Мұнай-газ операцияларының тиімділігін арттыру, мұнай мен газды барлау, өндiру, тасымалдау және қайта өңдеу техникасы мен технологиясын озыңқы дамыту, мұнай және газ кен орындарын кешендi игерудi ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету, жағалаулық инфрақұрылымы мен мұнай-химия өнеркәсiбiн теңдестiре дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Қазақ мұнай және газ институты" жабық акционерлiк қоғамы (бұдан әрi - Қоғам) құрылсын.
2. Қоғам қызметінің негiзгi бағыттары:
1) мұнай мен газдың ресурстарын пайдалану, ұдайы өндiрiс қарқындарын және оларды одан әрi кеңейту стратегиясын ғылыми негiздеу, мұнай және газ өнеркәсiбiн кешендi дамыту;
2) технологиялар мен техникалық құралдар саласындағы ғылыми зерттеулер:
геологиялық, геофизикалық, геохимиялық түсірулер бойынша;
бұрғылау;
мұнай мен газ кен орындарын әзiрлеу;
мұнай мен газ жинау, тасымалдау, дайындау және қайта өңдеу;
3) мұнайдың қайтарымын арттыруға, мұнай мен газдың технологиялық шығындарын, қоршаған ортаға зиянды шығарымдар көлемдерiн қысқартуға жәрдемдесетiн ғылыми зерттеулер мен әзiрленімдер;
4) теңiздiк ғылыми зерттеулер мен әзiрленiмдердi жүргiзу;
5) мемлекеттiк органдарға жүктелген өкiлеттiктер мен функцияларды қоспағанда, геологиялық-геофизикалық ақпараттың, бұрғылау тасбағандарының, жыныстардың, мұнайлар мен газдардың үлгiлерiн сақтау қоймаларының, мұнай және газ өнеркәсiбi үшiн ең жаңа технологиялар мен жабдықтардың ақпараттық базаларының деректер банктерiн құру және сүйемелдеу;
6) көмiрсутек ресурстары қалыптасуының және орналасуының геологиялық процестерiн зерделеу коллекторлар мен флюидтардың қасиеттерiн кешендi талдау;
7) мұнай және газ кен орындарын бұрғылау, өндiру мен жайластыру, мұнай-газ өңдеушi зауыттарын, мұнайдың, газдың және мұнай газын қайта өңдеу өнiмдерiнiң магистральдық көлiгi объектiлерiн салу жөнiндегi жобалау-iздестiру жұмыстары;
8) мұнай-газ саласындағы технологиялық процестер мен басқару жүйелерiн кешендi автоматтандыру және ақпараттандыру;
9) мұнай мен газды барлау, өндiру, қайта өңдеу және тасымалдау жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн нормативтiк техникалық нұсқаулықтар мен ережелердi, сондай-ақ басшылық құжаттарды (технологиялық регламенттердi) кейiннен мемлекеттiк органдарда қарай және бекіте отырып, әзiрлеу болып белгіленсiн.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi заңнамада белгiленген тәртiппен:
1) Қоғамның жарғысын бекiтудi, сондай-ақ оның әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуiн;
2) "Каспиймұнайгаз" ғылыми-зерттеу және жобалау институты" және "Қазақ мұнай мен газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты" ашық акционерлiк қоғамдары акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн беру жолымен Қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруды;
3) Қоғам акцияларының мемлекеттiк пакетiн "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" жабық акционерлiк қоғамының жарғылық капиталына берілуiн;
4) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсiн.
4. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының кейбiр шешiмдерiне енгiзілетін өзгерiстер бекiтілсiн.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары К.Қ. Мәсiмовке жүктелсiн.
6. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
2002 жылғы 23 желтоқсандағы
N 1346 қаулысымен бекiтілген
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне
енгiзiлетiн өзгерiстер
1. "Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiне мемлекеттiк меншiктiң түрлерi және ұйымдарға қатысудың мемлекеттiк үлестерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 12 сәуiрдегi N 405 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 13, 124-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттiк пакеттерi мен үлестіруі республикалық меншiкке жатқызылған акционерлiк қоғамдар мен шаруашылық серiктестiктердiң тізбесiнде:
"Атырау облысы" деген бөлiмде:
реттiк нөмiрi 145-1-жол алынып тасталсын.
2. "Республикалық меншiктегi ұйымдар акцияларының мемлекеттiк пакеттерi мен мемлекеттiк үлестерiне иелік ету және пайдалану жөнiндегi құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 27 мамырдағы N 659 қаулысына :
иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрлiктерге және өзге де мемлекеттiк органдарға берiлетiн республикалық меншiк ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттiк пакеттерiнiң және қатысудың мемлекеттiк үлестерiнiң тiзбесiнде:
"Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiне" деген бөлiмде:
реттiк нөмiрi 44-жол алынып тасталсын.
3. "Жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттiк меншiк объектiлерiнiң тiзбесi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 24 қазандағы N 1587 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 43, 513-құжат):
көрсетiлген қаулымен бекiтiлген 2006 жылға дейiн акциялардың мемлекеттiк пакеттерi жекешелендiруге, оның iшiнде жекешелендiрудiң алдын ала сатыларына жатпайтын акционерлiк қоғамдардың тiзбесiнде:
реттік нөмiрi 28-жол алынып тасталсын.