебiне алынады.
 
          32-бап. Жұқпалы аурулар iндеті пайда болу қаупі төнген
                      жағдайда шектеу iс-шараларын (карантин)
                               енгiзудiң шарттары
 
      1. Жұқпалы және паразиттiк аурулар енудiң және таралудың қаупi болған жағдайда осы Заңға уәкiлетті органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнде және жекелеген аумақтарда шаруашылық қызметі мен халық өмiрiнiң айрықша шарттарымен шектеу iс-шараларын (карантин) енгiзедi.
      2. Шектеу iс-шаралары енгiзiлген жағдайда орталық және жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының, жеке кәсiпкерлердiң, заңды, лауазымды тұлғалардың және өзге де адамдардың қызметiн үйлестіру бойынша оралымды басшылық жасау арнайы құрылған iндетке қарсы республикалық және аумақтық төтенше комиссияларға жүктеледi.
      3. Жекелеген объектiлерге шектеу iс-шараларын (карантин) аумақтың (көлiктегi) Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгерi немесе оның орынбасарлары енгiзедi (бас тартады).
      4. Шектеу iс-шараларын (карантин) жүзеге асырудың және олардың пайда болу мен таралу қаупi болған кезде шектеу iс-шаралары (карантин) енгiзiлетiн жұқпалы аурулар тiзбесiнiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
 
           33-бап. Жұқпалы, паразиттік, кәсiби аурулар мен улану
                         жағдайларын тiркеу және тексеру
 
      1. Жұқпалы, паразиттік, кәсiби аурулар мен уланулардың әрбiр жағдайын, олардың анықталу орны бойынша денсаулық сақтау ұйымдары, мемлекеттiк есебi мен есеп беруi бойынша Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдары тiркеуге алады. Аталған аурулар мен уланулардың мемлекеттік есебiн жүргiзу тәртiбiн, сондай-ақ олар бойынша есеп берудi жүргiзу тәртiбiн азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылық жасауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкілетті орталық атқарушы органы белгілейдi.
      2. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мамандары жұқпалы, паразиттiк, кәсiби аурулардың және адамдардың улану жағдайларына тексеру жүргiзедi.
 
             34-бап. Дезинфекция, дератизация мен дезинсекция
                                  iс-шаралары
 
      1. Жұқпалы және паразиттiк аурулардың пайда болуының, таралуының алдын алу мақсатында заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлер өз қаражаты есебiнен эпидемиологиялық көрсеткiштер мен мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының нұсқамалары бойынша дезинфекция, дератизация мен дезинсекция iс-шараларын жүргізуге мiндеттi.
      2. Төтенше iндет жағдайлары пайда болған кезде

 

санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының ұсынысымен кезектен тыс

мiндеттi дезинфекциялық, дератизациялық және дезинсекциялық шараларды

жүргiзуге міндеттi.

     3. Ауру тарату көздерiне Қазақстан Республикасының

санитарлық-эпидемиологиялық мекемелерi медициналық ұйымдардың күшімен

ордалық дезинфекция жүргiзедi.


           35-бап. Қазақстан Республикасы санитарлық Заңының

                          бұзылуына орай жауаптылық


     Санитарлық ережелер мен аталмыш Заңды бұзушы жеке және заңды

тұлғалар, мемлекеттiк ұйымдар мен олардың лауазымды тұлғалары Қазақстан

Республикасының заңына сәйкес жауапқа тартылады.


     Қазақстан Республикасының

             Президентi





Мамандар:

     Багарова Ж.А.,

     Қасымбеков Б.А.






Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады