Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тәртiптiк кеңестерiнiң кейбiр мәселелерi

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2002 жылғы 13 желтоқсан N 1311. Қаулының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 28 шілдедегі N 785 қаулысымен

      "Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр жарлықтарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2002 жылғы 21 маусымдағы N 895  Жарлығын  орындау үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Облыстың, Астана және Алматы қалаларының тәртiптiк кеңесi туралы үлгi ереже бекiтiлсiн.

      2. <*>
       Ескерту. 2-тармағының күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы N 1324  қаулысымен . (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)

      3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:
      1) тәртіптік кеңестер туралы жаңа ережелердi бекiтсiн;
      2) жергiлiктi бюджетте бекiтiлген әкiмнiң аппаратын қоса алғанда, мемлекеттік органдардың әкiмшiлiк шығындары шегiнде облыстар, Астана және Алматы қалалары тәртiптiк кеңестерінің хатшылықтарын қалыптастыру үшiн осы қаулының 2-тармағында көзделген қосымша штат бiрлiктерi енгiзiлсiн.

      4. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тәртіптік кеңестерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 10 наурыздағы N 218  қаулысының  2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 8, 61-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 10 наурыздағы N 218 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 8 ақпандағы N 206  қаулысының  үшінші-алпысыншы абзацтары (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 6, 65-құжат).

      5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы     
Үкiметінің          
   2002 жылғы 13 желтоқсандағы 
N 1311 қаулысымен      
бекiтiлген         

  Облыстың, Астана және Алматы қалаларының
тәртіптік кеңесi туралы үлгі ереже 

       Ескерту. Мәтiнде "Комиссия", "Комиссияның", "Комиссиямен", "Комиссияны" деген сөздер тиiсiнше "Агенттiк", "Агенттiктiң, "Агенттікпен", "Агенттіктi" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 19.05.2004. N 556  қаулысымен .

      Осы Ереже облыс, Астана және Алматы қалалары тәртіптiк кеңесiнің мәртебесiн, өкiлеттiктерiн және оларды ұйымдастыруды әрi қызметiнiң тәртiбiн айқындайды.

      1. Облыстың, Астана және Алматы қалаларының тәртiптiк кеңесi (бұдан әрi - Кеңес) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет iстерi жөнiндегi агенттiгi (бұдан әрі - Агенттiк) қызметiн үйлестiретiн, бақылайтын және тексеретiн консультативтік-кеңесшi орган болып табылады. <*>
       Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.05.2004. N 556  қаулысымен .

      2. Кеңес өз қызметiн Қазақстан Республикасының  Конституциясына , Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкiметінің кесiмдерiне, өзге де нормативтік құқықтық кесiмдерге, осы Үлгi ережеге сәйкес жүзеге асырады және заңдылық, ақиқаттылық әрi әділдік қағидаттарын басшылыққа алады.

      3. Кеңестiң негiзгi мiндеттерi мыналар:
      1) облыстар, Астана және Алматы қалалары, өзге де әкiмшiлік-аумақтық бiрлiктер әкiмдерінің, жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар, құқық қорғау органдары және басқа да аумақтық мемлекеттiк органдар (бұдан әрi - мемлекеттiк органдар) және мемлекеттік ұйымдар басшыларының қарауына осы Ереженің 9-тармағында көрсетiлген адамдарды тәртiптiк жауапкершiлiкке әкеп соқтыратын Қызметтік этика ережесiн бұзғаны немесе сыбайлас жемқорлық жасап құқық бұзғаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту туралы ұсынымдар енгізу; <*>
      2) әкiмдер мен мемлекеттік органдардың басшыларына тиiстi әкiмшілiк-аумақтық бiрлiктің шегінде мемлекеттiк тәртіптi нығайту, осы Ереженің 9-тармағында аталған адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен Қызметтiк этика ережесi талаптарын сақтауы жөнiнде ұсынымдар мен ұсыныстар әзiрлеу;
      3) Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттiк қызметшілердің қызметтiк этиканы сақтауы мәселелерi жөніндегi комиссияның және Агенттiктің тапсырмаларын, азаматтардың арыздарын, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын, сондай-ақ өзге де көздерден алынған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен Қызметтік этика ережесiнiң бұзылу фактілерi туралы ақпаратты қарау;
      4) Агенттiктің қарауына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi ұйымдастырудың және осы Ереженiң 9-тармағында аталған адамдардың Қызметтік этика ережесiн сақтауының тиiмділігiн арттыруға бағытталған ұсыныстар енгiзу;
      5) <*>
       Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.05.2004. N 556  қаулысымен .

      4. Кеңестi әкiмдік құрады әрi ол төраға мен мәслихаттар депутаттары, жергіліктi жұртшылық өкiлдерi және аумақтық мемлекеттiк органдар басшылары болып табылатын Кеңестiң мүшесiнен тұрады. Кеңес мүшелерінің саны тақ болуға және 7 адамнан кем болмауға тиiс. <*>
      Кеңестiң төрағасын әкiм Aгeнттік төрағасымен келiсiм бойынша қызметке тағайындайды және қызметтен босатады әрi ол облыс, Астана және Алматы қалалары әкiмiнiң орынбасары лауазымына теңестірiледі.<*>
      Кеңес төрағасы мен Кеңес хатшылығының қызметкерлерi мемлекеттік қызметшiлер болып табылады.
      Әкiм аппараты жалпы санының есебiнен құрылатын оның хатшылығы Кеңестiң жұмыс органы болып табылады. Хатшылықтың санын әкiм Агенттiк төрағасының ұсынысы бойынша белгiлейдi.
      Облыс, Астана және Алматы қалаларының әкімi аппаратының бөлiм меңгерушiсi лауазымына теңестiрiлетін Кеңестiң хатшысы Кеңес хатшылығының меңгерушiсi болып табылады.
      Хатшылықтың қызметкерлерi мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
      Кеңестiң мүшелерi өз мiндеттерiн қоғамдық негiзде жүзеге асырады және мәжiлiстерге ауыстыру құқығынсыз қатысады.
       Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.05.2004. N 556  қаулысымен .

      5. Кеңестiң төрағасы:
      1) Кеңестiң жеке құрамы бойынша ұсыныстарын әкiмнiң қарауына енгiзедi;
      2) Кеңес қызметiн ұйымдастырады және оған басшылықты жүзеге асырады;
      3) Кеңес мәжілiстерінің күн тәртiбін белгілейдi;
      4) Кеңес мәжiлiстерiн шақырады және оларға төрағалық етедi;
      5) Кеңес мүшелерi iшiнен Кеңес мәжiлiсiнде қаралатын нақты мәселе бойынша баяндамашыны белгiлейдi;
      6) тоқсан сайын Агенттiк алдында Кеңес жұмысының қорытындысы туралы, соның ішінде мемлекеттiк қызметшiлер жасаған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық бойынша қабылданған шаралар туралы есеп бередi;
      7) тоқсан сайын әкiмдi Кеңес жұмысының қорытындылары туралы хабардар етедi;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасымен оған берiлген өзге де өкілеттiктердi жүзеге асырады.

      6. Кеңестің мәжiлiстерi:
      1) егер оларға Кеңес мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, құқылы болып саналады;
      2) қажеттiлiгiне қарай, бiрақ кемiнде екi айда бiр рет өткізіледi;
      3) ашық өткiзіледi, қажет болған жағдайда, егер қаралатын мәселелер мемлекеттiк құпияларды қозғаса, Кеңес төрағасының шешiмi және Агенттiкпен келiсiм бойынша жабық өткiзiлуi мүмкін.

      7. Кеңес оның мүшелерiнiң мәжiлiске қатысқан санының қарапайым көпшiлiк дауысымен шешiмдер қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.
      Кеңес төрағасы болмаған жағдайда оның тапсырмасы бойынша мәжiлiсте Кеңес мүшелерiнің бiреуi төрағалық етедi.

      8. Кеңес өз құзыретi шегiнде мыналарға құқылы:
      1) өз мәжiлiстерiнде мемлекеттiк органдардың, олардың бөлiмшелерi мен мәслихаттар аппараттарының басшылары мен лауазымды адамдарын тыңдауға;
      2) қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергiлiктi атқарушы, құқық қорғау және аумақтық мемлекеттік органдардан, мәслихаттар аппараттарынан, сондай-ақ өзге де ұйымдардан олардың алдына қойылған міндеттердi орындау үшiн қажеттi құжаттарды, материалдарды және ақпаратты сұратуға;
      3) осы Ереженің 9-тармағында көрсетiлген адамдардан ауызша және жазбаша түсiндiрме талап етуге;
      4) осы Ереженің 9-тармағында көрсетілген адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнама нормаларын және Қызметтiк этика ережесiн бұзуы фактілерi бойынша тексерулер және қызметтiк тергеулер жүргiзу туралы мемлекеттiк органдар басшыларына ұсыныстар енгiзуге;
      5) қорытынды беру үшiн сарапшылар мен мамандарды, мемлекеттік органдар қызметкерлерiн тартуға;
      6) Агенттiктiң аумақтық органдарымен бiрге сыбайлас жемқорлыққа қарсы терiс қылықтарды қарау мәселелерi бойынша өзара iс-қимылды жүзеге асыруға. <*>
       Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.05.2004. N 556  қаулысымен .

         8-1. Кеңестiң жұмыс органы өз құзыретi шегiнде Кеңес төрағасының өкiмiмен тексерулер жүргізедi, осы Ереженiң 9-тармағында көрсетілген адамдарға қатысты тәртіптiк iстердi қарау үшiн материалдар дайындайды және Кеңес алдында тұрған мiндеттердi қамтамасыз ету үшiн өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 19.05.2004. N 556  қаулысымен .

      9. Кеңес сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және Қызметтік этика ережесiн бұзуға жол берген аудандардың (облыстық маңызы бар қалалар), республикалық маңызы бар қаладағы аудандардың (астананың), аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердiң әкiмдерiне; орталық мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң және жергiлiктi сот кеңселерiнiң (басшылар мен олардың орынбасарларынан басқа), жергілiктi бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың әкімшілiк мемлекеттiк қызметшілеріне, сондай-ақ тәртіптiк жауапкершілікке әкеп соғатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасаған мемлекеттік органдардағы, жергiлiкті басқару органдары мен мемлекеттiк ұйымдардағы немесе жарғылық капиталындағы мемлекеттiк меншiктің жалпы үлесi кемiнде отыз бес пайыз құрайтын ұйымдардағы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттi өзге де адамдарға және оларға теңестiрiлген адамдарға қатысты тәртiптік iстердi қарайды. Кеңес прокуратура, ұлттық қауiпсiздiк органдары, Президенттiң Күзет қызметi мен Республикалық ұлан қызметкерлерiне қатысты тәртіптік iстердi қарамайды. <*>
       Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.05.2004. N 556  қаулысымен .

      10. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттiк қызметшiлердің қызметтiк этиканы сақтауы мәселелерi жөнiндегi комиссияның және Агенттiктің тапсырмаларын, азаматтар мен заңды тұлғалардың арыздарын, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын қараудың қорытындылары бойынша Кеңес уәкілеттi органға немесе лауазымды тұлғаға тексеру жүргізуді ұсынуы мүмкін. <*>
       Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.05.2004. N 556  қаулысымен .

      11. Кеңес төрағасы қозғаған тәртіптік iстi ол iс қозғауға қабылданған күнінен бастап екi аптаға дейiнгi мерзiмде Кеңес қарауы тиiс. <*>
      Кеңестiң отырысында тәртiптiк iстi қарағанға дейiн оның хатшылығымен алдын-ала бiр айға дейiнгi мерзiмде iске қатысты мән-жайлар мен мәлiметтер зерделенетiн тексеру жүргiзiледi, тәртiптiк жауапкершілiкке тартылатын адамдардан жазбаша түсiнiктемелер талап етіледi, ал Кеңестiң отырысында тәртіптiк iстi қарау, әдетте, олардың қатысуымен өтедi. <*>
       Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.05.2004. N 556  қаулысымен .

      12. Тәртіптiк iстi қараудың қорытындылары бойынша Кеңес мынадай шешімдердiң бiреуiн шығаруы мүмкiн:
      1) мемлекеттiк органдар мен мемлекеттік ұйымдардың басшыларына осы Ереженiң 9-тармағында көрсетілген адамдарға тиiстi тәртіптiк жаза қолдануды ұсынады; <*>
      2) шын мәнiнде шешiм қабылдау үшiн тәртіптiк iс материалдарын құзыреттi мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның қарауына жібередi;
      3) тәртіптiк iстi тоқтатады.
       Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.05.2004. N 556  қаулысымен .

      13. Осы Ереженiң 9-тармағында көрсетiлген адамның iс-әрекетiнде қылмыс белгiлерi болған жағдайда Кеңес тиiстi құжаттар мен материалдарды белгіленген тәртiппен осы адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселенi шешу үшін құқық қорғау органдарына жiбередi. Кеңес материалдар мен құжаттардың құқық қорғау органдарына жiберiлгенi туралы Агенттiкті хабардар етедi.

      14. Кеңес қабылдаған шешiммен келiспеген мемлекеттiк қызметшілер мен осы Ереженің 9-тармағында көрсетiлген өзге де адамдар оған Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шағым беруге құқылы. <*>
       Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.05.2004. N 556  қаулысымен .

      15. Кеңес пен оның хатшылығы қызметiн материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етудi облыс, Астана және Алматы қалалары әкімдерiнің аппараттары жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады