"Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1998 жылғы 16 қарашадағы N 4153 Жарлығына толықтырулар мен өзгерiстер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 5 желтоқсан N 1284

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      "Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Халық денсаулығы" Мемлекеттiк бағдарламасы туралы" 1998 жылғы 16 қарашадағы N 4153 Жарлығына толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1998 жылғы
16 қарашадағы N 4153 Жарлығына толықтырулар
мен өзгерiстер енгізу туралы

      Азаматтардың денсаулығын қорғау жөнiндегi конституциялық құқықтарын қамтамасыз етудi одан әрi жетiлдiру мақсатында және "Халық денсаулығы" Мемлекеттiк бағдарламасының қысқа мерзiмдi iс-шараларын iске асыруды аяқтауға байланысты қаулы етемін:

      1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Халық денсаулығы" Мемлекеттiк бағдарламасы туралы" 1998 жылғы 16 қарашадағы N 4153 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПYAЖ-ы, 1998 ж., N 42-43, 381-құжат) мынадай толықтырулар мен өзгерiстер енгізiлсiн:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекiтiлген "Халық денсаулығы" Мемлекеттік бағдарламасында:
      "Денсаулық сақтау жүйесiнiң жай-күйi мен қажеттіктері. Қазақстан халқының денсаулық жағдайының проблемалары" деген 1-бөлiкте:
      "Қоршаған орта және халық денсаулығы" деген 1.2-бөлiмде:
      алтыншы абзац мынадай сөйлеммен толықтырылсын:
      "Микронутриенттер жетiспеушiлiгiмен, оның iшiнде йод және темiр тапшылығымен байланысты аурулардың саны өсуде";
      тоғызыншы абзац мынадай сөйлеммен толықтырылсын:
      "Республикада құрамында сынап бар қалдықтарды тиiмдi пайдаға асыруға мүмкiндiк туғызатын демеркуризациялық өндiрiс iс жүзiнде жоқ.";
      "Шешу жолдары" деген тарау мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
      "3. Қоршаған ортаның сынаппен ластануының алдын алуды және азайтуды қамтамасыз ету.";
      "Иммундық eгу" деген 1.5-бөлiмде:
      "Шешу жолдары" деген тараудағы 3-тармақ "қамту" деген сөздiң алдынан ", оның iшiнде дифтерияға, тырысқаққа, құтыруға, iш сүзегiне, В гепатитiне, кене энцефалитiне қарсы ересек тұрғындарды, иммуноглобулин мен бактериофаг ауруларының алдын алуды" деген сөздермен толықтырылсын;
      "Ана денсаулығын қорғау" деген 1.7-бөлiмде:
      "Қол жеткiзу жолдары" деген тарау мынадай мазмұндағы 9, 10, 11-тармақтармен толықтырылсын:
      "9. Жүктi әйелдердi жатырiшiлiк инфекцияларға, ұрық дамуының туа бiткен кемiстiгiне, жыныстық жолмен берiлетiн инфекцияларға тексерудi ұйымдастыру.
      10. Жаңа туған нәрестелерде неғұрлым жиi кездесетiн туа бiткен және тұқым қуалаушы аурулардың скрининг-диагностикасын жүргізу.
      11. Әйелдердi босандыру ұйымдарында жүктi, босанатын, босанған әйелдер мен жаңа туған нәрестелердi барлық қажеттi дәрiлiк препараттармен қамтамасыз ету.";
      "Балалар тағамы" деген 1.9-бөлiмде:
      "Қол жеткiзу жолдары" деген тарау мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
      "5. Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы уәкілеттi орган халықаралық практиканы негiзге ала отырып, емшек сүтiн алмастырғыштарды сату жөнiндегi ереженi әзiрлесiн.";
      "Салауатты өмiр салтын қалыптастыру" деген 1.12-бөлiмде:
      "Мәселенiң жай-күйi" деген тарау мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Психикалық-сезiмталдық жүктемелермен, тамақтанудың теңгерiлмеуiмен, қозғалысы аз өмiр cүpу салтымен, тiршiлiк ету ортасының зиянды әсер ету факторларымен, кәсiби факторлармен және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен, eciрткi құралдары мен психотроптық заттарды терiс пайдаланумен түсiндiрiлетiн аурулардың ауырлығы мен өлiм себептерi өршу үстiнде. Халық денсаулығының өзектi проблемасы жүрек-қан тамырлары жүйесi патологиясының, әсiресе, қайтыс болу себептерiнiң 20-50 процент үлесiне келетiн артериялық гипертонияның таралуы болып отыр. Соңғы онжылдықтар iшiнде онкологиялық аурулардың да өсу үрдiсi байқалып отыр. Қалыптасқан ахуал адамның өмiр сүру салтымен тiкелей байланысты ауруларды азайтуға және олардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар қабылдауды талап етедi.";
      "Қол жеткiзу жолдары" деген тарау мынадай мазмұндағы 9-тармақпен толықтырылсын:
      "9. Өмiр сүру салтымен тiкелей байланысты аурудың алдын алу мен оның деңгейiн төмендету, халық денсаулығын сақтау және нығайту жөнiнде кең ауқымды шаралар кешенiн енгiзу.";
      мынадай мазмұндағы 1.13-бөлiммен толықтырылсын:
      "1.13. Халыққа мамандандырылған медициналық көмек көрсетудi
жетілдіру.
      Халықтың науқастану құрылымында жарақаттанушылық үлес салмағының көбеюi мамандандырылған және шұғыл медициналық жедел көмектi жетiлдiру мен оның тиiстi деңгейiн қамтамасыз етудi талап етедi.
      Қалыптасқан жағдайды және мамандандырылған, әcipece, нейрохирургиялық және кардиохирургиялық патологиясы бар науқастарға көрсетiлетн көмектiң сапасын талдау еңбекке жарамды жастағы науқастардың өлiмi мен мүгедектiгiне әкелетiн келеңсiз үрдiстердiң шиеленiсуiн көрсетiп отыр.
      Ауылдық жерлердiң тұрғындары үшін іс жүзінде қолы жетпейтiн және қалаларда халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтiн халыққа шұғыл медициналық жедел көмек көрсету одан әрi дамытуды талап етедi.
      Негізгi басымдықтар:
      1. Орталық, түпкiрдегi нерв жүйесi және кардиологиялық патологиясы бар аурулардың алдын алу және науқастарға сапалы медициналық көмек көрсету.
      2. Жедел және шұғыл медициналық көмектiң жеделдiгi мен сапасын арттыру.
      Қол жеткiзу жолдары:
      1. Бас-ми жарақаттануы, нейроонкологиялық патологиялардың, цереброваскулярлық аурулар мен нерв жүйесiнiң дамуындағы ақаулары салдарларының алдын алуды қамтамасыз ету.
      2. Нейрохирургиялық және кардиохирургиялық патологиясы бар науқастарды диагностикалау мен емдеу сапасын жақсарту.
      3. Оңалту мерзiмдерiн қысқарту және мүгедектiктi азайту.
      4. Жедел медициналық көмектi тиiмдi ұйымдастыру мен жедел басқаруды қамтамасыз ету.
      5. Жедел медициналық көмек көрсету қызметкерлерiн даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жүйесiн жетiлдiру.
      6. Жедел медициналық көмек көрсету ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруды жаңғырту.";
      "Халыққа медициналық қызмет көрсету жүйесiн жетiлдiру" деген 2-бөлiкте:
      "Халыққа медициналық қызмет көрсету жүйесi" деген 2.1-бөлiм мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
      "Сонымен бiрге, республикада республикалық және жергiлiктi деңгейдегi медициналық ұйымдарды дамыту мен жаңғырту мәселесi өткiр тұр. Сондай-ақ, жоғарыда көрсетiлген ұйымдарға тиесiлi ғимараттардың көпшілiгi ұзақ уақыт пайдаланылғанына және олардың қанағаттанғысыз жай-күйiне назар аударған жөн, өз кезегiнде, олар емдеу-алдын алу ұйымдары көрсететiн қызметтердiң сапасына, науқастардың тұру жағдайы мен сервистiк қызмет көрсетуге әсер етедi.
      Осылайша, медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасының жай-күйi диагностиканың, зертханалық бақылаудың қазiргі заманғы әдiстерiн отандық денсаулық сақтауға толық көлемде енгiзуге, халыққа медициналық қызмет көрсету жүйесiн жаңғыртуға және көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндiк бермейдi.
      Мақсаты: Емдеу-алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту.
      Негiзгi басымдықтар:
      Емдеу-алдын алу мекемелерiнің материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы халыққа медициналық көмек көрсетудiң сапасы мен қол жетiмдiлiгiн жақсарту.
      Шешу жолдары:
      1. Ауылдық жерлерде емдеу-алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жөнiндегi жұмыстарды жалғастыру.
      2. Ауылдық денсаулық сақтау объектiлерiне телефон орнату, оларды суық және ыстық сумен қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды қабылдау.";
      "Мемлекеттiк емдеу-профилактикалық мекемелерiн осы заманғы жабдықпен қамтамасыз ету және жаңарту" деген 2.6-бөлiмде:
      "Шешу жолдары" деген тарау мынадай мазмұндағы 4, 5-тармақтармен толықтырылсын:
      "4. Сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында фельдшерлiк-акушерлiк пункттердi, ауылдық учаскелiк ауруханаларды, отбасылық дәрiгерлiк амбулаторияларды, консультативтік-диагностикалық орталықтар мен емханаларды медициналық жабдықпен жарақтау.
      5. Ауруды уақытылы диагностикалау және мемлекеттiң халыққа медициналық көмек көрсету шығыстарын азайту есебiнен науқастардың стационарда және амбулаториялық емдеуде болу мерзiмдерiн қысқарту мақсатында мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарында диагностикалау мен емдеу жабдықтарын жаңарту керек.";
      "Дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету, медицина және фармацевтика өнеркәсiбiн дамыту" деген 2.7-бөлiмде:
      "Мәселенiң жай-күйi" деген тарау мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
      "Республикада қант диабетiмен науқастану жөнiндегі жағдайды талдау науқастардың жыл сайын орташа есеппен алғанда 10-12 процентке өсуiн көрсетедi, бұл инсулин сатып алуға жұмсалатын шығындардың өсу қажеттiгi себептерiнiң бiрi болып табылады. Бұдан басқа, диабеттi бақылау мен өзiндiк бақылау құралдарының айқын тапшылығы орын алып отыр, атап айтқанда, тiркелiм деректерi бойынша науқастардың 2,6 процентiнде ғана глюкометрлер бар. Бұл олардың едәуiр дәрежеде инсулин мөлшерiн уәжсiз арттыруына әкелiп соқтырады.
      Осыған байланысты, қант диабетiмен ауыратын науқастар үшiн сапасы жоғары инсулин препараттары мен оларды жеткiзу құралдарын сатып алу практикасын жалғастыру қажет.
      Таблеткiленген диабетке қарсы препараттарды, диабеттi бақылау мен өзiндiк бақылау құралдарын сатып алуды жергiлiкті бюджеттердiң қаражаты есебiнен жүзеге асыру қажет.
      Бүйрегiн ауыстырып қондыру жағдайларын қоса алғанда, бүйрек патологиясы бар науқастарға мамандандырылған көмек көрсетудi жетiлдiру мен иммундық-супрессивтiк терапия жүргiзу қажеттiлiгі өзектi проблема болып табылады, бұл бүйрек функцияларының жеткiлiксiздiгiнен ауыратын науқастар мен ауыстырып қондырылған бүйрегi бар пациенттердi республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен орталықтандырып сатып алынатын иммундық-супрессивтік препараттармен, диализаторлармен және шығыс материалдарымен қамтамасыз етудi талап етедi.
      ДСҰ-ның туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеу бойынша бағдарламасын енгiзу жөнiнде қабылданған шаралар халықтың бұл аурудан қайтыс болуын азайтуға мүмкiндiк бердi, алайда, туберкулездiң мультирезистенттiк нысандарын емдеу шешiлмейтiн проблема болып қалып отыр. Осыған байланысты, туберкулездің мультирезистенттiк нысандарын емдеу үшiн туберкулезге қарсы препараттарды орталықтандырылған сатып алуды қамтамасыз ету қажет.
      Онкологиялық науқастар мен лейкемиядан зардап шегушi балаларды тиiмдiлiгi жоғары цитостаттық препараттармен орталықтандырылған қамтамасыз ету мәселелерi өзектi болып қалуда.";
      "Шешу жолдары" деген тарау мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
      "5. Диабетпен, туберкулезбен, бүйрек патологиясы бар, онкологиялық аурулармен ауыратын науқастар және лейкемиядан зардап шегушi балалар үшiн дәрiлiк препараттар мен шығыс материалдарын орталықтандырылған сатып алуды қамтамасыз ету.";
      "Денсаулық сақтау жүйесiн қаржыландыру" деген 5-бөлiмде:
      "Мәселенiң жай-күйi" деген тарауда:
      бiрiншi абзацта:
      1-тармақ "жетiспеуi" деген сөзден кейiн ", республика заңдарында айқындалған халықтың тегiн медициналық көмектiң кепілдiк берiлген көлемiне қажеттiлiгiн жаппайды" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:
      "8. Ұсынылатын медициналық қызметтерге бiрыңғай тарифтiк саясат жоқ.";
      "Негiзгi басымдықтар" деген тарауда:
      "3" деген сан "2" деген санмен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 3, 4-тармақтармен толықтырылсын:
      "3. Халыққа көрсетiлетiн медициналық көмектiң қол жетiмдiлiгi мен сапасын арттыруды қамтамасыз ететiн денсаулық сақтауды қаржыландыру жүйесiн құру.
      4. Yш жыл iшiнде тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiн қаржылық қамтамасыз етудiң қажеттi деңгейiне кезең-кезеңмен қол жеткiзу.";
      "Шешу жолдары" деген тарауда:
      "5" деген сан "4" деген санмен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
      "5. Медицина ұйымдарында ақпараттық қамтамасыз ету мен есепке алуды жетiлдiру.";
      мынадай мазмұндағы 6-бөлiммен толықтырылсын:
      "6-бөлiм. Қажеттi ресурстар және қаржыландыру көздерi.
      Бағдарламаны қаржыландыру республикалық бюджеттiң қаражаты мен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздердiң есебiнен жүзеге асырылады.
      Бағдарламаны iске асыру республикалық бюджеттiң қаражатынан 2003 жылы - 15273312 мың теңге, 2004 жылы - 20887139 мың теңге, 2005 жылы - 20887139 мың теңге қаржыландыруды талап етедi.
      Бюджет қаражатының Бағдарламаны 2004-2005 жылдары iске асыру үшiн қажеттi көлемi тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттi қалыптастыру кезiнде нақтыланатын болады.

                                                     мың теңге

------------------------------------------------------------------
N !   Iс-шаралардың атауы     ! 2003 жыл  !  2004 жыл ! 2005 жыл
------------------------------------------------------------------
1. Халықты иммундық егудi,       638196       638196     638196
    соның iшiнде дифтерияға,
    тырысқаққа, құтыруға іш
    сүзегі мен кене энцефалитiне
    және В гепатитiне қарсы
    вакциналармен қамтамасыз
    ету

2. Мемлекеттiк емдеу-алдын       1404122      1382101    1382101
    алу ұйымдарын қазіргі
    заманғы медициналық
    жабдықпен және санитарлық
    автокөлiкпен қамтамасыз eту

3. Диабетпен, туберкулезбен,     3795056      3795056    3795056
    бүйрек патологиясы бар,
    онкологиялық аурулармен
    ауыратын науқастарға және
    лейкемиядан зардап шегуші
    балалар үшiн дәрілiк
    препараттар мен шығыс
    материалдарын сатып алуды
    қамтамасыз ету

4. Халыққа медициналық             71786        71786      71786
    қызмет көрсетудi басқаруды
    жетілдiру

5. Тегiн медициналық көмектің    10000000    15000000    15000000
    кепілдiк берілген көлемiн
    қаржыландырудың қажетті
    деңгейін қамтамасыз ету,
    соның ішінде 1, 3-тармақтарда
    ескерiлген                      635848
-----------------------------------------------------------------".

      2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады