Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгі мен Түрiк Республикасының Бас штабы арасында Әскери тарих, әскери мұрағат, әскери мұражайтану және әскери жарияланымдар саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 22 қараша N 1236

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiліп Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi мен Түрiк Республикасының Бас штабы арасындағы Әскери тарих, әскери мұрағат, әскери мұражайтану және әскери жарияланымдар саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама жобасы мақұлдансын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба   

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгі мен Түрiк Республикасының Бас штабы арасындағы Әскери тарих, әскери мұрағат, әскери мұражай және әскери жарияланым саласындағы ынтымақтастық туралы
ХАТТАМА

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi мен Түрiк Республикасының Бас штабы
      достықты және өзара сыйластықты нығайту, екi жақты қарым-қатынасты жақсарту және Тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықылас білдiре отырып,
      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрiк Республикасының Үкiметi арасындағы 1993 жылғы 23 ақпандағы Әскери бiлiм саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң ережелерiн (бұдан әрi - Келiсiм) назарға ала отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап. Мақсаты

      Осы Хаттаманың мақсаты Тараптар арасындағы әскери тарих, әскери мұрағаттар, әскери мұражайлар және әскери жарияланымдар саласындағы ынтымақтастықты құру болып табылады.

2-бап. Терминдер

      Осы Хаттамадағы келесi терминдер мыналарды білдiредi:
      1. "Әскери мұражайлар" - өткен және осы уақытта мемлекеттерi қарулы күштерiнiң тарихи және техникалық дамуын бейнелейтiн мұражайлар.
      2. "Әскери тарих" - Тараптар мемлекеттерi қарулы күштерiнiң әлеуметтiк, тарихи және техникалық дамуын зерделеу жөнiндегi үздiксiз ғылыми қызмет, сондай-ақ олардың жазбаша деректер, археологиялық және басқа да тарихи мұражай материалдары негiзiнде тарихи әскери операцияларды жүргiзуге қатысты мәселелер.
      3. "Әскери мұрағаттар" - әскери тарих және мұражай жөнiнде өңделген құжаттар.
      4. "Әскери жарияланымдар" - әскери тарих саласындағы жарияланған кiтаптар, журналдар, мақалалар және басқа да құжаттар.
      Осы Хаттамада Келiсiмнiң өзге де терминдерi қолданылуы мүмкін.

3-бап. Уәкiлеттi органдар

      Осы Хаттаманың ережелерiн iске асыру жөнiндегi уәкілеттi органы қазақстан Тарапынан Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi болып табылады.
      Осы Хаттаманың ережелерiн iске асыру жөнiндегi уәкiлеттi органы түрiк Тарапынан Түрiк Республикасының Бас штабы болып табылады.
      Тараптардың жоғарыда аталған уәкілеттi органдарының атаулары немесе функциялары өзгерген кезде дипломатиялық арналар бойынша бiр-бiрiне уақытылы хабардар етедi.

4-бап. Жалпы ережелер

      1. Жiберушi Тараптың әскери персоналына қабылдаушы Тараптың әскери мұражайлары мен мұрағаттарына баруға, әрбiр Тарап әскери персоналды жiберер алдында осы мәселелердi хабарлап және үйлестiрiп отырған жағдайда рұқсат берiледi.
      2. Тараптардың жалпы тарихына немесе бiреуiнiң тарихына қатысты құжаттардың шағын фильмдерiн жасау және көшiрмесiн алу, мемлекеттiк құпиялардан тұратындарды қоса, Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Тараптардың жалпы тарихына немесе бiреуiнiң тарихына қатысты (өнер шығармалары, қару, әскери киiм нысаны, суреттер, литографиялар, гравюралар, кеме модельдерi, бұрынғы әскери кемелер сияқты) экспонаттарын толықтыру мақсатында ұсынатын Тараптың келiсiмi бойынша олардың көшiрмесiн алуға рұқсат етiледi. Көшiрмеге көшiрме жасауға рұқсат ететiн белгi қойылады.
      4. Құжаттар шағын фильмдерiнiң және экспонаттардың көшiрмелерi сұраушы Тарап барлық шығыстарды көтеретiн жағдайда дайындалатын болады.

5-бап. Әскери мұрағаттар

      Әскери мұрағаттарды сақтау Тараптар мемлекеттерiнiң қарулы күштерiне жататын үй-жайларда жүзеге асырылады.

6-бап. Ынтымақтастық принциптерi

      1. Тараптар тиiстi делегациялар тағайындайды және олардың кепілдемелерiне сәйкес ынтымақтастықтың кезеңдi кезеңдік бағдарламаларын айқындайды.
      2. Қабылдаушы Тарап өз атына, әскери персоналға шағын фильмдердiң көшiрмесiн алуға және жасауға және құжаттарды зерделеуге рұқсат беру немесе бас тарту құқығын сақтайды.
      3. Жiберушi Тарапының персоналына өзара келiсiм бойынша қабылдаушы Тараптың әскери мұражайлары мен тарихи мекемелерiне баруға рұқсат етіледі.
      4. Тараптарға тарихи зерттеулер өткiзу үшiн талап етiлетiн кез-келген жабдық пен үй-жайлар, бұл жабдық жұмыс аяқталысымен қайтарылуы шартымен, қабылдаушы Тараптың уәкiлеттi органына берiледi. Сақтандыруды қосқанда барлық шығындарды сұратушы Тарап көтеретiндей жағдайда, әскери мұражайлардың мәдени экспонаттарын, оларды зерттеу, зерделеу және көрмелер өткiзу үшiн уақытша алу мемлекеттер Тарапының ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      5. Тараптар арасында құжаттар мен ақпараттар алмасу дипломатиялық арналар бойынша жүзеге асырылады.
      6. Тараптар бiрлескен жобаларды ұйымдастыру мәселелерi жөнiндегi кеңестер мақсатында ведомствоаралық бiрлескен топтарды құрады және Тараптар зерттеулер барысында алынған нәтижелердi бiрлесiп пайдаланатын болады. Ведомствоаралық бiрлескен топтар мүшелерiнiң санын өзара келiсiм бойынша тараптар белгiлейдi.

7-бап. Тарихи зерттеулерді ұйымдастыру мен жүргiзу

      1. Тараптар өзара келiсiмдер бойынша экспонаттарды жасау және жаңғырту саласында мамандарды оқытады және әзiрлейдi.
      2. Тараптар тарихи зерттеулердi мыналар арқылы жүзеге асырады:
      а) мемлекеттер Тарапының жалпы тарихына немесе бiреуiнiң тарихына қатысты тәжiрибемен, ақпаратпен, құжаттармен, жарияланымдармен алмасу;
      б) құжаттар тарату және көрмелер ұйымдастыру;
      в) конференциялар мен коллоквиумдар ұйымдастыру;
      г) мемлекеттер Тарапының халықтары қатысқан соғыстар, шайқастар мен әскери науқандарға қатысты ғылыми зерттеулер;
      д) әскери тарихқа жататын өнер шығармаларын қайта жасау;
      e) ынтымақтастық туралы осы Хаттамада айқындалған iс-шараларға қатысы бар зерттеулер мен зерделеулер;
      ж) әскери авторлардың жарияланымдарын жiберу және алмасу.

8-бап. Ақпараттардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету

      1. Тарап берiлетiн мәлiметтiң қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасымен қабылданған құпиялылыққа баламалы құпиялылық белгiсiн (деңгейiн) анықтайды, осыған сүйене отырып соңғы қабылдаушы Тарап оның қауіпсiздігі жөнiнде шаралар қолданады.
      Берiлген мәлiметтiң құпиялылық белгiсiн өзгерту немесе алу, сондай-ақ оларды көбейту (тираждау), жою және қайтару тәртiбi Тараптардың өзара келiсiмi бойынша айқындалады.
      2. Қабылдаушы Тараптың осы Хаттама шеңберiнде қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған қабылдаушы Тараптың Қарулы Күштер туралы құпия сипаттағы ақпаратты таратуға және жариялауға үшiншi Тараптың осыған жазбаша келiскенсiз, осы Хаттама күшiн жойған жағдайда да құқығы жоқ.
      3. Тараптар осы Хаттамада көрсетiлген iс-шаралармен байланысты зерттеулер мен зерделеулердiң алдын ала және соңғы нәтижелерiмен алмасу жүргiзетiн болады. Ақпарат алмасу мемлекеттiк құпияларды қорғауға қатысты Тараптар келiсiмi бойынша жүргiзiледi.
      4. Тараптар арасындағы хат алысудың, ақпарат және құжаттар берудiң барлығы Тараптардың уәкілеттi органдары арқылы дипломатиялық арналар бойынша жүзеге асырылатын болады.

9-бап. Қосымша ережелер

      Жiберушi Тараптың әскери персоналы Келiсiмнiң, осы Хаттаманың ережелерiн және қабылдаушы Тарап мемлекетiнiң ұлттық заңнамасын сақтауы тиiс.

10-бап. Даулы мәселелердi реттеу

      О сы Хаттаманың ережелерiн түсіндiру немесе қолдану кезінде даулар мен келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар оны келiссөздер мен консультациялар арқылы шешедi.

11-бап. Өзгерiстер енгiзу

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Хаттамаға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілуі мүмкiн, олар осы Хаттаманың ажырамас бөлiктерi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделедi.

12-бап. Қолданылу мерзiмi және оның аяқталуы

      Осы Хаттама бес жыл мерзімге жасалады және, егер Тараптардың бiреуі кезектi жылдық мерзiмi аяқталуға дейін 90 күн қалғанда оның қолданысқа енуiн тоқтату туралы өзiнiң ниетiн екiншi Тарапқа жазбаша хабарламаса, ол өздiгінен кезектi бiр жыл мерзiмге ұзартылады.

13-бап. Күшiне енуі

      Осы Хаттама Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаларын алған күннен бастап күшiне енедi.

      _______ жылғы "___" __________ _______ қаласында, әрқайсысы қазақ, түрiк, орыс және ағылшын тілдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, әрi барлық мәтiндердің күшi бiрдей. Осы Хаттаманың ережелерiн талқылауда келiспеушiлiк туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегi мәтiнге жүгiнедi.

      Қазақстан Республикасының         Түрiк Республикасының
      Қорғаныс министрлiгі үшін             Бас штабы үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады