Соттардың мемлекеттік өкімет, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) дау айту жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы N 10 нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.12.24 № 20 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Азаматтық іс жүргізу заңнамасының өзгеруіне және Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 27-тарауында мазмұндалған нормаларды қолдану бойынша соттарда туындаған мәселелерге байланысты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - АІЖК) 278 және 279 -баптарына сәйкес мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің алқалық және жеке-дара шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), азаматтар мен заңды тұлғалар АІЖК-нің 27-тарауында қарастырылған ретте, сот арқылы шағым келтіру үшін міндетті түрде келесі шарттардың жиынтығы болу тиістілігіне, соттар назар аудару керек:

      1) дау жариялы-құқықтық қатынастан (билік пен бағыныс қарым-қатынасы) шықса;

      2) даулы шешімдермен, әрекеттермен (әрекетсіздікпен):

      азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделері бұзылса;

      азаматқа құқықтары мен бостандықтарын, ал заңды тұлғаға құқықтары мен заңмен қорғалған мүдделерін жүзеге асыруына кедергілер жасалса;

      азаматқа немесе заңды тұлғаға әлде бір міндет заңсыз жүктелсе не олар заңсыз жауапқа тартылса.

      Жергілікті атқару органының жиналыс, митинг, шеру, тосқауылдар не демонстрацияға тыйым салу туралы шешіміне; мемлекеттік өкілетті органның тұлғаны оралман, мәжбүрлі көшпелі, қашқын деп танудан бас тартуы жөніндегі шешіміне; көлік құралдарының қозғалысын тоқтату не шектеу бойынша жол органдарының әрекеттеріне; заңды тұлғалардың немесе жеке кәсіпкерлердің банк шоттарынан салық берешегін салық органдарының мәжбүрлеп өндіріп алу әрекеттеріне; сот орындаушының атқару құжатын орындау бойынша немесе мұндай әрекеттерді іске асырудан бас тарту жөніндегі шешімі мен әрекетіне де (әрекетсіздігіне), АІЖК-нің 27-тарауында көзделген ретте, дау айтылуы мүмкін.

      2.АІЖК-нің 27-тарауының ережелері бойынша қаралуға жатпайды:

      1) талап қою, ерекше іс жүргізу тәртібімен немесе АІЖК-нің 25, 26, 28, 29- тарауларында көзделген ережелер бойынша қаралуға жататын арыздар, сондай-ақ АІЖК-нің 279-бабының 2-бөлігінде көрсетілген шешімдер мен әрекеттер;

      2) соттың, судьяның, прокурордың, тергеушінің, анықтаушының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту жөніндегі арыздар азаматтық іс жүргізу, қылмыстық іс жүргізу және әкімшілік іс жүргізу заңнамаларына сәйкес сотта басқа белгіленген тәртіпте қаралатын болса;

      Азаматтық-құқықтық, еңбек, тұрғын үй, отбасы және басқа да жеке құқықтық қатынас субъектілерінің арасындағы даулар ерекше талап қою өндірісінде емес, талап қою өндірісінде қаралуға жатады.

      Ішкі істер, салық және кеден органдары қызметкерлерінің осы органдар басшыларының тәртіптік жаза қолдану немесе қызметтен босату жөніндегі бұйрықтарын заңсыз деп тану туралы арыздары; акционерлік қоғам, шаруашылық серіктестік органдарының акционерлері мен осы ұйым қатысушыларының мүдделеріне қатысты қабылдаған шешімдеріне дау айту туралы арыздар; конкурстық, тендерлік комиссия, конкурстық басқармалардың шешіміне және әрекетіне (әрекетсіздігіне), дау айту жөніндегі арыздар талап қою өндірісінің ережелері бойынша қаралуға жатады.

      3. Мемлекеттік өкімет, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңға қайшы деп тану туралы азаматтар мен заңды тұлғалардың талаптары және осыған байланысты (мысалы, лауазымды тұлғаның заңсыз әрекеттерімен келтірілген моралдық не мүліктік зиянның орнын толтыру туралы талаптары, заңсыз алынған мүліктерді қайтару т.б.) талап арызды қарау тәртібінде жүргізіледі.

      4. Мемлекеттік органдар деп мемлекет атынан Конституциямен , заңдармен, басқа нормативтік құқықтық актілермен:

      1) жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық ережелерін белгілейтін актілер шығаруға;

      2) әлеуметтік мәні бар қоғамдық қатынастарды басқару мен реттеуге;

      3) мемлекет белгілеген жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық ережелерінің сақталуын бақылауға (Қазақстан Республикасы "Әкімшілік ресімдеу туралы" Заңының 1-бабының 2-тармағы) уәкілдік берілген органдар ұғынылады.

      Қоғамдық бірлестіктер деп, саяси партиялар, кәсіптік одақтар және азаматтардың заңға қайшы келмейтін, өздерінің ортақ мақсаттарына жету үшін ерікті негізде құрған басқа да бірлестіктері танылады (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (әрі қарай -АК) 106-бабының 1-тармағы).

      АК-тің 34-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген құқықтық-ұйымдық нысандарда жұмыс істейтін заңды тұлғалар ұйымдар деп аталады.

      5. Жеке қолдану актілері болып табылатын шешімдер жөніндегі даулар, АІЖК-нің 27-тарауының ережелері бойынша қаралуға жататынын, соттар түсінулері керек.

      Қазақстан Республикасының "Әкімшілік ресімдеу туралы" Заңының 4-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың құқықтық актісі жеке қолданылатын актілерге жатады, белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжат болып табылады және:

      1) бір рет не өзгеше шектеулі түрде қолдануға есептеледі;

      2) (немесе) заңдарда регламенттелген жағдай шеңберінде белгілі бір тұлғаға не өзге де белгілі бір тұлғалар тобына қолданылады;

      3) (немесе) белгілі бір тұлғаның немесе тұлғалардың өзге шектеулі тобының құқықтары мен міндеттерін белгілейді, өзгертеді, тоқтатады немесе тоқтата тұрады.

      6. Қазақстан Республикасы "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңының 1-бабына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер заңдармен белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттен не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржысынан ақы төленетін мемлекеттік органда қызмет атқаратын және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары танылады.

      Лауазымды адам - ұдайы, уақытша немесе арнайы өкілеттік бойынша өкімет өкілінің міндеттерін жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда ұйымдастырушылық-өкім берушілік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларын орындайтын адам.

      Мемлекеттік органдардың емес, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтқанда, бұл тұлғалар іске қатысуға тартылуы керек және сот отырысының орны мен уақыты жөнінде оларға хабар берілуі керек.

      7. Арыздар азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттігі бар азаматтармен және ұйымдармен не олардың өкілдерімен берілуі мүмкін.

      Азаматтың немесе заңды тұлғаның арызды жоғары тұрған лауазымды адамға немесе жоғары тұрған органға беруі, олардың сол арызын сот өндірісіне қабылдаудан бас тартуға негіз бола алмайды.

      Прокурор азаматтардың өтінуімен олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау туралы сотқа арыз беруге құқылы. Осындай арызбен прокурор ұйымдардың да мүддесін қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы (АІЖК-нің 55-бабы ).

      Прокурордың құқықтық актіні және мемлекеттік органның не лауазымды адамның әрекеттерін заңсыз деп тану туралы наразылығы тиісті мемлекеттік органның не лауазымды адамның орындамауына байланысты сотқа берген арызы, АІЖК-нің 29-тарауының ережелері бойынша қаралуға жатады.

      8. АІЖК-нің 278-бабының 1-бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және тұлғалардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту жөніндегі арыздар, АІЖК-нің 150 және 151- баптарында көзделген талаптарға сәйкес ресімделеді және Қазақстан Республикасының "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Кодексінің 496-бабының 1-тармағының 2), 4)-тармақшаларында белгіленген мөлшерінде мемлекеттік баж төленеді.

      Сонымен бірге соттар Қазақстан Республикасының "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Кодексінің 501-бабының 12), 14)-тармақшаларына сәйкес істердің санаты бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген адамдар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, репатрианттар (оралмандар) - Қазақстан Республикасы азаматтығын алуға байланысты барлық істер бойынша, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар - сот орындаушыларының әрекеттеріне дау айту жөнінде арыз бергендері үшін, мемлекеттік баж төлеуден босатылатындарын ескерулері қажет.

      9. АІЖК-нің 153 - 155, 242, 243, 247 және 250-баптарында қамтылған талап арызды қабылдаудан бас тартудың негіздері мен тәртібі, талап арызды қайтару, талап арызды қозғалыссыз қалдыру, іс бойынша өндірісті тоқтата тұру, іс бойынша өндірісті тоқтату, арызды қараусыз қалдыру жөніндегі ережелер осы санаттағы істерге де қолданылады.

      10. АІЖК-нің 3-тарауының және АІЖК-нің 278-бабының 2-бөлігінің нормаларына сәйкес АІЖК-нің 278-бабының 1-бөлігінде көрсетілген мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдар мен адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту жөніндегі арыздарды, жалпы ереже бойынша азаматтың тұрғылықты жеріндегі аудандық сотқа не мемлекеттік органның, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің орналасқан жеріндегі сотқа беруге болады.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің, министрліктерінің және басқа да республикалық атқару органдарының және Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын, есеп беретін органдардың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, ұйымдардың құқықтарына қатысты жеке актілеріне дау айту жөніндегі істер АІЖК-нің 28-бабымен көзделген ережеге сәйкес қаралады.

      Көрсетілген ереже республикалық атқару органдарының аумақтық құрылымдық бөлімшелеріне және Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынатын, есеп беретін органдарға қолданылмайды.

      Заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған азаматтардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың, заңды тұлға құқығы берілген жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шешімдері мен әрекеттеріне дау айту жөніндегі істер мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың соттылығына жатады.

      11. АІЖК-нің 280-бабының 1-бөлігіне сәйкес азамат пен заңды тұлға, оларға құқықтары, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделері бұзылғаны туралы белгілі болған күннен бастап үш ай ішінде сотқа арызбен жүгінуге құқылы. АК-тің 179-бабының 2 мен 3-тармақтарына сәйкес бұл мерзім, тек іске қатысушы адамның арызы бойынша қолданылуы мүмкін және талаптан бас тарту туралы шешім шығару үшін жеке негіз болады.

      Сотқа арызбен жүгіну үшін басқа заңдармен белгіленген мерзімдер, АІЖК-нің 280-бабының 1-бөлігінде көзделген мерзімге қайшы келетін болса, онда ол АІЖК-нің 3-бабының 2-бөлігіне сәйкес қолданылуға жатпайды.

      12. Сот отырысына мемлекеттік орган, қоғамдық бірлестік, ұйым басшылары, лауазымды тұлға не мемлекеттік қызметшінің келуі міндетті деп танығанда, сот бұл жөнінде ұйғарым шығарады.

      Аталған тұлғалар сот отырысына келуден қасақана бас тартқан жағдайда сот оларды мәжбүрлеп әкелу жөнінде ұйғарым шығаруға құқылы (АІЖК-нің 120-бабы ).

      Осы тұлғалардың сотқа қасақана келуден бас тартуы деп алдын-ала сот отырысының болатын уақыты мен орны туралы нақты хабары болып және сотқа дәлелді себептерсіз қайта келмеуін түсіну керек.

      Егер істі қарау кезінде лауазымды адам не мемлекеттік қызметші дау айтылған шешім шығарылған немесе дау айтылған әрекет (әрекетсіздік) жасалған жұмысындағы сол лауазымында болмаса, сот азаматтың не заңды тұлғаның бұзылған құқығы мен заңды мүддесін қалпына келтіру құзіреті бар мемлекеттік органды іске қатыстыру арқылы мәселені шешу керек.

      13. Сот арызды негізді деп таныса, оны қанағаттандыру жөнінде шешім шығарады.

      Шешімнің қарар бөлімінің тұжырымдамасы шешімге немесе әрекетке (әрекетсіздікке) келтірілген дауға байланысты қабылданады.

      Егер АІЖК-нің 278-бабының 1-бөлігінде көрсетілген тұлғалардың шешімдеріне дау айтылса, онда қарар бөлімі дауланған шешімді кім шығарды және онымен қандай құқықтар (азаматтық, әкімшілік, зейнеткерлік және т.б.) бұзылғанына қатысты қалыптасады.

      Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы "Әкімшілік ресімдеу туралы" Заңының 8-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттік органның заңсыз құқықтық актісінің күші сотпен жойылуға жатады.

      Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңнамасына (Қазақстан Республикасы Конституциясының 88-бабының 3 және 4-тармақтарына) сәйкес келмейтін мәслихат шешімдері мен әкімдердің өкімдерінің күші сот шешімімен жойылады.

      Егер мемлекеттік басқару органының не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтін жеке акт шығаруы салдарынан меншік иесінің және басқа адамдардың өзіне тиесілі мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету жөніндегі құқықтары бұзылса, мұндай акт меншік иесінің немесе құқығы бұзылған адамның арызы бойынша сот шешімімен жарамсыз деп танылады (АК-тің 267-бабы бойынша).

      Сот заңнамаға сәйкес келмейтін мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның шешімдерін, сондай-ақ АІЖК-нің 278-бабының 1-бөлігінде көрсетілген тұлғалардың әрекеттерін заңсыз деп тануы тиіс және АІЖК-нің 282-бабының 1-бөлігіне сәйкес тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына, қоғамдық бірлестікке, ұйымға, лауазымды адамға немесе мемлекеттік қызметшіге азаматтың және заңды тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын, заңмен қорғалатын мүдделерін бұзуға жол берілген бұрмалаушылықты толық көлемінде жоюға міндеттеуге тиіс.

      Арызды қанағаттандыру жөніндегі шешімде, даулы болған шешіммен, әрекетпен (әрекетсіздікпен) бұзылған құқықтық нормалар және жіберілген заң бұзушылықты жою үшін жасалатын нақты әрекеттер көрсетілуі тиіс.

      14. АІЖК-нің 282-бабының 3-бөлігіне сәйкес шешім заңды күшіне енгеннен кейін үш тәулік ішінде сот оны, шешімдері мен әрекеттеріне дау айтылған мемлекеттік органның, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның басшысына, лауазымды адамға, мемлекеттік қызметшіге немесе бағыныс тәртібі бойынша жоғары тұрған органға, ұйымға не лауазымды адамға бұзылған заң тәртібін қалпына келтіру үшін жіберуге міндетті.

      Шешімді ерікті түрде орындамаған жағдайда сот, арызданушының өтініші бойынша, атқару парағын жазуға және оны орындау үшін сот қаулыларын орындайтын уәкілетті тиісті аумақтағы органға орындау үшін жіберуге тиіс (АІЖК-нің 236-бабының 2-бөлімі).

      15. Осы қаулының қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1994 жылғы 23 желтоқсандағы N 8 "Азаматтардың құқықтарын шектейтін немесе оған нұқсан келтіретін мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, лауазымды және басқа да адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне келтірілген шағымдарды соттардың қарауы туралы" қаулысының , Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумының 1998 жылғы 15 мамырдағы N 5 қаулысымен енгізілген өзгерістермен бірге, күші жойылған деп танылсын.

      16. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылып, жалпыға міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады