Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грек Республикасының Үкіметі арасында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 17 маусым N 658

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грек Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан

 

Республикасының Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев оған

қағидатты сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере

отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының

Үкіметі мен Грек Республикасының Үкіметі арасында Инвестицияларды

көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім жасассын.

     3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.


     Қазақстан Республикасының

        Премьер-Министрі




                ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН ГРЕК

                    РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ

           ИНВЕСТИЦИЯЛАРДЫ КӨТЕРМЕЛЕУ ЖӘНЕ ӨЗАРА ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ

                               КЕЛІСІМ


     Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының

Үкіметі мен Грек Республикасының Үкіметі

     Мемлекеттердің өзара тиімділігі үшін ұзақ мерзімді негізде

экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға тілек білдіре отырып,

     әрбір Уағдаласушы Тарап инвесторларының екінші Уағдаласушы Тарап

аумағындағы инвестициялары үшін қолайлы жағдайлар жасауды мақсат тұта

отырып,

     осы Келісімнің негізінде инвестицияларды көтермелеу және қорғау осы

саладағы бастаманы ынталандыратынын тани отырып,

     төмендегілер туралы келісті:


                                1-бап

                             Анықтамалар


     Осы Келісімнің мақсаттары үшін:


 
       1. "Инвестициялар" термині бір Уағдаласушы Тарап инвесторының екінші Уағдаласушы Тарап аумағында, соңғы Уағдаласушы Тараптың заңнамасына сәйкес инвестицияланған кез келген активтер түрлерін және атап айтқанда, бірақ ерекше емес:
      а) жылжымалы және жылжымайтын мүлікті, сондай-ақ жалға алу, сервитут, ипотека, ұстау құқығы немесе кепілі сияқты кез келген мүліктік құқықтарды;
      б) компаниядағы үлесті және акцияны әрі компанияларға қатысудың кез келген басқа да нысандарын;
      в) ақшалай талаптарды немесе келісім-шартқа сәйкес орындалуының экономикалық құндылығы бар кез келген талаптарды, сондай-ақ инвестицияларға байланысты қарыздарды;
      г) зияткерлік меншік құқықтарын;
      д) заңнамамен, келісім-шартпен немесе заңнамаға сәйкес өкімет органының шешімімен берілген кез келген құқықты білдіреді.
      Салынған инвестициялар нысанындағы ықтимал өзгеріс олардың инвестициялар ретіндегі сипатына ықпал етпейді.
      2. "Табыстар" термині инвестицияларды жүзеге асыру нәтижесінде алынатын қаражатты білдіреді, әрі атап айтқанда және бірақ ерекше емес пайданы, пайызды, капиталдан алынатын кірісті, дивидендтерді, роялтиді және төлемдерді қамтиды.
      3. "Инвестор" термині кез келгені Уағдаласушы Тараптың біріне қатысты:
      а) тиісті Уағдаласушы Тараптың құқығына сәйкес оның азаматы болып табылатын жеке тұлғаны;
      б) тиісті Уағдаласушы Тараптың құқығына сәйкес құрылған не өзге де тиісті түрде ұйымдастырылған және сол Уағдаласушы Тараптың аумағында шын мәнінде өзінің экономикалық қызметін жүзеге асыратын компанияларды, корпорацияларды, бизнес қауымдастықтарды және серіктестіктерді қоса алғанда, заңды тұлғаны немесе басқа да ұйымдарды білдіреді.
      4. "Аумақ" термині кез келген Уағдаласушы Тарапқа қатысты аумақтық суларды, тиісті Уағдаласушы Тарап халықаралық құқыққа сәйкес егеменді иелігін және заңды құқығын жүзеге асыратын теңіз аумағын қоса алғанда, егеменді аумағын білдіреді.
 

                                2-бап



                           Қолданылуы аясы



 
 
       Осы Келісім Уағдаласушы Тараптың бірінің аумағында оның заңнамасына сәйкес екінші Уағдаласушы Тарап инвесторлары Келісім күшіне енгенге дейін де, енгеннен кейін де жүзеге асырған инвестицияларға қолданылуы тиіс.
 

                                3-бап



 
                 Инвестицияларды көтермелеу және қорғау
 
      1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз аумағында екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларын көтермелейді және мұндай инвестицияларға өзінің заңнамасына сәйкес рұқсат береді.
      2. Бір Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары мен табыстары екінші Уағдаласушы Тарап аумағында кез келген уақытта әділ әрі тең құқықты құқықтық режиммен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ толық қорғалу мен қауіпсіздікті пайдалануы тиіс. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларын басқаруға, қолдауға, пайдалануға, иеленуге немесе билік жүргізуге ақталмайтын немесе кемсітушілік шараларымен қандай да бір түрде қысым жасалмайтынына кепілдік береді.
 

                                4-бап



 
                    Инвестициялардың құқықтық режимі
 
      1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз аумағында екінші Уағдаласушы Тарап инвесторлары жүзеге асырған табыстарды қоса алғанда, олардың инвестицияларына өз инвесторларының инвестицияларына немесе үшінші ел инвесторларының инвестицияларына берілетініне қарағанда, қандай режим анағұрлым қолайлы болып табылатындығына қарай, қолайлығы одан кем емес құқықтық режимді қамтамасыз етуі тиіс.
      2. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз аумағында инвестициялармен байланысты қызметтеріне қатысты екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларын өздерінің инвесторларына немесе үшінші елдің инвесторларына берілетініне қарағанда, қандай режим анағұрлым қолайлы болып табылатындығына қарай, қолайлығы одан кем емес құқықтық режиммен қамтамасыз етуі тиіс.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері бір Уағдаласушы Тараптың екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларына:
      а) оның қазіргі кезде бар немесе болашақта болатын кез келген еркін сауда аймақтарына, кедендік немесе экономикалық одақтарға, аймақтық экономикалық интеграциялар жөніндегі келісімдерге немесе осындай халықаралық келісімдерге қатысуынан ие
      б) салық салуға толық немесе үлкен бөлігінде қатысы бар кез келген халықаралық келісімнен немесе шарттан туындайтын кез келген режимнің тиімділігі, артықшылығы мен жеңілдігі қолданылатын міндеттеме ретінде түсіндірілмеуі тиіс.
 

                                5-бап



                            Экспроприация    



 
 
       1. Кез келген Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестициялары мен табыстары екінші Уағдаласушы Тарап аумағында экспроприацияланбайды, мемлекет меншігіне алынбайды, экспроприацияға немесе мемлекет меншігіне алуға (бұдан әрі - экспроприация) күші тең салдары болатын кез келген басқа да шараларға ұшырамайды, бұған кемсітушілік негізде емес, заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік мүдде жолында қабылданатын шаралар қосылмайды әрі олар тез, барабар және тиімді өтемақы төлене отырып, жүргізіледі. Мұндай өтемақы осы шара (экспроприация) қабылданардың немесе бұрын не болғанына қарамастан, ол туралы жалпы көпшілікке белгілі болған уақыттың тікелей алдындағы сөз болып отырған инвестициялардың нарықтық құнына сәйкес келуі тиіс және ол рыноктағы әдеттегі пайыздық ставкаға сәйкес экспроприация күнінен бастап төлем күні аралығындағы кезеңге есептелген пайызды қамтып, еркін өтімді валютада еркін аударылуға жатады.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережесі Уағдаласушы Тараптардың бірінің аумағының кез келген бөлігінде қолданыстағы құқыққа сәйкес құрылған және екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының үлесі бар компания активтері экспроприацияланған кезде де қолданылуға тиіс.
 

                                6-бап



                             Зиянды өтеу



 
 
       1. Бір Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына екінші Уағдаласушы Тарап аумағында соғыстың немесе басқа да қарулы қақтығыстың, ұлттық төтенше жағдайдың, азаматтық жанжалдардың немесе өзге де осындай жағдайлардың салдарынан зиян келтірілсе, соңғы Уағдаласушы Тарап реституцияға, зиянның орнын толтыруға, өтеуге немесе өзге де реттеуге қатысты өз инвесторларына не үшінші елдің инвесторларына ұсынынатынына қарағанда, қандай режим анағұрлым қолайлы болып табылатындығына қарай, қолайлығы одан кем емес режим ұсынады.
      2. Екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында:
      а) соңғысының күш қолдануынан немесе оның өкімет органдары олардың инвестицияларын толық немесе ішінара реквизицияласа;
      б) жағдайдың қажеттілігінен туындамаған күш қолданудан немесе өкімет органдары олардың инвестицияларын толық немесе ішінара жойса,
      осы тармақта аталған кез келген жағдайда залал шегетін Уағдаласушы Тараптардың бірінің инвесторларына осы баптың 1-тармағына нұқсан келтірместен бұзылған құқықтарын қалпына келтіру немесе кез келген жағдайда тез, барабар әрі тиімді болуы тиіс өтемақы ұсынылатын болады.
 

                                7-бап



                              Аударымдар



 
 
       1. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тарап

 

инвесторларының инвестицияларына қатысты барлық фискалдық және

инвестициялармен байланысты басқа да міндеттемелерін орындаған соң

инвестицияларға байланысты барлық төлемін еркін аударуға кепілдік береді.

     Аударымдар аударылатын күнгі айырбастаудың қолданылатын рыноктағы

бағамы бойынша қандай да бір кедергісіз, еркін өтімді валютамен жүргізілуі

тиіс.

     2. Мұндай аударымдар атап айтқанда, бірақ ерекше емес:

     а) инвестицияларды қолдауға немесе кеңейтуге арналған негізгі және

қосымша сомаларды; 

     б) табыстарды;

     в) қарыздар бойынша төлем жасауға арналған қаражатты;

     г) инвестициялардың барлығын немесе кез келген бөлігін сатудан немесе

таратудан түскен түсімдерді;

     д) 5 және 6-баптарға сәйкес өтемақыны;

     е) дауларды шешуден туындайтын төлемдерді қамтиды.

                                8-бап

                             Суброгация



 
       1. Егер Уағдаласушы Тараптардың бірі немесе ол тағайындаған орган (агенттік) екінші Уағдаласушы Тараптардың аумағында инвестордың инвестициясына қатысты коммерциялық емес тәуекелге берілетін кепілдікке сәйкес өзінің кез келген инвесторына төлем жүргізетін болса, екінші Уағдаласушы Тарап осындай кепілдікке сәйкес алғашқы Уағдаласушы Тарапқа немесе ол тағайындаған органға (агенттікке) суброгацияға байланысты инвестордың тиісті құқықтары мен талаптары берілгендігін танитын болады.
      2. Алғашқы Уағдаласушы Тарап немесе ол тағайындаған орган (агенттік) инвестор жүзеге асыруға құқығы барларынан басқа кез келген басқа құқықты жүзеге асыруға құқылы емес.
      3. Суброгация жағдайында, егер осындай іске Уағдаласушы Тарап немесе ол тағайындаған орган (агенттік) уәкілеттік бермесе, инвестор алғашқы Уағдаласушы Тарапқа немесе ол тағайындаған органға (агенттікке) өткен құқықтарға қатысты талаптармен шыға алмайды.
 

                                9-бап



 
              Уағдаласушы Тараптар арасындағы дауларды реттеу
 
      1. Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты Уағдаласушы Тараптар арасындағы кез келген дау мүмкіндігінше келіссөздер жолымен дипломатиялық арналар арқылы шешілетін болады.
      2. Егер дау келіссөздер басталғаннан бастап алты айдың ішінде осындай жолмен шешілмесе, онда дау Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша төрелік сотқа беріледі.
      3. Төрелік сот ad hoc былай тағайындалады: Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы бір төрешіні тағайындайды, ал осы екі төреші келісім бойынша үшінші мемлекеттің азаматын төраға ретінде сайлайды. Уағдаласушы Тараптардың кез келгені дауды төрелік соттың қарауына беру ниеті туралы екінші Уағдаласушы Тарапқа хабарлаған күннен бастап төрешілер үш ай ішінде, төраға бес ай ішінде тағайындалуы тиіс.
      4. Егер осы Баптың 3-тармағында белгіленген мерзім ішінде қажетті тағайындаулар жасалмаса, кез келген Уағдаласушы Тарап басқа кез келген келісім болмаған жағдайда, Халықаралық Сот президентін қажетті тағайындаулар жасауға шақыра алады. Егер Халықаралық Сот президенті Уағдаласушы Тараптардың бірінің азаматы болса немесе басқа да себептермен аталған функцияны орындай алмаса, онда вице-президент немесе ол да Уағдаласушы Тараптардың бірінің азаматы болса немесе аталған функцияны орындай алмаса, онда тағайындауды жасауға Уағдаласушы Тараптардың бірде бірінің азаматы болып табылмайтын, Халықаралық Соттың дәрежесі бойынша жоғары келесі мүшесі шақырылады.
      5. Төрелік сот, атап айтқанда осы Келісімді және халықаралық құқықтың жалпы танылған ережелері мен қағидаттарын қоса алғанда, құқықты құрмет тұту негізінде шешім қабылдайтын болады.
      6. Егер Уағдаласушы Тараптар өзгеше шешпесе, Төрелік сот өз рәсімдерін белгілейді.
      Төрелік соттың шешімі көпшілік дауыспен қабылданады. Мұндай шешім Уағдаласушы Тараптар үшін түпкілікті және міндетті болуы тиіс.
      7. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзі тағайындаған төреші мен өзінің өкілдігіне арналған шығыстарды көтереді. Төрағаға арналған шығыстар мен өзге де шығыстарды Уағдаласушы Тараптар тең бөліктерде өтейді. Төрелік сот, алайда шығыстардың үлкен бөлігін екі Уағдаласушы Тараптың бірі өтейді деп ұйғаруы мүмкін және мұндай шешім екі Уағдаласушы Тарап үшін де міндетті болады.
 

                                10-бап   



 
         Инвестор мен Уағдаласушы Тарап арасындағы дауларды реттеу
 
      1. Уағдаласушы Тарап инвесторы мен екінші Уағдаласушы Тарап арасындағы алғашқысының инвестициясына қатысты осы Келісімге сәйкес соңғысының міндеттемелеріне қарай дауларды дауласушы тараптар мүмкіндігінше достық рәуіште шешеді.
      2. Егер мұндай даулар кез келген тараптың талап еткен күнінен бастап алты айдың ішінде достық рәуішті реттеумен шешілмейтін болса, тиісті инвестор дауды шешу үшін:
      а) аумағында инвестиция жүзеге асырылған Уағдаласушы Тараптың құзыретті сотына, немесе
      б) дауды шешудің алдын ала келісілген кез келген қолданылатын рәсіміне сәйкес, немесе
      в) халықаралық төрелікке бере алады.
      3. Егер дау төрелік сотқа жіберілсе, тиісті инвестор оны:
      а) 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтон қаласында (Колумбия округі) қол қою үшін ашылған, Мемлекеттер мен басқа мемлекеттер азаматтарының арасындағы инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі конвенцияға сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды шешу жөніндегі халықаралық орталыққа;
      б) Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі Комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) төрелік ережелеріне сәйкес ad hoc төрелік сотына беруге алады.
      Осымен әрбір Уағдаласушы Тарап мұндай дауды халықаралық төрелікке беруге келіседі.
      4. Төрелік сот осы Келісімнің ережелеріне және халықаралық құқықтың қолданылатын ережелері мен қағидаттарына сәйкес шешім шығаруы тиіс. Төрелік соттың шешімі дауласушы екі Тарап үшін де түпкілікті және міндетті болады. Әрбір Уағдаласушы Тарап кез келген осындай шешімді кідіріссіз орындауы тиіс және осындай шешім 1958 жылғы 10 маусымда Нью-Йорк қаласында жасалған "Шетелдік Төрелік шешімдерді тану және іс жүзіне асыру туралы" конвенция ережелеріне негізделіп, Уағдаласушы Тарап рәсімінің ережелеріне сәйкес орындалуы тиіс.
      5. Төрелік сот процесінде немесе сот шешімін іс жүзіне асыру кезінде дауға тартылған Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тарап инвесторының сақтандыру келісім-шарты бойынша зиян шеккеніне байланысты толық немесе ішінара өтемақы алуына байланысты қарсылық білдірмеуі тиіс.
 

                                11-бап



 
                     Басқа да ережелерді қолдану
 
      1. Егер қазіргі кезде бар немесе кейін Уағдаласушы Тараптар арасында осы Келісімге қосымша ретінде халықаралық құқыққа сәйкес белгіленетін кез келген Уағдаласушы Тарап құқығының ережелерінде немесе міндеттемелерінде екінші Уағдаласушы Тарап инвесторларының инвестицияларына осы Келісімде берілетініне қарағанда анағұрлым қолайлы режим беретін жалпы немесе ерекшелігі бар ережелер бар болса, онда осындай ережелерге осы Келісімге қарағанда анағұрлым қолайлы болып табылатын дәрежеде басымдық беріледі.
      2. Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы екінші Уағдаласушы Тарап

 

инвесторының ерекшелігі бар инвестицияларына қатысты өзі қабылдауы мүмкін

кез келген басқа да міндеттемелерін сақтауы тиіс.


                                12-бап

                            Консультациялар


     Уағдаласушы Тараптардың өкілдері, егер қажет болса, осы Келісімнің

қолданылуына қатысты кез келген мәселе бойынша консультациялар өткізе

алады. Мұндай консультациялар Уағдаласушы Тараптардың бірінің ұсынысы

бойынша дипломатиялық арналар бойынша келісілген орны мен уақытында

өткізілуі тиіс.

                                13-бап

                               Түзетулер



 
       Осы Келісімнің ережелеріне ол күшіне енгеннен кейін кез келген уақытта Уағдаласушы Тараптар арасында келісілген тәртіппен түзетулер енгізілуі мүмкін. Мұндай түзетулер 14-баптың 1-тармағында көзделген рәсімге сәйкес күшіне енеді.
 

                                14-бап



 
               Келісімнің күшіне енуі және қолданылу мерзімі
 
      1. Осы Келісім мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптың аяқтағаны туралы екінші Уағдаласушы Тарапқа хабарлаған соңғы жазбаша хабарламасы алынған күннен соң 30-шы күні күшіне енеді. Осы Келісім сол күннен бастап он (10) жыл кезең ішінде күшінде болады.
      2. Қолданылу мерзімі аяқталатын күнге дейін кемінде бір тарап (1) жыл бұрын кез келген Уағдаласушы Тарап Келісімді тоқтату туралы жазбаша хабарламасын жібермесе, осы Келісім келесі он (10) жылға өздігінен ұзартылады, бұл орайда Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы ағымдағы қолданыс кезеңі аяқталатын күнге дейін кемінде бір (1) жыл бұрын жазбаша хабарлау арқылы Келісімді тоқтату құқығын сақтайды.
      3. Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылғанға дейін жүзеге асырылған

 

инвестицияларға қатысты жоғарыда аталған баптар көрсетілген күннен бастап

келесі он жылдық кезең ішінде өз күшінде қалады.

     ______________ қаласында 20__ жылғы "____" __________ әрқайсысы

қазақ, грек, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды және

барлық мәтіннің күші бірдей.

     Келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Уағдаласушы тараптар ағылшын

тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

     Осыны куәландыру үшін төменде қол қоюшы, Уағдаласушы Тараптардың

тиісті түрде уәкілеттік берілген өкілдері осы Келісімге қол қойды.

     Қазақстан Республикасының                Грек Республикасының

           Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін

Мамандар:

     Багарова Ж.А.,

     Қасымбеков Б.А.







Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады