Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
Қазақстан Республикасының "Ақпараттандыру туралы", "Электронды құжат және электронды сандық қол қою туралы", "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне электронды құжат айналымы мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы", "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгiзу туралы" Заңдарының жобалары Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісiнің қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
"Ақпараттандыру туралы"
Қазақстан Республикасының Заңы
Осы Заң ақпараттандыру саласындағы қатынастарды реттеуге, ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi дамыту мен қорғауға бағытталған, ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк органдардың құзыретiн, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мiндеттерiн белгiлейдi.
1-ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттандыру - жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттiк органдардың ақпараттық технологияларды пайдалану негiзінде ақпараттық қажеттіктерiн қанағаттандыруға бағытталған ұйымдық, әлеуметтiк-экономикалық және ғылыми-техникалық процесс;
2) ақпараттық ресурстар - ақпараттық жүйелерде қамтылған, тиiстi бағдарламалық қамсыздандырумен бiрiктiрiлген әрi ақпарат пайдаланушылар мүдделi болып табылатын электронды жүйеленген ақпарат массивтерi (ақпараттық деректер базалары);
3) уәкiлетті орган - ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік саясатты және қызметтi мемлекеттiк реттеудi iске асыратын мемлекеттік орган;
4) ақпараттандыру саласындағы ұлттық оператор - мемлекеттiк ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi түзуге, дамытуға әрi сүйемелдеуге ұйымдық-техникалық қолдау мен сүйемелдеудi жүзеге асыратын, бiрден бiр қатысушысы мемлекет болып табылатын уәкiлеттi ұйым;
5) ақпараттық жүйе - ақпараттық процестердi iске асыруға арналған ақпараттық технологиялардың, ақпараттық желiлер мен оларды бағдарламалық-техникалық қамсыздандыру құралдарының жиынтығы;
6) ақпараттық ресурстарды қорғау - ақпаратты алу, көшiрмесiн түсiру, тарату, бұрмалау, жою немесе оған тосқауыл қою жөніндегi заңсыз iс-әрекеттi қоса, ақпараттық ресурстарға рұқсатсыз қол жеткiзудi болдырмауға бағытталған құқықтық, экономикалық және ұйымдық-техникалық iс-шаралар мен аппараттық-бағдарламалық құралдар кешенi;
7) ақпараттық процестер - ақпараттық технологияларды қолдану арқылы ақпаратты түзу, жию, өңдеу, жинақтау, сақтау, iздестiру, беру, пайдалану және тарату процестерi;
8) ақпараттық қызметтер - пайдаланушыларға олардың сұраулары немесе тараптардың келiсiмі бойынша ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердi ұсыну жөнiндегi қызмет;
9) ақпараттық ресурстарды, жүйелердi пайдаланушы - ақпараттық жүйелердегi ақпараттық ресурстарға Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тараптардың келiсiмiмен белгiленген тәртiппен жүгінетін кез келген жеке немесе заңды тұлға, мемлекеттік орган;
10) ақпараттық жүйелердi иеленуші - ақпараттық жүйелерге қатысты өкiм етудi, иеленудi және пайдалануды қоса алғанда, меншiк құқықтарына ие жеке немесе заңды тұлға, мемлекеттiк орган;
11) ақпараттық ресурстарды иеленушi - ақпараттық ресурстарға қатысты меншiк құқықтарына ие жеке немесе заңды тұлға, мемлекеттiк орган;
12) құпия мәлiметтер - мемлекеттік құпия болып табылмайтын мәлiметтер, оларға қол жеткiзу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес немесе тараптардың келiсiмiмен шектеледi.
2-бап. Қазақстан Республикасының
ақпараттандыру туралы заңнамасы
Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасы Қазақстан
Республикасының
Конституциясына негізделедi, осы Заңнан және
Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актiлерiнен тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда
қамтылғаннан өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi
қолданылады.
3-бап. Осы заңның қолданылу аясы
Осы заң мемлекеттiк және/немесе беймемлекеттік ақпараттық
ресурстардағы кез келген ақпараттық тасығыштардағы және кез келген
нысандағы қамтылған ақпаратпен байланысты қатынастарды реттемейдi.
2-ТАРАУ. АҚПАРАТТАНДЫРУ САЛАСЫ
МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ
4-бап. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк
реттеудiң мақсаты мен принциптерi
1. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк реттеу қазiргi заманғы әлемдік үрдiстердi, елдің әлеуметтік және экономикалық дамуын ақпараттық қамсыздандыруды ескере отырып, Қазақстан Республикасының ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытуды мақсат тұтады.
2. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк реттеу мынадай принциптерге негiзделген:
1) табиғи ресурстар, еңбек және капитал рыноктарына қосымша өндiрiс факторы ретiнде ақпараттық қызметтер рыногын еркiн дамыту;
2) ақпараттандыру, жеке тұлғаның, мемлекет пен қоғамның ақпараттық
қауіпсiздiгi саласындағы ұлттық қауіпсiздік мүдделерiн қамтамасыз ету;
3) ақпаратты еркiн және тең құқылы алудың, таратудың және
пайдаланудың тиімді жүйесін құру.
5-бап. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк
реттеудiң негiзгі бағыттары
Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк реттеу мынадай негiзгi
бағыттарға сәйкес жүзеге асырылады:
1) мемлекеттік басқаруды ақпараттандыру және азаматтардың және меншiк
нысанына қарамастан ұйымдардың ақпараттық мүдделерiн iске асыру;
2) ақпараттық жүйелердi мемлекеттік тiркеу және олардың мониторингi.
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнің
ақпараттандыру саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасы Үкiметiнің ақпараттандыру саласындағы
құзыретiне мыналар жатады:
1) ақпараттық процестердi басқару iсiнде мемлекеттiк саясатты
қалыптастыру;
2) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның
функцияларын айқындау;
3) ақпараттандыру саласындағы ұлттық операторды және оның
өкiлеттiктерiн айқындау.
7-бап. Ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi
органның құзыретi
1. Ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органның құзыретiне мына
мәселелер кiредi:
1) ақпараттандыруды дамытудың негiзгi бағыттары мен басымдықтарын
iске асыру, ақпараттық қызмет рыногының жұмыс iстеуі үшiн жағдай туғызу;
2) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы нормативтiк
құқықтық актiлерiн әзiрлеу;
3) ақпараттандыру саласындағы ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық
бағдарламалар жөнiнде мемлекеттiк органдарға ұсыныстар мен ұсынымдар
әзiрлеу;
4) ақпараттандыру саласындағы қызметке мемлекеттік бақылау жасау;
5) ақпараттандыру саласында бағдарламалар әзiрлеу;
6) мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды, мемлекеттік ақпараттық
жүйелердi және оларды қамсыздандыру құралдарын тiркеу;
7) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда, террорлық
актiлер кезінде ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелердi басқару;
8) ақпараттық ресурстардың мемлекеттік тiзiлiмiн жүргiзу;
9) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес
өзге де мәселелер.
8-бап. Ақпараттандыру саласындағы ұлттық
оператордың функциялары
Ақпараттандыру саласындағы ұлттық оператор мынадай функцияларды
жүзеге асырады:
1) мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi ұйымдық-техникалық қолдауды,
олардың әлемдік ақпараттық жүйелерге интеграцияланушылығын қамтамасыз ету;
2) мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi сүйемелдеу мен пайдалану;
3) мемлекеттік ақпараттық ресурстардың жалпыға қол жетiмдi бөлігіне
жеке және заңды тұлғалардың ақпараттық қажеттiктерін қанағаттандыру
мақсатында қол жеткiзуі үшiн техникалық жағдайларды қамтамасыз ету.
4) ақпараттандыру саласында сарапшылық қызметтi жүзеге асыру.
3-ТАРАУ. АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАРДЫ ТYЗУ ЖӘНЕ
ПАЙДАЛАНУ ТӘРТIБI
9-бап. Ақпараттық ресурстардың құқықтық режимi
1. Ақпараттық ресурстардың құқықтық режимiн осы Заң және Қазақстан
Республикасының ақпараттандыру саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық
актілерi айқындайды, онда мыналар белгіленеді:
1) ақпараттық ресурстарды түзу және оларды құрайтын ақпаратты
құжаттау тәртiбi;
2) ақпараттық ресурстарды азаматтық, әкiмшілік және өзге де құқықтық
қатынастар саласында айналымға енгiзу тәртiбi;
3) қол жеткiзу деңгейi мен пайдалану режимi бойынша ақпарат
ресурстарды құрайтын ақпарат санаттары;
4) ақпараттық ресурстарды қорғау ережелерi;
5) ақпараттық ресурстарға және бағдарламалық қамсыздандыру
құралдарына меншік құқығы мен өзге де құқықтарды тiркеу және қорғау
тәртібi;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да
аспектiлер.
2. Ақпараттық ресурстарды түзудi:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен
мемлекеттiк органдар;
2) ақпараттандырумен және ақпараттық қызметтермен байланысты
iс-әрекет шеңберінде меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғалар
жүзеге асырады.
10-бап. Ақпараттық ресурстардың түрлерi
1. Ақпараттық ресурстар мемлекеттiк және беймемлекеттік болуы мүмкiн.
2. Мемлекеттік ақпараттық ресурстарға мемлекетте органдардың құзырында болатын әрi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен есепке алуға және қорғауға жататын, республикалық немесе жергіліктi бюджеттер қаражаты есебiнен түзiлетiн (қолдау жасалатын) ақпараттық ресурстар жатады.
11-бап. Ақпараттық ресурстарға меншiк
құқығы мен өзге де құқықтар
1. Ақпараттық ресурстарға меншiк құқығы мен өзге де құқықтардың туындауы және тоқтатылуы үшiн негiздер Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен реттеледi.
2. Жеке және заңды тұлғалар беймемлекеттік ақпараттық ресурстарды иеленушiлер болып табылады.
3. Ақпараттық ресурстар бiр мезгілде бiрнеше иеленушiге тиесілі болуы мүмкiн.
4. Ақпараттық ресурстар, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауар болуы мүмкiн.
5. Мемлекеттiк құпияларға жатқызылған мәлiметтердi қамтитын беймемлекеттiк ақпараттық ресурстарды иеленушi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен оларға иелiк етуге хақылы.
12-бап. Мемлекеттік ақпараттық ресурстарды түзу
және пайдалану
1. Мемлекеттік ақпараттық ресурстар жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттiк органдардың ақпараттық қажеттiлерiн қамтамасыз ету мақсатында түзіледi.
Мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды мемлекеттiк органдар түзiп, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртіппен өз құзыретiне сәйкес олардың пайдаланылуын қамтамасыз етедi.
2. Мемлекеттік ақпараттық ресурстарды жаңартуды (актуализациялауды) мемлекеттік органдар немесе олардың тапсыруымен өзге де тұлғалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.
Мемлекеттiк орган өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды жию, өңдеу және сақтауды жүзеге асырады.
3. Жеке және заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда, құжатталған ақпарат пен электронды құжаттарды мемлекеттiк органдарға бередi.
Мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды түзу үшiн мiндеттi түрде табыс етiлетiн құжатталған ақпарат түрлерiнің тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
13-бап. Мемлекеттiк ақпарат ресурстарының құрамы
1. Мемлекеттiк ақпарат ресурстары қол жеткiзу шектелген және жалпыға қол жетiмді ақпаратты қамтуы мүмкiн.
2. Ақпаратты рұқсат берiлу санаттарына жатқызу тәртiбi, жалпыға қол жетiмді ақпаратқа қол жеткiзу, сақтау және тарату шарттарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпарат ресурстарын иеленушiлер айқындайды.
Ақпаратты мемлекеттiк құпияларға жатқызу мемлекеттiк құпияларды қамтитын ақпаратқа қол жеткiзу, сақтау және тарату Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялар туралы заңнамасымен белгiленедi.
14-бап. Беймемлекеттiк ақпараттық ресурстарды
түзу және пайдалану
1. Беймемлекеттiк ақпараттық ресурстарды жеке және заңды тұлғалар өз қаражаты есебiнен түзедi не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен алады (бередi).
2. Беймемлекеттiк ақпараттық ресурстарды жеке және заңды тұлғалар өз бетiнше немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн тәртiппен шарттық негiзде пайдаланады.
3. Ақпараттық ресурстарды иеленушiлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен прокурор санкциясының негiзiнде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына өздерiнің ақпараттық ресурстарына рұқсат бередi.
15-бап. Азаматтар мен заңды тұлғалар туралы құпия мәлiметтердi
қамтитын ақпараттық ресурстарды түзу және пайдалану
1. Азаматтар мен заңды тұлғалар туралы құпия мәлiметтердi қамтитын ақпараттық ресурстарды түзу және пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi.
2. Азаматтар мен заңды тұлғалар туралы құпия мәлiметтердi қамтитын ақпараттық ресурстарды оларға мүлiктiк және моральдық зиян келтiру, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде кепiлдiк берiлген құқықтары мен бостандықтарын iске асыруды шектеу мақсатында пайдалануға жол берiлмейдi.
16-бап. Мемлекеттiк және беймемлекеттiк ақпараттық
ресурстарға қол жеткiзу
1. Жеке және заңды тұлғалар мемлекеттiк ақпараттық ресурстардың жалпыға қол жетімді бөлiгiне еркiн қол жеткiзу құқығын пайдаланады.
Мемлекеттiк ақпараттық ресурстардың қол жеткiзу шектеулi бөлiгiне пайдаланушылардың қол жеткiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды жалпыға қол жетiмді немесе қол жеткiзу шектеулiге жатқызу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.
2. Беймемлекеттiк ақпараттық ресурстарды жалпыға қол жетiмді немесе қол жеткiзу шектеулiге жатқызу тәртiбiн беймемлекеттiк ақпараттық ресурстарды иеленушi осы Заңға қайшы келмейтiн тәртiппен өз бетiнше айқындайды.
17-бап. Мемлекеттiк және беймемлекеттiк ақпараттық
ресурстарды пайдалану
1. Мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды иеленушi оларды өңдеу режимдерiн және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен пайдаланушыға берудi қамтамасыз етедi.
2. Беймемлекеттiк ақпараттық ресурстарды пайдалану осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, иеленушi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Пайдаланушы мемлекеттiк және беймемлекеттiк ақпараттық ресурстарды жолсыз пайдаланғаны, көшiрмесiн түсiргенi, таратқаны, меншiк құқығын, авторлық және өзге де құқықтарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жауапты болады.
18-бап. Азаматтар мен ұйымдардың өздерi туралы мәлiметтi қамтитын
ақпараттық ресурстарға қол жеткiзуі
1. Азаматтар мен ұйымдардың өздерi туралы мәлiметтi қамтитын ақпараттық ресурстарға еркiн қол жеткiзуге, бұл ақпаратты оның толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында нақтылауға құқығы бар.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған ақпараттық ресурстарға азаматтар мен ұйымдардың қол жеткiзуiн шектеуге Қазақстан Республикасының заң актілерiнде көзделген негiздер бойынша жол берiледі.
3. Мемлекеттік органдар өз құзыретi шегінде азаматтар мен ұйымдардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерi, олардың қауіпсiздігі жөніндегi мәселелер мен оларға тiкелей қатысты немесе қоғамдық мүдденi бiлдiретiн басқа да мәселелер бойынша ақпаратты қамтитын ақпараттық
ресурстарға пайдаланушылардың қол жеткiзуiн қамтамасыз етеді.
4. Ақпараттық ресурстарды иеленушінің немесе ақпараттық ресурстарға
қатысты құқықтарды заңды негiздерде жүзеге асырушы өзге де адамдардың осы
баптың 1 және 3-тармақтарында аталған ақпаратқа қол жеткiздiруден бас
тартуына сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.
4-ТАРАУ. АҚПАРАТТЫҚ ЖYЙЕЛЕРДI
ТҮЗУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ТӘРТIБI
19-бап. Ақпараттық жүйелерге меншiк құқығы
мен өзге де құқықтар
Жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қатысты
Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес меншiк құқығы мен өзге де
құқықтары болуы мүмкiн.
20-бап. Желiаралық қосу
1. Мемлекеттiк және беймемлекеттiк ақпараттық жүйелердi иеленушiлер
Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн, деректердi берудің
стандартты протоколдарын пайдалану негізінде түрлi ақпараттық жүйелердiң
арасында деректер алмасу мен беруді ұйымдастыру үшiн өзара желiаралық қосу
мүмкiндігiн қамтамасыз етуі мүмкін.
2. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелермен желiаралық қосу тәртiбi
Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
21-бап. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi
түзу және пайдалану
1. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелер:
1) жалпы республикалық ақпараттық жүйелердi;
2) орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың ақпараттық
жүйелерiн;
3) ұйымдардың мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жасалған, сатып
алынған (толық немесе iшiнара) ақпараттық жүйелерiн;
4) басқа да объектiлердi қамтиды.
2. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелер мемлекетi мүлiк құрамына кiредi әрi
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк
тiркеуге жатады.
3. Мемлекеттiк ақпараттық жүйелердi пайдалана отырып ақпарат алмасу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт талаптарымен жүргiзiледi.
22-бап. Беймемлекеттiк ақпараттық жүйелердi
түзу және пайдалану
1. Беймемлекеттiк ақпараттық жүйелердi жеке және заңды тұлғалардың кез келген заңды тәсiлмен жасаған, сатып алған не алған беймемлекеттік ақпараттық жүйелерi құрайды.
2. Беймемлекеттiк ақпараттық жүйелер, әдетте, оларды иеленушiлердің ақпараттық мүдделерiн iске асыру үшiн не ақпараттық қызметтер ұсыну үшiн жасалады және пайдаланылады.
23-бап. Сертификаттау
1. Мемлекеттiк және беймемлекеттiк ақпараттық жүйелер, сондай-ақ оларды қорғау құралдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сертификатталған құрал-жабдықтар мен бағдарламалық қамсыздандыру қолданыла отырып жасалады және пайдаланылады.
2. Мемлекеттiк құпияларды қамтитын ақпаратты қорғау үшiн
пайдаланылатын құрал-жабдық пен бағдарламалық қамсыздандыру Қазақстан
Республикасының заңнамасына сәйкес мiндеттi түрде сертификатталуға тиiс.
24-бап. Ақпараттық жүйелердi пайдаланып жедел-iздестiру
қызметiн жүзеге асыру тәртiбi
Мемлекеттiк және беймемлекеттiк ақпараттық жүйелерді пайдаланып
жүргiзiлетiн жедел-iздестiру қызметі Қазақстан Республикасының
жедел-iздестiру қызметi туралы заң актісінде белгiленген тәртiппен жүзеге
асырылады.
5-ТАРАУ. АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАРДЫ,
АҚПАРАТТЫҚ ЖYЙЕЛЕРДI ҚОРҒАУ
25-бап. Қорғаудың объектiлерi мен мақсаттары
1. Ақпараттық ресурстар мен жүйелер мынадай мақсатта:
1) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қауiпсiздiгiн;
2) ақпараттық ресурстардың тарап кетуiн, ұрлануын, жоғалуын, бұрмалануын, қолдан жасалуын және оларға рұқсатсыз қол жеткiзудi, пайдалану мен таратуды болдырмау;
3) ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткiзудің алдын алу;
4) ақпараттық ресурстарда қамтылған жеке және заңды тұлғалар туралы ақпарат мәлiметтерiнің құпиялылығын сақтау;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қол жеткiзу шектеулi мәлiметтердi таратпау;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мақсатта техникалық қорғау құралдарымен қамтамасыз етiледi.
2. Қорғау құралдарын пайдалану жөнiндегi талаптар мен осы талаптардың сақталуын бақылау тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк органдар белгiлейдi.
26-бап. Мемлекеттiк және беймемлекеттiк ақпараттық
ресурстарды қорғау режимi
1. Жолсыз пайдаланылуы иеленушіге немесе пайдаланушыға не ақпараттық процестерге қатысушы өзге де тұлғаға залал келтiруi мүмкiн мемлекеттік және беймемлекеттiк ақпараттық ресурстар қорғалуға тиiс.
2. Беймемлекеттік ақпараттық ресурстарды қорғау режимiн ақпараттық ресурстарды иеленушi белгiлейдi.
3. Мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды қорғау режимiнің сақталуына бақылауды тиiстi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
4. Мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды түзетiн және/немесе пайдаланатын мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар қол жеткізу шектеулi ақпаратты қамтитын ақпараттық ресурстардың қорғалуын қамтамасыз етедi.
27-бап. Қорғау құралдары жоқ ақпараттық ресурстар
мен жүйелердi пайдаланудың ерекшелiктерi
Егер ақпараттық қызметтер ұсыну шартында өзгеше белгiленбесе, қорғау құралдары жоқ және белгiленген талаптарға сәйкестiгi расталмаған ақпараттық ресурстар мен жүйелердi пайдаланумен байланысты тәуекел пайдаланушыға жүктеледi.
28-бап. Ақпараттық ресурстарға қол
жеткiзу құқығын қорғау
1. Қорғау режимi белгіленген ақпараттық ресурстар мен ақпараттық
жүйелерге рұқсат беру тәртiбiн осы Заңға және Қазақстан Республикасының
өзге де заңнамалық актiлерiне сәйкес сол ақпараттық ресурстар мен
жүйелердi иеленушi бередi және айқындайды.
2. Ақпараттық ресурстарға қол жеткiзуден заңсыз табыс бас тартуға
сот тәртібiмен шағым жасалуы мүмкiн.
3. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда пайдаланушылардың
өздерiне келтiрілген залалдың орнын толтыруға құқығы бар.
6-ТАРАУ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
29-бап. Осы заңды бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасының
бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заң актiлерінде
көзделгендей жауапты болады.
30-бап. Қолданысқа енуі
Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап бес айдан кейiн қолданысқа
енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
"Электронды құжат және электронды сандық қол қою"
Осы Заң электрондық цифрлық қолтаңбалармен куәландырылған электрондық
құжаттарды жасау мен пайдалануда, сондай-ақ азаматтық-құқықтық мәмілелер
жасауды қоса алғанда, электрондық құжаттар айналымы саласында туындаған
құқықтық қатынастарға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін реттеуге
бағытталған.
Осы Заңның күшi электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған және
құқықтық қатынастарды белгiлеудi, өзгертудi немесе тоқтатуды көздейтiн
электрондық құжаттарға ғана қолданылады.
1-ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңның мақсаттары үшiн мынадай негiзгі ұғымдар қолданылады:
1) электрондық цифрлық қолтаңба - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған әрi электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесiлiлiгi мен мазмұнының өзгерместігін растайтын электрондық цифрлық символдардың жинағы;
2) электрондық құжат - электронды-цифрлық нысанда берiлген және электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған ақпарат;
3) тiркеу куәлігінiң иесi - өз атына тiркеу куәлігі берiлген, тiркеу куәлiгiнде көрсетiлген ашық кiлтке сәйкес жабық кiлттi заңды иеленушi тұлға;
4) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтi - тiркеу куәлігінің иесiне белгiлi және электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып электрондық цифрлық қолтаңбаны жасауға арналған электрондық цифрлық символдардың қайталанбас бiрiздiлігі;
5) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтi - кез келген тұлғаның қолы жетiмдi және электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалылығын растауға арналған электрондық цифрлық символдардың қайталанбас бiрiзділігi;
6) қол қоюшы тұлға - электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiн заңды иеленушi және оны электрондық құжатта пайдалану құқығына ие тұлға;
7) тiркеу куәлiгi - электрондық цифрлық қолтаңбаның осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау үшiн куәландыру орталығы берген электрондық немесе қағаз нысанындағы құжат;
8) электрондық құжат айналымының жүйесi - электрондық құжаттарды алмасу жүйесi, оған қатысушылардың арасындағы қатынастар олардың арасында жасалатын шарттардың және/немесе электрондық құжат айналымы жүйесi ережелерiнің, осы Заңның және өзге де заң актілерінің негiзінде реттеледi;
9) электрондық цифрлық қолтаңба құралдары - электрондық цифрлық қолтаңбаны жасау және оның түпнұсқалылығын тексеру үшiн пайдаланылатын бағдарламалық және техникалық құралдардың жиынтығы;
10) куәландыру орталығы - электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтiнің электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтіне сәйкестiгiн куәландыратын, сондай-ақ тiркеу куәлiгiнің дұрыстығын растайтын заңды тұлға;
11) уәкілетті орган - ақпараттандыру саласындағы мемлекеттiк саясатты және осы саладағы қызметтi мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
12) электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушы электрондық құжаттарды жинау, өңдеу, сақтау, беру, iздестiру мен тарату процестерiне қатысушы заңды немесе жеке тұлға, мемлекеттiк орган немесе лауазымды тұлға;
13) электрондық құжат айналымының корпоративтiк жүйесi электрондық құжат айналымының жүйесi, оған қатысушылар ведомстволық, функционалдық немесе өзге де ақпараттық қатынастармен айқындалатын ұйымдардың немесе пайдаланушылардың шектеулi ортасы болуы мүмкін.
2-бап. Электрондық құжат және электрондық цифрлық
қолтаңба туралы заңнама
1. Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Цифрланған бейненi, дербес сәйкестендiру нөмiрлерi мен басқа әдiстердi қоса алғанда, жеке қолтаңбаның өзге де электрондық баламаларын пайдалану тәртiбi, сондай-ақ электрондық құжатты криптографиялық қорғау құралдарын осы Заңмен реттелмеген бөлiгiнде пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi.
3. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
4. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгіленбесе, шетелдiк жеке және/немесе заңды тұлғалардың қатысуымен электрондық құжаттар алмасу кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.
5. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, куәландыру
орталығы мен шетелдiк тiркеу куәлiгi иесiнің арасында туындайтын құқықтық
қатынастарды реттеу кезiнде тiркеу куәлiгiн берген мемлекеттiң құқығы
қолданылады.
3-бап. Қолданылу аясы
Осы Заңның қолданылуы электрондық цифрлық қолтаңбамен
сәйкестендiрiлген және құқықтық қатынастарды орнатуды, өзгертудi немесе
тоқтатуды көздейтiн электрондық құжаттарға қолданылады.
2-ТАРАУ. ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҚҰЖАТ
4-бап. Электрондық құжат айналымының принциптерi
1. Электрондық құжат айналымы мемлекеттiк және беймемлекеттiк ақпараттық жүйелерде мынадай принциптер негiзiнде жүзеге асырылады:
1) электрондық құжат айналымының түрлi жүйелерінің жұмыс iстеуi;
2) электрондық құжаттарды деректердi түзу, өңдеу, сақтау және беру үшiн ақпараттық технологиялар қолданылатын кез келген қызмет салаларында пайдалану;
3) электрондық құжаттарды кез келген ақпараттық жүйелерiн пайдалана отырып беру.
2. Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушылардың электрондық цифрлық қолтаңбаны және оны жасау құралдарын электрондық құжаттар алмасу кезiнде пайдалануы лицензиялауға жатпайды.
5-бап. Электрондық құжат айналымының тәртiбi
1. Электрондық құжат айналымының тәртiбiн электронды сауда-саттық, төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асырған кезде, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де жағдайларда тиiстi мемлекеттік органдар бекiтедi.
2. Ұйымдардың қатысуымен болған электрондық құжат айналымы кезiнде аталған ұйымның уәкiлетті қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасы танылады.
3. Электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған, тіркеу куәлiгi жоқ электрондық құжат бiрден бiр электрондық құжат айналымының корпоративтiк жүйесiнде ғана немесе тараптардың келiсiмi бойынша пайдаланылады.
6-бап. Электрондық құжаттың заңды күші
1. Осы Заңға сәйкес электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжаттың тиiстi қағаз тасығыштағы құжатпен бiрдей заң күшi бар.
2. Егер заңнамада немесе осы электрондық құжатта не тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе электрондық құжат электрондық цифрлық қолтаңба қойылған сәттен бастап заңды күшіне енедi.
3. Электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған, тiркеу куәлiгi жоқ электрондық құжаттың электрондық құжат айналымы жүйесiнiң ережелерiнде және/немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген шекте заңды күшi болады.
4. Электрондық құжат бiр немесе бiрнеше электрондық цифрлық қолтаңбаны қамтуы мүмкiн.
5. Мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қамтитын электрондық құжаттарды пайдалану, қорғау, тiркеу тәртiбi, сондай-ақ оларда қамтылған мәлiметтердi беру кезiндегi қауiпсiздiк шаралары Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледi.
7-бап. Электрондық құжаттың түпнұсқалығы
Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушылар электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнаманың, электрондық құжат айналымы жүйесi ережелерінің не тараптардың келiсiмiнiң негiзiнде электрондық құжаттың түпнұсқалығы туралы шешiмдi дербес қабылдайды.
8-бап. Электрондық құжаттарды сақтау
1. Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушылар электрондық құжаттарды мемлекеттiк және/немесе беймемлекеттiк ақпараттық ресурстарда заңнамада немесе мұрағатты және құжаттаманы басқару жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттік органның қағаз тасығыштағы балама құжаттарды сақтауға қоятын талаптарына сәйкес белгiленген тәртіппен сақтайды.
2. Электрондық құжаттарды мұрағаттық сақтауға жiберiлгенге дейiнгі сақтау тәртiбi электрондық құжат айналымы жүйесiнің ережелерімен айқындалады.
9-бап. Электрондық құжат айналымы жүйесiне
қатысушылардың міндеттерi
Электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушылар:
1) электрондық құжат айналымының белгiленген ережелерiн сақтауға;
2) электрондық цифрлық қолтаңбаның өздерiне тиесiн жабық кiлттерiн заңсыз қол жеткiзуден және пайдаланудан қорғау үшiн шаралар қолдануға, сондай-ақ ашық кiлттердi электрондық құжаттарды сақтау үшiн белгiленген тәртiппен сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өзге де міндеттердi орындауға міндетті.
10-бап. Электрондық құжаттарды пайдаланып шарттар жасасу
1. Нотариаттық куәландыруды немесе мемлекеттiк тiркеудi талап етпейтiн кез келген шарттар электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжаттарды пайдаланып жасалуы мүмкiн.
2. Электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжаттарды пайдаланып жасасқан шарттар жазбаша нысанда жасасқан шарттарға теңестiрiледi әрi бiрдей заң күшi болады.
3. Электронды сауда-саттықта электрондық құжаттарды пайдаланып шарттар жасасу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледi.
3-ТАРАУ. ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЦИФРЛЫҚ ҚОЛТАҢБА
11-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану негiздерi
1. Электрондық цифрлық қолтаңба қол қоюшы тұлғаның өзiнің қойған қолымен теңдес және мынадай талаптар орындалған ретте:
1) тiркеу куәлiгi бар ашық кiлттiң көмегiмен электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалығы куәландырылғанда;
2) электрондық құжатқа қол қойған тұлға электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтiне заңды иелiк еткенде;
3) электрондық цифрлық қолтаңба тiркеу куәлiгiнде көрсетiлген мәлiметтерге сәйкес пайдаланылғанда, бiрдей заңды салдарларға әкелiп соғады.
2. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлттерi оларды заңды негiздерде иеленетiн тұлғалардың меншiгi болып табылады.
Бiр тұлға электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлттерiнің шектеусiз мөлшерiне ие бола алады. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлттерi осы кiлттер иелерінің келiсiмiнсiз басқа адамдарға берiлмейдi.
3. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық және ашық кiлттерi жасау - куәландыру орталығы тiркеу куәлiгiн бергенде, өзге жағдайларда электрондық цифрлық қолтаңба құралдарының меншiкшiлерi (иелерi) жүзеге асырады.
4. Қол қоюшы тұлға электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану өкiлеттігiн өзiнің өкiлiне заңнамада немесе тараптардың келiсімінде белгiленген тәртіппен беруге хақылы.
12-бап. Электрондық цифрлық қолтаңба құралдары
1. Электрондық цифрлық қолтаңба құралдары заңнамада белгiленген тәртiппен сертификатталуға тиiс.
2. Сертификатталмаған электрондық цифрлық қолтаңба құралдарының иесi бұл туралы осы құралдармен жасалатын, электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiнiң иелерiн хабардар етуге тиiс.
13-бап. Мемлекеттiк органдардың электрондық құжат айналымының
жүйесiндегi электрондық цифрлық қолтаңба
1. Электрондық цифрлық қолтаңбаны мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғалары мемлекеттiк органның құзыретi және лауазымды тұлғаның өкiлеттiктерi шегiнде шығарылатын электрондық құжаттарды куәландырған кезде пайдалануы мүмкiн.
Мемлекеттiк органдардың электрондық құжат айналымы жүйесiнде электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану тәртiбi осы Заңмен және электрондық құжат айналымының ережелерiмен белгiленедi.
2. Заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік
органдардың электрондық құжат айналымы жүйесiндегi куәландыру орталығының
өкілеттiктерi уәкілеттi органға жүктеледі.
14-бап. Электрондық құжат айналымының беймемлекеттік
жүйелерiндегі электрондық цифрлық қолтаңба
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды
қоспағанда, электрондық құжат айналымының беймемлекеттiк жүйелерiндегi
электрондық цифрлық қолтаңба электрондық құжат айналымына қатысушылардың
өз қарауынша пайдаланылады.
15-бап. Электрондық құжат айналымының корпоративтiк
жүйелерiндегі электрондық цифрлық қолтаңба
Электрондық құжат айналымының корпоративтік жүйелерiндегi электрондық
цифрлық қолтаңбаны пайдалану тәртiбi электрондық құжат айналымының iшкi
құжаттарымен және корпоративтiк жүйеге қатысушы тараптардың келiсiмдермен
айқындалады.
16-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаның
жабық кілтi иесiнiң құқықтары
Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiнiң иесi тiркеу куәлiгiнде
көрсетiлген ашық кiлтке сәйкес электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық
кiлтiне қол жеткiзудi шектеу режимi бұзылды деп топшылаған жағдайларда,
куәландыру орталығынан тiркеу куәлiгiнің күшiн жоюды талап етуге хақылы.
17-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық
кілтінің тиесілілігін растау
Электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтiн пайдаланушы тиiстi тiркеу
куәлiгін берген куәландыру орталығына сол куәландыру орталығы тiркеген
электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтiнің иесiне тиесiлі екендiгiн және
жарамдылығын растау үшiн жүгiнуге хақылы.
18-бап. Шетелдiк электрондық цифрлық қолтаңбаның танылуы
Шетелдiк тiркеу куәлiгi бар шетелдiк электрондық цифрлық қолтаңба осы
Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында электрондық цифрлық
қолтаңба деп танылады.
4-ТАРАУ. ТIРКЕУ КУӘЛIГI
19-бап. Тiркеу куәлiгiн беру тәртiбi
1. Тiркеу куәлiгiн беру тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды әрi
куәландыру орталығы мен электрондық құжат айналымына қатысушылар үшiн
мiндеттi болып табылады.
2. Белгiленген тәртiппен берiлген тiркеу куәлiктерiн куәландыру
орталығы электрондық құжат айналымына қатысушылардың қол жеткiзуi үшiн
ашық тiркеу куәлiктерi тiркелiміне енгізедi.
20-бап. Тiркеу куәлiгiнiң мазмұны
1. Тiркеу куәлiгi мынадай мәлiметтердi қамтуға тиiс:
1) тiркеу куәлiгінің нөмiрi мен оның қолданылу мерзiмi;
2) электрондық цифрлық қолтаңбаның иесiн сәйкестендiруге мүмкіндiк
беретiн деректер;
3) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтi;
4) электрондық цифрлық қолтаңбаның сәйкес жабық кiлтiн жасау үшiн
пайдаланылатын электрондық цифрлық қолтаңба құралдары туралы деректер;
5) электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану салалары мен қолдануға
шектеулер туралы ақпарат;
6) тиiстi куәландыру орталығының реквизиттерi.
2. Куәландыру орталығы электрондық құжат айналымына қатысушының
келiсiмi бойынша электрондық құжат айналымы үшiн қажеттi қосымша ақпаратты
тiркеу куәлiгiне енгiзе алады.
21-бап. Тiркеу куәлiктерiн куәландыру
орталықтарында сақтау мерзiмi
1. Тiркеу куәлiктерiнiң көшiрмелерi уәкiлетті орган белгiлеген
тәртіппен тиiстi куәландыру орталықтарында сақталады.
2. Күшi жойылған тiркеу куәлiктерiнің куәландыру орталықтарында
сақталу мерзiмi бес жылдан кем болмайды.
3. Күшi жойылған тiркеу куәлiктерi бес жыл өткен соң Қазақстан
Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұрағаттық сақтауға
түседi.
22-бап. Тiркеу куәлігі иесiнiң мiндеттерi
1. Тiркеу куәлігiнің иесi:
1) куәландыру орталығына дұрыс ақпарат беруге;
2) тiркеу куәлiгiнде көрсетiлген ашық кiлтке сәйкес жабық кiлтті
пайдалануға;
3) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтi туралы ақпаратты
заңсыз таратуға жол бермеуге міндеттi.
23-бап. Тiркеу куәлiгiнiң күшiн жою
1. Тiркеу куәлiгiн берген куәландыру орталығы мынадай жағдайларда:
1) тiркеу куәлiгiнiң иесi немесе оның заңды өкілінің талап етуi
бойынша;
2) тiркеу куәлiгiнiң иесi қайтыс болғанда;
3) тiркеу куәлігінiң қолданылу мерзiмi өткенде;
4) тiркеу куәлiгiнiң иесi осы Заңның 22-бабында көзделген өз
мiндеттемелері орындамаған немесе тиiсiнше орындамағанда;
5) заң күшiне енген сот шешiмi бойынша оның күшiн жояды.
2. Куәландыру орталығы тиiстi ақпарат алғаннан кейiн бiр жұмыс күнi
ішінде тiркеу куәлiгiнiң күшін жояды.
3. Куәландыру орталығы тiркеу куәлiгiнiң күшiн жойған кезде, тiркеу
куәлігінің иесiне хабарлауға және тиiстi ақпаратты алған сәттен бастап бiр
күннен кешiктiрмей тiркеу куәлiктерiнiң тiркелуiне өзгерiстер енгiзуге
мiндеттi.
24-бап. Шетелдiк тiркеу куәлiктерiнiң танылуы
Шетелдiк тiркеу куәлiгі Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс
iстейтiн куәландыру орталығы берген тiркеу куәлiгімен тең деп танылады.
5-ТАРАУ. КУӘЛАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫ
25-бап. Куәландыру орталығының қызметi
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған кез келген
заңды тұлға куәландыру орталығы бола алады.
2. Электрондық сандық қол қоюшы ашық кiлтiнiң электрондық сандық қол қоюдың жабық кiлтiне сәйкестігін куәландыратын, сондай-ақ тiркеу куәлiгiнің дұрыстығын растау жөнiндегi қызмет Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицензиялауға тиiс. Заңды тұлғаның электрондық сандық қол қоюшы ашық кiлтінiң электрондық сандық қол қоюдың жабық кiлтiне сәйкестiгiн куәландыратын, сондай-ақ тiркеу куәлiгiнiң дұрыстығын растау жөнiндегі қызметi басқа да қызмет түрлерiмен қоса атқарылуы мүмкiн.
3. Электрондық, құжат айналымына қатысушыларға бiрнеше куәландыру орталықтары қызмет етуi мүмкiн. Куәландыру орталығы электрондық құжат айналымының бiрнеше жүйесiне қызмет ете алады.
26-бап. Куәландыру орталығының функциялары
1. Куәландыру орталығы өзi қызмет ететiн электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысты мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) тiркеу куәлiктерiн тiркейдi, сақтайды және күшiн жояды, тiркеу куәлiктерiнiң тiркелiмiн жүргізедi;
2) жарамды және күшiн жойған тiркеу куәлiктерiн есепке алуды жүзеге асырады;
3) куәландыру орталығы тiркеген электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтiнiң тиесiлілігін және жарамдылығын растайды;
4) электрондық құжат айналымының жүйесiне қатысушылардың тiркеу куәлiктерiнің тiркелiмiне қол жеткізуiн қамтамасыз етеді;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында және электрондық құжат айналымының тиiстi жүйесiнің ережелерiнде белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Куәландыру орталығы электрондық цифрлық қолтаңбаның сақтаудағы ашық кiлттерiнiң жоғалуын, модификациялауды және жалған көшiрмесiнiң жасалуын болдырмауға қажеттi барлық шараларды қолдануға мiндетті.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген міндеттемелердi орындамағаны үшiн куәландыру орталығы Қазақстан Республикасының заң актілерiне сәйкес жауапты болады.
4. Куәландыру орталығының қызметi туралы үлгi ереженi уәкiлетті орган бекiтедi.
27-бап. Куәландыру орталығы қызметiнің тоқтатылуы
1. Заңды тұлға куәландыру орталығы ретiнде қызметiн тоқтатқан жағдайда, бұл туралы өзi қызмет көрсететiн электрондық құжат айналымы жүйелерiне қатысушылардың барлығын және уәкiлеттi органды өз қызметiн тоқтатқанға дейiн отыз күн iшiнде хабардар етуге мiндеттi.
2. Куәландыру орталығы қызметiн тоқтатқан кезде ол берген тiркеу куәлiктерi мен электрондық цифрлық қолтаңбаның сәйкес кілттерi, тiркеу куәлiктерiнiң иелерi туралы мәлiметтер мен тiркеу орталығының өзге де құжаттамасы белгiленген төрттен басқа куәландыру орталықтарына берiледi, бұл туралы электрондық құжат айналымы жүйесiне қатысушылар хабардар етiледi.
3. Осы баптың 1-бөлiгiнде аталған мерзiм өткеннен кейiн куәландыру орталығында тiркелген және басқа куәландыру орталықтарына берілмеген ашық кілттер өз күшiн тоқтатады.
4. Электрондық құжат айналымына қатысушыларға тиесiн ашық кілттер туралы мәлiметтер және куәландыру орталығының өзге де ақпараты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сақталуға тиiс.
5. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық және ашық кiлттерiн беру
тәртiбi Куәландыру орталығының қызметi туралы үлгi ережемен айқындалады.
28-бап. Куәландыру орталығына түскен дербес деректердi қорғау
1. Куәландыру орталығы тiркеу куәлiгi иесiнiң дербес деректерiнің
қорғалуын және жария етiлмеуiн қамтамасыз етедi.
2. Дербес деректер тiркеу куәлiктерiнiң жалпыға қол жетiмдi
тiркелуiне енгiзілмейдi.
3. Тiркеу куәлiктерінің иелерi туралы мәлiметтердi ашуға Қазақстан
Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда жол беріледi.
6-ТАРАУ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
29-бап. Осы заңды бұзғаны үшін жауаптылық
1. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiнің иесi электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiн заңсыз пайдалануға байланысты оның кiнәсiнен келтiрiлген шығындар үшiн сәйкес ашық кiлттi пайдаланушының алдында Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген тәртiппен жауапты болады.
2. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiнің иесi куәландыру орталығына өзi берген ақпараттың дұрыстығы немесе осындай ақпаратты бермегенi үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерінде белгiленгендей жауапты болады.
3. Жабық кiлттi заңсыз алуды және (немесе) басқа адамның электрондық цифрлық қолтаңбасын тиiстi өкiлеттіктерсiз пайдалануды қоса алғанда, электрондық цифрлық қолтаңбаны заңсыз пайдаланушы адамдар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.
4. Куәландыру орталығы электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiн жасау мен электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалығын тексерудің белгiленген ресiмiн бұзу салдарынан шығын келтiрген жағдайда, куәландыру орталығы Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.
5. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiне заңсыз қол жеткiзу
салдарынан электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кiлтiн пайдаланушыға
электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтiнiң иесiнiң кiнәсiнен шығын
келтiрiлген жағдайда, ол келтiрілген шығындардың орнын толтыруға міндеттi.
30-бап. Дауларды қарау
Электрондық цифрлық қолтаңбаны және электрондық құжат айналымын
пайдалану кезінде туындаған даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына
сәйкес қаралуға тиіс.
31-бап. Қолданысқа енуі
Осы заң ресми жарияланған күнінен бастап бес айдан кейін қолданысқа
енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Астана, 2002 жылғы
N
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне
электронды құжат айналымы мәселелерi бойынша өзгерiстер мен
толықтырулар енгiзу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заң актiлерiне өзгерiстер мен
толықтырулар енгiзiлсін:
1. 1994 жылы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi
қабылдаған Қазақстан Республикасының Азаматтық
кодексiне (Жалпы
бөлiм) (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., N 23-24
(қосымша); 1995 ж., N 15-16, 109-құжат; N 20, 121-құжат; Қазақстан
Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 2, 187-құжат; N 14,
274-құжат; N 19, 370-құжат; 1997 ж., N 1-2, 8-құжат; N 5, 55-құжат; N 12,
183, 184-құжаттар; N 13-14, 195, 205-құжаттар; 1998 ж., N 2-3, 23-құжат; N
5-6, 50-құжат; N 11-12, 178-құжат; N 17-18, 224, 225-құжаттар; N 23,
429-құжат; 1999 ж., N 20, 727, 731-құжаттар; N 23, 916-құжат; 2000 ж., N
18, 336-құжат; N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 1, 7-құжат; N 8, 52-құжат; N
17-18, 240-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 2, 17-құжат; 2002 жылы 28 мамырда "Егемен Қазақстан" және 2002 жылы 25 мамырда "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне мемлекеттiк мүлiк мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 мамырдағы N 323 Z020323_ Заңы):
152-бапта:
2-тармақтың екінші бөлiгi "факсимильдiк қол қоюдың көшiрмесi," деген сөздерден кейiн ", электронды сандық" деген сөздермен толықтырылсын;
3-тармақтың екiншi бөлiгi "телетайпограммалармен, факстармен" деген сөздерден кейiн ", электронды құжат" деген сөздермен толықтырылсын.
2. Әкiмшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы K010155_ кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 5-6, 24-құжат; N 17-18, 241-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 33-құжат):
1) 84-бап мынадай мазмұндағы екiншi бөлiкпен толықтырылсын:
"Ақпараттық ресурстарға қол жеткiзу құқығын заңсыз шектеу - бестен онға дейiн айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады";
2) мынадай мазмұндағы 497-1, 497-2, 497-3-баптармен толықтырылсын:
"497-1-бап. Ақпараттық ресурстарды қорғау құралдарын пайдалану жөнiндегi талаптарды бұзу
Ақпараттық ресурстарды қорғау құралдарын пайдалану жөнiндегi талаптарды бұзу, -
азаматтарға бестен онға дейiн, лауазымды адамдарға оннан жиырмаға дейiн, заңды тұлғаларға жиырмадан елуге дейiн айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соқтырады.
497-2-бап. Электронды құжаттар және электронды сандық қол қою туралы заңдарды бұзу
1. Куәландырушы орталықтың электронды құжат және электронды сандық қол қою туралы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген міндеттердi орындамауы, -
жиырмадан екi жүзге дейiн айлық есептiк көрсеткішi мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Тiркеу куәлiгi иесiнiң электронды құжат және электронды сандық қол қою туралы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген міндеттердi орындамауы, -
бестен онға дейiн айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Тиiстi өкiлеттігі жоқ басқа адамның жабық кiлттi заңсыз алуын және (немесе) электронды сандық қол қоюды пайдалануын қоса алғанда, электронды сандық қол қоюды заңсыз пайдалану, -
азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштің бестен онға дейiнгi мөлшерінде, лауазымды адамдарға - оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерінде, заңды тұлғаларға - жиырмадан екi жүзге дейiнгi мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Электронды құжаттар айналымы жүйесiне қатысушылардың электронды құжат және электронды сандық қол қою туралы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген міндеттердi орындамауы, -
айлық есептiк көрсеткiштің жиырмадан екi жүзге дейiнгi мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
497-3-бап. Ақпараттандыру туралы заңдарды бұзу
Азаматтар мен заңды тұлғаларға мүлiктiк және моральдық шығын келтiру мақсатында олар туралы құпия мәлiметтердi құрайтын ақпараттық ресурстарды пайдалану, Қазақстан Республикасының заңдарымен кепiлдiк берiлген құқықтар мен бостандықтарды iске асыруды шектеу, -
азаматтарға айлық есептiк көрсеткіштің бестен онға дейiнгi мөлшерінде, лауазымды адамдарға - оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерінде, заңды тұлғаларға - жиырмадан екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.";
3) 549-баптың 1-бөлiгiндегi "497" деген сан "497-1" деген санмен ауыстырылсын.
3. "Салық және бюджетке төленетін басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 12 маусымдағы K010209_ Кодексiне (Салық кодексi) (Қазақстан Республикасы Парламентiнің Жаршысы, 2001 ж., N 11-12, 168-құжат; 2002 ж., N 6, 73, 75-құжаттар):
1) 10-баптың 1-бөлiгiнде:
33), 34) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"33) салық төлеушiнің электронды құжаты - белгiленген электронды форматта берiлген, салық төлеушiнiң электронды қол қоюымен куәландырылған, оны қабылдағаннан және бiрдейлiгi расталғаннан кейiн салықтық есептілік күшi бар электронды құжат;
34) салық төлеушінің электронды сандық қолтаңбасы электронды сандық қол қою құралдарымен жасалған және электронды құжаттың растығын, оның салық төлеушiге тиiстiлiгiн және мазмұнының тұрақтылығын растайтын электронды сандық нышанның жиынтығы;";
2) 69-баптың 3-бөлігінде:
"электронды қол қоюмен" деген сөздер "электронды сандық қол қоюмен"
деген сөздермен ауыстырылсын;
"және электронды мөрiмен" деген сөздер алынып тасталсын.
2-бап. Осы заң ресми жарияланған күннен бастап бес айдан кейiн
қолданысқа енгізіледi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Астана, "_____"________ 2002 ж.
N ______
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
"Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына
толықтырулар енгізу туралы"
1-бап. "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17
сәуірдегі
Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің
Жаршысы, 1995 ж., N 3-4, 37-құжат; N 12, 88-құжат; N 14, 93-құжат; N
15-16, 109-құжат; N 24, 162-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің
Жаршысы, 1996 ж., N 8-9, 236-құжат; 1997 ж., N 1-2, 8-құжат; N 7,
80-құжат; N 11, 144, 149-құжат; N 12, 184-құжат; N 13-14, 195,
205-құжаттар; N 22, 333-құжат; 1998 ж., N 14, 201-құжат; N 16, 219-құжат;
N 17-18, 222, 224, 225-құжаттар; N 23, 416-құжат; N 24, 452-құжат; 1999
ж., N 20, 721, 727-құжаттар; N 21, 787-құжат; N 22, 791-құжат; N 23,
931-құжат; N 24, 1066-құжат; 2000 ж., N 10, 248-құжат; N 22, 408-құжат;
2001 ж., N 1, 7-құжат; N 8, 52, 54-құжаттар; N 13-14, 173, 176-құжаттар;
2002 ж., N 2, 17-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
10-бап мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
"6-1) электронды сандық қол қоюдың ашық кілтінің электронды сандық
қол қоюдың жабық кілтіне сәйкестігін куәландыратын, сондай-ақ тіркеу
куәлігінің дұрыстығын растау жөніндегі қызмет;";
2-бап. Осы заң ресми жарияланған күнінен бастап бес айдан кейін
күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Мамандар:
Багарова Ж.А.,
Омарбекова А.Т.