Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Украина Министрлер Кабинетi арасындағы бiлiм және ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар жөнiндегi құжаттарды өзара тану және олардың баламалылығы туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 16 сәуірдегі N 435 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. 2001 жылғы 26 қыркүйекте Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Украина Министрлер Кабинетi арасындағы бiлiм және ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар жөнiндегi құжаттарды өзара тану және олардың баламалылығы туралы келiсiм бекiтiлсiн.

      2. Осы Қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Украина Министрлер
Кабинетi арасындағы бiлiм және ғылыми дәрежелер мен ғылыми
атақтар жөніндегі құжаттарды өзара тану және олардың
баламалылығы туралы
КЕЛIСIМ

(2007 жылғы 4 маусымда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2007 ж., N 3-4, 20-құжат, СІМ-нің ресми сайты)

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Украина Министрлер Кабинетi,
      бұдан әрi "Тараптар",
      бiлiм және ғылым саласында екiжақты ынтымақтастықты одан әрi дамыту мен тереңдетуге ықпал етуге тiлек бiлдiрiп,
      бiлiм және ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану нормаларын белгiлеу мақсатында
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiм Тараптар мемлекеттерiнде берiлетiн бiлiм, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттарға қолданылады.

2-бап

      Тараптар мемлекеттерiнде берiлген мемлекеттiк үлгiдегi жалпы орта бiлiм жөнiндегi құжаттар Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес бiлiм алуды келесi деңгейде жалғастырған жағдайда өзара танылады және баламалы болады. 

3-бап

      Қазақстан Республикасының бастауыш және орта кәсiптiк оқу орындарын бiтiргенi туралы дипломдар мен аттестаттар, сондай-ақ Украинада кәсiптiк-техникалық оқу орындарын бiтiргенi туралы дипломдар мен куәлiктер берiлген кәсiбiне, мамандығына сәйкес жұмысқа қабылдану кезiнде, егер олардағы мамандығы мен кәсiбi бойынша оқу ұзақтығы мен оқыту мазмұны ұқсас болса, өзара танылады және баламалы болады. 

4-бап

      Тараптар тиiстi оқу мерзiмiмен "кiшi маман", "бакалавр", "маман" және "магистр" мамандығы берiлгендiгi туралы екiншi Тарап мемлекетiнiң жоғары оқу орындары берген дипломдарына сәйкес келетiн және егер оқу мерзiмi, бiлiм мазмұны мамандығы бойынша ұқсас болғанда оқуды жалғастыруға, сондай-ақ берiлген мамандығына сәйкес жұмысқа тұруға құқық беретiн бiр Тарап мемлекетi берген дипломдарды таниды. 

5-бап

      Жоғары кәсiптiк бiлiм беруге қатысты осы Келiсiмнің ережелерi Тараптар мемлекеттерiндегi меншiктiң барлық нысанындағы аккредитациядан өткен жоғары оқу орындарына қолданылады. 

6-бап

      Тараптар Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамалары белгiлеген тәртiппен Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары берген ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар жөнiндегi мемлекеттiк үлгiдегi құжаттарды өз мемлекеттерiнің аумақтарында таниды. 
      Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары: 
      - Қазақстан Тарабынан - Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi; 
      - Украина Тарабынан - Украина Бiлiм және ғылым министрлiгi және Украинаның Жоғары Аттестациялық Комиссиясы болып табылады. 
      Тараптардың құзыреттi органдарының атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда дипломатиялық арналар арқылы бiр бiрiне дер кезiнде хабарлайтын болады. 

7-бап

      Осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында Тараптар бiлiм және ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы мемлекеттiк құжаттардың үлгiлерін, сондай-ақ оларды ресiмдеу және беру рәсiмдерiнiң тәртiбiн реттейтiн нормативтiк-құқықтық актiлердi бiр-бiрiне бередi. 

8-бап

      Тараптар осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыру мәселелерi бойынша кеңесетiн болады, олардың бiлiм беру жүйесiндегi, бiлiм және ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттарды берудiң атаулары мен өлшемдерiндегi өзгерiстер туралы бiр бiрiне хабарлайды, ал қажет болған жағдайда бiр бiрiне тиiстi ресми түсiнiктер жiбередi. 

9-бап

      Тараптар осы Келiсiмдi іске асыру барысында туындауы мүмкiн даулы мәселелердi шешу үшiн сарапшылар комиссиясын (бұдан әрi - "Комиссия") құрады. Тараптар Комиссия құрамы туралы бiр-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етедi. 
      Комиссия осы Келiсiм қолданылатын Тараптар мемлекеттерiнiң барлық меншiк нысанындағы жоғары оқу орындарының тiзiмiн жаңартып отыратын болады. 
      Комиссия қажеттiлiкке қарай жұмыс істейдi. Мәжiлiстiң орны мен уақыты дипломатиялық арналар бойынша келiсiледi. 

10-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкін, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi. 

11-бап

      Осы Келiсiм белгiсiз мерзiмге жасалады және осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi барлық мемлекетiшiлiк рәсiмдер орындалғаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны Тараптар алған күннен бастап күшiне енедi. 
      Тараптардың әрқайсысы келесi Тарапқа жазбаша хабарлама жiберу арқылы осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтата алады. Осы Келiсiмнiң қолданысы осындай хабарлама алған күннен бастап 6 ай өткеннен кейiн тоқтатылады. 
      Осы Келiсiмнiң қолданысы тоқтатылған жағдайда оның ережелерi осы Келiсiмнiң қолданысы тоқтатылғанға дейiн берiлген бiлiм және ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттарға және осы Келiсiмнiң қолданысы тоқтатылғанға дейiн Тараптар мемлекеттерiне келген оқушыларға қолданылуы жалғастырылады. Бiлiм және ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы олар алған құжаттар осы Келiсiмнiң ережелерiне сәйкес баламалы болып танылады.

      Астана қаласында 2001 жылғы 26 қыркүйекте әрқайсысы қазақ, украин және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа дана болып жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiндi ұстанатын болады.

       Қазақстан Республикасының              Украина Министрлер
           Үкіметі үшін                         Кабинеті үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады