Қолма-қол шетел валютасымен бөлшек сауданы және қызмет көрсетуге байланысты қызметті жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 7 мамыр N 504. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2004.03.30. N 373 қаулысымен.

     "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17
сәуірдегі Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
     1. Қоса беріліп отырған қолма-қол шетел валютасымен бөлшек сауданы  және қызмет көрсетуге байланысты қызметті жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
     2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.    

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы        
Үкіметінің              
2002 жылғы 7 мамырдағы        
N 504 қаулысымен          
бекітілген               

              Қолма-қол шетел валютасымен бөлшек сауданы
        және қызмет көрсетуге байланысты қызметті жүзеге
              асыруға қойылатын біліктілік талаптары

      Біліктілік талаптары қолма-қол шетел валютасымен бөлшек сауда жасаумен және қызмет көрсетумен айналысу құқығына үміткер тұлғаларға қолданылады және мыналарды қамтиды:
      1) өтініш берушінің (өтініш беруші басшысының) Қазақстан Республикасының аумағында валюта операцияларын жүргізу тәртібін реттейтін заңнаманы меңгеруі;
      2) өтініш берушінің қолма-қол шетел валютасымен бөлшек сауданы және қызмет көрсетуді жүзеге асырумен тікелей айналысатын қызметкерлерінде олардың қолма-қол шетел валютасымен жұмыс жүргізуге кәсіби дайындығын растайтын уәкілетті банктің анықтамасының болуы;
      3) өтініш берушінің ақша түсімінің инкассациясын ұйымдастыруы;
      4) ақша белгілерінің түпнұсқа екендігін анықтайтын құралдардың, фискальды жадысы бар бақылау-кассалық машиналардың, жанбайтын шкафтардың болуы;
      5) тұрақты объектілер үшін - мынадай түрде жабдықталған касса үй-жайының болуы:
      кірер есіктің металдан жасалуы;
      тор көздері 150 х 150 мм-ден аспайтын мөлшерде, диаметрі кемінде 16 мм болат сымдардан жасалған ішкі торлы есіктің болуы (осыған ұқсас мықты деп саналатын ою-өрнекті торларды пайдалануға рұқсат етіледі);
      ішінен жабылатын касса терезесінің немесе ақша қабылдауға-өткізуге арналған арнайы құрылғының болуы;
      терезе жақтауы болса - терезе жақтауында 150 х 150 мм-ден аспайтын мөлшерде, диаметрі кемінде 16 мм болат сымдардан жасалған тор көздерінің болуы (осыған ұқсас мықты деп саналатын ою-өрнекті торларды немесе оқ өтпейтін әйнекті пайдалануға рұқсат етіледі);
      ішкі істер органдарының орталықтандырылған байқау пультіне қосылған қауіп және күзет дабылмен (касса бөлмесі орналасқан күзет үйіндегі орынға қосу мүмкін болмаған жағдайда), сондай-ақ өрт дабылымен жабдықталуы.    

 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады