Соттардың Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі 29-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 24 желтоқсандағы N 20 Нормативтік қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 29 қыркүйектегі № 8 Нормативтік қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Жоғарғы Сотының 29.09.2022 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      ХАБАРЛАНДЫРУЕскерту. Тақырыбында және бүкіл мәтін бойынша "27-тарауының", "27-тарауымен", "27-тарауына", "27-тарауында" деген сөздер тиісінше "29-тарауының", "29-тарауымен", "29-тарауына", "29-тарауында" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 29-тарауымен белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарау кезінде соттардың заңнамалық актілерді біркелкі түсінуін және қолдануын қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "278", "279", "280", "282" деген цифрлар тиісінше "292", "293", "294", "297" деген цифрлармен ауыстырылды;
      "жеке құқықтық актіні", "Жеке құқықтық актілерге", "жеке құқықтық акт", "жеке құқықтық актінің" деген сөздер тиісінше "жеке қолданылатын құқықтық актіні", "Жеке қолданылатын құқықтық актілерге", "жеке қолданылатын құқықтық акт", "жеке қолданылатын құқықтық актінің" деген сөздермен ауыстырылды;
      "АІЖК-нің" деген сөздер "АПК-нің" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. АПК-нің 292-бабының бірінші бөлігінде аталған субъектілердің шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздігі), егер осы шешімдер мемлекеттік басқарудың тиісті саласында басқару функцияларын жүзеге асырған кезде қабылданса, жасалса, кез келген жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі – арыз беруші) АПК-нің 29-тарауымен белгіленген тәртіппен шешімдерді, әрекеттерді (әрекетсіздікті) даулауға құқылы. Мұндай субъектілерге мемлекеттік органдар жүйесінде айрықша орын алатын органдарды да (мысалы, Бас прокуратура, Орталық сайлау комиссиясы, Ұлттық Банк, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі) жатқызған жөн.

      АПК-нің 29-тарауына қатысты мемлекеттік билік органдары деп Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен, өзге де нормативтік құқықтық актілерімен әкімшілік-құқықтық қатынастарда мемлекет атынан басқару функцияларын жүзеге асыруға өкілеттік берілген мемлекеттік биліктің атқарушы тармағының орталық және аумақтық органдарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын (бұдан әрі – мемлекеттік органдарды) түсінген жөн.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148 Заңның 1-бабына сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органына жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу жөніндегі функциялар жүктелген органдар (әкімдік, мәслихат, жергілікті қоғамдастық органы) жатады.

      Заңға сәйкес келмейтін жеке қолданылатын құқықтық актіге, сондай-ақ мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның әрекеттеріне наразылықты қабылдамай тастаған жағдайда, прокурор актіні, іс-әрекетті АПК-нің 29-тарауындағы тәртіппен заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінеді.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Егер арыз беруші:

      өзіне тиесілі субъективтік құқықтар, бостандықтар немесе заңды мүдделер бұзылды;

      оның өзінің субъективтік құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн жүзеге асыруға кедергі жасалды;

      оған қандай да бір мiндет заңсыз жүктелді деп есептесе, мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешіміне, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) сотқа шағым бере алады.

      Адамды қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім тиісінше қылмыстық іс жүргізу немесе әкімшілік іс жүргізу заңымен белгіленген тәртіппен, ал материалдық жауапкершілікке тарту туралы шешім талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен даулануы мүмкін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Егер:

      арыз берушінің жариялы-құқықтық қатынастардағы субъективтік құқықтарын не міндеттерін белгілейтін, өзгертетін немесе бұзатын жеке қолданылатын құқықтық актіні қабылдаумен;

      арыз берушінің ол үшін заңмен белгіленген жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық ережелерін сақтауын бақылауды немесе қадағалауды жүзеге асырумен байланысты басқару функцияларын жүзеге асыру кезінде пайда болған әкімшілік-құқықтық қатынастарда шешім қабылданса, әрекет (әрекетсіздік) жасалса, оған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешіміне, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) АПК-нің 29-тарауының тәртібімен шағымдануға жол беріледі.

      Жеке қолданылатын құқықтық актілерге "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Заңының (бұдан әрі - Құқықтық актілер туралы заң) 63-бабының 1-тармағында көрсетілген талаптарға жауап беретін белгіленген нысандағы жазбаша ресми құжаттар жатады.

      Жеке қолданылатын құқықтық акт барлық жағдайларда мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыреті шегінде қабылдануға, ал әрекет (әрекетсіздік) мемлекеттік басқару саласындағы лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің өкілеттіктері шегінде және қолдануға жататын нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жасалуға тиіс.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Егер мемлекеттік кәсіпорын, мемлекеттік мекеме, шаруашылық серіктестік, акционерлік қоғам, өндірістік немесе тұтынушы кооператив, қоғамдық бірлестік ұйымдастыру-құқықтық нысан түріндегі заңды тұлғаларға басқарудың тиісті саласында мемлекеттік органның өкілеттіктері заңмен берілген болса, аталған заңды тұлғаның шешіміне АПК-нің 29-тарауында қарастырылған негіздер бойынша шағым беруге болады.

      5. Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының алқалық немесе жеке шешімі, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекеті (әрекетсіздігі), егер олар бір уақытта мынадай екі белгіге сәйкес келсе:

      мемлекеттік басқару саласындағы жариялы-құқықтық қатынастардан (билік және бағыну қатынастарынан) туындаса;

      арыз беруші үшін АПК-нің 293-бабы 1), 2), 3) тармақшаларында қарастырылған кез келген құқықтық салдарды тудырса, арыз беруші Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі - Конституция) 76-бабының екінші тармағына, АПК-нің 292 және 293-баптарына сәйкес, оларға шағым беруге құқылы.

      АПК-нің 29-тарауымен көзделген негіздер бойынша, атап айтқанда жергілікті өзін-өзі басқару органының жиналысқа, митингіге, шеруге, тосқауылға немесе демонстрацияға тыйым салу туралы шешіміне; уәкілетті мемлекеттік органның адамды оралман, репатриант, амалсыз қоныс аударушы, босқын деп танудан бас тарту туралы шешіміне; жол полициясы лауазымды адамдарының көлік құралдарының қозғалысын шектеу немесе оған тыйым салу жөніндегі әрекеттеріне шағым беруге болады.

      "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 30 маусымдағы № 81-VI Заңының (бұдан әрі - Прокуратура туралы заң) 34-бабының ережелерін негізге ала отырып, АПК-нің 29-тарауының тәртібімен прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және актілеріне, егер арыз беруші үшін АПК-нің 293-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген кез келген құқықтық салдарды тудырса және қолданыстағы заңнамада оларға шағым жасаудың өзге тәртібі көзделмесе, шағымдануға болады.

      Конституцияның 47-бабының екінші тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) АПК-нің 29-тарауымен көзделген сот тәртібімен шағым беруге болмайды.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      6. АПК-нің 29-тарауының тәртібімен шағым беруге болатын әрекетке лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің шешім нысанына келтірілмеген, бірақ арыз беруші үшін АПК-нің 293-бабының бірінші бөлігімен қарастырылған кез келген құқықтық салдарға әкеп соқтырған билік талабы жатады.

      Әрекеттерге, атап айтқанда, атқарушы-өкімдік функцияларды, билік өкілі функцияларын, мемлекеттік қадағалауды немесе бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің ауызша түрде айтылған талаптары жатады.

      7. АПК-нің 29-тарауының тәртібімен шағым берілуі мүмкін әрекетсіздікке лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің оған нормативтік құқықтық актілермен (лауазымдық нұсқаулықтар, ережелер, регламенттер, бұйрықтар) жүктелген міндеттерді орындамауы жатады. Әрекетсіздікке, атап айтқанда, азаматтың немесе заңды тұлғаның өтінішін толығымен немесе ішінара қараусыз қалдыруды, егер өтінішті қарау лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің құзыретіне жатса, арыз берушіге жауапты осы өтініштің мәні бойынша бермеуді жатқызған жөн.

      8. Әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) АПК-нің 29-тарауында белгіленген тәртіппен шағымдануға болатын лауазымды адамдарға "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік қызмет туралы заң) 1-бабында және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V Заңының 1-бабында көрсетілген адамдар жатады.

      Мемлекеттік қызметші деп Мемлекеттік қызмет туралы заңның 1-бабында көрсетілген адам түсініледі.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      9. АПК-нің 29-тарауының тәртібімен берілген арыздар бойынша азаматтық істер жариялы құқықтық қатынастардан туындайды және тек талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қаралатын заттық және міндеттемелік құқықтық қатынастардан туындайтын істерді қоспағанда, ерекше талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қаралады.

      Ерекше талап қою бойынша іс жүргізу талап қою бойынша іс жүргізудің бір түрі болып табылады, оның мынадай ерекшеліктері бар:

      дау АПК-нің 292-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген субъектілердің азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзған шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беру арқылы шешіледі;

      іс сырттай іс жүргізу, сонымен қатар оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды;

      істі бітімгершілік келісіммен дауды медиация және партисипативтік рәсіммен реттеп аяқтауға болмайды;

      аталған санаттағы істер бойынша сотқа жүгіну, істерді сот талқылауына дайындау және істерді қарау үшін қысқартылған мерзімдер белгіленген.

      Ерекше талап қою бойынша іс жүргізу талап қою бойынша іс жүргізудің бір түрі болғандықтан, осы санаттағы істерді қарау АПК-нің 14, 23, 24 және 25-тарауларының нормалары сақтала отырып, талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен жүргізіледі.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      10. АПК-нің нормаларымен қараудың өзге рәсімдері белгіленген мына істер:

      АПК-нің 31-ден бастап 49-ды қоса алған тарауларында белгіленген ерекше жүргізілетін істер;

      АПК-нің 27, 28, 30-тарауларымен белгіленген ерекше талап қою бойынша жүргізілетін істер;

      тиісті іс жүргізу заңымен қараудың өзге сот тәртібі белгіленген соттың, судьяның, прокурордың, тергеушінің, анықтаушының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым беру туралы істер үшін АПК-нің 29-тарауының ережелері қолдануға жатпайды.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      11. Құқықтық актілер туралы заңның 65-бабына сәйкес, егер мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының жеке қолданылатын құқықтық акт түріндегі шешімі онда көрсетілген тапсырмалардың (талаптардың) орындалуына байланысты қолданысын тоқтатпаса, осындай актіге шағым берілуі мүмкін.

      Егер жеке қолданылатын құқықтық акт негізінде азаматтық-құқықтық мәміле жасалса, онда талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен шағымдануға дауланып отырған мәміле, мысалы, конкурс (тендер) қорытындылары бойынша жұмыстарды (қызметтерді) орындауға арналған мердігерлік шарт жатады. Мәміле оның заң талаптарына сәйкес келмеу себептері бойынша жарамсыз деп танылған кезде, дауланып отырған мәмілені жасасу үшін негіз болған шешімнің заңсыздығы туралы соттың тұжырымдары шешімнің дәлелдеу бөлігінде келтірілуге тиіс.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Мемлекеттік қызмет туралы заңның 9 және 10-баптарының және "Әкімшілік рәсімдер туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы № 107 Заңының 1-бабының ережелерінің негізінде мемлекеттік басқару саласындағы лауазымды адам мен мемлекеттік қызметші өздеріне жүктелген функцияларды тиісті мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының атынан жүзеге асырады.

      Құқықтық актілер туралы заңның 65-бабында жоғары тұрған органның немесе лауазымды адамның төмен тұрған органның шешімін, егер мұндай шешім заң бұзылып, оның ішінде өкілеттіктерді асыра отырып қабылданса, күшін жою құқығы көзделген.

      Жоғары тұрған лауазымды адам төмен тұрған лауазымды адамнан немесе мемлекеттік қызметшіден арыз берушінің бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған әрекеттерді лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің өкілеттіктері шегінде жасауды талап етуге құқылы.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. АПК-нің 57-бабына сәйкес, сотта мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының ісін өзіне заңмен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен немесе құрылтайшылық құжаттармен берілген өкілеттіктердің шегінде әрекет ететін басшы жүргізеді. Басшы сотқа оның қызметтік жағдайын немесе өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарды ұсынады. Сотта істі аталған органның басшысымен қатар тапсырма бойынша өкіл де жүргізе алады.

      Шағым берілген әрекетті (әрекетсіздікті) жасаған лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметші, егер істі қарау сәтінде шағым берілген әрекетті (әрекетсіздікті) жасаған кездегі қызметте болса, іске тартылып, оған сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады. Егер аталған адам заңда көзделген негіздер бойынша мемлекеттік органмен немесе жергілікті өзін-өзі басқару органымен еңбек қатынастарын тоқтатса, онда тиісті мемлекеттік орган немесе жергілікті өзін-өзі басқару органы ғана іске қатысуға тартылады.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14. Арызды азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттілігі бар арыз беруші бере алады.

      АПК-нің 54-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, прокурор заңда көрсетілген азаматтар санаттарының мүддесін көздеп, мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметші басқару функцияларын жүзеге асыру кезінде бұзған субъективтік құқықтар мен бостандықтарды қорғау туралы арыз бере алады.

      АПК-нің 293-бабының бірінші бөлігімен көзделген негіздер бойынша әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғап, арызды аталған адамның заңды өкілі (ата-ана, қамқоршы, қорғаншы) бере алады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15. Жоғары тұрған лауазымды адамға немесе жоғары тұрған мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына арыз беру арызды сот өндірісіне қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды.

      Арыз беруші жоғары тұрған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе жоғары тұрған лауазымды адамның шешімімен келіспеген жағдайда, жоғары тұрған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының немесе жоғары тұрған лауазымды адамның шешімі де, сондай-ақ төмен тұрған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шешімі, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекеті (әрекетсіздігі) де сот тәртібімен шағымдануға жатады.

      Егер заңда өтінішті жоғары тұрған органның, ұйымның, лауазымды адамның, комиссиялардың немесе омбудсменнің міндетті түрде қарауы белгіленсе, азаматтың немесе заңды тұлғаның арызы сотқа өтініш ұсынудың осындай тәртібі сақталғаннан кейін беріледі. Аталған тәртіп сақталмаған жағдайда, арыз АПК-нің 152-бабына сәйкес қайтаруға немесе АПК-нің 279-бабына сәйкес қараусыз қалдыруға жатады.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      16. Жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе жоғары тұрған лауазымды адамға не сотқа арыз беру Құқықтық актілер туралы заңның 65-бабының төртінші тармағына сәйкес тиісті шешім қабылданғанға дейін жеке қолданылатын құқықтық актінің (шешімнің) күшін тоқтата тұрады.

      Сот Прокуратура туралы заңның 34-бабына сәйкес прокурордың әрекеттеріне немесе актілеріне арыз (шағым) бойынша шешім шығарылғанға дейін олардың қолданысын тоқтата тұра алады.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      17. АПК-нің 294-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, арыз беруші шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) ол субъективтік құқықтарының, бостандықтарының немесе заңды мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өзіне белгілі болған күннен бастап үш ай iшiнде шағым бере алады. Прокурор наразылықты қараудың нәтижелері туралы хабарламаны алған кезден бастап он күн мерзім ішінде немесе оны қарау үшін заңда белгіленген мерзім өткеннен кейін сотқа жүгінуге құқылы.

      Арыз берушіге оның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылғандығы туралы мәлім болған уақытты дәлелдеу міндеті жүктеледі.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      18. Сотқа арызбен жүгінуге берілген үш айлық мерзімді өткізіп алу соттың арызды қабылдаудан бас тартуына негіз болып табылмайды.

      Сотқа жүгінудің дәлелді себептермен өткізіп алынған мерзімін сот қалпына келтіруі мүмкін, ол туралы сот шешімде көрсетуге міндетті. Егер мерзім қалпына келтірілмесе, сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады, бұл ретте істің өзге нақты мән-жайлары зерттелмейді, шешімде бас тарту үшін негіз болып сотқа дәлелді себептерсіз жүгіну мерзімін өткізіп алғаны ғана көрсетіледі. Мұндай шешім алдын ала сот отырысында немесе сот талқылауының қорытындылары бойынша қабылданады.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      19. АПК-нің 292-бабының үшінші бөлігіне және 26, 27, 29-баптарына сәйкес шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) шағымдану туралы арыз мынадай соттылық ережелері сақтала отырып, сотқа беріледі:

      шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) шағымдану туралы жеке тұлғаның арызы немесе оның мүддесін білдіретін арыз арыз берушінің таңдауы бойынша арыз берушінің тұрғылықты жеріндегі немесе шешіміне шағым берілетін мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы орналасқан жердегі аудандық (қалалық сотқа) беріледі.

      Лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының атынан жариялы-құқықтық қарым-қатынас жасайтындықтан, шағым беріліп отырған әрекетті (әрекетсіздікті) солардың атынан жасаған лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің орналасқан жері деп мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының орналасқан жері түсініледі.

      АПК-нің 292-бабының төртінші бөлігіне сәйкес мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметті сақтаушы болып табылатын Қазақстан Республикасы азаматының шетелге кетуіне рұқсат беруден бас тарту туралы мемлекеттік органның шешіміне шағым беру туралы арыз кетуді құптамау туралы шешім қабылдаған орган орналасқан жердегі аудандық (қалалық) сотқа берілуі мүмкін;

      әскери қызметшінің немесе әскери жиынды атқарып жатқан азаматтың әскери басқару органының шешімін немесе лауазымды адамның әрекеттін (әрекетсіздігін) даулау туралы арызы әскери бөлім, әскери басқару органы орналасқан жердегі тиісті гарнизонның әскери сотына берілуі мүмкін.

      "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Респуликасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV Заңының 1-бабына сәйкес, әскери қызметшілер деп шақыру бойынша, келісім-шарт бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда әскери қызметте тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ кадрлық офицерлер түсініледі. Азамат тиісті әскери бөлімнің тізімдерінен шығарылған күннен бастап әскери қызметші мәртебесінен айырылады;

      заңды тұлғаны құрмай, жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтың, сол сияқты заңды тұлғаның мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің шешіміне шағымдану туралы арызы АПК-нің 27-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы орналасқан жердегі мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа беріледі;

      АПК-нің 30 және 31-баптарында көзделген ерекше немесе шарттық соттылық туралы ереже АПК-нің 29-тарауымен көзделген істерге қолданылмайды.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      20. Шешімге, әрекетке (әрекетсіздікке) шағымдану туралы арыз АПК-нің 148, 149 және 293-баптарында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      Арызда мыналар:

      шағымданып отырған шешімді қандай мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының және қашан қабылдағаны, шағымданып отырған әрекетті (әрекетсіздікті) қандай лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қашан жасағаны;

      шағымданып отырған шешімнің, әрекеттің (әрекетсіздіктің) мазмұны;

      арыз берушінің пікірі бойынша қандай құқықтардың, бостандықтардың немесе заңды мүдделердің бұзылғаны;

      арыз берушінің пікірі бойынша құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді жүзеге асыру үшін қандай кедергілердің жасалғаны;

      арыз берушінің пікірі бойынша оған қандай мiндеттің заңсыз жүктелгені;

      арыз берушінің талабының мәні міндетті түрде көрсетілуге тиіс.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      21. АПК-нің 29-тарауының тәртібімен берілетін арызға "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Заңының 610-бабы 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларымен тиісті арыз беруші үшін көзделген мөлшерде мемлекеттік баж төленуге жатады.

      Ерекше талап қою бойынша іс жүргізудің өзге де санаттары бойынша сотқа берілетін арыздарға Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында белгіленген мөлшерде мемлекеттік баж төленуге жатады.

      Салық кодексінің 616-бабымен көзделген жағдайларда арыз беруші мемлекеттік баж төлеуден босатылуға жатады.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      22. Егер арыз беруші істі қарау үшін қажетті материалдарды арызға қоса бермесе, онда судья АПК-нің 163 және 165-баптарына сәйкес, істі сот талқылауына дайындау кезінде мемлекеттік органнан, жергілікті өзін-өзі басқару органынан:

      мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыретін белгілейтін нормативтік құқықтық актінің мәтінін (тиісті заңды, ережені, жарғыны, құрылтайшылық құжаттарды);

      мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы арыз берушінің туындаған жариялы-құқықтық қатынастағы субъективтік құқықтары мен міндеттерін белгілеген, өзгерткен немесе тоқтатқан жеке қолданылатын құқықтық актінің мәтінін;

      егер лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым берілсе, олардың өкілеттіктерінің көлемі белгіленген нормативтік құқықтық актіні (ережені, қағиданы, қызметтік нұсқаулықты);

      шағымданып отырған шешімді шығару, әрекетті (әрекетсіздікті) жасау үшін негіз болған материалдарды талап етеді.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      23. Арызда көрсетілген мән-жайларды ескере келе, судья істі мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қатысуымен қарау мақсатында сот отырысына олардың міндетті түрде келуі туралы ұйғарым шығаруға құқылы.

      Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің келмеуі, сол сияқты аталған адамдардың өкілдерінің келмеуі, егер судья аталған адамдар сот отырысына міндетті түрде қатысуға тиіс деп таппаса, істі қарауды кейінге қалдыру үшін негіз болып табылмайды.

      Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланбаған мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің, сол сияқты аталған адамдардың өкілдерінің сотқа келмеуі АПК-нің 196-бабының екінші бөлігіне сәйкес, істі қарауды кейінге қалдыру үшін негіз болып табылады. Істі талқылау кейінге қалдырылған кезде, ол АПК-нің нормаларымен тиісті санаттағы ерекше талап қою бойынша істі жүргізу үшін белгіленген процессуалдық мерзім шегінде қаралуға тиіс.

      Мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің сотқа келмеуі, сот мұндай келуді міндетті деп тапқан жағдайда, аталған адамдарды әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамалық актіге сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартуға әкеп соқтыруға тиіс.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      24. АПК-нің 15 және 72-баптарына сәйкес, арыз беруші айтысу принципін сақтай отырып, АПК-нің 293-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) немесе 3) тармақшаларында көрсетілген мән-жайлардың кез келгенінің болуы туралы өз пікірін негіздеуге міндетті. Сот отырысына қатысушы мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының басшысы немесе оның өкілі, лауазымды адам немесе мемлекеттік қызметші шағымданып отырған шешімнің, жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) заңға сәйкестігін дәлелдеуге міндетті.

      АПК-нің 72-бабында белгіленген дәлелдеу ауыртпалығын бөлу туралы ереже істі апелляциялық сатыдағы сотта қарау кезінде де қолданылады, бұл ретте АПК-нің 413-бабында белгіленген ережелер сақталуы керек.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      25. АПК-нің 29-тарауымен көзделген істі сот отырысында қарау кезінде сот өз бастамасы бойынша мемлекеттік органнан, жергілікті өзін-өзі басқару органынан шағымданып отырған шешімді қабылдауы, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің әрекетті (әрекетсіздікті) жасауы үшін негіз болған материалдарды қосымша талап етуге құқылы.

      Талап етілген материалдарды сотқа ұсынбау АПК-нің 73-бабының тоғызыншы бөлігінде көзделген құқықтық салдарға әкеп соқтырады.

      Соттың материалдарды ұсыну туралы талабын орындамаған адам сотты құрметтемегені үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатады. Әкімшілік жаза қолдану сот талап еткен дәлелдемені иеленген тұлғаны дәлелдемені сотқа ұсыну міндетінен босатпайды. Соттың талабын қаскөйлікпен орындамаған жағдайда көрсетілген тұлғалар қылмыстық жауаптылыққа тартылады.

      Ескерту. 25-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      26. Шағымданып отырған шешімнің, әрекеттің (әрекетсіздіктің) заңдылығы оның нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, мемлекеттік органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыреті, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің өкілеттігі шегінде қабылданғанын (жасалғанын) білдіреді.

      Шағымданып отырған шешімнің, әрекеттің (әрекетсіздіктің) заңдылығын тани отырып, сот АПК-нің 227-бабының екінші бөлігіне сәйкес, арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығарады.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      27. Сот істі қарау кезінде, егер қабылданған шешімнің, жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) мәнісі мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің нормативтік құқықтық актілерде көзделген өкілеттіктерінен туындаса, қабылданған шешімнің, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің жасаған әрекетінің (әрекетсіздігінің) орындылығын бағалауға құқылы емес.

      28. Егер сот мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының шағымданып отырған шешімін, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің шағымданып отырған әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп таныса, онда сот шешімінде:

      осы шешімнің, әрекеттің (әрекетсіздіктің) қандай нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келмейтіні;

      арыз берушінің қандай құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерiнің бұзылғаны;

      арыз берушінің құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін іске асыруы үшін қандай кедергілердің жасалғаны;

      арыз берушіге қандай мiндет заңсыз жүктелгені көрсетілуге тиіс.

      Шешімнің қарар бөлігінде сот арыз берушінің құқықтарының, бостандықтарының немесе заңды мүдделерінің орын алған бұзылуын жоюға міндетті мемлекеттік органды, жергілікті өзін-өзі басқару органын, сондай-ақ жол берілген бұзушылықтар жойылуға жататын мерзімді көрсетуге міндетті. Жол берілген бұзушылықтарды жою мерзімін сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап есептеу керек.

      Сот мәлімделген талаптарға қатысты шешім шығарған кезде дау айтылған актіні заңсыз деп танумен шектелуі мүмкін. Бұл жағдайда актіні заңсыз деп тану туралы сот шешімін шығару оның қабылданған сәттен бастап заңсыздығын білдіреді.

      Сот қандай да бір әрекет жасаудан бас тартуды (мысалы, көлік құралын тіркеуден бас тартуды) заңсыз деп тани отырып, органға немесе лауазымды адамға сот белгілеген мерзім ішінде арыз берушіге қатысты нақты әрекеттер жасау (мысалы көлік құралын тіркеу) міндетін жүктейді.

      Сот органның немесе лауазымды адамның арыз берушінің өтінішін қараудан бас тартқан әрекетсіздігін заңсыз деп тани отырып, орган қабылдауы тиіс сол шешімнің мазмұнын көрсетпестен сол органға немесе лауазымды адамға арыз берушінің өтінішін сот белгілеген мерзімде қарауды міндеттейді.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      29. Сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей оның көшірмесі АПК-нің 297-бабының екінші бөлігіне сәйкес, сот шешімін жүктелген мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына орындауға жіберілуге жатады.

      Сот шешімінің көшірмесі жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе жоғары тұрған лауазымды адамға жіберіледі.

      Сот шешімін сот белгілеген мерзімде орындамаған адам сот актісін орындамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамалық актімен көзделген негіздер мен тәртіп бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатады. Адамды тәртіптік немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту осы адамды сот шешімін орындау міндетінен босатпайды.

      Сот белгіленген мерзімде сот шешімінің орындалуын, сондай-ақ шешімнің орындалғаны туралы хабарламаның АПК-нің 297-бабының үшінші бөлігімен белгіленген мерзімде келіп түсуін бақылауға міндетті.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      30. Сот шешім шығарған кезде АПК-нің 109 және 113-баптарына сәйкес, сот шығыстарын тараптар арасында бөлуге міндетті.

      Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      31. АПК-нің 270-бабында көзделген негіздер болған кезде, соттың мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қызметінде заңдылықты бұзуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы жеке ұйғарым шығарғаны жөн.

      Ескерту. 31-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      32. Осы нормативтік қаулының қабылдануына байланысты "Соттардың мемлекеттік өкімет, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) дау айту жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы № 10 нормативтік қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      33. Конституцияның 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. 33-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 19.01.2018 № 2 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы

М. Әлімбеков

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы

Ж. Бәйішев


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады